Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
13 марта 2025
Электрондық еңбек биржасында ақпан айында 121 мыңнан астам бос жұмыс орны жөнінде хабарлама орналастырылды

Ақпан айында «Enbek» электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 121,8 мың бос жұмыс орны туралы мәлімет және 132,3 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда бос орындар саны 23,2% - ға, ал түйіндеме саны 31% - ға (-59,6 мың) азайды.

Осылайша, ең көп бос жұмыс орындарын ақпарат және байланыс (40,9 мың), білім беру (26,6 мың) және денсаулық сақтау (9,3 мың бос жұмыс орны) салаларындағы кәсіпорындар орналастырды. Бұл ретте денсаулық сақтау саласында санитарлар (1,5 мың) және медбикелер (1,3 мың бос жұмыс орны) барынша сұранысқа ие болды.

Сұраныстың біліктілік құрылымында жоғары білікті ізденушілер көш бастап тұр (барлық бос жұмыс орындарының 59%), одан кейін орташа білікті (29%) және біліктілігі жоқ (12%).

Өңірлік бөліністе бос жұмыс орындар санының ең көп өсуі Батыс Қазақстан (+301%), Шығыс Қазақстан (+156%) және Қарағанды (+76%) облыстарында байқалады. Сонымен бірге бос жұмыс орындар санының ең көп төмендеуі Жетісу (-33%), Шымкент қаласы (-26%) және Маңғыстау облысында (-25%) тіркелді.

Ұсыныс тарапынан түйіндеме санының едәуір төмендеуі Маңғыстау облысында (-46% немесе 5,8 мың бірлік), Жетісу облысында (-45% немесе 4,3 мың бірлік) және Жамбыл облысында (-44% немесе 6,3 мың бірлік) байқалды.

Гендерлік құрылым бойынша өзгерістер тіркелмеген: мәселен, әйелдер (53%) әлі де ерлерге (47%) қарағанда  жиі жұмыс іздейді. 26-35 жас санаты ең белсенді болып қалады (26,6%), одан кейін 36-45 жас тобы (26,1%). 25 жасқа дейінгі жастардың үлесі 14,9%, ал 55 жастан асқан үміткерлердің үлесі 12% құрайды.

Жалақыға келетін болсақ, ең жоғары жалақы бас құрылысшыларға (орта есеппен 663 мың теңгеден бастап), телекоммуникациядағы жоба жетекшілеріне (~653 мың теңге) және өнімді әзірлеу жөніндегі басшыларға (~625 мың теңге) ұсынылды. Сонымен қатар IT-бөлімшелер басшыларының (орта есеппен 1,3 млн теңгеден бастап), энергожүйе инспекторларының (~1,3 млн теңге) және геофизиктердің (~1,2 млн теңге) позицияларына үміткер ізденушілер ең жоғары жалақыны сұрады.

Осылайша 2025 жылдың ақпанында ЭЕБ-да түйіндемелер саны азайған кезде бос жұмыс орындар санының айтарлықтай өсуі байқалды. Жоғары білікті мамандар, әсіресе IT, білім беру және медицина салаларында әлі де сұранысқа ие. Бұл ретте салалық және кәсіптік бөліністе жалақы бойынша ұсыныстар мен күтулер арасындағы алшақтық сақталады.

12 марта 2025
Жыл басынан бері 97 мыңға жуық адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды

2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 97 мың қазақстандық қатысты. 101,2 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 30,2 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.   

Субсидияланатын жұмыс орындарына 71 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 5,3 мың адам, жастар практикасында 3,2 адам, қоғамдық жұмыстарда 56,4 мың адам, «Күміс жас» жобасы аясында 6,1 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 41 жұмыспен қамтылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 18,8 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 17,6 мыңы оқуды аяқтады.

Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 6,8 мың адам қамтылды, оның ішінде 3,7 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.

Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқытуға 49 адам жіберілді.

Қызмет саласын таңдау мақсатында кәсіптік орталықтарда 63,7 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтіп, кеңес беру қызметтерін алды.

Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 572 800 теңге) мөлшерде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген.

12 марта 2025
2024 жылы 33 мыңнан астам адам жастар практикасы арқылы жұмысқа орналасты

2024 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының бірі – «Жастар практикасын» жүзеге асыру аясында 33,3 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектері жастар практикасына қатыса алады. Жастар практикасына қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді.

