А. Ертаев ХЕҰ басшысы Ж. Унгбомен кездесті

А. Ертаев ХЕҰ басшысы Ж. Унгбомен кездесті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық еңбек конференциясының 113 сессиясына қатысу үшін Швейцарияға жұмыс сапары аясында Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесті. Диалог барысында тараптар еңбек саласындағы заңнамалық бастамаларды дамыту және ХЕҰ конвенцияларын қабылдау мәселелерін талқылады.

               Асқарбек Ертаев Қазақстан әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, лайықты еңбек жағдайларын жасауға және шығу тегі, әлеуметтік мәртебесі мен жынысына қарамастан барлығына тең мүмкіндіктер жасауға аса мән беретінін атап өтті.

Ол Республиканың ХЕҰ-мен, үкіметтермен және жұмысшылар мен жұмыс берушілер бірлестіктерімен бірлескен белсенді жұмыс күтілетін жаһандық әлеуметтік әділеттілік коалициясына қосылғанын еске салды.

Вице-министр ХЕҰ-ның әдіснамалық және техникалық қолдауы еңбек жағдайларын жақсартуға және қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамалық нормаларды енгізуге оң әсер еткенін атап өтті, сондай-ақ одан әрі өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.

Өз кезегінде Жильбер Унгбо ХЕҰ конвенцияларын ратификациялау бойынша бірлескен жұмыс Қазақстандағы еңбек саласының әлеуметтік әділеттілігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Жұмыс сапары аясында Асқарбек Ертаев ХЕҰ-ның басқа өкілдерімен және сарапшыларымен кездесулер өткізді.

 

Осылайша, вице-министр ХЕҰ Халықаралық еңбек нормалары департаментінің директоры Коринн Варгамен ХЕҰ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – EХӘҚМ), Кәсіподақтар федерациясы және «Paryz» Жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясы қол қойған Қазақстан Республикасында лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі бірлескен Жол картасын іске асыру жөніндегі аралық нәтижелер мен алдағы жоспарларды талқылады.

Құжат еңбек қауіпсіздігі нормаларын сақтау, еңбек саласында әлеуметтік диалог құру, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шараларымен қамтамасыз ету және т.б. бөлігінде өзара әрекеттің негізгі бағыттарын айқындайды.

               ХЕҰ Халықаралық оқу орталығының директоры Кристоф Перренмен серіктестік орнату және осы ұйымның Қазақстандағы филиалын ашу мүмкіндігі талқыланды.

Еуропа және Орталық Азия үшін ХЕҰ өңірлік бюросының директоры Беате Андрееспен келіссөздер барысында лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасын іске асыру барысы, оның ішінде нақты нәтижелер: мемлекеттік еңбек инспекциясын ЕХӘҚМ қарамағына беру, заңнамаға жұмыс берушілер мен қызметкерлер бірлестіктерінің құқықтарын кеңейтетін өзгерістер енгізу және т. б. мәселелер көтерілді.

               Асқарбек Ертаевтың жұмыс сапары барысында ХЕҰ-ның еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросының директоры Мария Хелена Андремен және ХЕҰ-ның жұмыс берушілер қызметі жөніндегі бюросының директоры Дебора Франс-Массинмен кездесулер жоспарланған.

Сонымен қатар, вице-министр ХЕҰ Халықаралық еңбек конференциясының 113-ші пленарлық сессиясында сөз сөйлейді, онда әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын қалыптастыру және қолдау бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісетін болады.