Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
21 мая 2024
Жыл басынан бері қазақстандықтарға 1,2 трлн теңгеден астам сомасында зейнетақы төленді

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 237,2 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 389,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 848 млрд теңге қарастырылды.

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 372 мың адам.

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 399 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 729 теңге, базалық зейнетақы – 42 670 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

20 мая 2024
Еңбекмині жұмыс беруші есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын әзірледі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерінің мөлшерін айқындау және жүзеге асыру қағидаларын әзірледі. Жоғарыда көрсетілген қағидаларды бекіту туралы ҚР Үкіметі қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында орналастырылды. 

Жоба ҚР Әлеуметтік кодексінің 11-бабының 8-тармақшасына сәйкес әзірленді және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – ЖМЗЖ) есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру мөлшері мен тәртібін айқындайды.

Қағидаларға сәйкес жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері жиынтығында кемінде 60 күнтізбелік ай ЖМЗЖ аударылған мына адамдарға беріледі:

- зейнеткерлік жасқа жеткен (63/61 жас);

- егер мүгедіктігі  мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топ мүгедектігі бар адамдар.

ЖМЗЖ есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері өмір бойы тағайындалады және қайтыс болған немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен айы бойынша жүзеге асырылады.

Қаулы жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Толығырақ https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15059880 сілтемесі арқылы танысуға болады.

 

20 мая 2024
Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері әлеуметтік саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Ыстамбұлда Түркі мемлекеттері ұйымына (бұдан әрі – ТМҰ) қатысушы елдердің әлеуметтік саясат министрлерінің алғашқы кездесуі өтті, оған Қазақстаннан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова қатысты.

Кездесу Халықаралық отбасы күніне орайластырылып, «Жаһанданған әлемнің тәуекелдеріне қарсы тұру: Біздің отбасымыз – біздің болашағымыз» тақырыбында өтті.

Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан, сондай-ақ бақылаушы елдер – Түрікменстан, Венгрия мен Солтүстік Кипрден ТМҰ-ға қатысушы елдердің бірінші басшылары мен министрлердің орынбасарлары қатысты.

Делегация басшыларын Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдады. Ол кездесуге қатысушыларды әлеуметтік қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықтың басталуымен құттықтап, бірлескен жұмыста табыс тіледі.

Іс-шара барысында ТМҰ-ға қатысушы елдердің орталық мемлекеттік органдарының әлеуметтік саясат мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Назгүл Сағындықова өз сөзінде әріптестерін Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар етіп, түркі интеграциясы тарихында әлеуметтік саясат бойынша ынтымақтастық жаңа белес болатынын  атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша ТМҰ елдерінің отбасы істері және әлеуметтік саясат министрлерінің бірінші кездесуінің бірлескен декларациясына қол қойылды әрі ТМҰ Хатшылығы жанынан тұрақты жұмыс істейтін әлеуметтік саясат жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Ынтымақтастық шеңберінде бірлескен зерттеулер жүргізу және келесідей бағыттар бойынша тәжірибе алмасу жоспарлануда: халықтың әл-ауқатын арттыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, сондай-ақ отбасы институтын нығайту.

Әлеуметтік саясат мәселелері бойынша сындарлы ынтымақтастық бауырлас түркі халықтарының орнықты дамуына, «Түркі әлемі – 2040» көзқарасын іске асыруға және ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы интеграцияны нығайтуға ықпал ететін болады.

ТМҰ-ға қатысушы елдердің әлеуметтік саясат министрлерінің екінші кездесуін 2025 жылы Әзербайжанда өткізу жоспарлануда.

20 мая 2024
143 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тен төлем алды

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 143,3 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 89 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 25 млрд теңге болды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

- eGov.kz порталында авторизациялану;

- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

17 мая 2024
С. Жақыпова «Жасанды интеллект – еңбек нарығын трансформациялау» республикалық форумына қатысты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Жасанды интеллект – еңбек нарығын трансформациялау» тақырыбындағы республикалық форумға қатысты. «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің қабырғасында өткен іс-шараға Парламент палаталарының депутаттары, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.

Сөз басында Светлана Жақыпова Жоғары политехникалық колледждің ұжымы мен студенттерін  оқу орнының құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтап, білім ордасының басшылығына болашақ мамандарды даярлау мен тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс хат табыс етті.

ЕХӘҚМ басшысы жаңа технологиялар мен цифрландырудың еңбек нарығына әсері туралы баяндады.

