С. Жақыпова Қызылорда облысындағы әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты

С. Жақыпова Қызылорда облысындағы әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі әлеуметтік нысандардың қызметімен және азаматтарды оңалту мен қолдау үшін жасалып жатқан жағдайлармен танысты.

Сапар бағдарламасындағы алғашқы нысан – Талсуат ауылдық округіндегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болды. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жан-жақты дамуы мен оңалуы үшін барлық жағдай жасалған: тұз шахтасы, қыш бұйымдарын жасау цехы, сенсорлық кабинет, Монтессори кабинеті, бейімдеу және дене шынықтыру залы жұмыс істейді. Қазіргі таңда орталықта 151 бала оңалту курсынан өтуде.

Еңбек министрінің сапары кезінде орталықта оңалтудан өтіп жатқан балалар қызметкерлердің көмегімен шағын концерт ұйымдастырып, өз өнерлерін көрсетті.

Одан кейін министр 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ қалпына келтіру қызметтеріне мұқтаж зейнеткерлерге арналған оңалту орталығында болды. Жыл басынан бері мұнда 623 адам оңалту курсынан өтті. Орталық заманауи техникалық құралдармен, қажетті мамандандырылған кабинеттермен және спорт залдарымен жабдықталған.

Нысандарды аралап болған соң Светлана Жақыпова бұл мекемелердің лицензиялау рәсімінен сәтті өткенін және белгіленген сапа стандарттарына сәйкес келетінін атап өтті.

«Лицензиялау арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, оларды көрсететін ұйымдардың жұмысын ашық әрі айқын етуге, қызмет алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Біз үшін көмекке мұқтаж әрбір азаматтың заманауи оңалту әдістерін қолдана отырып, қолайлы жағдайларда қызмет алу мүмкіндігіне ие болғаны маңызды», – деп атап өтті министр.