Нархоз университетінде ITMLab жобасының екінші маусымына арналған Intro Day іс-шарасы өтті. Онда 40 команда мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық технологиялық шешімдерін ұсынды. Іс-шараны ITeachMe қоры ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Chevron компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.
Қатысушылар географиясы Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Ақтау, Павлодар, Талдықорған, Ақтөбе және басқа да қалаларды қамти отырып, бастаманың ұлттық деңгейдегі маңыздылығын айқындайды.
Биылғы маусымда командалар инклюзияны арттыруға бағытталған алуан түрлі шешімдерді ұсынды: аяққа арналған экзоскелет прототипі мен сал ауруына шалдыққан адамдарға арналған жасанды интеллект элементтері бар интерактивті ауызішілік кападан бастап, көру қабілеті төмен адамдарға арналған кеңістікте бағдарлауға көмектесетін смарт-көзілдірікке дейін. Жобалар арасында ым-ишара тілін нақты уақытта ауызша сөзге аударатын HandInHand атты ЖИ платформасы да бар.
Салтанатты шарада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай құттықтау сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Бүгінгі күн – бұл жаңашылдық пен тың идеялар жайлы. Дәл осы жас буын кейде мүмкін емес секілді көрінетін шешімдерді ұсына алатынын мен бірнеше рет айтқанмын. Олардың батылдығы мен креативті ойлауы жаңа тәсілдерді тудырып, күтпеген мүмкіндіктерге жол ашады әрі үйреншікті дүниелерге өзгеше көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі – бір ғана маңызды мақсат үшін: Қазақстанда әрбір азаматтың дамуына және өз-өзін жетілдіруіне тең мүмкіндік беретін шынайы инклюзивті орта қалыптастыру», – деп атап өтті Виктория Шегай.
Вице-министр жобаның нақты нәтижелері туралы да айтып өтті. Өткен жылы финалға шыққан 6 команда ерекше әзірлемелерін таныстырды. Олардың қатарында көру қабілеті нашар адамдарға арналған сенсорлы алқа, оңалтуға арналған экзоскелет және ым-ишара тіліне арналған аударма қосымшасы бар.
«ITeachMe қорымен және Chevron компаниясының қолдауымен «Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктері мен сұраныстарын талдау» атты зерттеу жүргізілді. Бұл зерттеу халық арасында сұранысқа ие техникалық шешімдердің бірқатарын анықтауға мүмкіндік берді. ITMLab жобасы сол шешімдерді жүзеге асырудағы маңызды қадам болды. Бүгін ұсынылған идеялар – үлкен әлеуетке ие. Дәл осындай жобалар елімізді күшейтеді, жаңа көкжиектерге жол ашады және орнықты әрі инклюзивті дамуға жағдай жасайды», – деп қорытындылады Виктория Шегай.
Презентациялар нәтижесінде қазылар алқасы үздік 20 команданы іріктеп алады, олар өз жобаларын келесі трекинг кезеңінде жалғастырып, одан әрі дамытатын болады.
Айта кетейік, ITMLab жобасы қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Биыл жоба ұлттық деңгейге шығып, қатысушылардың географиясы айтарлықтай кеңейді. Бұл жоба мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық шешімдер әзірлеуге арналған платформа болып табылады және оны ITeachMe қоғамдық қоры ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Chevron компаниясының қолдауымен жүзеге асырады. Бірінші маусым қорытындысы бойынша, 6 үздік стартап-жоба өз прототиптерін іске асыруға грант иеленген болатын.