«Осы жылдың қаңтарында Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша әлемдегі жұмыспен қамтудың 40%-ға жуығы жасанды интеллект ықпалына ұшырайды, оның ішінде ол экономикасы дамыған елдерде 60%, дамушы нарық елдерінде 40% және табысы төмен елдерде 26% орын алмақ. Ағымдағы жылдың ақпан айында Ernst&Young жалпы әлемде жұмыс орындарының 59%–ына жасанды зияткерліктің жоғары немесе орташа дәрежеде әсер ететінін хабарлады, дамыған елдерде бұл үлес жоғары және 67% болса, дамушы елдерде-57%. Инженерия, биомедициналық ғылымдар, компьютерлік және математика салаларына, сондай-ақ заң секторына ең көп әсер етеді деп саналады, ал ең аз ықпалы әлеуметтік секторда, білім беру саласында, қоғамдық тамақтандыру мен косметологиялық қызметтерде күтіледі», – деді Светлана Жақыпова.

Министрдің айтуынша, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базасында негізгі орындалатын функцияларды талдау негізінде Қазақстандағы жұмыскерлерді автоматтар мен ЖИ-мен алмастыру әлеуеті зерттелген. Қазіргі уақытта жұмыс орындарының 25% - ы автоматтандыру қаупі орташа және жоғары жұмыс орындарына жатады, ал жұмыс орындарының шамамен 12% - ы жасанды интеллектті пайдалану арқылы функцияларды орындаудың орташа және жоғары ықтималдығына ие. Осылайша, жағдайлардың белгілі бір жиынтығы кезінде шамамен 2,2 миллион жұмыс орны автоматтандырылуы мүмкін, оның бір миллионнан астамы – жасанды интеллектті кеңінен енгізу есебінен болады.

Сөз соңында Светлана Жақыпова жалпы алғанда, одан әрі инновациялар мен экономикалық өсу, ең алдымен, адами капиталдың даму деңгейіне байланысты екенін атап өтті және қазіргі заманда барлық нәрсенің жылдам өзгеріске ұшырауына байланысты студенттерге өз білімдері мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруға кеңес берді.

17 мая 2024
С. Жақыпова Парламент депутаттарына Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Парламенті жанындағы Қазақстан Республикасындағы орнықты даму мақсаттарының іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. ЕХӘҚМ басшысы алға қойылған міндеттерге қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

Светлана Жақыпова өз сөзінде БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары (бұдан әрі – ОДМ) мен ESG қағидаттары (экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық факторлар) бір-бірімен тығыз байланысты екенін, бұл тұрақты болашақты қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай жаһандық стратегияның екі аспектісін білдіретінін атап өтті.

2015 жылы БҰҰ қабылдаған ОДМ кедейлікті жоюға, планетаны қорғауға және 2030 жылға қарай әл-ауқатты қамтамасыз етуге бағытталған 17 мақсатты қамтиды. ESG өз кезегінде компаниялар мен инвесторлар осы мақсаттарға жетуге қосқан үлестерін өлшеп, басқара алатын әдістемелік құрал ретінде қызмет етеді.

«Соңғы жылдары Қазақстан өзінің тұрақты дамудың мемлекеттік стратегиясының негізгі элементі ретінде ESG қағидаттарын белсенді енгізуде және ілгерілетуде. Мемлекеттің Қазақстандағы ESG-ге әсері компанияларды неғұрлым жауапты және ашық бизнес жүргізуге ынталандыруға бағытталған бірқатар бастамалар мен заңнамалық шаралар арқылы көрінеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қамсыздандыруды жақсартуға бағытталған саясатты қалыптастыру және іске асыру арқылы ESG қағидаттарын ілгерілетуде шешуші рөл атқарады. Біздің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарымыз аясында Министрлік әділ және қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған 5 стратегиялық бағыт бойынша: цифрландыруды тереңдету, атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту, азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек қатынастарын дамыту, сақтандыру жүйесін дамытуға бағытталған нормативтік базаны құруға және бастамаларды іске қосуға қатысады. Бұл бағыттар «адамдар» блогының орнықты дамуының барлық 5 мақсатына, соның ішінде кедейлікті жоюға, аштықты жоюға, денсаулық пен әл-ауқатқа, сапалы білім мен гендерлік теңдікке қатысты», – деп атап өтті министр.

