Швейцарияға жұмыс сапары аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық еңбек ұйымы (бұдан әрі – ХЕҰ) ұйымдастырған Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясының пленарлық отырысында баяндама жасады. Ол Қазақстанның әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық саясатының негізгі бағыттарына тоқталды.
Халықаралық еңбек конференциясы халықаралық еңбек стандарттары мен ХЕҰ-ның жалпы саясатын белгілейді және жыл сайын дәстүрлі түрде Женевада өтеді. Іс-шара сонымен қатар мүше елдердің негізгі әлеуметтік және еңбек мәселелерін талқылауға арналған форум болып табылады.
Асқарбек Ертаев сөзінің басында біздің елімізде әлеуметтік тегіне, мәртебесіне, жынысына қарамастан барлық азаматтардың әділ еңбек ету жағдайларын, тең мүмкіндіктерін жасау және құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Біз әділеттілік абстрактілі мақсат емес, орнықты қоғамның практикалық негізі екеніне сенімдіміз. Сондықтан да Қазақстан ХЕҰ-ның Әлеуметтік әділеттілік жөніндегі жаһандық коалициясына қосылды. Біз оның мақсаттарын қолдаймыз және лайықты еңбекті, әлеуметтік тұрақтылықты және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық күн тәртібін ілгерілетуге белсенді қатысуға ниеттіміз», – деп атап өтті ол.
Ертаев Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек саясатының барлық негізгі бағыттары әділеттілік пен тұрақты даму призмасы арқылы қарастырылатынын хабарлады.
«Осы мақсаттарға адалдықты сақтау үшін соңғы жылдары үш стратегиялық құжат қабылданды: Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы, Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы және Инклюзивті саясат тұжырымдамасы. Олардың әрқайсысы 2030 жылға дейін әзірленген және жеке тұлғаның мүддесі үшін жүйені өзгертетін нақты әрекеттерге бағытталған», – деді Ертаев.
Вице-министр осы бағыттар бойынша ҚР Үкіметі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
«Бірінші бағыт – еңбек нарығын дамыту. Біздің мақсатымыз – жұмыс орындарының саны ғана емес, сапасы. Біз тұрақты табыс, қауіпсіз жағдай, даму және еңбек құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін жұмыс орындарын құруға тырысамыз. Бұл тұрақты және инклюзивті еңбек нарығының негізі. Экономиканың басты секторларына – өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және цифрлық секторларға басымдық беріледі. Онда заманауи жұмыс орындары ашылған, бұл әсіресе өңірлер үшін маңызды», – деді ол.
Вице-министр бұл бағыттағы маңызды аспект мамандарға жаңа білім алуға және сұранысқа ие дағдылар мен құзыреттерді дамытуға көмектесетін өмір бойы оқыту жүйесін атады.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, екінші бағыт – еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмысшылардың құқықтарын қорғау.
«Біз формальды бақылаудан тәуекелдің алдын алу жүйесіне көшеміз. Жұмысшылардың қауіпсіздігі, денсаулығы және заңды мүдделері басты назарда болады. Нақты уақыт режимінде еңбек жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық технологиялар, сенсорлар, онлайн платформалар, автоматтандырылған жүйелер енгізілуде.
Еңбек инспекторларының ең осал секторларды алдын ала анықтауына жағдай жасайтын Еңбек тәуекелі картасы әзірленуде. Бұл жүйені дәлірек және белсенді ете түседі», – деді ол.
Қауіпті және қиын өндірістердегі еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде, еңбек құқықтарын қорғау жүйесі күшейтілуде және т.б. жұмыстар қолға алынды.
Вице-министр үшінші бағыттың инклюзивті саясат екенін атап өтті.
«Біз теңдік жеңілдетуден емес, қатысудан басталады деген қағиданы ұстанамыз. Біздің міндетіміз – тек қолдау көрсету емес, еңбекке, білімге, қоғамдық және мәдени өмірге тарту.
2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы кедергісіз орта, инклюзивті білім беру, бейімделген жұмыспен қамту, цифрлық қолдау қызметтері сияқты жағдайлар жасай отырып, бөлшектелген шешімдерден жүйелік тәсілге көшуге мүмкіндік берді», – деп хабарлады Ертаев.
Қорытындылай келе, ол барлық нәрсенің негізінде бір мақсат – саясаттың ортасында адамдар тұрғанын атап өтті.
«Есеп беру үшін емес, адамдар үшін ашық, тиімді және әділ жұмыс істейтін жүйе. Ең бастысы, біз мұны жалғыз істеп жатқан жоқпыз. Барлық қадамдар үштік аясында, жұмыс берушілер, кәсіподақтар және мемлекеттің белсенді атсалысуымен жүзеге асырылуда. Бұл тұрақтылық пен сенімділіктің кілті», – деп түйіндеді ол.