С. Жақыпова ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілімен отбасылардың қажеттіліктерін бағалаудың баллдық моделін енгізу мәселесін талқылады

С. Жақыпова ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілімен отбасылардың қажеттіліктерін бағалаудың баллдық моделін енгізу мәселесін талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвармен жұмыс бабымен кездесу өткізді. Еңбек министрлігінің басшысы отбасылардың мемлекеттік қолдау шараларын қажет етуін бағалаудың жаңа тәсілдерін ұсынды, сонымен қатар тараптар халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Светлана Жакупова Шымкент қаласында және Қарағанды ​​облысында үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін бағалаудың баллдық моделін енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру туралы айтты.

«Жоба Елбасының қолдауына ие болды, біз оны белсенді түрде жүзеге асыруға көштік. Әдістеме тек әлеуметтік саланы ғана емес, денсаулық сақтау мен білім беруді де қамтиды. Оның дұрыстығы мен тиімділігіне сенімдіміз. Ешкім де назардан тыс қалмайды. Модельге алты санаттағы үй шаруашылықтары кіреді – аса мұқтаж отбасылардан бастап толық қамтамасыз етілген отбасыларға дейін. Мемлекеттік қолдау тек алтыншы санатқа берілмейді, мысалы оған екі үй мен екі автокөлігі бар отбасылар кіреді. Ең бастысы, көмек көрсету құқығы объективті және ашық түрде анықталатындай шешім қабылдауда адам факторының ықпалын жою», – деп атап өтті министр.

Өз кезегінде Рашед Мұстафа Сарвар жүзеге асырылып жатқан үлгіні жоғары бағалап, ЮНИСЕФ мұндай бастаманы құптайтынын атап өтті.

«Біз министрліктің көптеген тиімді жұмыс атқарып жатқанын көріп отырмыз. Әдістеме шынымен жақсы ойластырылған және болашағы зор. Біз енгізудің тиімділігін арттыру және қажетті тестілеуді өткізу үшін техникалық және сараптамалық қолдау көрсетуге дайынбыз. Біздің ортақ мақсатымыз – бірде-бір халықтың әлеуметтік осал санатын, әсіресе балаларды назардан тыс қалдырмау және қолдау көрсету», – деді ол.

Сондай-ақ ЮНИСЕФ өкілі Еңбек министрлігін 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының бекітілуімен құттықтап, халықтың осал санаттарының құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін бұл құжаттың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар тараптар балалар мен әлеуметтік қорғалмаған отбасыларды қолдау тетіктерін әзірлеуге бағытталған бірлескен жұмыстың алдағы қадамдарын талқылады. Кездесу соңында қатысушылар конструктивті диалог үшін бір-біріне алғыс айтып, әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.