Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
13 марта 2024
С. Жақыпова жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. ЕХӘҚМ басшысы екі күн ішінде бірқатар әлеуметтік нысандарды аралайды, азаматтарды қабылдап, өңір активімен, «Зенит» зауытының ұжымымен және облыс тұрғындарымен кездесулер өткізеді.

Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысы және әлеуметтік-еңбек саласын дамыту туралы баяндайды. Сонымен қатар Орал қаласының мансаптық орталығының жұмысымен танысып, жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізеді.

13 марта 2024
Шетелдіктердің тұруға ықтиярхат алуы үшін талап етілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізілетін болады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Шетелдіктердің тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптердің тізбесін қалыптастыру қағидаларын жетілдіру мақсатында 2023 жылғы 20 ақпанда бекітілген № 49 бұйрыққа өзгерістер енгізеді.

«Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтың жобасына мынадай өзгерістер енгізілді:

- сұранысқа ие кәсіптер бойынша ұғымдық аппаратын айқындау;

- салалық мемлекеттік органдардың ұсыныстары салалық қауымдастықтардың немесе мүдделі жұмыс берушілердің сұраныстары мен қажеттіліктеріне, сондай-ақ саланы реттеудің императивті әдісі негізінде қалыптастыру;

- талап етілетін кәсіптер бойынша өлшемшарттарды айқындау және үміткерлердің олардың біреуіне немесе бірнешеуіне сәйкестігі: шетелдік жоғары оқу орнының дипломымен расталған жоғары біліктілік; ғылыми дәрежесінің болуы; ірі немесе танымал әлемдік компаниялардағы жұмыс тәжірибесі; кәсіби білімі мен дағдыларының болуын растайтын арнайы курстарды бітіргені туралы сертификаттар, аттестаттар (басқа құжаттар); бұрынғы жұмыстардың нәтижелері туралы мәліметтер, жұмыс берушілердің, тапсырыс берушілердің пікірлері мен ұсыныстары және т.б.; авторлық әзірлемелердің, жарияланымдардың, кәсіби және конкурстық наградалардың болуы; белгілі бір саланы дамыту бойынша инновациялық идеялардың, жоспарлардың болуы;

- сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін қалыптастыру кезінде ішкі еңбек нарығыдағы қажеттіліктерді талдау әдістемесін жетілдіру.

НҚА жобасымен https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14977475 сілтемесі арқылы танысуға болады.  

Жария талқылау мерзімі 2024 жылдың 29 наурызында аяқталады.

13 марта 2024
Қазақстанда 13 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 088 шетел азаматы еңбек етеді.

Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 567 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 658 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 774 және 580 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 798 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 711 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 687 жұмыс беруші бар. Оларда 459 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 99,5% - ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 281 адам (32,7%), өңдеу өнеркәсібі – 1 380 адам (10,5%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 304 адам (10%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 834 адам (6,3%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 809 адам (6,1%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 121 адам (31,4%), Үндістан – 1 176 адам (8,9%), Түркия – 1 128 адам (8,6%), Өзбекстан – 908 адам (6,9%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.

 

12 марта 2024
2024 жылы сыйымдылығы шағын үйлерде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын мүгедектігі бар балалардың саны ұлғайтылады

Мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның екі өңіріндегі сыйымдылығы шағын үйлерде көрсетілетін қызметті алушылардың саны 30 адамға артатын болады.

Бұған дейін хабарланғандай, 2023 жылы жеке секторды тарта отырып, пилоттық жоба шеңберінде Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларында жалпы 130 төсек-орынға есептелген сыйымдылығы шағын үйлер ашылды. Сыйымдылығы шағын үйлер көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғылықты жеріне тікелей жақын орналасқан және жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаты бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

Сыйымдылығы шағын үйлерде арнаулы әлеуметтік қызметтердің мынадай 8 түрі ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызметтер.

2023 жылы сыйымдылығы шағын үйлер арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтермен 110 мүгедектігі бар бала қамтылды (психоневрологиялық патологиясы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар).

Пилоттық жобаны табысты іске асыруға және мүгедектігі бар балалардың ата-аналары тарапынан сыйымдылығы шағын үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге сұраныстың артуына байланысты жергілікті атқарушы органдар Қарағанды облысының Осакаров ауданында 10 төсек-орындық сыйымдылығы шағын үй ашу және Түркістан қаласында жұмыс істеп тұрған сыйымдылығы шағын үйді 20 төсек-орынға кеңейту туралы шешім қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 724,9 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 625,4 мыңы ересектер, 109,4 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 136 мыңнан астам адам әлеуметтік қызмет көрсету жүйесімен қамтылды, оның ішінде 65 мыңы – мүгедектігі бар адамдар, оның 25 мыңнан астамы – мүгедектігі бар балалар.