ЕХӘҚМ басшысы ведомство процестерді оңтайландыруға және әлеуметтік қорғау мен еңбек қатынастарының неғұрлым ашық әрі қолжетімді жүйесін құруға бағытталған инновациялық технологияларды енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Светлана Жақыпова Министрлік жүзеге асырған бірқатар жобалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) – халықтың неғұрлым осал санаттарына жедел, проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған өте маңызды жоба. Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Осы инновациялық платформаның жұмысы басталған сәттен бастап қазақстандықтар 1 миллионнан астам әлеуметтік қызмет алды.

Жоба аясында халықтың осал топтарын диагностикалау әдістемесін құру, отбасылардың әл-ауқатының индикаторларын, жаңа, белсенді қызметтердің жұмыс алгоритмдерін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Әдістеме өңірлер, уақыт кезеңдері бөлінісінде әлеуметтік тәуекелдері бар отбасылар бөлігінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің болжамдарын жасауға мүмкіндік береді.

ОЦК негізгі функционалы – қиын өмірлік жағдайға әкелетін әлеуметтік тәуекелдердің алғышарттарын немесе басталуын анықтау үшін «сигналдарды» талдау. Жиынында жүйе түрлі мемлекеттік органдардың 24 дерекқорының 80-нен астам әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін пайдаланады», – деді министр.

ESG маңызды компоненттерінің бірі – жұмыскерлер қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету. Еңбекминінің бұл бағытында ағымдағы ахуалды және еңбекті қорғауды басқару саласындағы әлемдік үрдістерді факторлық талдау негізінде жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жүйелі жақсартудың жаңа тәсілдерін көздейтін Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда.

«Адам ресурстарын үнемдеуді қамтамасыз ету үшін біз жаңа әдіснамалар мен проактивті цифрлық құралдарды әзірлей отырып, тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін кешенді жаңғыртуды жүргізіп жатырмыз.

Еңбекті қорғауды қамтамасыз ететін негізгі құрал Кәсіпорынның еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы болады. Бұл жоба заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қазақстандық кәсіпорындардағы еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған инновациялық бастама болып табылады. Жобаның негізгі мақсаты – еңбек жағдайларын кешенді және ашық басқаруды қамтамасыз ету, бұл өндірістік жарақат алу қаупін азайтуға және қызметкерлер үшін жалпы жұмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Светлана Жақыпова.

Ол Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету бөлігінде жаңа тетіктер құрылатынын, бұл қазақстандық компанияларға орнықты даму мен корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің халықаралық стандарттарын өздерінің бизнес-практикаларына біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Дүниежүзілік банк пен Қазақстандағы Халықаралық еңбек ұйымы сарапшыларының белсенді қатысуымен еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласына «Сапалы жұмыс орындары» көрсеткіші енгізілді. Бұл Әділ еңбекақы, қауіпсіз жағдайлар мен кәсіби өсу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін, орнықты даму мен әлеуметтік тұрақтылықты қолдауда маңызды рөл атқаратын жұмыс орындары. Бұл компоненттер ESG принциптерімен тікелей байланысты және жауапкершілікті және табысты бизнесті құрудың негізі болып табылады.

Сондай-ақ, Отбасының цифрлық картасындағыдай, қолда бар деректер көлемі өңірлер мен салалар бөлінісінде сапалы жұмыс орындары бойынша болжамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жүйе жұмыспен қамту контекстіндегі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігін нақты бақылауға арналған құрал болып табылады. Жүйе өткен жылдың соңында әзірленді және пайдалануға берілді. Оның деректеріне сәйкес, 2023 жылы елімізде 2 млн-нан астам жұмыс орны сапалы болды, 2022 жылмен салыстырғанда өсім 198 мың жұмыс орнын құрады», – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Светлана Жақыпова Еңбекмині мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру үшін жобаларды іске асыру және сапалы жұмыс орындарын құру мониторингі жүйесінің прототипі әзірленгенін айтты. Мұндай жүйені енгізу жобаларды іске асыру үшін іс жүзінде қажетті еңбек ресурстары жоқ өнім берушілерді алып тастауға, сондай-ақ өнім берушілерге ақпараттық жүйелер арқылы кейіннен мониторинг жүргізе отырып, жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелер қоюға мүмкіндік береді.

Әділ және қауіпсіз еңбек жағдайлары үкімет саясаты мен ESG принциптерінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта еңбек қатынастары декларациясында көптеген қиындықтар бар, соның ішінде бейресми еңбек қатынастарының болуы, кәсіпорынның штат саны, қызметкерлерге берілетін кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы мәліметтердің болмауы.

«Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін, біріншіден, еңбек шарттарын жасасудың цифрлық форматына көшу жоспарлануда. Заңның тиісті жобасы әзірленіп, биыл Парламенттің қарауына енгізіледі. Қазіргі уақытта пилоттық режимде электрондық форматта 3 мыңнан астам еңбек шарты жасалды.

Екіншіден, Еңбекмині ақпараттық жүйелердегі барлық жұмыс орындарын кодтауды жүргізумен еңбек қатынастары декларациясының функционалын іске асырады. Бұл құрал еңбек ресурстарының нақты есебін жүргізуге, жұмыс орындарының құрылуына, жұмыс орнындағы еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге, жұмыскерлердің кепілдіктерімен қамтамасыз етуге және т. б. мүмкіндік береді.

Үшіншіден, жеңілдетілген салық режимін және қарапайым тіркеу рәсімін енгізе отырып, платформалық жұмыспен қамтуды заңнамалық реттеу. Заңнамаға тиісті түзетулер Парламентте қаралуда», – деді Светлана Жақыпова.

Cөз соңында Министр айтылған шараларды іске асыру ESG қағидаттарына сәйкес Қазақстан экономикасының барлық салаларында ұлттық міндеттерге қол жеткізудің негізгі факторы болатынын атап өтті.

17 мая 2024
Еңбекмині басшысының атынан жазылған хабарламалар жалған екенін хабарлаймыз

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған жалған аккаунттардан белгісіз адамдар жеке хабарламалар жіберуде.

Алаяқтар өзге адамның атын пайдаланып азаматтарды әңгімеге тартуға және қандай да бір жолмен жеке деректерді алуға немесе басқа да алаяқтық әрекеттер жасауға тырысады.

Егер сіз осындай фактімен бетпе-бет келсеңіз, ондай хабарламаларға сенбеуіңізді және оларға жауап бермеуіңізді, алаяқтарға сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізу мүмкіндігін болдырмау үшін жіберілген сенімсіз сілтемелерге өтпеуіңізді сұраймыз.

17 мая 2024
Жыл басынан бері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 196 мыңға жуық адам қамтылды

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 195,9 мың қазақстандық қатысты. 154,2 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 50,3 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.   

Субсидияланатын жұмыс орындарына 103,9 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 9,5 мың адам, жастар практикасында 6,3 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 72,9 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 3,4 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 90 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 11,8 мың адам жұмыспен қамтылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 24,4 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 21,9 мыңы оқуды аяқтады.

Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 21,6 мың адам қамтылды, оның ішінде 13,1 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.

Қызмет саласын таңдау мақсатында 73,4 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 9 мың грант және жастарға  жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық, сомасы 5 млн теңгеге дейінгі 5 796 жеңілдетілген микрокредит беру көзделген.

Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық іс-шаралар
16 мая 2024
С. Жақыпова ХЕҰ өкілдерімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі - ХЕҰ) Еуропа мен Орталық Азия үшін өңірлік бюросының директоры Беате Андрееспен және ХЕҰ бюросының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін және Лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының директоры Михаил Пушкинмен кездесу өткізді. Тараптар ХЕҰ конвенцияларын ратификациялауды, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын, мемлекеттік еңбек инспекциясын жаңғыртуды және т.б. қоса алғанда, әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.

Келіссөздердің барысында Светлана Жақыпова Беате Андрееске сапары және күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаудың мүмкіндігі үшін алғыс білдіріп, Министрлік ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарды енгізу бойынша дәйекті жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта біз «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенцияны ратификациялау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы Конвенцияның 1-бабына сәйкес ҚР Үкіметі 2024 жылғы 20 наурызда Айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесін бекітті. Осы жылдың соңына дейін заң, ғылыми және лингвистикалық сараптама жүргізуді, сондай-ақ тиісті органдардан қорытынды алуды қоса алғанда, барлық техникалық рәсімдерді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, біз келесі жылы қабылданатын конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын әзірлейтін боламыз», – деді министр.

ЕХӘҚМ басшысы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы туралы айтып, осы құжатта көзделген іс-шараларды іске асыруда ХЕҰ тарапынан қолдау қажеттігін атап өтті.

Ұлттық заңнаманы «Өнеркәсіп пен саудадағы еңбек инспекциясы туралы» №81 және «Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы» №129 конвенциялардың ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекциясын жаңғырту жүргізілетін болады.

«Орталық деңгейде мемлекеттік еңбек инспекциясының жұмысын жақсарту үшін жеке комитет құрылады, ол үшін қосымша бірлік бөлу көзделеді. Сонымен бірге еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту бөлігінде заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу бойынша шаралар қабылдануда. Ұсынылған жаңғырту еңбек заңнамасының сақталуына және ел кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде объективтілік пен тәуелсіздік деңгейін арттырады», – деді Светлана Жақыпова.