Жастар практикасын қаржыландыруды Еңбек мобильділігі орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ай сайынғы жалақы төлеу арқылы жүзеге асырады. Төлем екінші деңгейдегі банктерде ашылған қатысушылардың ағымдағы (карточкалық) шоттарына ақша қаражатын аудару жолымен жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде жүргізіледі.

Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңгені, Ақтөбе облысында ең жоғары көрсеткіш – 120,9 мың теңгені құрады.

Жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан – 8,6 мың адам, Қызылорда – 3,2 мың адам, Жамбыл облыстарында – 2,6 мың адам және Шымкент қаласында – 2,4 мың адам.

Жастар практикасына қатысатын әйелдердің үлесі 64,8% немесе 21,6 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі – 19,3 мың адамды немесе 57,9%-ды құрайды.

Жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: мейіргер – 2 216 адам, бастауыш сынып мұғалімі – 1 498 адам, заңгер – 1 481 адам, дене шынықтыру мұғалімі – 1 323 адам, фельдшер – 1 277 адам.

11 марта 2025
Әлеуметтік инспекторлар жыл басынан бері 80-нен астам тексеру жүргізді

2025 жылдың екі айында әлеуметтік инспекторлар халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтарын қорғау мақсатында 87 тексеру жүргізді, оның 62-сі жоспардан тыс, 5-еуі профилактикалық бақылау шеңберінде, 20-сы прокуратураның талабы бойынша болды. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 34 ұйғарым берілді, шамамен 11,4 млн теңгеге 44 айыппұл салынды.

Мемлекеттік бақылаумен: әкімдік – 1, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары – 15, мемлекеттік мекеме – 1, ауруханалар, емханалар – 5, балабақшалар – 4, мектептер – 9, колледждер, лицейлер – 5, ДК – 10, дүкендер – 12, кафелер, мейрамханалар, қонақ үйлер – 8, сауда үйлері – 3, полиция пункті – 1, стомалогия – 3, автобус парктері, авто/теміржол вокзалдары, әуежайлар – 6, кітапхана – 1 және басқалар қамтылды.

Мәселен, Қостанай облысында мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өтініші негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша жергілікті дүкенге жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді.

Бұл ретте әлеуметтік инспекторлар барлық өңірлерде мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеудегі оң өзгерістер орын алып жатқанын айтуда. Мұны ерекше қажеттіліктері бар адамдар да растайды.

 «Соңғы уақытта Қарағанды қаласында, оның ішінде Әлихан Бөкейхан ауданында мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеуде алға жылжу байқалады. Қала біртіндеп мүгедектігі бар адамдар үшін қол жетімді бола бастады: инфрақұрылым жақсаруда, көптеген ғимараттар пандустармен және бейімделген кіреберістермен жабдықталған. Оған мысал ретінде Геннадий Головкин атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін айтуға болады, онда кіреберіс жабдықталған, лифт орнатылған, соның нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтарға спортпен шұғылдануға көбірек орын бөлінді.  Әрине, әлі де бірқатар жұмыстар жасау қажет, бірақ оң өзгерістер қазірдің өзінде байқалады әрі алдағы уақытта қол жетімді орта қалыпты жағдайға айналатынына сенемін», – деп атап өтті Қарағанды қаласының тұрғыны, екінші топ мүгедектігі бар азамат Сергей Харченко.

11 марта 2025
Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 7,2 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады

2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 19 кәсіпорны 1,2 мыңнан астам жұмыскерге 328,9 млн теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 995 фактісі анықталды.

Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 579 ұйғарым берілді және 69,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 900 жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 135,8 млн теңге төленді.

Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.

2025 жылғы 1 наурыздағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 896 тексеру жүргізді, оның барысында 995 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 904; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 85; халықты жұмыспен қамту бойынша – 6.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 6,3 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.

07 марта 2025
Светлана Жақыпова Қазақстан әйелдерін 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандық ханымдарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, оларға мықты денсаулық, бақыт пен амандық тіледі.

«Құрметті әйелдер қауымы! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін нәзік жанды аруларымыз – отбасының ұйытқысы, береке мен тыныштықтың шырақшысы.

Әлеуметтік қорғау саласында еңбек ететін әйелдер өз ісіне адалдық танытып, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауда маңызды рөл атқарады. Олардың жанашырлығы мен кәсіби біліктілігі атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және өзге де қолдауды қажет ететін азаматтарға өз құқықтарын іске асыруда жәрдемдесуге мүмкіндік береді.

