ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының жанындағы көші-қон саясаты жөніндегі Консультативтік комитеттің отырысы өтті. Отырысқа ЕЭК-тің Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов төрағалық етті.
Іс-шараға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, сарапшылар, Консультативтік комитет мүшелері, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың делегаттары онлайн режимде қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар Ресей Федерациясында шетел азаматтарын есепке алудың қосымша тетіктерін енгізу жөніндегі экспериментті іске асыру, ЕАЭО елдерінде платформалық жұмыспен қамтуды дамыту перспективалары, соның ішінде цифрлық құралдарды пайдалану арқылы еңбек қызметін жүзеге асыру үшін мүше мемлекеттердің жұмыс күшін ұйымдасқан түрде тарту және жұмысқа орналастыру мәселелерін талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасында Интеграцияланған ақпараттық жүйе арқылы өзара іс-қимылды нығайту, еңбек көші-қоны саласындағы ұлттық тәжірибелер туралы ақпарат алмасуды кеңейту және ЕАЭО аясында платформалық жұмыспен қамтуды одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар қаралды.