Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
11 июня 2024
Мамыр айында ЭЕБ-да жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің белсенділігі төмендеді

2024 жылғы мамырда Enbek.kz электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 85,8 мың бос жұмыс орны және 98,4 мың түйіндеме орналастырылды. Сәуір айында белсенділіктің артуынан кейін мамыр айында біршама төмендеу байқалды: бос жұмыс орындарының саны 4,5 мыңға (-5%), ал түйіндеме – 10,5 мыңға (-9,6%) қысқарды.

«Белсенділіктің төмендеуі қауіпсіздік және төтенше жағдайлар саласындағы қызметкерлер үшін сұраныстың қысқаруына байланысты, мұны Қазақстандағы су тасқынының аяқталуымен байланыстыруға болады. Сәуір айында су тасқынының салдарын жоюға көмектесетін мамандарға сұраныс артты және мамыр айына дейін қажетті жұмысшылардың көпшілігі жұмысқа қабылданды. Сондай-ақ белсенділіктің төмендеуі ауыл шаруашылығы қызметінің қызметкерлеріне сұраныс пен ұсыныстың төмендеуімен байланысты», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы»  АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау департаментінің директоры Бақтияр Жазықпаев.

Аумақтар бойынша сұраныс пен ұсыныстың ең үлкен құлдырауы елдің оңтүстігінде байқалды. Мәселен, Түркістан облысында мамыр айында бос орындар мен түйіндемелер саны өткен аймен салыстырғанда тиісінше 1,6 мың және 4,1 мыңға қысқарды. Жетісуда бос жұмыс орындары 595-ке, ал түйіндеме-1,1 мыңға азайды Қызылорда облысында сұраныс 352 бос орынға, ал түйіндеме саны 1,1 мыңға азайды.

«Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың құрылымы бойынша, бұрынғыдай, орташа білікті қызметкерлердің қажеттілігінің жоғары үлесі сақталуда: 40,3 мың бос жұмыс орны және 39,9 мың түйіндеме», – деп атап өтті сарапшы.

Бұл ретте жұмыс берушілерде біліктілігі жоқ жұмыскерлерге де тұрақты сұраныс байқалады. Сонымен бірге автомобиль жүргізушілерінде (1,7 мың бос жұмыс орны), тәрбиешілерде (1,5 мың) және санитарларда (1,5 мың) жоғары қажеттілік атап өтілді, бірақ аталған позициялар үшін түйіндемелер саны тиісінше 2 мың, 1,3 мың және 643 бірлікті құрады.

Білікті қызметкерлер арасында ең үлкен тапшылық санитарлар (1,5 мың бос жұмыс орны және 643 түйіндеме), тәрбиешілердің көмекшілері (899 бос жұмыс орны және 317 түйіндеме) және жалпы практика дәрігерлері (697 бос жұмыс орны және 275 түйіндеме) арасында байқалды.

«Медицина және фармацевтика саласында жалпы кадр тапшылығы мамыр айында 41% – 8,2 мың бос жұмыс орнын құрады, 4,8 мың түйіндеме. Медицина саласындағы жоғары білікті кадрлардың ішінде педиатрлар (193 бос жұмыс орны және 32 түйіндеме), терапевтер (195 бос жұмыс орны және 39 түйіндеме) және акушерлер (187 бос жұмыс орны және 37 түйіндеме) көптеп жетіспеді», – деді Бақтияр Жазықпаев.

Мамыр айында коммерциялық сектордағы басқарушы лауазымдардан басқа, жұмыс берушілер келесі позициялар үшін ең жоғары жалақыны ұсынды: бас агроном (724 мың теңгеден бастап), бас құрылысшы (659 мың теңгеден бастап) және ұңғымаларға күрделі жөндеу жүргізу кезінде бұрғылаушылардың көмекшілері (500 мың теңгеден бастап).

Ізденушілер тарапынан ең жоғары қажетті жалақы мынадай позицияларда атап өтілді: шпур бұрғылаушы (1,4 млн теңгеден бастап), инвестициялық жобалар жөніндегі директор (1,1 млн теңгеден бастап) және баптау және сынау жөніндегі инженер (910 мың теңгеден бастап).

Осылайша, мамыр айында еңбек нарығында жұмыс берушілер де, жұмыс іздеушілер де белсенділіктің төмендеуі байқалды, бұл, ең алдымен, алдыңғы айда болған жұмыс күшін толықтырумен байланысты.

Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық іс-шаралар
11 июня 2024
А. Сарбасов ХЕҰ-ға Қазақстанда лайықты еңбек пен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету туралы хабарлады

7-14 маусым аралығында Женевада өтетін Халықаралық Еңбек Ұйымының Халықаралық еңбек конференциясының (бұдан әрі – ХЕҰ) 112- сессиясының жұмысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов үшжақты қазақстандық делегацияны бастап қатысуда. Пленарлық отырыста сөз сөйлеген ол Қазақстанда лайықты еңбек пен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету туралы айтты.

Сөз басында Ақмәди Сарбасов ХЕҰ-мен өзара іс-қимылдың ел үшін зор маңызы бар екенін атап өтті. Қазақстан ХЕҰ-ның лайықты еңбек пен әлеуметтік қорғауды, сондай-ақ биологиялық қауіптерден қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі нақты іс-қимылдарға шақыруын толық қолдайды.

Сондай-ақ, вице-министр ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбоның тұрақты дамуға қол жеткізудің негізгі аспектісі ретінде әлеуметтік әділеттілікті анықтауға арналған «Жаңартылған қоғамдық шартқа» атты баяндамасына жоғары баға берді.

«Біз Унгбо мырзаның әлеуметтік әділеттілік тұрақты даму мен жаһандық тұрақтылықтың негізі екендігі туралы мәлімдемесін құптаймыз. Қазақстан өзгермелі еңбек әлеміне бейімделетін жаңартылған қоғамдық шартқа шақыруды толық қолдайды. Біз ХЕҰ-мен, үкіметтермен және жұмысшылар мен жұмыс берушілер қауымдастығымен бірлесіп белсенді жұмыс істеуге бағытталғанбыз. Қазақстан үшін денсаулық пен еңбек қауіпсіздігі мәселесі басты сұрақ болып табылады. Біз Қазақстан ратификациялаған ХЕҰ-ның 25 Конвенциясының нормаларын орындаймыз. Сондай-ақ, бірқатар конвенцияларға, оның ішінде «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы туралы» №176 конвенцияға қосылуды қарастырамыз», – деді Ақмәди Сарбасов.

Ол сондай-ақ әзірлеу кезінде ХЕҰ халықаралық тәжірибесі мен стандарттары ескерілген ҚР Әлеуметтік кодексінің негізгі новеллалары туралы егжей-тегжейлі айтты.

«Бұл біздің еліміздегі әлеуметтік қатынастарды реттейтін маңызды заңнамалық құжат. Ол әлеуметтік қамсыздандыру, қорғау, еңбек құқықтары және әлеуметтік қызметтер салаларын қамтиды. Кодекс азаматтардың зейнетақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік көмек түрлерін алу құқығына кепілдік береді. Мемлекеттің әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және халықтың осал топтарын қорғау жөніндегі міндеттемелерін белгілейді. Бұл құжат Қазақстанның барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер мен лайықты өмір сүру деңгейін құруда шешуші рөл атқарады», – деп толықтырды вице-министр.

Ол сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан басқа жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын қарауда, ол еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекцияларды жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына беруді іске асырады, сондай-ақ сапалы және қауіпсіз жұмыс орындарын құруға бағытталған бірқатар маңызды құжаттар – Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, сондай-ақ 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды.

Өз сөзінде Ақмәди Сарбасов жұмыс іздеушілер саны үшін жұмысқа орналасудың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін еңбек саласындағы цифрландыруды дамыту туралы да айтты.

«Электрондық еңбек биржасы жұмыс істейді. Бұл жұмыс іздеу және кадрларды іріктеу мүмкіндігі бар жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң. Бүгінгі күнде бұл еңбек нарығына байланысты әртүрлі қызметтердің тұтас кешені: Enbek.kz тікелей жұмыспен қамту және жұмыспен қамту қызметтері порталы; Skills.enbek.kz онлайн оқыту платформасы; Business.enbek.kz кәсіпкерлерді қолдау порталы; Hr.enbek.kz еңбек қатынастары порталы; Career.enbek.kz Ұлттық біліктілік жүйесінің платформасы», – деп бөлісті ол.

Әлеуметтік әріптестік аясында Үкімет пен жұмыс берушілер мен кәсіподақтар бірлестіктері арасында 2024-2026 жылдарға арналған жаңа бас келісімге қол қойылды. Оның негізгі міндеті – жұмысшылар үшін қолайлы еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді құру.

Бұдан басқа ХЕҰ-ның техникалық қолдауымен Лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі жол картасы әзірленді, оның негізінде «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» №102 Конвенцияның нормаларына сәйкестігі тұрғысынан Қазақстан заңнамасына салыстырмалы талдау жүргізілетін болады.

«Біз тұрақты және әділ еңбек нарығы тұрақты экономикалық өсу мен әлеуметтік әл-ауқаттың негізі екеніне сенімдіміз. Сондықтан Қазақстан өзінің іргелі құндылықтарымен жалпыға ортақ және берік бейбітшілік орнатуға бағытталған әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалицияға қосылуға дайын екендігін білдірді. Бұл-адамның қадір-қасиеті мен бостандығы, барлығына теңдік пен тең мүмкіндік», – деп түйіндеді вице-министр.

Халықаралық еңбек конференциясының 112-ші сессиясы аясында Ақмәди Сарбасов қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік қорғау жөніндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізеді. Келіссөздер ХЕҰ бас директоры Жильбер Унгбо, ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бюросының Бас директоры Беат Андрес, ХЕҰ-ның еңбек қызметі мәселелері жөніндегі бюросының директоры Мария-Элена Андре, Халықаралық еңбек нормалары департаментінің директоры Корин Варга және басқалармен өтеді.

Сондай-ақ ХЕҰ-мен Қазақстан Республикасында лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасына қол қою жоспарлануда.

Қазақстандық делегация құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, жұмыс берушілер мен қызметкерлер бірлестіктерінің өкілдері кірді.

10 июня 2024
С. Жақыпова ҰОС ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі – ҰОС) қазақстандық ардагерлерін қолдау және өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне арналған пленумына қатысты. Іс-шара барысында ЕХӘҚМ басшысы ведомствоның ҰОС Жеңісінің 80 жылдығын мерекелеу жоспарларымен бөлісті.

Министр өз сөзінде зейнеткерлердің, оның ішінде ҰОС ардагерлерінің өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын айтты.

«Бүгінгі күні Қазақстанда 142 ҰОС ардагері тұрады. Олар үшін әлеуметтік көмек шаралары орталық та, жергілікті деңгейде де іске асырылады», – деп атап көрсетті ол.

Біріншіден, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақылар мен базалық зейнетақы мөлшері 7%-ға, ал ынтымақты зейнетақы 9%-ға индекстелді.

Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатқанын еске салды.

«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-дан 65%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-дан 105%-ға дейін ұлғайды. 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 70%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 120%-ға дейін арттырылатын болады.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда жиынтық зейнетақының ең төмен мөлшері (ынтымақты + базалық) 86 068 теңгені, орташа – 152 945 теңгені, ал ең жоғары – 197 873 теңгені құрады. Бұл ретте ҰОС ардагерлерінде жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (ынтымақты + базалық) 185 567 теңгені құрады», – деп хабарлады министр.

Бұдан басқа өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан ҰОС ардагерлеріне ай сайын 16 АЕК немесе 59 072 теңге мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Ведомство басшысы ардагерлерге көрсетілетін қосымша қолдау шаралары туралы да айтты.

«Екіншіден, қолданыстағы заңнама бойынша олар үшін салық салу бойынша жеңілдіктер, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда басым қызмет көрсету және кезектен тыс емдеуге жатқызу және т. б. көзделген. Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жекелеген өңірлерде коммуналдық қызметтерге, санаторийлік-курорттық емделуге, сондай-ақ қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктеріне төленетін әлеуметтік көмек ай сайын төленеді», – деді Светлана Жақыпова.

Ол сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетілетінін, ал тұрғын үй заңнамасына сәйкес оларға бірінші кезекте тұрғын үй берілетінін атап өтті.

Министр ардагерлерге қолдау көрсетудің тағы бір аспектісі ретінде 9 мамырға дейін дәстүрлі мәртебеге ие болған азаматтарға бюджеттік және тартылған (демеушілік) қаражат есебінен жыл сайынғы біржолғы әлеуметтік көмек төлемдерін атады. 2023 және 2024 жылдары төлемдер мөлшері жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктеріне байланысты 1,5 млн теңгеден жоғары болды.

«Сонымен қоса, 9 мамыр қарсаңында ҰОС жеңісіне үлес қосқан азаматтардың басқа санаттары – концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары, Қоршаудағы Ленинград тұрғындары, ҰОС-да қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері, ҰОС қайтыс болған мүгедектерінің әйелдері, тыл еңбеккерлері біржолғы көмек алды», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында жергілікті атқарушы органдар жыл сайын жөндеуге немесе басқа да көмекке мұқтаждық дәрежесін анықтау үшін ҰОС ардагерлерінің тұрмыстық жағдайларына тексеру, үйде медициналық тексерулер және т. б. жүргізеді.

Ардагерлерді өңірлердің әкімдері арнайы барып құттықтайды, марапаттар мен азық-түлік себеттерін табыстайды.

Сонымен бірге демеушілер тарапынан қайырымдылық көмек көрсетіледі, волонтерлік бастамалар мен акциялар іске асырылады.

Светлана Жақыпова ҰОС Жеңісінің 80 жылдығын мерекелеу аясында ведомство ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейтінін, ал жергілікті атқарушы органдарға ұқсас өңірлік жоспарларды әзірлеу қажеттілігі туралы хаттар жіберілетінін хабарлады.

2025 жылы республикалық бюджеттен ҰОС ардагерлеріне және ҰОС жеңісіне үлес қосқан азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті бюджеттерден жыл сайынғы әлеуметтік көмектен бөлек 100 мың теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай көмек төлеу мүмкіндігін қарастыру жоспарлануда.

«Министрлік жаңа бастама ретінде басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне, жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және басқа да санаттарға теңестірілген ардагерлерге ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін арттыру мәселесін қарастыруда», – деп түйіндеді ол.

10 июня 2024
Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 24,3 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 145 кәсіпорны 10,6 мың жұмыскерге 1,6 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 4,2 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталды.

Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 139 ұйғарым берілді және 17,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 8,9 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 895,6 млн теңге төленді.

Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.

2024 жылғы 1 маусымдағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 954 тексеру жүргізді, оның барысында 4 197 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 3 186; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 961; халықты жұмыспен қамту бойынша – 50.

Жұмыс берушілерге 1 760 ұйғарым беріліп, 234,4 млн теңге сомасына 2 311 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 15,4 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.

07 июня 2024
Құрбан айт мерекесіне байланысты қосымша демалыс күні болмайды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Құрбан айт мерекесіне байланысты 2024 жылғы 17 маусымда қосымша демалыс күні болмайтынын хабарлайды.

ҚР Еңбек кодексінің 84-бабына сәйкес мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні демалыс күні болып табылады.

Еңбекмині жыл сайын өндірістік күнтізбені қалыптастырады, онда Қазақстан Республикасында алдағы жылға арналған мереке және демалыс күндері белгіленеді. 2024 жылға арналған өндірістік күнтізбені қалыптастыру кезінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы 2023 жылғы 17 қазанда ресми хат жолдаған болатын, онда 2024 жылы Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымға түсетіні, бірақ жаңа айдың көрінуіне байланысты ауысуы мүмкін екендігі хабарланған.

2024 жылғы 7 маусымда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы 2024 жылы Құрбан айттың бірінші күні 16 маусымға келетінін хабарлады. Бұл жексенбі демалыс күнімен тұспа-тұс келгендіктен, 17 маусымда қосымша демалыс болмайды.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес демалыс күндеріне түсетін мереке күндері ғана ауыстырылуға жатады.

07 июня 2024
Әлеуметтік инспекторлар халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мақсатында жыл басынан бері 1400-ге жуық тексеру жүргізді

2023 жылғы 1 шілдеде ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енген кезден бастап, елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді, оның құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіреді. 2024 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар 1396 тексеру жүргізді, оның ішінде 449 профилактикалық бақылау шеңберінде, 270 – жоспардан тыс, 677 – прокуратураның талабы бойынша.