Көктемнің шуақты мерекесі сіздерге шабыт сыйлап, көтеріңкі көңіл күй мен арман-мақсаттарыңыздың орындалуын әкелсін. Қай салада еңбек етсеңіздер де, жұмыстарыңыздан зор қуаныш пен қанағат табуларыңызға тілектеспін. Өмірлеріңіз жарқын сәттерге, жаңа мүмкіндіктер мен игі таныстықтарға толы болсын. Жақын жандарыңыз сіздерді әрдайым құрмет пен қамқорлыққа бөлеп, өмірлеріңіз мән-мағынаға толы болсын. Түсіністік пен татулық, тыныштық пен қуаныш әрдайым сіздерге серік болсын!

Барша аруларымызға, аяулы аналарымызға, ардақты қыз-келіншектеріміз бен сүйікті әпке-сіңілілерімізге зор денсаулық, мол бақыт, жастық пен сұлулық, отбасыларыңызға татулық пен амандық тілеймін!» – делінген Светлана Жақыпованың құттықтауында.

07 марта 2025
Қазақстандықтар 2024 жылы МАК-тан сақтандыру төлемдері түрінде шамамен 2,4 млрд теңге алды

«Мемлекеттік аннуитеттік компания «Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ (бұдан әрі – МАК) деректері бойынша 2024 жылы 37,7 мың қазақстандық үшін сақтандыру төлемдерінің көлемі 2,4 млрд теңгеден асты.

«Негізгі міндеттердің бірі жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қамтамасыз ету болып табылады. Жұмыс берушіге осындай шарттар жасасқаны үшін жауапкершілік жүктеледі, ал бұл міндеттемеден жалтарған жағдайда айыппұл санкциялары көзделеді. Бүгінде МАК-та жұмыс берушілермен жасалған 1,8 мың шарт бойынша 50 901 жұмыскер сақтандырылған», – деп атап өтті МАК басқарма төрағасы Қуаныш Мұқажанов.

Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде сақтандырылған жұмыскерлер үшін МАК-тан мынадай төлем түрлері жүзеге асырылады:

- денсаулыққа зиян келтіруге байланысты қосымша шығындарды өтеу (дәрілік заттар, оңалту құралдары және санаторийлік-курорттық емдеу);

- кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылған адамдар үшін аннуитеттік сақтандыру бойынша мерзімді төлемдер (өндірістегі жазатайым оқиғаға байланысты);

- асыраушысынан айырылуына байланысты аннуитеттік сақтандыру бойынша мерзімді төлемдер;

- зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарттары бойынша мерзімді төлемдер (зиянды жағдайларда жұмыс істейтін);

- өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болған жағдайда жұмыскерлерді жерлеу бойынша шығыстар.

Бұдан басқа, МАК «Демеу» өмірді ерікті сақтандыру және зейнетақы аннуитеті қызметтерін ұсынады.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарының жеткілікті сомасы болған кезде зейнетақы аннуитеті шартын жасасу азаматтарға зейнетақы төлемдерін белгіленген зейнетақы жасынан ерте алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ер адамдар 55 жастан бастап, ал әйелдер 53 жастан бастап төлем алуына болады. Бұл ретте кемінде бес жыл ішінде жұмыс берушілер олар үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүргізілген қазақстандықтар 50 жастан бастап төлемдерді ала бастайды.

Зейнетақы аннуитетінің басты артықшылығы сақтандыру компаниясына аударылған жинақтардың көлеміне қарамастан, төлемдерді өмір бойы жүзеге асыру болып табылады.

2025 жылы зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жинақтардың төмендегідей сомасы қажет:

- ерлер үшін – 9 123 466 теңге;

- әйелдер үшін – 11 963 930 теңге;

- міндетті кәсіптік жарналары бар ер адамдар үшін – 7 744 625 теңге;

- міндетті кәсіптік жарналары бар әйелдер үшін – 10 101 751 млн теңге.

Қуаныш Мұқажановтың айтуынша, 2024 жылы жұмыскерлерді міндетті сақтандыру шарттары бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1,4 млрд теңгені, ал зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1,2 млрд теңгені құрады.

Осылайша, бүгінде МАК сақтандырудың 3 түрі бойынша қызмет көрсетеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша барлық сақтандыру өнімдері бойынша МАК-та 51,3 мың азамат бойынша 2,2 мыңнан астам шарт тіркелген.

07 марта 2025
Қазақстанда онлайн оқуда әйелдер алда келеді

Статистикаға сәйкес, Skills Enbek кәсіби онлайн оқыту платформасында пайдаланушылардың 60%-дан астамы әйелдер. Бұл ретте олар кем дегенде бір курсты аяқтап, шамамен 81% сертификат алды.

