А. Биахметов Ақтөбе облысындағы инвестициялық жобалардың барысымен танысты

А. Биахметов Ақтөбе облысындағы инвестициялық жобалардың барысымен танысты

Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов бірқатар өндірістік кәсіпорындардың құрылыс барысымен танысып, облыс жұртшылығымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Асқар Биахметов жұмыс сапарын «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-на қарасты «Хромтау 1» жел электр станциясының құрылысы жүргізіліп жатқан Хромтау ауданынан, Дөң КБК шламдарын қайта өңдеу жөніндегі байыту фабрикасының учаскесінен және «АқМез» ЖШС май экстракциялық кәсіпорнын кеңейту жұмыстарымен танысумен бастады.

Бұл нысандардың барлығы «Инновациялық жобалар навигаторына» енгізілген. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін онда 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұрын хабарланғандай, «Инновациялық жобалар навигаторы» платформасын Еңбек министрлігі жаңа жұмыс орындарын құру мониторингі, жаңа кәсіпорындардағы кадрларға деген қажеттілікті болжау тиімділігін арттыру және мемлекеттік инвестицияларды пайдалану мақсатында жасаған. 2025 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша платформа жалпы құны шамамен 76,8 триллион теңгені құрайтын 1 422 жоба бойынша деректер жинады. Оларды жүзеге асыру барысында шамамен 223,8 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Бүгінгі таңда 33,6 мың жұмыс орны құрылған.

Асқар Биахметов жұмыс сапарының екінші күні облыс жұртшылығымен кездесу өткізіп, онда Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларының орындалу барысы және қазақстандықтарды әлеуметтік қолдауды күшейту шаралары туралы айтты.

Шараға үкіметтік емес ұйымдардың, ардагерлер қоғамының өкілдері, мүгедектігі бар адамдар, облыстың басқа да белсенді тұрғындары қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 30-дан астам адамды құрады.

Отырысты ашқан Асқар Биахметов Еңбек министрлігінің негізгі жұмыс бағыттары мен түрлі санаттағы азаматтарды қолдау бойынша қабылданып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.

«Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды, зейнетақылар мен жәрдемақылар уақытылы төленуде. Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша республикада 5,2 млн адам 4,1 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақы алды, оның ішінде Ақтөбе облысында – 281,1 мың адам 179,9 млрд теңге сомасында алған. Өңірдегі зейнетақының орташа мөлшері 175,5 мың теңгені құрады», – деп хабарлады вице-министр.

Сонымен қатар вице-министр балалы отбасыларды қолдау әрқашан еліміздің мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі болып табылатынын айтты.

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша облыста бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны 1,8 млрд теңге сомасына 9,7 мың адам, жұмыссыз әйелдерге бала күтімі бойынша жәрдемақыны 1,1 млрд теңге сомасына 5,2 мың адам, мүгедек баланы тәрбиелеуге жәрдемақыны 2,8 млрд теңге сомасына 5,3 мың адам алды.

Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан жүктiлiкке және босануға байланысты 8,7 млрд теңге көлемінде 7 мың адамға, бiр жарым жасқа дейiнгi бала күтіміне байланысты 12,7 млрд теңге сомасында 27,7 мыңнан астам адамға төлем төленді.

«Облыста 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар 29,2 мың көпбалалы отбасы бар, бұл республикадағы көпбалалы отбасылардың 4,8 пайызын құрайды. 2025 жылдың 7 айында оларға 14 миллиард 521 млн теңге төленді.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе «Батыр ана» атағы бар көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Облыста бұл төлемді 10,8 мың ана алады, оның көлемі 2 млрд 48 млн теңгені құрады», – деп қосты Асқар Биахметов.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде мүгедектерді (бұдан әрі – мүгедектігі бар адамдарды) әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Бүгінде 743,9 мың қазақстандық (халықтың 3,6%-ы) мүгедектігі бар адамдар. Ақтөбе облысында 31 мыңнан астам адам мүгедек деп танылса, оның 56,8%-ға жуығы еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 25,4%-ы зейнет жасындағылар, ал 17,9%-ы 18 жасқа дейінгі балалар.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау аясында техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеткізушіні дербес таңдай алады.

Бүгінде платформада 1 012 техникалық оңалту жабдықтарын жеткізуші, 761 ымдау тілі қызметін жеткізуші, 133 санаторийлік-курорттық емдеу ұйымы тіркелген.

Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Ақтөбе облысында Портал арқылы қажетті техникалық құрал-жабдықтарды алу және оңалту қызметтері бойынша 15,3 мың іс-шара жүзеге асырылды.

2024 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін (бұдан әрі – АӘҚ) трансформациялау басталды. Орталықтардың қызметін цифрландыру барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету сапасын арттыру үшін осы қызмет түрін лицензиялау енгізілді. Ақтөбе облысында АӘҚ көрсететін барлық 35 орталық лицензия алды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың басынан әрбір қызмет алушының жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қолдаудың қажетті көлемдері айқындалатын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілуде. Жаңа шараларды енгізу АӘҚ сапасын арттырады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу аясында 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Ақтөбе облысында 19,4 мың адам жұмысқа орналасты, 3 410 адам кәсіптік оқумен қамтылды, тағы 998 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Биыл облыста 1 млн 572 мың теңгеге 569 грант бөлу жоспарлануда. 1 тамыздағы жағдай бойынша облыста 281 грант берілген.

Сөзінің соңында вице-министр қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулардың деңгейін төмендетуге көмектесетін іске асырылып жатқан шаралар кешеніне және қазіргі заманғы еңбек қауіпсіздігі стандарттарын енгізуге қарамастан, қазіргі уақытта зиянды еңбек жағдайларын толығымен жою мүмкін емес.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында 29,9 мың жұмысшы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген. Өткен жылы облыс бойынша зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арнаулы әлеуметтік төлемдер 996 адамға, 2025 жылдың 1 тамызына 336 адамға тағайындалды.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды одан әрі жақсарту мақсатында министрлік арнайы әлеуметтік төлемдерді алушылардың санатын кеңейту мәселесін қарастыратын болады», – деді Асқар Биахметов.

Ол өз сөзінен кейін облыс тұрғындарының сауалдарына тұшымды жауап берді.

Вице-министр жұмыс сапарының соңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.