Сеулге жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Корей Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді, оның барысында еңбек көші-қоны мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, Асқарбек Ертаев Корей Республикасының Иммиграциялық қызметі комиссарының м. а. Чон-до Киммен, Корей Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық бюросының Бас директоры Пак Иль Хунмен және «Қазақстан – Корея» парламентаралық достық тобының Төрағасы, Корей Республикасы Ұлттық Ассамблея депутаты Пак Хон Гынмен келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер барысында тараптар Еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде Қазақстанды шетелдік азаматтарды жұмысқа орналастыруға рұқсат беру жүйесіне – Employment Permit System (бұдан әрі – EPS) енгізу жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады.
Қазақстандық тарап көші-қон заңнамасын жетілдіруді, еңбек мигранттарының болу шарттарының сақталуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ шетелде жұмыс істейтін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі тетіктерді әзірлеуді қоса алғанда, EPS жүйесіне қосылуға дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді және Қазақстан азаматтары үшін EPS жүйесін іске қосуға негіз болатын тиісті үкіметаралық келісімге мүмкіндігінше тезірек қол қою үшін қажетті рәсімдерді бірлесіп әзірлеуге келісті.
Асқарбек Ерсаев Корей Республикасымен еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, қол жеткізілген уағдаластықтар қазақстандықтар үшін заңды және қауіпсіз жұмысқа орналастыру арналарын дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.