ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында «Әлеуметтік салаға бағытталған бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы» республикалық семинар-кеңеске қатысты.
Іс-шара ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып, 300-ден астам қатысушыны қамтыды. Олардың қатарында орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері, облыстық мәслихаттардың төрағалары, өңір әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері болды.
Басты тақырып ретінде әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалану және мемлекеттік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Семинар барысында Еңбек министрлігінің өкілдері әлеуметтік салаға енгізілген цифрлық шешімдерді таныстырды: мұқтаж азаматтарды анықтау үшін скорингтік модельді қолданатын Отбасының цифрлық картасы, Еңбекті нормалау жүйесі, отбасыны қолдау орталықтарының жұмысын цифрландыруға бағытталған FSM Social мобильдік қосымшасы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын біріктіруге арналған Біріңғай цифрлық платформа.
«Барлық әкімдер осы платформаға қол жеткізіп (логин, пароль алып), Бірыңғай цифрлық платформаға тиісті мәліметтерді енгізу жұмыстарын бастауы керек. Платформаның басты қағидаттарының бірі – мұқтаждық критерийлерін қолдану.
Бұл цифрлық шешімдер нақ мұқтаж жандарға көмек көрсетуге және жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Салалық ведомстволардың вице-министрлері балаларға қосымша білім беру, тұрғын үй саясаты, денсаулық сақтау және орталық пен жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселелері бойынша баяндама жасады.
Қызылорда облысының тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Мұнда мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі қайта қаралып, бұл жұмыс Үкімет басшысы тарапынан жоғары бағаланды.
«Жекеменшік балабақшалар мен мектептерді, сондай-ақ ArtSport бағдарламасын қаржыландыруға бөлінген қаражатты талдау нәтижесінде едәуір бюджет қаражаты үнемделіп, ол қаражат өңірдің әлеуметтік дамуына бағытталды. Басқа облыстарға осы тәжірибемізді қолдануды ұсынамын», – деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов.
Семинар соңында қатысушылар өзекті мәселелер бойынша нақты түсініктемелер алды.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар ҚР Президентінің тапсырмасын жүйелі жүзеге асыруға бағытталған: мемлекеттік қолдау атаулы түрде және тек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуі тиіс.