Еңбек министрлігі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелерін талқылады

Еңбек министрлігі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелерін талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстан Президенті бастамашылық еткен «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мәселелері бойынша министрлер кеңесін өткізді. Еңбек министрлігінің басшысы ведомствоның сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністерінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтетінін баса айтты.

Іс-шараға министрдің орынбасарлары, аппарат басшылары, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитет, Еңбек министрлігінің басқармалары, жоғарыда аталған екі комитеттің аумақтық департаменттері, еншілес ұйымдар, сондай-ақ республиканың барлық өңірлерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменттері қатысты.

Жиын барысында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов медициналық-әлеуметтік сараптама қызметіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басқарма төрағасы Алмас Құрманов әлеуметтік сақтандыру жүйесінде алаяқтық әрекеттердің жолын кесу және олардың қайталануын болдырмау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің профилактикалық қызметінің ерекше маңызды істер жөніндегі уәкілі Жазира Жылқышиева сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін қолданылатын заңнама нормалары мен жазалар туралы айтып берді.

Отырысты қорытындылаған Светлана Жақыпова департамент тарапынан сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністерінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс күшейтілетінін баяндап, министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету және халыққа қолдау көрсету шаралары кезінде қандай да бір заң бұзушылықтарға жол берілмейтіндігін атап өтті.