Кездесу барысында ЕХӘҚМ басшысы еңбек саласындағы негізгі цифрлық шешімдерді көрсетті және басқа мүдделі елдер үшін осы жүйелерді сынақтан өткізуді қолдауға дайын екенін білдірді.

Сөз соңында Министр ХЕҰ Бас директоры Жильбера Ф. Унгбоның әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалиция туралы бастамасына қолдау білдіріп, Қазақстан әлеуметтік әділеттілік негізінде жалпыға ортақ және берік бейбітшілік орнатуға бағытталған осы коалицияға қосылуға дайын екенін, оның іргелі құндылықтары адамның қадір-қасиеті мен бостандығы болып табылатынын атап өтті.

Өз кезегінде Беате Андреес Қазақстанның ХЕҰ-ның ұсынған стандарттарын сақтағаны үшін алғысын білдірді, сондай-ақ одан әрі жемісті ынтымақтастыққа дайын екендігін атап өтті.

16 мая 2024
Қазақстандықтар Skills Enbek-те Data Scientist бойынша тегін оқи алады

Enbek.kz электрондық еңбек биржасының экожүйесінің бөлігі болып табылатын Skills Enbek білім беру платформасында жаңадан бастаушылар мен оқуды жалғастыратын азаматтарға арналған тегін курстардың тізімі Data Science, Python, интернет-қауіпсіздік, product және HR-менеджмент курстарымен кеңейтілді.

Жоба Азиялық даму банкінің қаржылық қолдауымен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының «Қазақстан үшін COVID-19 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастық қорының» бастамасы аясында іске асырылды.

Бұл курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылған, олардың ұзақтығы 72 сағатты құрайды. Курстарды аяқтағаннан кейін тыңдаушылар белгілі бір кәсіби салада белгілі бір цифрлық дағдыларды немесе қосымша құзыреттерді игереді деп жоспарлануда.

Осылайша «Data Scientist» курсы деректер ғылымының саласын игеруге ұмтылатындарға арналған. Курстың мақсаты – деректерді жинау, өңдеу, деректерді талдау және машиналық оқыту негіздерін қоса алғанда, Data Science негізгі аспектілерін жан-жақты түсінуді қамтамасыз ету.

«Жаңадан бастаушыларға арналған Python» курсы оны бастаушыларға арналған және Python тілінде бағдарламалауға кіріспе болып табылады. Курс Python синтаксисінің негіздерінен бастап мәліметтер базасымен жұмыс істеуге және объектіге бағытталған бағдарламалауға кіріспеге дейінгі көптеген тақырыптарды қамтиды.

«Интернет қауіпсіздігі бойынша маман» курсы интернет қауіпсіздігінің барлық негізгі тұжырымдамалардан бастап, цифрлық кеңістіктегі шабуыл және қорғаныс стратегияларына дейін негізгі аспектілерін қамтиды. Курстың мақсаты – әртүрлі салалардағы киберқауіптердің тиімді алдын алу, анықтау және оларға жауап беру үшін мамандар даярлау.

«Продакт-менеджер» курсы өнімді басқару саласында мансапты дамытуға ұмтылатындарға арналған. Бұл курс осы серпінді және сұранысқа ие салада табысты бастау үшін қажетті білім мен дағдыларды қамтиды.

«HR-менеджер» курсы HR саласындағы кәсіби жолын енді ғана бастағандар және персоналды басқару негіздерін меңгергісі келетіндер үшін арнайы әзірленген. Курс қажетті білім мен дағдыларды қамтамасыз етеді.

Естеріңізге сала кетейік, Skills Enbek қазақстандықтарға жаңа дағдыларды игеруге немесе қолданыстағыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін түрлі салаларда тегін және ақылы курстардың кең спектрін ұсынады. Платформада барлығы 408 мыңнан астам қазақстандық тіркелді, оның 51 мыңнан астамы 2024 жылы тіркелген. Skills Enbek курстарының саны 488-ге жетті, оның 254-і тегін. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап курстық оқыту Enbek мобильді қосымшасы арқылы қол жетімді, оны Google Play және App Store-дан жүктеуге болады.

Пайдаланушылар үшін дағдыларды игеру туралы сертификат беру көзделген, ол автоматты түрде Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы түйіндемеде көрсетіледі.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Тұрақты даму мақсаттары
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері