Қазақстанда 14 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

Қазақстанда 14 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 130  шетел азаматы еңбек етеді.

Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 549 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 258 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 3 786 және 904 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 889 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 744  адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 899 жұмыс беруші бар. Оларда 348 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында – 4 949 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2 930 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 369 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 210 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 5 120 адам, Өзбекстан – 2 478 адам, Түркия – 1 042 адам, Үндістан – 1 031 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.

Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25% немесе 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.