Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
08 января 2025
2025 жылы Қазақстандағы шетелдік жұмыскерлерге тартуға квота жұмыс күшінің 0,2 %-ын құрайды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға квота мөлшерін бекітіп, бөледі. 2025 жылы бөлінген жалпы квота саны еліміздегі жұмыс күшінің 0,2% мөлшерінде белгіленді.

2025 жылы ШЖК-ны жұмысқа тарту бойынша 4 санатта квота бөлінді: бірінші санат бойынша 649 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 254 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 5 718 және 1 161 бірлік. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 4 097 адамға дейін жұмыс күші тартылуы мүмкін.

Бұдан басқа, 2025 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек көшіп келушілерді тартуға арналған квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 3% мөлшерінде белгіленген.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге ШЖК тарту үшін 14,5 мың рұқсат берді және ұзартты, бұл белгіленген квотаның 66% - ын (22 мың) құрады.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша 13 233 шетел азаматы жұмыс істейді.

2024 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек көшіп келушілерді тартуға 294,1 мың бірлік квота белгіленді. Ал жергілікті атқарушы органдар 292 668 рұқсат берді.

08 января 2025
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы 9 653 адам деп белгіленді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 170 адамға артық.

Бұйрықтың мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру. 2025 жылы өңірлік квота облыстар бойынша төмендегідей бөлінді:

- қандастар үшін: Павлодар облысы – 1 056 адам, Ақмола облысы – 285 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 269 адам, Абай облысы – 244 адам, Солтүстік Қазақстан облысы – 175 адам, Қостанай облысы – 150 адам,  Атырау облысы – 100 адам, Батыс Қазақстан облысы – 30 адам;

- қоныс аударушылар үшін: Павлодар облысы – 3 050 адам, Солтүстік Қазақстан облысы – 2 969 адам, Қостанай облысы – 535 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 372 адам, Абай облысы – 255 адам, Ұлытау облысы – 125 адам, Қарағанды облысы – 38 адам.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады, атап айтқанда:

- көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;

- 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;

- 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 19,7 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.

1991 жылдан бастап 2025 жылғы 1 қаңтар аралығында 1 млн 148 мың астам этникалық қазақ тарихи отанына оралды.

06 января 2025
Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау басталды

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді (бұдан әрі – АӘҚ) лицензиялау енгізілді. Бұл оларды көрсету сапасын жақсартуға жағдай жасайды және осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етеді.

Лицензиялауды енгізу арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту кезеңдерінің бірі болып табылады және ол: көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға; көрсетілетін қызметті алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға кепілдік беруге; АӘҚ ұсынатын ұйымдар үшін бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдар лицензияланады.

Лицензия алудың негізгі шарттары: санитарлық нормалар мен Өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жарамды ғимараттың болуы; қажетті материалдық-техникалық базаның және қызметкерлер құрамының болуы; халықтың жүріп туруы шектеулі топтары үшін ғимараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және басқалар.

2024 жылдың қазан айынан бастап ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері лицензия алды талдау жүргізді, жергілікті атқарушы органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, АӘҚ көрсететін барлық ұйымдарды лицензиялауға дайындау мәселелері пысықталды.

Лицензия алуға өтінім Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы беріледі.

Лицензиялау көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, мүгедектігі бар адамдарды және көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын әлеуметтік оңалтудың тиімділігін көтеру үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етеді

06 января 2025
2025 жылы азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 20% - ға өседі

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында биыл азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын орташа есеппен 20% - ға кезең-кезеңімен арттыру жалғастырылады.

Жалақыны көтеру бухгалтерлер, экономистер, заңгерлер, мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 600 мыңға жуық азаматтық қызметшіге әсер етеді.

Осылайша, 2022-2025 жылдар аралығында азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 2 есе ұлғаяды.

05 января 2025
2025 жылы әлеуметтік-еңбек саласына арналған бюджет шығыстары 14 %-ға өсті

Жалпы алғанда, 2025 жылы әлеуметтік-еңбек саласына арналған республикалық бюджет шығыстары 6 трлн 108 млрд-тан астам теңгені құрады, бұл 2024 жылғы шығыстардан 14 %-ға немесе 748,7 млрд теңгеге артық.

Көзделген шығыстардың 97,9 %-ы немесе 5 трлн 982 млрд теңгесі азаматтарға әлеуметтік төлемдерге бағытталатын болады. Оның ішінде 4 трлн 262 млрд теңге зейнетақымен қамсыздандыруға қарастырылған, бұл шамамен 2,5 млн зейнеткерді қамтуға мүмкіндік береді (саны 77,8 мыңға өскен), 1 трлн 720 млрд теңге – барлық жәрдемақыларды төлеуге, бұл шамамен 2,3 млн адамды қамтуға мүмкіндік береді.

Қалған қаражат халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыруға, мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын арттыруға және т. б. бағытталатын болады.

Бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. 2024 жылы жәрдемақылар мен зейнетақыларды төлеуге 4,5 млн адамға, оның ішінде 2,4 млн зейнеткер мен 2,1 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыға 5 трлн 261 млрд теңге жұмсалды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қабылдаған әлеуметтік төлемдер бойынша барлық міндеттемелер уақтылы және толық көлемде орындалды.

05 января 2025
Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2% - ға оза отырып ұлғайтылды.

Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 %-на дейін, ең жоғары – 120 %-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңгені құрады. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше үлгісі:

- 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;

- мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;

- I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5 %-ға артты. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және келесілерге байланысты болады: соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.

31 декабря 2024
С. Жақыпова 2024 жылды қорытындылап, қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ведмствоның 2024 жылғы жұмысын қорытындылады және ел халқына денсаулық, амандық пен бақыт тілей отырып, қазақстандықтарды келе жатқан 2025 жылмен құттықтады.

«Құрметті қазақстандықтар! Өткен 2024 жыл Мемлекет басшысы қойған тапсырмалар мен әлеуметтік қолдауды күшейтуге, қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттерді іске асыруда біздің Министрлік үшін өте жауапты жыл болды.

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен халықты әлеуметтік қолдау мақсатында зейнетақы мен жәрдемақылар алатын 4,5 млн адамға төлеу үшін 5,3 трлн теңге бағытталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 65%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105%-ға дейін арттырылды.

Қазақстанның қазіргі жас буын азаматтарын болашақта зейнетақының тиісті деңгеймен қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен енгізу басталды, аталған төлем қазірдің өзінде 4,3 млн астам жұмыскердің пайдасына аударылды.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының кешенін іске асыру жұмыссыздық деңгейін 4,6%-ға дейін төмендетуге ықпал етті. Жыл басынан бері 936,7 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, оқыту және кәсіптік бағдар беру түрінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларымен 324,8 мыңнан астам қазақстандық қамтылды.

Жұмыспен қамту саласын тиімді дамыту үшін жаңа цифрлық шешімдер енгізілді. Атап айтқанда, «Mansap Compasy» платформасы мектеп түлектеріне кәсіп таңдауға және өзінің болашақ мансабының перспективасын бағалауға мүмкіндік береді. Электрондық еңбек биржасындағы жаңа функционалдың көмегімен студенттер өндірістік тәжірибеден өтетін орынды таба алады. Ал Жобалардың инновациялық навигаторы 755 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді, оның шеңберінде 150 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.

Ұзақ уақыт бойы еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша арнаулы әлеуметтік төлем енгізіліп, қазіргі уақытта 13,4 мыңға жуық адамға тағайындалды.

Платформалық жұмыспен қамту саласында жұмыс істейтін адамдар үшін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ететін заңнамаға түзетулер қабылданды.

Сондай-ақ, биыл халықаралық тәжірибе мен Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, ең төмен жалақыны айқындау әдістемесі әзірленіп, бекітілді. ЕТЖ мөлшері медиандық жалақы мен еңбек өнімділігінің көрсеткіштерін пайдалана отырып айқындалатын болады. Бұл тәсіл жұмыскерлердің кірістері мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемі арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Осы жылдың тағы бір маңызды оқиғасы еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Министрліктің қарамағына беру болды. Аумақтық бөлімшелері бар Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті құрылды, еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылаудың тікелей және тәуелсіз жүйесі жасалды.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету үшін кәсіпорындарда кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларын бақылау үшін Кәсіпорындардың цифрлық картасы іске қосылды.

Жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзуына жол бермеу мақсатында Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы енгізілді, оның шеңберінде 93 мыңнан астам кәсіпорынға мониторинг жүргізіледі.

Осы жылғы  1 желтоқсандағы жағдай бойынша республика кәсіпорындарындағы өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 %-ға төмендеді.

Биыл Қазақстан БҰҰ-ға республикамыз ратификациялаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция ережелерінің орындалуы туралы алғашқы баяндаманы сәтті ұсынды.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауды күшейту шеңберінде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі өзгеруде және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының жұмысы цифрландырылуда. Төрт өңірде балаларға қымбат, инновациялық техникалық оңалту құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Мүгедектігі бар адамдар үшін 22 мыңнан астам нысан бейімделген.

2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданды. Оның басты жаңалығы мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік модельден әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу бойынша жағдай жасау болып табылады.

Осы жылы еліміздің барлық өңірінде жаңа тұрғылықты жерінде қоныс аударушылар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялау жөніндегі қызметтер ауқымы ұлғайтылды. Аталған қызметтермен 12,1 мың адам қамтылған.

Қоныс аударушылардың 5 жылға дейінгі мерзімге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алу құқығын, сондай-ақ материалдық көмекті есепке алу үшін шоттардан ақша өндіріп алуға тыйым салуды көздейтін заңнамаға түзетулер қабылданды.

Қазақстандық жұмыскерлердің білімін трансферттеу және біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік мамандар үшін талап етілетін кәсіптердің тізбесі кеңейтілді. Қазақстандық жұмыскерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру қағидалары және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптар бекітілді.

Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау үшін Қатар мемлекетімен екіжақты келісімге қол қойылды.

Азаматтарымыздың өмірін жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар жасалды және ол жұмыстарды одан әрі жандандырамыз.

Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді келе жатқан 2025 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – әрқайсымыз үшін ерекше мереке. Жаңа жыл өмірімізге жақсы өзгерістер әкеледі деп сенеміз, еліміздің сенімді дамуына үміт артамыз.

Осы жылы Отанымыздың игілігі үшін жауапкершілікпен еңбек еткен азаматтарға зор алғыс айтқым келеді. Жаңа 2025 жылы халықтың өмір сүру сапасының артуын, отбасы мен рухани құндылықтардың нығаюын шын жүректен тілеймін! Келе жатқан жыл біздің еліміз үшін жақсылық пен жасампаздыққа толы жыл болсын.

Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, әр отбасыға құт-береке, бақыт пен шаттық, қуаныш пен өзара түсіністік тілеймін!», – делінген Светлана Жақыпованың үндеуінде.

30 декабря 2024
2025 жылы Қазақстандағы зейнетақы және жәрдемақы мөлшері

2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрін ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5 %-ға, ынтымақты зейнетақыны – 8,5 %-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып арттыру көзделген.

Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 %-на дейін, ең жоғары – 120 %-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылады, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңгені құрайды. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше үлгісі:

- 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғаятын болады;

- мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін ұлғаяды;

- I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін ұлғайтылады.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 6,5 %-ға артады. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және келесілерге байланысты болады: соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.

30 декабря 2024
Жетісу облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 700-ден астам объект бейімделген

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Жетісу облысында 771 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі толық бейімделді.

Қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023 – 2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады.

Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%. Қазіргі уақытта ел бойынша 22 166 объект толығымен бейімделген.

2024 жылдың соңына дейін Жетісу облысында 448 нысанды бейімдеу жоспарланған еді, өңірде жоспар артығымен орындалып, 771 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.

Мәселен, өңірдегі 771 объектінің ішінен төмендегі объектілер мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:

- денсаулық сақтау объектілері – 119;

- білім беру мекемелері – 416;

- мәдениет нысандары – 85;

- сауда және қызмет көрсету орындары – 8;

- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 90;

– спорт нысандары – 20;

- көлік инфрақұрылымы объектілері – 2;

- әлеуметтік қорғау объектілері – 11;

- басқалары – 20.

 «Жыл сайын мүгедектігі бар азаматтар үшін қол жетімділік жағдайы жақсарып келеді. Мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған арбамен жүремін, күн сайын таңу және катетерді ауыстыру үшін бірінші қалалық емханаға барамын. Бұл емханада бұрын лифт болған, бірақ ол өте ыңғайсыз, тар, кішкентай болатын. Енді кеңірек лифт орнатылды, кез-келген көлемдегі арбамен еркін кіріп-шығуға болады. Зағип жандарға арналған жаңа тактильді тректер жасалды, есту қабілеті нашар адамдарға арналған билбордтар орнатылды. Сондай-ақ, емханада белгілі бір жарақат салдарынан өздігінен жүре алмайтындарға арналған төрт арба бар.

Қаламызда да оң өзгерістер орын алуда, оның ішінде Каспий банкі филиалының ғимараты бейімделді, атап айтсақ мүгедектігі бар адамдардың өтініші бойынша жаңа көтергіш орнатылды. Барша мемлекеттік, медициналық мекемелерде, оқу орындарында, балабақшаларда, спорт ғимараттарында барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік қарастырылған», – деп бөлісті бірінші топ мүгедектігі бар Нұрбек Тұрғанов.     

Бұдан басқа, осы жылы мемлекеттік бақылау шеңберінде Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 137 тексеру жүргізді, оның ішінде: профилактикалық бақылау шеңберінде 29, жоспардан тыс тексерулер 39, прокуратура органдарының талабы  бойынша 69 тексеру болды.

Тексеру қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 60 ұйғарым беріліп, 10,4 млн теңгеден астам сомаға 76 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпастан жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

27 декабря 2024
О. Анафин табысы аз азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы хабарлады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияcында табысы аз азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары және 2025 жылдан бастап енгізіліп жатқан атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі – АӘК) тағайындаудың жаңа тәсілдері туралы айтты.

Вице-министр сөз басында жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға азаматтарды қиын өмірлік жағдайдан шығару үшін кешенді қолдау көрсетуге бағытталған АӘК берілетінін атап өтті.

АӘК мыналарды көздейді:

- шартсыз және шартты негізде тоқсан сайын берілетін ақшалай төлем. Еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасылар шартсыз көмек, ал құрамында жұмысқа орналаса алатын кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасылар шартты көмек алады;

- жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары. АӘК тағайындаудың барлық кезеңіне отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Келісімшартты бұзу әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату және келесі 6 айда АӘК тағайындаудан бас тарту үшін негіз болып табылады;

- табысы аз отбасылардың 1 жастан  6 жасқа толған балаларының әрқайсысына 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру.

2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша АӘК 36,2 млрд теңге сомасына 77,6 мың отбасындағы 411,3 мың адамға тағайындалды. Қосымша төлем АӘК алушылар арасынан 128,8 мың мектепке дейінгі жастағы балаларға 5 млрд теңге сомасына тағайындалды.

«Алушылардың 55%-ы қалалық жерлерде, ал 45%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Өңірлер бөлінісінде АӘК алушылардың көбі Түркістан облысында – 20,3%, Шымкент қаласында – 11,3%, Қызылорда облысында – 8,2%, Алматы облысында – 7,9%, Жамбыл облысында – 7,5% және Жетісу облысында – 7% байқалады. Бұл өңірлерде алушылар саны 62,2%.

Әлеуметтік мәртебелер бөлінісінде АӘК алушылар арасында көбі балалар – 273,9 мың адам немесе 66,6%. Сондай-ақ алушылар қатарында өтініш берген сәтте жұмысы бар адамдар – 14,3%, балаларға, мүгедектігі бар адамдарға, қарттарға күтім жасайтын адамдар – 12,2%, студенттер – 3,9%, жұмыссыздар – 1,4% және басқа санаттағы адамдар – 1,6%», – деп хабарлады Олжас Анафин.

Вице-министр АӘК-тің басты мақсаты еңбекке ынталандыру және еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тарту арқылы табысы аз отбасыларды кедейлік жағдайынан шығару болып табылатынын атап өтті.

«Осы жылы еңбекке қабілетті 97,6 мың АӘК алушының 59,4 мыңы жұмыс істейді, 32,5 мыңы күтіммен айналысады, 5,7 мың адам жұмыссыз.

Әлеуметтік келісімшартты енгізудің арқасында еңбекке қабілетті 16 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 11,2 мың адам немесе 70% тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды; 3,5 мың адамға немесе 22% уақытша жұмыспен қамту шаралары көрсетілді; 426 адам (2,5%) кәсіпкерлік бастаманы дамыту үшін гранттар алды; 300 адам (1,9%) біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қайта оқыту курстарына жіберілді», – деді Олжас Анафин.

2023 жылы табысы аз отбасыларға кешенді қолдау көрсету бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы АӘК алушылар қатарынан 54,3 мың адам кедейлік жағдайынан шықты. Осы жылы кедейлік жағдайынан шыққандар саны 52,5 мың адамды құрады.

«Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) іске қосылды, ол 84 параметр негізінде қазақстандық отбасылардың әл-ауқатының деңгейін анықтайды. ОЦК деректері негізінде мемлекеттік органдар мен әкімдер әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу үшін өңірлердегі ахуалды талдай алады.

Биыл әлеуметтік әл-ауқат деңгейінің көрсеткіштері бойынша ОЦК-да D және E санаттарына жатқызылған отбасылар санын азайту бойынша әкімдердің KPI енгізілді. Әкімдер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп отбасыларды дағдарыс және мүшкіл санаттардан неғұрлым қолайлы санаттарға көшіру жөнінде шаралар қабылдауда. 2024 жылғы 17 желтоқсандағы жағдай бойынша аталған контингенттің саны 15 %-ға азайды», – деп атап өтті вице-министр.

Ол сондай-ақ ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың медиандық кірісінен айқындалатынын хабарлады.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп ОЦК деректері бойынша тоқсан сайынғы медиандық кіріс мөлшеріне есептеулер жүргізді. Олардың нәтижелері бойынша кедейлік шегі медиандық кірістің 35% деңгейінде, бірақ қазіргі деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде айқындалған.

Кедейлік шегін анықтауда медиандық кірісті енгізу атаулы әлеуметтік көмек мөлшерінің азаюына әкелмейтінін атап өту маңызды. Сонымен қатар, АӘК алушылар саны 755 отбасына немесе 3,8 мыңнан астам адамға өсуі мүмкін деп болжануда», – деді Олжас Анафин.

Вице-министр 2025 жылы материалдық жағдайды зерттеу негізінде отбасылардың АӘК көрсетуге мұқтаждығы туралы қорытындылар шығаратын учаскелік комиссиялардың қызметін цифрландыру жүзеге асырылатынын айтты. Бұл комиссиялар үшін FSM Social мобильді қосымшасы жасалды. Оның артықшылығы: геолокацияны анықтау (өтініш берушінің нақты географиялық орны); жедел шешім қабылдау және қорытынды шығару рәсімін оңайлату; зерттеу жүргізу және шешім шығару кезінде формальды тәсілді алып тастау болып табылады. Мобильді қосымша пилоттық режимде Алматы облысының Қонаев қаласында сыналды. 2025 жылғы қаңтардан бастап FSM Social қосымшасын бүкіл ел бойынша енгізу жоспарлануда.

Ол сондай-ақ а.ж. 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырғанын еске салды. 

«Осы тапсырманы орындау үшін ҚР Әлеуметтік кодексіне түзетулер әзірленіп, Үкіметтің қарауына жіберілді. АӘК тағайындау кезінде азаматтардың мынадай шығыс түрлерін ескеру ұсынылады: тұрғын үйді және (немесе) жеңіл автокөлікті меншікке сатып алу; ипотекалық қарызды қоспағанда, отбасының әрбір мүшесіне айына бір ең төмен күнкөріс деңгейінен жоғары мөлшерде банктік қарыздар және (немесе) микрокредиттер ресімдеу; адамның (отбасының) банктік шоттары бойынша жиынтығында отбасының әрбір мүшесіне айына кедейлік шегінен асатын шығыс операцияларының болуы; ипотекалық депозитті қоспағанда, бір отбасына 200 АЕК-тен астам мөлшердегі жинақ салымының, депозиттің болуы.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК-ке үміткер азаматтардың шығыстарын есепке алу тетігін олардың келісімін ала отырып, сынақтан өткізу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда», – деді Олжас Анафин.

Сондай-ақ, вице-министр АӘК тағайындау кезінде екінші деңгейдегі банктерден азаматтардың кірістері мен шығыстары туралы мәліметтер алу алгоритмі туралы айтты.

«Өтініш беруші АӘК алу үшін уәкілетті органға жүгініп, пилоттық жобаға қатысуға өтініш береді. Осыдан кейін өтініш берушінің отбасы құрамына кіретін барлық кәмелетке толған адамдарға жеке телефон нөмірлеріне 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберіледі, оған олар бір жұмыс күні ішінде жауап беруге тиіс.

Ақша қаражатының қозғалысы туралы ақпаратты жинау өтініш берушіден және оның отбасы мүшелерінен мемлекеттік органдар мен екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері арқылы жиынтық түрде келісім алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Егер банктік шоттар бойынша шығыс операцияларының мөлшері кедейлік шегінен аспаса, онда АӘК қолданыстағы заңнамаға сәйкес тағайындалады», – деп түсіндірді ол.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты