Қазақстанда 15 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

Қазақстанда 15 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 15 054  шетел азаматы еңбек етеді.

Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 561 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 348 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 3 980 және 1 052 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 099 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 4 015  адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 909 жұмыс беруші бар. Оларда 341 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында – 4 929 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 3 140 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 240 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 122 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 5 545 адам, Өзбекстан – 2 696 адам, Түркия – 1 076 адам, Үндістан – 1 052 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.

Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25% немесе 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.