2023 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді 830-ға жуық мемлекеттік субъект ұсынады.

12 марта 2024
Жаһандық шартқа қатысушылар Женевада мигранттардың құқықтарын қорғауды талқылады

ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Женева қаласында өткен Қауіпсіз, реттелген және заңды көші-қон туралы жаһандық шартқа екінші аймақтық шолуына қатысты. Ол іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның жаңа көші-қон саясатын іске асыру туралы айтып берді.

Екінші аймақтық шолудың төртінші сессиясы аясында Асқарбек Ертаев баяндама жасады. Ол мигранттар бойынша деректердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдардың түрлі ақпараттық жүйелерін интеграциялау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, Асқарбек Ертаев Қазақстандағы көші-қон саясатына ерекше назар аударылатынын және оны іске асыру елдің негізгі халықаралық әріптестерімен өзара іс-қимылда ұлттық ерекшелікке бейімделген үздік әлемдік тәжірибелерге негізделетінін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2018 жылы Қауіпсіз, реттелген және заңды көші-қон туралы жаһандық шартқа қосылып, көші-қон процестерін реттеуді жетілдіру бойынша дәйекті қадамдар жасауда.

Жаһандық шарт БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарының күн тәртібін, адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды басшылыққа алады.

Қабылданған міндеттемелерді жүзеге асыра отырып, мүше мемлекеттер көші-қон циклінің барлық кезеңдерінде мәртебесіне қарамастан, көшіп-қонушылардың құқықтарының тиімді сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етеді.

12 марта 2024
Ақпан айында Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің белсенділігінің төмендеуі байқалды

Ақпан айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында еңбек нарығында іздеу және жалдау процесінің белсенділігінің төмендеуі байқалды. Мәселен, қаңтармен салыстырғанда бос жұмыс орындар саны 16,5 мыңға (-17%) азайып, 80,8 мыңды құрады, ал түйіндеме саны 77,6 мыңға (-41%) азайып, 113,6 мыңды құрады.

Айлар арасындағы түйіндеме санының күрт өзгеруі біліктілігі жоқ қызметкерлерден ұсыныстардың 84,8 мыңнан 37,9 мыңға дейін немесе 55% - ға айтарлықтай төмендеуіне байланысты.

Сұранысқа келетін болсақ, бос жұмыс орындарының жартысына жуығы (49% немесе 39,8 мыңы) орта білікті мамандарға, 32% немесе 25,8 мыңы – жоғары білікті мамандарға, ал біліктілігі төмен бос жұмыс орындарына 19% немесе 15,2 мың адамнан келеді.

Ақпан айында негізгі сұранысты білім беру ұйымдары (19,2 мың бос жұмыс орны) және басқа да қызмет түрлерін ұсынатын кәсіпорындар (10 мың бос жұмыс орны) құрап отыр, олар барлық бос жұмыс орындарының үштен бірінен астамын орналастырды.

Ақмола облысын қоспағанда бос жұмыс орындарының саны 4%-ға өскен, барлық басқа өңірлерде олардың санының қысқаруы байқалады. Мәселен, ең үлкен төмен шама Түркістан (-35%), Жетісу (-34%) және Маңғыстау (-33%) облыстарында байқалады.

Сұраныспен қатар осындай жағдай ұсыныста да қалыптасып отыр: түйіндеме санының азаюы барлық аймақтарға, әсіресе оңтүстікке әсер етті, онда біліктілігі жоқ жұмыс іздеушілердің саны айтарлықтай азайды. Мысалы, Қызылорда облысында түйіндеменің жалпы саны 20,4 мыңнан 7,4 мыңға дейін, ал Жамбыл облысында 14,1 мыңнан 7,2 мыңға дейін қысқарды.

Ақпан айында 44% немесе 50,5 мың түйіндемені 16-35 жас аралығындағы ізденушілер, 27% немесе 30,2 мың – орта жас (35-45 жас) өкілдері, тек 10% немесе 10,8 мың түйіндемені зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар орналастырды.

Ақпан айында жұмыс берушілер ең жоғары жалақы мөлшерін өнеркәсіптік альпинистерге (орта есеппен 1 млн теңгеден бастап), бас құрылысшыларға (656 мың теңгеден бастап) және жүйелік сәулетшілерге (600 мың теңгеден бастап) ұсынды. Бұл ретте ең жоғары күтілетін жалақыны өз түйіндемелерінде IT-бөлімшелердің басшылары (орта есеппен 891 мың теңгеден бастап), бұрғылау жөніндегі супервайзерлер (850 мың теңгеден бастап) және коммерциялық ұйымдардың директорлары (846 мың теңгеден бастап) көрсетті.

11 марта 2024
Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін 2023 жылы 680-нен астам объект бейімделді

2023 жылы Алматы қаласында мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 684 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді.

Қазіргі уақытта елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023 – 2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуге тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021 – 2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 – 2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуі тиіс. 2021 – 2022 жылдарды қоса алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13 857 объект осы талапқа сәйкестендірілді.

Алматы қаласында 2023 жылы бейімделуге жоспарланған 721 объектінің ішінен жергілікті атқарушы органдар 684 нысанды мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді ету жұмыстарын жүргізді:

- білім беру – 301 (мектептер, балабақшалар);

- денсаулық сақтау – 233 (аудандық/қалалық ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, амбулаториялар);

- мемлекеттік мекемелер – 59 (қалалық, аудандық, ауылдық әкімдіктер мен бөлімдер);

- мәдениет объектілері – 16 (мәдениет үйлері, театрлар және т. б.);

- спорт нысандары – 4 (спорт залдары, спорт сарайлары және т. б.);

- әлеуметтік қорғау объектілері – 10;

– қызмет көрсету саласында – 61.

«Жалпы қала бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жақсарып, қажетті жағдайлар жасалуда. Меншік иелері объектілерді құрылыс нормаларына сәйкес келтіруге тырысады. Көптеген кәсіпкерлер және мемлекеттік мекемелер шағымдар мен ұсыныстарды ескере отырып, кіре берістерді жетілдіруде. Мысалы, Гагарин көшесі, 206 мекенжайындағы №17 емханаға барған кезде денсаулық сақтау мекемесінің қолжетімділігі көңіл қуантады, есік жақтаулары өлшемдерге сәйкес келеді, ыңғайлы лифт те қарастырылған. Сондай-ақ жақында Каспий банкінің бөлімшесіне бардым, онда кіру тобы қайта жаңартылған: кіру алаңы кеңейтіліп, кіреберіс есіктері ауыстырылған, кресло-арбадағы мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы касса, тактильді плиткалар мен көрсеткіштер орнатылған екен. Бұл қала тұрғындарының, оның ішінде біздің де ең көп баратын орындарымыз», – деді бірінші топ мүгедектігі бар Ұлан Іңкәрбеков деген азамат.

Бұдан басқа 2023 жылы мемлекеттік бақылау шеңберінде ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 112 тексеру жүргізді, оның ішінде: 43 – жоспардан тыс, 58 – профилактикалық бақылау шеңберінде және прокуратураның талабы бойынша 11 тексеру болды. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 97 ұйғарым берілді, 10 млн теңгеден астам сомаға 17 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда ғана айыппұл салынады.

11 марта 2024
Жыл басынан бері Skills Enbek платформасына жаңа 44 тегін курс қосылды

2024 жылдың басынан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен Skills Enbek платформасында қазақ және орыс тілдеріндегі тегін курстардың мазмұны кеңейтілді. Әр түрлі қызмет салалары мен дағдылары бойынша барлығы 44 жаңа курс қосылды.

Әр курстың ұзақтығы 36 сағаттан асады. Онлайн оқыту белгілі бір кәсіптік салада белгілі бір дағдыларды немесе қосымша құзыреттерді алуға мүмкіндік береді.

Осылайша, құрылыс және өндіріс саласында «Жылу желілерінің жабдықтарына, құбырлары мен арматураларына қызмет көрсету және жөндеу», «Сумен жабдықтау және су бұру желілері мен құрылыстарын пайдалану», «Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының слесары», «Дәнекерлеу өндірісінің негіздері», «Токарлық өңдеу негіздері» сияқты курстар қосылды.

Жеке қызметтер мен тамақтану бойынша қосымша курстар пайда болды: «Тігуді басынан бастап үйреніңіз!», «Қызмет көрсету саласындағы әкімші», «Шаштараз өнері», «Аспаз», «Наубайхана негіздері», «Кондитерлік шеберхана». «Мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын қызметкер» курсы бар.

Сондай-ақ, «Тиімді коммуникациялар және командалық жұмыс», «Сыни ойлау негіздері», «Уақытты басқару және басымдық беру», «Дизайн ойлау», «Бизнес-процестерді басқару», «Бизнестегі коммуникация мәдениеті», «Agile принципі бойынша жобаларды басқару», «Маркетингтік талдау (консалтинг)», «Microsoft Office-пен жұмыс» және «Экологиялық ойлау дағдыларын қалыптастыру» сияқты әр мамандық үшін бірдей маңызды «икемді» дағдыларға бағытталған курстар бар.

Курстан өткенін растайтын сертификат Enbek.kz жұмысқа орналастыру порталында алынған барлық дағдыларды көрсете отырып, түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі.

Курстарда Google Play және App Store-дан жүктеп алуға болатын Enbek мобильді қосымшасында қол жетімді,

Естеріңізге сала кетейік, Skills Enbek платформасы – бұл Яндекс Қазақстан, Astana Hub, Courstore, Fluent Education және т.б. сияқты жетекші білім беру алаңдарымен интеграцияның арқасында курстардың үлкен таңдауы бар дайын орын.

Soyle.kz мемлекеттік тілді оқыту порталын құрған Мемлекеттік тіл қоры тағы бір серіктес болып табылады. Қазір Skills Enbek платформасында «Как выучить казахский язык с нуля» промо-курсы қолжетімді.

Бүгінгі күні осы платформада әртүрлі бағыттар бойынша барлығы 477 курс орналастырылған, оның ішінде 243-і тегін. Тіркелген пайдаланушылар саны 380 мың адамға жетті.

Платформада тіркелу және жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуды сұраймыз: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878, 888).

07 марта 2024
Светлана Жақыпова Қазақстан әйелдерін 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Халықаралық әйелдер күнімен қазақстандық әйелдерді құттықтап, оларға зор денсаулық, бақыт пен шаттық тіледі.

«Құрметті арулар, сіздерді 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін нәзік болмыс иелері отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы.

Еліміздің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон саласында қызмет етіп жүрген әйел азаматтар жас баладан бастап үлкендерімізге дейін қамқор болып, олардың игілігі үшін жанқиярлықпен еңбек етуде. Біздің әйел қызметкерлеріміздің парасаттылығы, төзімділігі және мейірбандығы адамдарды өмірлік қиын жағдайлардан шығаруда жәрдемдесіп, олардың өмір сапасын көтеру мен кезіккен мәселелерін оңтайлы шешудегі рөлі ерекше.

Шуақты көктем баршаңызға қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сыйлап, асқақ армандарыңыз орындала берсін!  Өміріңізде жақсылық мол болып, айналаңыздағы адамдар сіздерді жан жылулығымен жадырата берсін.

Барша аруларымызға, ардақты аналарымызға, қыздарымыз бен әпке-сіңілілерімізге зор денсаулық, бақыт, шаттық пен бақ-береке тілеймін!» – делінген Светлана Жақыпованың құттықтау сөзінде.

07 марта 2024
2024 жылы халықты жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын іске асыру шеңберінде 943 мыңнан астам адам жұмысқа орналасатын болады

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әкімдіктер жыл сайын халықты жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын бекітеді, оларда ұлттық жобаларды, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасын іске асыру, халықтың еңбек мобильділігі, субсидияланатын жұмыс орындары мен жұмыс берушілер ұсынатын вакансиялар шеңберінде азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша нақты шаралар көзделген.  Биыл 943 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Осылайша, іске асырылып жатқан жобалар шеңберінде 69 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру қарастырылған, оның ішінде, субсидияланатын жұмыс орындарына (оның ішінде 9 мың грант беру) – 193,8 мың, бос жұмыс орындарына – 318,1 мың, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 341,3 мың, жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын кредит беру шеңберінде – 5,8 мың, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кредит беру шеңберінде – 15,2 мың.

Халықты құрылатын жұмыс орындары туралы хабардар ету, сондай-ақ азаматтарды жұмысқа орналастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Электрондық еңбек биржасында арнайы функционал іске қосылды. Бос жұмыс орындары (жобалар, тұрақты және уақытша жұмыс орындары бөлінісінде) туралы ақпарат жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздар мен жұмыс іздеуді өз бетінше жүзеге асыратын ізденушілер үшін қолжетімді.

Жұмысқа орналасу бойынша мониторинг ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде жүргізіледі, ал олардың дұрыстығын тексеру еңбек шартын тіркеу, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болуы арқылы жүзеге асырылады.

Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 143,7 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 65 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы