ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин «Жаһанданушы әлемде отбасын сақтау және нығайту» халықаралық форумына қатысып, Қазақстандағы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттары туралы айтты.
Түркияда өтіп жатқан шараға 27 елдің мемлекеттік қызметкерлері мен сарапшылары қатысуда.
Форум отбасын қолдау шараларын жақсартудың ықтимал жолдарын анықтау мақсатында отбасы мен қоғам алдында тұрған мәселелерді қарастырады. Талқылаулар негізінде халықаралық деңгейде отбасы институтын және оның құндылықтарын қорғау бойынша ортақ ұстаным қалыптасады.
Олжас Анафин «Отбасыға бағытталған саясатты іске асыру: ұлттық және халықаралық қуаттылық» атты министрлер отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің балалы отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтты. Вице-министр мемлекеттік әлеуметтік саясаттың іргелі қағидаттары мен бағыттары 2023 жылы жүзеге асырылған Әлеуметтік кодексте айқындалғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол атаулылықты қамтамасыз ету, Цифрлық отбасы картасы арқылы әлеуметтік көмек жүйесіне тең қолжетімділік және балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау аясында қазақстандықтарға көрсетілетін шаралар туралы хабарлады.
Вице-министр Қазақстанда 2020 жылдан бастап отбасын қолдау орталықтары құрылғанын, олардың қызметі кеңес беру мен әлеуметтік бейімдеуден бастап әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және жұмысқа тартуға көмектесуге дейін жан-жақты көмек көрсетуге бағытталғанын атап өтті.
«Өткен жылдан бастап біз бірқатар басқа министрліктермен бірлесіп, кешенді үлгі арқылы қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды жан-жақты қолдау көрсету Стандартын қабылдадық. Онда мұндай отбасылардың түрлі қызметтерге мұқтаждық дәрежесін анықтау тәртібі, сондай-ақ оларды қиын жағдайдан шығарудың жеке жоспарын әзірлеу және оның орындалуын бақылау алгоритмдері қарастырылған», – деді Анафин.
Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы Цифрлық отбасы картасының деректері негізінде, сондай-ақ азаматтардың байланыс орталығына өтініштері арқылы қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтаудан басталады. Қолдау процестерін үйлестіру «FSM Social» мобильді қосымшасы түріндегі цифрлық құралды қолдану арқылы жүзеге асырылады.