Мәселен, 1 наурыздағы жағдай бойынша порталда 527,5 мың пайдаланушы тіркелген, оның 433,4 мыңы оқуын аяқтаған. Сәйкесінше тіркелендер арасында әйелдердің үлесі 62%-ды құраса, оқытудан өткендердің 61% нәзік жандылар.

Оқуын аяқтаған әйелдердің ең көп саны Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары.

Білім алушы әйелдердің орташа жасы – 38 жас, ең кішісі – 14 жас, ал ең үлкені – 78 жаста. Сонымен қатар 140 және 182 курсты меңгерген әйелдер де бар.

Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтары бойынша курстарға әйелдер көптеп жазылуда. Әйелдер оқитын ерекше курстардың ішінде «Автомобиль көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру», «Жылу желілерінің жабдықтары, құбырлары мен арматураларына қызмет көрсету және жөндеу», «Дәнекерлеу өндірісінің негіздері», «Электр жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу бойынша электр слесарлық жұмыстар», «Қазандық агрегаттарына қызмет көрсету және жөндеу» бар.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары әйелдерге курстарды таңдау бойынша ұсыныстар берді. Олардың айтуынша, кәсіпкерлік, IT-сала, маркетинг, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік қызмет сияқты танымал бағыттарға назар аудару қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Skills Enbek платформасы жынысына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан барлығына сапалы білім алуға мүмкіндік бере отырып, Қазақстандағы онлайн-оқыту саласын жақсартуға арналған. Платформада азаматтарға жаңа білім алуға және біліктілігін арттыруға көмектесетін түрлі бағыттар бойынша 859 курс ұсынылған. Курсты дербес компьютерлер арқылы да, Enbek мобильді қосымшасында смартфон арқылы да оқуға болады.

06 марта 2025
22,5 мың қазақстандық Skills Enbek платформасында оқыды

2025 жылдың басынан бері 22,5 мың азамат, оның ішінде шамамен 17,6 мың жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында (бұдан әрі – Платформа) онлайн-курстардан өткені туралы сертификаттар алды. Платформада барлығы 527,5 мың қазақстандық тіркелген, оның 28,8 мыңы – 2025 жылы тіркелді. Бұл ретте платформа жұмысының барлық кезеңінде 433,4 мың адам оқудан өтті.

Оқудан өткен 17,6 мың жұмыссыз азаматтың 4,4 мыңға жуығы негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қостанай облыстарының және Шымкент қаласының жастары.

Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 859 курс жариялады, оның 313-і тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары бар.

Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Ақпан айындағы ең көп сұранысқа ие курстар – «Страховой агент», «Кассир», «Построение отдела продаж в отеле», «Основы коммуникации и правила общения с лицами с инвалидностью и особыми потребностями» және «Продавец».

Платформада әлеуметтік қызмет көрсету, туризм, мұнай, газ, ресурстарды өндіру, құқықтану және т.б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы қол жеткізуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы принципін дербес таңдайды, білім беру үдерісіндегі өзінің ілгерілеуін бақылай алады.

Білім алушы үшін артықшылықтар: кеңейтілген курстарды іздеу, сабақтың түсінікті құрылымы, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – білім алушы тарапынан курсты бағалау. Сертификатты жүктеу кезінде игерген дағдылар бойынша Enbek.kz-те бос жұмыс орындарының ұсыныстары қосылды.

Алынған сертификат Enbek.kz-те тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші Платформада сәтті оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.

Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Платформа ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігін болжайды.

Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарауға қолжетімді, сертификаттардың әртүрлі дизайны көзделген, сондай-ақ оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.

2023 жылдың желтоқсан айынан бастап курстарды Enbek мобильді қосымшасы арқылы оқуға болады, қосымшаны Google Play және App Store-дан жүктеуге болатынын естеріңізге саламыз.

Платформада тіркелу және жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуды сұраймыз: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878, 888).

06 марта 2025
2025 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 127 мыңнан астам қызмет алды

2025 жылдың басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы мүгедектігі бар адамдардың 127,8 мың тапсырысы орындалды, оның ішінде: 90 мыңға жуық оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 7,3 мың – ымдау тілі, 24,2 мың – жеке көмекші, 6,2 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін алды.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Қазіргі уақытта Порталда 719 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 938 ОТҚ жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 756 ымдау тілі және 129 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы