Есту қабілеті бұзылған 150 бала есту және сөйлеу қабілетін жан-жақты сауықтыру курсынан өтті

Есту қабілеті бұзылған 150 бала есту және сөйлеу қабілетін жан-жақты сауықтыру курсынан өтті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қорғау саласын дамытудың Ұлттық ғылыми орталығының (бұдан әрі – ҰҒО) мамандары есту қабілеті бұзылған балаларға тәулік бойы бақылау жағдайында жыл сайын өткізілетін есту-сөйлеу оңалту курсынан сәтті өткізді. Кешенді көмек еліміздің барлық өңірлерінен келген 150 балаға көрсетілді.

ҰҒО мүгедектігі бар адамдарға арналған өзекті әлеуметтік оңалту бағдарламаларын әзірлеумен айналысады. 2007 жылдан бастап Қазақстанда кохлеарлық имплантация бойынша оталар жасала бастағаннан бері орталық мамандары медицина, сурдопедагогика және әлеуметтік оңалту салаларындағы білім мен әдістер тоғысында әзірленген кохлеарлық имплант қойылған пациенттерге арналған бірегей есту-сөйлеу бейімделу Бағдарламасын жасап шығарды.

Дәстүр бойынша көктем-жаз мезгілінде жылына бір рет қарқынды оңалту курсы өткізіледі. Биыл бұл курс 1 сәуір мен 20 тамыз аралығында Алматы қаласындағы «Алтын Қарғалы» шипажайы базасында өтті. Барлық өңірден келген 150 бала кешенді көмек алды. Әр балаға және оны ертіп келген ата-анасына тұру орны, төрт мезгіл тамақтану және жол ақысының өтемақысы қамтамасыз етілді.

Балалармен ҰҒО-ның жоғары білікті мамандарынан құралған мультидисциплинарлы команда жұмыс істеді. Олардың қатарында сурдопедагогтер, логопедтер, психологтар, оториноларингологтар, сурдологтер және невропатологтар болды. Әр балаға алдын ала диагностика негізінде жеке даму бағдарламасы әзірленіп, кохлеарлық импланттың сөйлеу процессорын баптауды және күнделікті түзету сабақтарын қамтыды.

Оңалту үдерісіне ата-аналарды тартуға ерекше мән берілді. Олар үшін «Ата-аналар мектебі» ұйымдастырылып, кеңес беріліп, үй жағдайында балалармен жұмыс істеу әдістемелері үйретілді.

Оңалту бағдарламасына музыкалық-ырғақты сабақтар, фонетикалық ритмика және әлеуметтік-мәдени шаралар, соның ішінде хайуанаттар бағына, циркке және «Көк-Төбе» саябағына бару секілді іс-шаралар енгізілді. Бұл балалардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етті. Сабақтар мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізілді.

Жыл сайынғы есту-сөйлеу оңалту курсына қабылдау облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама шартына сәйкес, балаларға кохлеарлық имплантациядан кейінгі бес жыл ішінде оңалту шараларына қатысу мүмкіндігі беріледі.

Айта кету керек, жыл сайынғы тәулік бойы бақылау жағдайындағы курстан бөлек, ҰҒО-ның өңірлік филиалдарында жыл бойы күндізгі есту-сөйлеу оңалту жұмыстары жүргізіледі. Бұл есту қабілеті бұзылған балаларды үздіксіз қолдауды қамтамасыз етеді.