А. Ертаев: «Мықты кәсіподақтар – еңбек құқығының сенімді кепілі»

А. Ертаев: «Мықты кәсіподақтар – еңбек құқығының сенімді кепілі»

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев халықаралық делегаттар мен әлемнің жетекші кәсіподақ бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен өткен ҚР Кәсіподақтар федерациясының 27-ші съезіне қатысты.

Іс-шарада сөз алған Ертаев еліміздегі 2,5 миллионнан астам жұмысшыны біріктіретін әлеуметтік әріптестік жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде кәсіподақтар институтының маңыздылығын атап өтті.

«Қоғамдық қатынастарды реттеудегі кәсіподақтардың рөлі неғұрлым маңызды болса, олар өздерінің негізгі мақсаты – қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды соғұрлым тиімді және табысты жүзеге асыра алады», – деді ол.

Вице-министр мемлекет еңбек қатынастарында барлық тараптардың мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізуге қабілетті, күшті және жауапты кәсіподақтарға мүдделі екенін атап өтті.

«Кәсіподақтар жұмыс істейтін жерде қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасында тиімді байланыс орнатылады. Осылайша біз жалақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту және лайықты әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету мәселелерін жылдам шеше аламыз», – деді Асқарбек Ертаев.

Ол өз сөзінде министрлік пен кәсіподақтар федерациясының бірлескен негізгі бастамаларына да тоқталды. Атап айтқанда, 2024–2026 жылдарға арналған Бас келісім жүзеге асырылуда, «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде, 17 салалық және 200-ден астам өңірлік келісімдер бекітілді, 169 мыңнан астам ұжымдық шарт жасалды. Сонымен қатар, Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» заңды жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

«Еңбек саласындағы маңызды мәселелерді республикалық үшжақты комиссия аясында ғана емес, тұрақты жұмыс отырыстарында талқылау біз үшін жақсы дәстүрге айналды», – деп қосты вице-министр.

Сондай-ақ, министрліктің қолдауымен Федерациямен бірлесіп «Парыз» бизнесінің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша байқау және Еңбек күні мерекесіне орайластырылған «Еңбек жолы» республикалық байқауы жыл сайын өткізіледі.

Жиын барысында тараптар әлеуметтік диалогты одан әрі дамытуды, соның ішінде Халықаралық еңбек ұйымымен және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен ынтымақтастықты нығайтуды талқылады.