Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Орал қаласындағы бірқатар әлеуметтік мекемелерде болып, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Оның барысында инклюзивті саясатты іске асыру және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің өзекті мәселелері талқыланды.
Жұмыс сапарының бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдың желтоқсан айында ашылған «Ақжайық» әлеуметтік оңалту орталығына барудан басталды. Орталық 150 адамға арналған және мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге, соның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар адамдарға қызмет көрсетеді. Мұнда оңалтудың заманауи тәсілдері енгізілген: бассейн, спорттық және физиотерапиялық залдар, роботтандырылған тренажерлар мен еңбек терапиясының шеберханалары пайдаланылады. Бүгінде орталық 133 адамға қызмет көрсетеді.
Вице-министр сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға жартылай стационарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсетілетін «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінде болды. Мұнда 85 бала оңалту қызметтерін алып жатыр, 35 маман жұмыс істейді. Ұйым қызмет алушылардың жеке қажеттіліктеріне баса назар аудара отырып, жан басына қаржыландыру принципін жүзеге асырады.
Түстен кейін Виктория Шегай ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізді. Диалог барысында 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттары және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіру тәсілдері қарастырылды. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау және жан басына шаққандағы қаржыландыру, АӘҚ көрсетудің цифрлық форматын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар мемлекет пен азаматтық сектордың өзара байланысын, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау, оларды қоғамға біріктіру және кедергісіз ортаны дамыту мәселелерін одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.