Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
18 сентября 2024
С. Жақыпова «Аманат» партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Аманат» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды онлайн қабылдады. Ведомство басшысы еліміздің әр өңірінен келген 18 адамның сұрақтары мен өтініштерін тыңдады.

Қазақстандықтар министрге зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, санаторийлік-курорттық емдеу, қалалық ортаның қолжетімділігін арттыру, атаулы әлеуметтік көмек, өзге де төлемдер мен жәрдемақылар бойынша және т. б. сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ жұмысқа орналасуға көмек көрсету, жалақыны төлемеу және заңсыз жұмыстан босату жағдайларын шешу, жұмысшы мамандықтарының жалақысы мен имиджін арттыру, еңбек құқықтарын қорғау туралы өтініштер қаралды.

Светлана Жақыпова азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдай отырып, олардың сауалдарына толыққанды жауап берді. Ол қаралуы қосымша мерзімді қажет ететін мәселелерді өзінің жеке бақылауына алып, Министрліктің тиісті департаменттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз құзыреті шеңберінде шешу үшін жәрдемдесу жөнінде тапсырма берді.

18 сентября 2024
Еңбекмині Бас прокуратураның ескертулерін ескере отырып, НҚА-ға түзетулер әзірледі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) ҚР Үкіметінің атына жіберілген қадағалау актісінде көрсетілген ҚР Бас прокуратурасының ескертулерін ескере отырып, азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде көшіру мәселелерін реттеу саласындағы қолданыстағы НҚА-ға түзетулердің үшінші пакетін әзірледі.

Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін азаматтарды ерікті түрде қоныс аудару жөніндегі шаралардың іске асырылуын тексеру қорытындылары бойынша Бас прокуратура қоныс аударуға қатысушылар мен еңбек мобильділігі орталығы арасындағы шарттық міндеттемелердің негіздерін, жүргізу тәртібін, нысанын және орындалуын мониторингілеу бөлігінде қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Осы жылдың тамыз айында Еңбекмині құқықтың сыбайлас жемқорлық нормаларын анықтау және нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында құқықтық мониторинг жүргізілді.

Анықталған проблемалық мәселелер мен қадағалау органының ұсынымдарын ескере отырып, еңбек мобильділігін арттыру үшін ерікті қоныс аудару ережелеріне түзетулердің үшінші пакеті дайындалды.

Атап айтқанда, мынадай өзгерістер көзделеді:

1) мансап орталықтар қызметкерлерінің қоныс аударушы немесе қандас ұсынған құжаттарды, экономикалық мобильділігі сертификаты бойынша ақшалай төлемді пайдалана отырып сатып алынатын жылжымайтын мүлік объектісі бойынша олардың толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан мәліметтерді мәміле объектісіне толық және мұқият қарау үшін оған шығу жолымен салыстырып тексеруді жүзеге асыруы;

2) сатып алынатын жылжымайтын мүліктің құнын бағалау нәтижелеріне шағымдану бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының құқығын кеңейту;

3) қоныс аударушының немесе қандастың бұдан бұрын экономикалық мобильділік сертификаты арқылы сатып алынған тұрғын үйді сатып алу ниеті болған жағдайда экономикалық мобильділік сертификатын беруден бас тарту бойынша қосымша негізді бекіту;

4) қоныс аударушылардың қоныстану аумағынан тыс жерлерде еңбек қызметін жүзеге асыру құқығын алып тастау.

Сонымен қатар қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу және ерікті қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді 2025 жылғы наурыздан бастап автоматтандыру жоспарланып отырғанын хабарлаймыз. Осылайша, көрсетілетін қызметті алушылардың мансаптық орталықтардың қызметкерлерімен байланысы жойылады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Осы мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру қоныс аударуға қатысушылар мен еңбек мобильділігі орталықтары арасындағы шарттық міндеттемелердің орындалуына нақты мониторингті қамтамасыз етеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Үкімет айқындаған қоныстандыру өңірлерінің тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа орындағы тұрғын үй құнының 50% - на дейінгі мөлшерінде экономикалық мобильділік сертификаттары бойынша ақшалай төлемдер жүзеге асырыла бастады.

Сол жылдың қыркүйегінде Еңбекмині берілген 486 экономикалық мобильділік сертификаттары бойынша кешенді талдау жүргізді, оның барысында қоныстандыру өңірлерінде жоғарлатылған бағамен тұрғын үй сатып алу фактілері анықталды. Тиісті шараларды қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға және ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне хаттар жолданды.

ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша, қадағалау органы жүргізген тексерулер барысында жалған құжаттарды пайдалана отырып, азаматтарды жалған көшіруін ресімдеу жолымен 1 млрд теңгеден астам қаржыны мақсатсыз пайдалану және ұрлау фактілері анықталды.

Прокурорлар сотқа дейінгі 20 тергеуді бастады. Тергеу барлық қатысушы тұлғаларды анықтау, оларды жауапқа тарту, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылдайды.

Нормативтік актілердегі олқылықтарды жою және ерікті қоныс аударуды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралардың іске асырылу барысын бақылау жүйесін күшейту үшін Бас прокуратура ҚР Үкіметіне қадағалау актісін енгізді.

18 сентября 2024
Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 461,5 млрд теңге төленді

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 408,1 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 53,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.

2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,2 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 185,7 мың адамды құрайды.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 97,5 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 64,7 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7% - ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7% - ға артты.

Мысалы, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін –  95 496 теңгені, 2-топ үшін – 76 397 теңгені, 3-топ үшін 52 089 теңгені құрайды.

2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 58 257 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 61 939 теңгені құрайды.

17 сентября 2024
Әлеуметтік қордан қазақстандықтарға 70 мың теңге төленетіні туралы ақпарат – фейк

1949-2010 жылдар аралығында туған Қазақстан азаматтарына белгісіз әлеуметтік қордан 70 000 теңге аударылатыны туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қаражатты аудару үшін белгісіз адамдар сілтемеге өтуді ұсынады.

Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз.

Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады.

Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз.

Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз.

17 сентября 2024
С. Жақыпова азаматтарды қабылдады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Азаматтарды қабылдау орталығында жеке қабылдау өткізіп, еліміздің әр өңірінен келген 3 адамның мәселелерін қарады.

Министрге зейнетақыны қайта есептеу және түрлі әлеуметтік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша сұрақтарын қойды

Светлана Жақыпова азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, олардың сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берді. Қарауға қосымша уақытты талап ететін мәселелерді өзінің жеке бақылауына алып, ҚР ЕХӘҚМ тиісті департаменттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз құзыреті шеңберінде оларды шешуге көмек көрсетуді тапсырды.

17 сентября 2024
2024 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасылар 313 млрд теңгеден астам сомаға жәрдемақы алды

Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 582,7 мың отбасы жалпы сомасы 313,7 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, оның ішінде тамыз айында 577,9 мың отбасыға 38,8 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2024 жылы:

- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;

- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;

- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;

- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;

- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артқанын атап өтеміз.

Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474 млрд теңге қарастырылған.

 

17 сентября 2024
2024 жылғы 1 қыркүйекте 385 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 72,7 мың отбасындағы 385,6 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 55,9 млрд теңге қарастырылған.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% - нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 қыркүйекте АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 119,5 мың балаға 3,7 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

16 сентября 2024
Жыл басынан бері қазақстандықтарға 2,4 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 488,6 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 783,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 705 млрд теңге қарастырылды.

2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 405 мың адам.

2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 872 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 275 теңге, базалық зейнетақы – 42 597 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

13 сентября 2024
Бас прокуратураның Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасын іске асыруда анықтаған ұрлық фактілеріне қатысты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге өз еркімен қоныс аудару бағдарламасына бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын талдау кезінде ҚР Бас прокуратурасы анықтаған оны теріс пайдалану және ұрлау фактілері бойынша келесіні хабарлайды. Бұл бұзушылық фактілерін алғаш рет Еңбек министрлігінің қызметкерлері 2023 жылдың қыркүйегінде анықтаған болатын, ол жөнінде жергілікті атқарушы және қадағалау органдарының өкілдері дер кезінде  хабардар етілді. Бұдан басқа, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында Еңбекмині 2023 жылы қолданыстағы НҚА-ға қажетті түзетулер енгізілді.

2024 жылдың 12 қыркүйегінде ҚР Бас прокуратурасы Азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге өз еркімен қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына жүргізілген талдау нәтижелері туралы хабарлады.

Қадағалау органының деректері бойынша жалған құжаттарды пайдалана отырып, азаматтардың жалған көшіруін ресімдеу жолымен 1 млрд теңгеден астам қаржыны мақсатсыз пайдалану пен ұрлау фактілері анықталды.

«Прокурорлар  сотқа дейінгі  20 тергеуді бастады. Тергеу барлық қатысушы тұлғаларды анықтау, оларды жауапқа тарту, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылдайды.

Нормативтік актілердегі олқылықтарды жою және бағдарламаның іске асырылу барысын бақылау жүйесін күшейту үшін Үкіметке қадағалау актісі енгізілді», –  делінген ҚР Бас прокуратурасының хабарламасында.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек күші артық өңірлерден азаматтарды өз еркімен қоныс аудару бағдарламасын іске асыру бойынша бұзушылықтарды Еңбекмині Көші-қон комитетінің қызметкерлері алғаш болып анықтағанын хабарлайды.

Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Үкімет айқындаған қоныстандыру өңірлерінің тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа орындағы тұрғын үй құнының 50%-на дейін мөлшерінде экономикалық мобильділік сертификаттары бойынша ақшалай төлемдер жүзеге асырыла бастады.

Сол жылдың қыркүйегінде Еңбекмині берілген 486 экономикалық мобильділік сертификаттары бойынша кешенді талдау жүргізді. 2023 жылғы 15 қыркүйекте әкімдіктердің тиісті шаралар қабылдауы үшін қоныстандыру өңірлеріне қымбат бағамен тұрғын үй сатып алудың анықталған фактілері бойынша ескертулер жіберілді.

Сол жылдың 19 қазанында Еңбекмині қоныстандыру өңірлеріне экономикалық мобильділік сертификаттарын іске асыруға тұрақты талдау жүргізу, сондай-ақ сатып алынатын тұрғын үйдің құнын оның нарықтық бағаларға сәйкестігіне салыстырып тексеру жүргізу қажеттілігі туралы хат қайта жолданды.

2023 жылдың қазан айынан бастап Еңбекмині қоныс аударушылар сатып алатын тұрғын үйді міндетті бағалау туралы талаптарды көздейтін НҚА-ға түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Бұл өзгерістер 2023 жылғы 29 желтоқсанда күшіне енді.

2024 жылғы 30 мамырда Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныс аудару қағидаларының тұрғын үй сатып алу және сату бөлігінде қосымша күшейтілді.

Ерікті қоныс аудару шараларын жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалар нормаларды қолданудың практикалық тәжірибесін және оларды іске асыру процесінде анықталған проблемаларды ескере отырып әзірленетінін атап өткен жөн.

Бүгінде Еңбекмині экономикалық мобильділік сертификаттары бойынша төлем тәртібін одан әрі жетілдіруге бағытталған түзетулердің үшінші пакетін әзірледі.

Жоғарыда көрсетілген қабылданған нормалармен және Еңбекмині әзірлеген түзетулермен қатар 2023 жылдың қараша айынан бастап бейімдеу және интеграциялау жөніндегі қызметтер процестерін техникалық жақсарту бойынша жұмыс жүргізілді.

Мәселен, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында 2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы наурызға дейін келген қоныс аударушылар мен қандастардың отбасыларын бейімдеу және интеграциялау бойынша пилот өткізілді. Келген отбасыларды сапалы бейімдеу және интеграциялау мақсатында көрсетілетін қажетті қызметтердің 25 түрі анықталды. «FSM Expert» мобильді қосымшасы арқылы қандастар мен қоныс аударушылар отбасыларын сүйемелдеу бойынша мониторинг енгізілді. Еңбекмині пилоттың қорытындысы бойынша оның нәтижелерін масштабтау мақсатында қандастарды бейімдеу және интеграциялау бойынша жаңа алгоритм қабылданды.

Сонымен қатар «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде қоныс аударушылар мен қандастар бойынша есептілікті түсірумен жаңа функционал енгізілді, олар қоныстану өңірлерінен өз бетінше кетіп, оңтүстік өңірлерге оралады.

Жалпы, Еңбекмині жүргізген жоғарыда аталған жұмыстар тұрғын үй сатып алумен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған. Алайда, мәселе жергілікті атқарушы органдар тарапынан сақталуда.

Сонымен бірге осы жылдың 22 ақпанында Еңбекминінің басшысы Светлана Жақыпованың Павлодар облысына жұмыс сапары барысында өңір әкімі Асаин Байхановтың төрағалығымен өткен облыс активінің, оның ішінде прокуратура өкілдерінің қатысуымен болған кеңесте ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының сөйлеген сөзінде Павлодар облысында қоныс аудару бағдарламасын іске асырудағы проблемалар туралы атап өтілді, оның ішінде үй құнын асыра бағалау, туыстар арасындағы мәмілелер және т. б. туралы да егжей-тегжейлі айтылды.

Осыдан кейін Павлодар облысының прокуратурасы қоныс аудару бағдарламасы бойынша тексеруді бастады.

Осыған орай тиісті хаттарды Еңбекмині ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне жолдады.

Осылайша, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша қажетті шараларды қабылдап, олардың алдын алу үшін тиісті жұмыстарды жүргізуде.

13 сентября 2024
Алматыда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша стартап-жобаларды іріктеу бойынша хакатон өтті

Алматы қаласында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін инновацияларды дамытуға бағытталған стартап-жобаларды іріктеу бойынша алғашқы хакатон өтті. Іс-шара ITMLab жобасы аясында ұйымдастырылды, оны ITeachMe қоры мен «Шеврон» компаниясы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырады. Ең ерекше және пайдалы жобалардың бастамашылары оларды іске асыруға гранттар алады.

Хакатонға Алматы қаласынан 100-ден астам адам қатысты, оның ішінде стартаперлер, инженерлер, IT-мамандар және мүгедектігі бар адамдар бар. Олар мүгедектігі бар адамдардың күнделікті міндеттерін оңалту және жеңілдету үшін озық техникалық шешімдерді әзірлеумен айналысты. Іс-шараның басты міндеті – өзекті қажеттіліктерге жауап беріп қана қоймай, мүгедектігі бар адамдарды қоғамға толық интеграциялау үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын инновациялық өнімдерді құруды қолдау.

«ITMLab – бұл технология тек бизнеске ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік өзгерістердің, инновациялар арқылы инклюзияны дамытудың қуатты құралы бола алатындығын көрсету мүмкіндігі. ITMLab жобасы бизнес, мемлекет және қоғамдық бастамалар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік интеграциялау және қолдау үшін инновациялық шешімдерді бірлесіп жасауға қалай ықпал ете алатынының жарқын мысалы болды», – деп атап өтті жоба авторы және жетекшісі Захира Бегалиева.

Іс-шараға дайындық барысында мүгедектігі бар азаматтар арасында күнделікті кездесетін негізгі кедергілер мен проблемаларды анықтау үшін ауқымды сауалнама жүргізілді. Зерттеу хакатон қатысушыларына ең өзекті қажеттіліктерге назар аударуға және шын мәнінде сұранысқа ие шешімдерді ұсынуға мүмкіндік берді.

Іс-шара қорытындысы бойынша 10 команда трекерлік кезеңіне өтті. Олар 4 апта бойы кәсіби оқытушылардың басшылығымен өз идеяларын дамытады.

1,5 ай оқығаннан кейін ең ерекше және пайдалы жобалардың бастамашылары өз жобаларын іске асыруға 1 млн теңге көлемінде 6 грант алады. Бұл құралдар технология барлық азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды құралы болатын инклюзивті қоғам құруға үлес қосу арқылы ең жақсы идеяларды жүзеге асыруға көмектеседі.

ITMLab жобасы аясында екінші хакатонды осы жылдың 23 қыркүйегінде Астана қаласында өткізу жоспарлануда.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты