Қызылорда облысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Қошербаевтың төрағалығымен «Әлеуметтік салаға бағытталған бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы» республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қатысып, әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялау жөнінде баяндама жасады.
Өз сөзінде министр әлеуметтік сала мемлекет үшін әрқашан басым бағыттардың бірі болып келгенін және солай болып қала беретінін атап өтті. Соңғы жылдары әлеуметтік шығыстардың көлемі айтарлықтай артты, және алдағы уақытта бұл көрсеткіштің өсу қарқынын сақтау жоспарлануда. Алайда, министрдің айтуынша, тек қаржыландыруды сақтау ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру да маңызды.
«Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қорғау жүйесін әділетті әрі тиімді ету. Жыл сайын әлеуметтік салаға қомақты қаражат бөлінеді. Бұл қаражат шын мәнінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты көмек көрсетуге
Еңбек министрлігі мемлекеттік қолдау шараларын санаттық қағидаттан шығып, мұқтаждықты бағалаудың ашық әрі объективті критерийлеріне көшіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізуде. Азаматтардың әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдету және ашықтықты арттыру үшін цифрлық құралдар енгізілуде. Қазіргі таңда негізгі сервистерді біріктіретін және отбасылардың әл-ауқаты туралы нақты деректер негізінде қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін Бірыңғай цифрлық платформа іске қосылған.
Жастар мен әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтар үшін субсидияланатын жұмыс орындарын дамыту және жұмыспен қамту бағдарламаларын оңтайландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл, бір жағынан, бюджетке түсетін жүктемені азайтса, екінші жағынан – еңбек нарығында осал топтардың мүмкіндіктерін кеңейтеді.
«Әлеуметтік қолдау популизм құралы емес, әділеттіліктің тетігі болуы тиіс. Біз мүдделер тепе-теңдігін қалыптастырып жатырмыз: бір жағынан, мемлекет өз міндеттемелерін орындауды жалғастырады, екінші жағынан – әрбір азамат өз болашағы үшін жауапкершілік сезінуі қажет», – деді министр.
Айта кетейік, бұл іс-шара ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып, оған орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері, облыстық мәслихаттардың төрағалары, өңірлік әкімдердің орынбасарлары, әлеуметтік сала басқармаларының басшылары және мемлекеттік органдардың басқа да өкілдерін қосқанда 300-ге жуық қатысушы қатысқан
Семинар қорытындысы бойынша әлеуметтік саясатты трансформациялау мемлекеттік қолдаудың анағұрлым нысаналы әрі тиімді жүйесін құруға, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға және қоғамдық игіліктерді әділ бөлуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.