ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) аппараттық кеңесінде, министр Светлана Жақыпованың төрағалығымен көші-қон саясатын жетілдіру және Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Көші-қон комитетінің төрағасы Асет Шоновтың хабарлауынша, соңғы екі жылда Қазақстанда көші-қон сальдосы оң көрсеткішті көрсетіп отыр.
«2025 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша көші-қон сальдосы +7,7 мың адамды құрады. Елге 11,3 мың адам келсе, 3,5 мың адам елден кеткен. Көші-қон өсімі негізінен елдер бөлінісінде ТМД елдері мен Қытайға тиесілі. Сонымен қатар, жаһандану үдерісінің әсерінен білікті кадрлардың кетуі үрдісі әлі де сақталуда. Қазақстан азаматтарының кетуінің негізгі бағыттары: Ресей – 8,7 мың адам, Германия – 2 мың адам», – деді ол.
Комитет төрағасы сыртқы көші-қон ағындарының оң серпінге ие екенін атап өтті.
«2023 жылдан бастап шетелге жұмыс істеу мақсатында кететін Қазақстан азаматтарының санының төмендегені байқалады. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша шетелде еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары – 126 531 адамды құрады. Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Ресей Федерациясында – 102 460 адам, Корея Республикасында – 15 790 адам, БАӘ – 2 997 адам, Ұлыбританияда – 1 912 адам еңбек етуде», – деп хабарлады Асет Шонов.
Шетелде еңбек ететін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау саласында Қазақстан Республикасы мен Катар Мемлекеті үкіметтері арасында келісімге қол қойылып, ол қазіргі уақытта Парламент Сенатында ратификациялау рәсімінен өту үшін қаралуда. Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Еңбектегі қанау мен заңнаманы бұзуға қарсы іс-қимыл қызметі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
2025 жылдың басынан бері еңбек көші-қонын жетілдіру мақсатында ЕХӘҚМ тарапынан келесі шаралар қабылданды: маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін рұқсат етілген кәсіптер тізбесі 6-дан 10-ға дейін кеңейтілді; экономиканың маңызды салаларында сұранысқа ие жоғары білікті мамандарға қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында шетелдік жұмыс күшін тарту квотасының мөлшері 0,2%-дан 0,25%-ға дейін ұлғайтылды, бұл ретте еңбек иммигранттары үшін белгіленген квота 3%-дан 2,95%-ға дейін төмендетілді; қазақстандық заңды тұлғалардың бірінші басшылары мен олардың орынбасарлары лауазымдары бойынша шетелдік мамандарды тарту шектері белгіленді – яғни, әр заңды тұлға бұл лауазымдарға тек жалғыз маманнан ғана тарта алады. Сонымен қатар, қазақстандық жұмысшыларды даярлау сапасын арттыру мақсатында шетелдік жұмыс күшінің арасынан тәлімгерлерге қойылатын талаптарды кеңейту бөлігінде тәлімгерлік ұйымдастыру ережелеріне өзгерістер енгізілуде.
Этникалық көші-қон мәселелері мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып табылады. 2025 жылы тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың саны – 9 586 адамды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,2%-ға аз. Бүгінде елге қоныс аударып жатқан этникалық қазақтар үшін климаттық ерекшеліктердің ұқсастығына байланысты негізгі тартылыс орталықтары ретінде ірі мегаполистер мен еліміздің оңтүстік өңірлері саналады.
«Бүгінгі таңда қандас мәртебесін беру механизмін жетілдіру мәселелері бойынша Премьер-Министрдің орынбасарының төрағалығымен Үкімет жанынан жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәсе,лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді», – деп хабарлады Асет Шонов.
Комитет төрағасы өз сөзінің соңында 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын жетілдіру барысына да тоқталды.
«2030 жылға дейінгі жаңа Көші-қон саясаты тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл құжат демографиялық және көші-қон есебін реформалауды, сыртқы көші-қонда білікті кадрларға басымдық беруді, ішкі көші-қонды ынталандыруды, этникалық саясатты және шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмысты қамтиды.
Аталған құжатты қабылдау – ел ішінде халықты ұтымды орналастырудың теңгерімді жүйесін қалыптастыруға, адами капиталды дамытуға және орта мерзімді перспективада ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Асет Шонов.
Өз кезегінде, Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры Лязат Актаева Қазақстан Республикасының 2024–2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру барысы туралы айтып берді.
«Қазақстан Республикасының 2024–2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи және тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған төрт негізгі бағыт бойынша кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді», – деді Лязат Актаева.
Спикер тұжырымдаманың әрбір бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.