Мемлекеттік бақылаумен: әкімдіктер – 60, дәріханалар – 10, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – 36, ЖК – 23, мектептер – 655, дүкендер – 10, жергілікті атқарушы органдар басқармалары – 28, мәдениет үйлері – 7, мұрағат, мұражайлар – 6, банк филиалы – 4, балабақшалар – 67, колледждер, лицейлер – 3, кафе, мейрамханалар, қонақ үйлер – 3, нотариус – 1, мемлекеттік мекемелер – 15, ауруханалар мен емханалар – 17, санаторийлер – 2, сауда үйлері – 7, қазпошта филиалдары – 3, полиция пункттері – 3, стоматология – 2, оңалту орталықтары – 2, автобус паркі – 1, кітапхана – 1, БЖСМ – 1 және басқалар қамтылды.

Мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өтініші негізінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша сауда объектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру нәтижелері бойынша ірі кәсіпкерлік субъектісі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді.

Сонымен қатар өңірлердегі әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің бейімдеу іс шараларын жүргізуде оң динамиканы атап өтті.

Бірінші топ мүгедектігі бар Рахат Амантаеваның айтуынша, Шымкент қаласында жыл сайын ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді нысандар саны едәуір артып келеді.

«Олардың ішінде білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау объектілері, халыққа қызмет көрсететін ұйымдар бар. Егер бұрын тек сыртта пандус орнату туралы айтатын болсақ, қазір ғимараттар іші де бейімделуде, ережеге сәйкес тактильді плиткалар орнатылып, іргелес аумақ ретке келтірілуде – мүгедектігі бар адамдарды тасымалдайтын көліктер үшін арнайы автотұрақ жасақталуда. Жеке секторда объектілердің меншік иелері қол жетімді ортаны құруға жауапкершілікпен қарай бастады», – дейді Рахат Амантаева.

ҚР Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері 2024 жылдың 1 тоқсанында 854 тексеру жүргізіп, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 372 ұйғарым бергенін және 81,2 млн теңгеден астам сомаға 344 айыппұл салғанын қосымша атап өтеміз.

07 июня 2024
2024 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 259 мыңнан астам қызмет алды

2024 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы шамамен 202,4 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 8 мың – ымдау тілі қызметін, 25,3 мың – жеке көмекшінің, 23,3 мың – санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні Порталда 900 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 749 ОТҚ жеткізуші, 30 мыңнан астам жеке көмекші, 744 ымдау тілі және 121 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Портал жөніндегі комиссияларға жаңа өкілеттіктер берілген: мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні Порталдан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

06 июня 2024
Н. Сағындықова Қызылорда облысының тұрғындарына жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру туралы хабарлады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты, өңір тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады, сондай-ақ Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жұмыс сапары аясында вице-министр балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығына барды.

Өңір тұрғындарымен кездесу барысында Назгүл Сағындықова зейнетақы төлемдерін ұлғайту, әлеуметтік көмек пен қолдау жүйесін қайта қарау, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, жаңа әлеуметтік саясаттың іске асырылуы туралы хабардар етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы ең төмен базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 54%-дан 60%-ға дейін, 2024 жылы – 65%-ға дейін, ал ең жоғары – 100%-дан 105%-ға дейін ұлғайтылды.

«Ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілді. Қызылорда облысында зейнетақының жиынтық орташа мөлшері 155,8 мың теңгені құрады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақылардың өсуі 9%-ды (инфляция деңгейінен 2% - ға озып) құрады. Сондай-ақ, ең төмен күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайтылды. Жалпы республика бойынша зейнетақы төлемдеріне 2023 жылы 3 трлн 300 млрд теңге бағытталды, 2024 жылы 3 трлн 785 млрд теңге бағыттау жоспарлануда», – деді Сағындықова.

Сондай-ақ, вице-министр әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту туралы айтты. Атап айтқанда, өткен жылы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға индекстелді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды, «Алтын алқа» алқасымен, «Батыр ана» атағы бар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4-тен 7,4 АЕК-ке дейін, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдарға ол кәмелетке толғанға дейін төленетін жәрдемақы мөлшері 1,4-тен 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейін ұлғайтылды.

Сонымен бірге вице-министр Отбасының цифрлық картасы мен мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен жаңа интеграцияларды пайдалана отырып, атаулы әлеуметтік көмектің (бұдан әрі – АӘК) алдағы трансформациясы туралы айтты.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп АӘК тағайындауға үміткер қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігі пысықталуда. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқу ақысы мен қосымша білім алуға, демалыс пен ойын-сауыққа, сауықтыруға, жиһаз, тұрмыстық техника заттарын сатып алуға, кредиттерді өтеуге және т.б. сияқты негізгі шығыстардың түрлерін қарастыру жоспарлануда.

Ұсынылып отырған алгоритм АӘК тағайындауға өтініш берген азаматтарға олардың кірістері мен шығыстарын тексеруге келісім алуға SMS-хабарлама жіберуді көздейді. Бұл банктік құпияны ашу және үшінші тұлғалардың ақпаратқа қол жеткізуіне қатысты емес. Тексерулер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен автоматты түрде жүргізілетін болады. Бұл шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан мақсатты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Назгүл Сағындықова.

Сондай-ақ, вице-министр мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік кірігуі бойынша қабылданып жатқан шаралар кешені туралы хабардар етті.

2024 жылы бірнеше негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде, олардың ішінде: нысаналы индикаторлары бар ҚР инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау, арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсету жүйесін трансформациялау, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру, техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің кейбір түрлерін монетизациялау.

«Инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау әрбір азамат дамудың жеке ерекшеліктеріне қарамастан лайықты өмір сүруге және өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар қоғам құруға мүмкіндік береді. АӘҚ беру жүйесін трансформациялау азаматтарымыздың қажеттіліктерін ескере отырып, неғұрлым тиімді және сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Назгүл Сағындықова. 

Ол сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік инфрақұрылымның 4 926 объектісін бейімдеу бойынша іс-шаралар жүргізгенін, оның ішінде Қызылорда облысында 366 объектіде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін бейімдеу жүргізілгенін атап өтті.

Сонымен қатар вице-министр өңір тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары туралы да хабардар етті. Осы жылдың басынан бастап Қызылорда облысында 17,9 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 1 556 грант және жастар үшін жылдық 2,5%-бен 5 млн теңгеге дейін 400 жеңілдетілген микрокредит беру жоспарлануда.

06 июня 2024
2024 жылы мүгедектігі бар адамдар агрегаторлар арқылы инватакси қызметіне 65 мыңнан астам тапсырыс берді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) бастамасымен өткен жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жоба басталды. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 65 мың рет көрсетілді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 53,9 мың рет көрсетілгенін естеріңізге саламыз.

Бұдан бұрын хабарлағандай, инватакси қызметінің сапасы мен көрсету жылдамдығын арттыру мақсатында Еңбекмині әкімдіктермен бірлесіп осы қызметтің тетігіне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады. Мысалы, азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет, бұл өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватакси беруді күтуге мәжбүр етеді, инватакси қызметтерін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі және т. б. мәселелер бар.

Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жобаға бастама жасалды.

Мұндағы басты шарт сапарлардың ақысынан пайыздың болмауы, олар әдетте агрегатор платформаларының пайдасына аударылатын. Яндекс компаниясы пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.

Пилоттық жоба шеңберінде азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін қолдана алады. Бұл қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдауға, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалауға және жасалған сапарларға мониторинг жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде, жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді арнайы нұсқаулар алады.

Пилоттық жобаға алғашқы кезеңде Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдардың фокус-тобы қатысады.

Жоба 2024 жылы да жалғасады, болашақта жаңа форматта қызмет көрсетуді мүгедектігі бар адамдардың басқа топтарына кеңейту және елдің барлық өңірлерінде кеңінен қолдану жоспарлануда.

06 июня 2024
Олжас Анафин еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Олжас Сейтбатталұлы Анафин еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды.

1986 жылы дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Қазақ инженерлік-техникалық академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық маманы болып бастаған.

2015-2016 жылдары — Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтың бөлім басшысы.

2016-2020 жылдары — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарма басшысы, басқарушы директоры.

2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті.

 

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы