Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
26 июня 2024
С. Жақыпова мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру туралы хабарлады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

ЕХӘҚМ басшысы сөз басында бүгінде Қазақстанда мүгедектігі бар 725 мыңнан астам адам тұратынын, оның 58%-ы еңбекке жарамды, 26,9%-ы зейнеткерлік жаста, 15,1%-ы 18 жасқа дейінгі балалар екенін хабарлады.

«Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін оларды әлеуметтік оқшаулау, кемсітушілік, инфрақұрылымның жеткіліксіз қолжетімділігі, еңбек нарығындағы тең емес мүмкіндіктер, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасының төмендігі және басқа да мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Оларды шешу үшін Мемлекет жүйелі шаралар кешенін дәйекті түрде қабылдауда», – деді Светлана Жақыпова.

Қазақстанда 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар іске асырылуда. 2023 жылы БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттама ратификацияланды.

Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілді, оның ішінде: мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, жұмысқа орналастыру.

Сондай-ақ республикада мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасты.

Бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Оның мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты жәрдемақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне көтерілуге кепілдік беріледі.

«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы мөлшері 7%-ға өсті. Мысалы, жалпы аурудан мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда: бірінші топ үшін – 89,2 мың теңгеден 95,5 мың теңгеге дейін; екінші топ үшін – 71,4 мың теңгеден 76,4 мың теңгеге дейін; үшінші топ үшін – 48,7 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін өсті.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жәрдемақы алушылардың саны 541,8 мың адамды құрайды, ал оның орташа мөлшері – 74 мың теңге. Бұл ретте соңғы 6 жылда мүгедектігі бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 2,3 еседен астам өсті», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Екінші деңгей (міндетті) – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер. Олардың мөлшері қызметкердің табысына, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты. Үкіметтің шешімдеріне сәйкес МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты көтеріледі, 2024 жылы – 7%-ға артады. Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алды, олардың орташа мөлшері 57 мың теңгеден асады.

Үшінші деңгей – егер еңбек ету қабілетінен айырылу еңбек мертігуімен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және зардап шеккен жұмыскердің пайдасына жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалған жағдайда сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері.

Қазіргі уақытта 871 ұйым мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.  2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыру енгізілуде, бұл жеке бизнесті тартуға ықпал ететін болады. Бұл шара арнаулы қызмет көрсететін ұйымдардың желісін кеңейтуге және оларды шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жеткізуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында «сыйымдылығы шағын үйлер» жобасы басталды, оның мақсаты тұрғылықты жері бойынша мүгедектігі бар балаларды күндізгі күтіммен және әлеуметтендірумен қамтамасыз ету, сондай-ақ ата-аналарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру болып табылады.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін 35 оңалту орталығы жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін ересектер мен балаларға арналған тағы 12 оңалту орталығын салу жұмыстары жүргізілуде. Орталықтар Семей және Тараз қалаларында ашылған. Биыл Кентау және Ақтөбе қалаларында орталықтардың құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар еліміздің алты өңірінде аутизм спектрі бұзылған және басқа да ментальдық бұзушылығы бар балаларға (Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Қостанай облыстары, Шымкент қаласы) арналған күндізгі болу орталықтары ашылды.

Бірнеше жылдан бері мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушілер мен жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істеп келеді. Портал оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау көрсеткішін 93%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді ұсыну процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Есту және көру қабілеті нашар адамдар үшін Порталдың қолжетімді мобильді нұсқасы енгізілді.

Қазақстанда бірінші топтағы мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адамға жеке көмекшілердің, 8 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады. 147 инватакси қызметі жұмыс істейді, олардың қызметтерін 25 мыңға жуық адам пайдаланады.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Біріншісі – ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмыс орындары санының 2-ден 4% - на дейінгі мөлшердегі жұмыс орындарын квоталау. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 8 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды. 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 4 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Екіншісі – жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жабдықтау бойынша жабдықтарды сатып алу, монтаждау және орнату шығындарын өтеу үшін субсидиялар беру. Осы тетік шеңберінде жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл ішінде субсидияланады. 2018 жылдан бастап субсидиялау шеңберінде 600-ден астам жұмыс орны ұйымдастырылды.

Үшіншісі – мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқытуды, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды, бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды көздейтін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту. Жыл басынан бері аталған шаралармен 11,6 мың мүгедектігі бар адам қамтылды, оның ішінде 8,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, 1,8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бұдан басқа 2023 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына бизнесті дамытуға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде гранттар беріледі. Қазіргі уақытта 702 мүгедектігі бар  адам осындай қолдауға ие болды.

Қазақстанның барлық өңірлерінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген нысандарды бейімдеу бойынша 35 мыңнан астам басым нысандар анықталды. 2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 жылдан бастап 2027 жылға дейін жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуі тиіс. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2021-2022 жылдарды ескере отырып, 13 857 нысан бейімделді.

2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру құзыретіне кіретін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді. Өткен жылы әлеуметтік инспекторлар барлығы 1 127 тексеру, 2024 жылдың басынан бері 1396 тексеру жүргізді. Өңірлердегі әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бейімдеу іс-шараларын жүргізуде оң динамиканы атап өтті.

2024 жылы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру саласындағы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысының негізгі бағыттары.

Біріншісі – ҚР инклюзивті саясатының тұжырымдамасын әзірлеу және қабылдау, оны іске асыру әрбір азамат, дамудың жеке ерекшеліктеріне қарамастан, лайықты өмір сүруге және өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар қоғам құруға мүмкіндік береді.

Екіншісі – азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, олардың сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау.

Үшіншісі – халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру. Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

Төртінші – техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің кейбір түрлерін монетизациялау. Бірінші кезеңде ортопедиялық аяқ киім мен гигиеналық құралдарды монетизациялау қарастырылады.

Бесінші – оңалту іс-шараларының тиімділігін бақылауға және жақсартуға көмектесетін цифрлық оңалту күнделігін әзірлеу.

Алтыншы – Әлеуметтік саланы дамытудың бірінші ұлттық ғылыми орталығын жаңғырту. Оның базасында мүгедектігі бар адамдарды табысты, тиімді оңалту мақсатында жаңа технологияларды әзірлеу жөніндегі жекелеген зертханалар құрылатын болады.

Жетіншісі – әрбір азаматқа жеке және тиімді тәсілді ұсынатын әлеуметтік және кәсіптік оңалтудың цифрлық хаттамаларын енгізу.

26 июня 2024
Қазақстанда 14 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 937 шетел азаматы еңбек етеді.

Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 567 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 582 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 512 және 602 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 790 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 884 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 789 жұмыс беруші бар. Оларда 443,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 99,2%-ын құрайды.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 403 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 817 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 684, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 387 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 275 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 938 адам, Өзбекстан – 1 919 адам, Үндістан – 1 145 адам, Түркия – 1 101 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.

25 июня 2024
С. Жақыпова азаматтарды қабылдады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Азаматтарды қабылдау орталығында жеке қабылдау өткізіп, еліміздің әр өңірінен келген азаматтардың мәселелерін қарады.

Министрге медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысына, мүгедектіктің белгіленген тобын қайта қарауға, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға, еңбек заңнамасын түсіндіруге қатысты және т. б. сұрақтармен жүгінді.

Светлана Жақыпова азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, олардың сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берді. Қарауға қосымша уақытты талап ететін мәселелерді өзінің жеке бақылауына алып, ҚР ЕХӘҚМ тиісті департаменттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз құзыреті шеңберінде оларды шешуге көмек көрсетуді тапсырды.

25 июня 2024
С. Жақыпова тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында Қазақстанда халықты тұрақты жұмыспен қамту бойынша ведомство жүзеге асырып жатқан шаралар кешені туралы айтты.

ЕХӘҚМ басшысы сөз басында биыл қаңтарда барлық өңірлердің әкімдері өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекіткенін, оның негізінде 948 мыңнан астам азаматты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету жоспарланғанын еске салды. Бүгінгі күнде 352 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, бұл жалпы көрсеткіштің 37%-ы құрайды. Айта кету керек, оның 148 мыңы жастар.

«Жалпы, жыл басынан бері 137 мың азамат мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына, 97 мыңнан астам адам Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы шеңберінде, 103 мыңнан астамы – жұмыс берушілер ұсынатын бос жұмыс орындарына орналастырылды, сондай-ақ 16 мыңға жуық адам мемлекеттік субсидияланатын жобаларға жіберілді. Ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында», – деді Светлана Жақыпова.

Министр өңірлік жұмыспен қамту карталарының жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша ең жоғары көрсеткіштер Абай (53%), Солтүстік Қазақстан (47%), Қызылорда (45%) және Жамбыл облыстарында (45%), ал ең төмен көрсеткіштер Ақтөбе облысында (30%) және Алматы қаласында (30%) байқалғанын айтты.

 ЕХӘҚМ басшысы сапалы жұмыс орындарының санын арттыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы да айтты.

«Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, оның шеңберінде сапалы жұмыс орындарын қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті, болжанатын және оңай бейімделетін еңбек нарығын құру жоспарланып отыр. Үш негізгі тетік қарастырылған: сапалы жұмыс орындарына сұранысты ынталандыру; адами капиталды дамыту; еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту.

Еңбек министрлігі өңірлер мен салалардағы сапалы жұмыс орындарын мониторингілеу жүйесін әзірлеп, қолдануда. Біздің деректеріміз бойынша, 2023 жылы Қазақстандағы сапалы жұмыс орындарының көрсеткіші 2,27 млн (2022 жылы – 2,07 млн) жетті, оның ішінде жаңа жұмыс орындарының саны 198 мыңды құрады. Сапалы жұмыс орындарының ұлғаюы Астана, Алматы қалаларына (11,9%) және Оңтүстік макроөңірге (10,3%) тиесілі», – деді Светлана Жақыпова.

Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесін трансформациялау ұсынылады, бұл жобалардың іске асырылуына және сапалы жұмыс орындарын құруға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл шара, бір жағынан, жобаны іске асыру үшін іс жүзінде қажетті еңбек ресурстары жоқ өнім берушілерді жобадан шығаруға мүмкіндік береді, екінші жағынан, мемлекет басқа жұмыс берушілердің міндеттемелерін орындауын бақылауға мүмкіндік алады.

«Еңбек министрлігі осындай жүйенің прототипін әзірледі, бірақ оны одан әрі іске асыру үшін мемлекеттік сатып алуға, бюджеттік жоспарлауға және жобаларды іске асыруға қатысты нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет болады», – деп толықтырды министр.

ЕХӘҚМ басшысы жастарды жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндады.

«Студенттердің өндірістік практикасын өткізу үшін электрондық еңбек биржасында тиісті маркетплейс әзірленді және қазіргі уақытта оны тиімді іске асыру үшін жұмыс жүргізілуде.

Әрбір азамат өз мансабының траекториясын басқара алуы үшін Mansap compasy жүйесі әзірленді.

Халықаралық келісімшарттарға сәйкес шетелде жұмыс істегісі келетін жастар үшін Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында дайындық курстарын ұйымдастыру орталықтарын ашу көзделеді.

Бүгінгі таңда техникалық мамандықтар бойынша мамандардың тапшылығын ескере отырып, аталған мамандықтар бойынша оқу орындарын бітірген адамдарды әскери борышын өтеуден босату туралы мәселені қарастыруды және колледждерде сержанттар құрамын даярлауға және әскери даярлықтан өтуге бағытталған әскери кафедралар ашуды ұсынамын», – деді Светлана Жақыпова.

Министр жұмыстың маңызды бағыттарының бірі еңбек қатынастары декларациясы екенін атап өтті. Бүгінгі күнде бейресми жұмысшыларды, компаниялардағы нақты штат санын, еңбек ұжымдарына берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді есепке алу мәселесі бар. Бұл халықты жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыруды, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мониторингі бойынша жұмысты қиындатады.

«Бұл мәселені шешу үшін, біріншіден, еңбек шарттарын жасасудың цифрлық форматына көшу жоспарлануда. Пилоттық режимде электрондық форматта 3 мыңнан астам еңбек шарты жасалды.

Екіншіден, біздің министрлік электрондық штаттық кесте жобасын іске асыруда. Бұл ақпараттық жүйелердегі барлық жұмыс орындарын кодтайтын еңбек қатынастары декларациясының функционалы. Бұл құрал еңбек ресурстарын дұрыс есепке алуға, жұмыс орындарын құруға, еңбек жағдайларын қалыптастыруға, жеке қорғану құралдарымен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Светлана Жақыпова өз сөзінде мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарының тиімділігін бағалау мәселесіне ерекше назар аударды.

«Өткен жылдардағы талдау нәтижелері субсидияланатын жұмыс орындарының арқасында әйелдер, жастар, ауыл тұрғындары және мүмкіндігі шектеулі жандар сияқты санаттарды жұмыспен қамту шараларымен қамтудың артқанын көрсетеді. Бюджеттің ұлғаюы, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша тиімділіктің төмендеуі байқалады.

Осыған байланысты Еңбек министрлігі бірқатар жұмыстар жүргізуде:

біріншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын салалар мен өңірлердегі дамудың басым жобаларымен үндестіру.

екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тиімсіз шараларын оңтайландыру;

үшіншіден, дағдыларды дамыту және білім беру бағдарламаларын жетілдіру арқылы ұзақ мерзімді жұмысқа орналасуды жұмыс орындарын субсидияламай ынталандыру.

Сонымен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тиімділігін мониторингтеу үшін біз геолокация және биометрия технологиялары негізінде құралдарды енгізетін боламыз», – деді министр.

Светлана Жақыпова сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жұмысқа орналастыру нәтижелеріне негізделген мансап орталықтары мамандарының еңбегіне ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу бойынша тұжырымдамалық тәсілдер әзірленгенін хабарлады.

«Жалақыны есептеудің ұсынылған тәсілі жұмыс нәтижелеріне сәйкес, яғни азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған мансап орталықтары қызметкерлерінің біліміне, іскерлігі мен дағдыларына байланысты «кейс-менеджмент» қағидатын енгізе отырып әзірленді. Пилоттық жобаны іске асыру үшін үш контрасты аймақ таңдалды: Түркістан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары», – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Сөзі соңында Светлана Жақыпова жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыс еліміздегі сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«2029 жылға қарай экономика 3,8 млн сапалы жұмыс орнын (жалпы жұмыспен қамту құрылымының 45%) қамтамасыз етеді деп болжануда. Бұл 1,7 миллион азаматтың табысын орташа жалақыдан жоғары деңгейге көтеруге ықпал етеді», – деп түйіндеді министр.

24 июня 2024
2024 жылдың басынан бері 7,3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 7 353 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 135,7 мың этникалық қазақ оралды.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,4%) Қытайдан, 6,3% – Түрікменстаннан, 5,4%  – Моңғолиядан, 34,4% – Өзбекстаннан, 3,2% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден.

Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,2%-ды және зейнеткерлер 9,7%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9%-ы жоғары білімді, 22,6%-ы орта кәсіби білімді, 55,3%-ы жалпы орта білімді, және 5,2%-ының білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1697 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 1405 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 419 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 9 569 өтініш  қабылданды.

21 июня 2024
Шымкентте мүгедектігі бар адамдар үшін 2023 жылы 190-нан астам объект бейімделді

2023 жылы Шымкент қаласында мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 196 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді.

Қазіргі уақытта елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының 2023–2027 жылдардағы жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуге тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021 – 2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023 – 2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуі тиіс. 2021 – 2022 жылдарды қоса алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13 857 объект осы талапқа сәйкестендірілді.

Шымкент қаласында 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар 175 нысанда мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін бейімдеу жұмыстарын жүргізді:

- білім беру объектілері – 83 (мектептер, балабақшалар);

- денсаулық сақтау объектілері – 37 (ауруханалар, емханалар, медициналық орталықтар).

- сауда және қызмет көрсету объектілері – 60 (дүкендер, сауда орталықтары, салондар);

- мемлекеттік және бюджеттік ұйымдар – 10;

- спорт нысандары – 3 (спорт сарайлары және т. б.);

- мәдениет объектілері – 2 (мәдениет үйлері);

- әлеуметтік қорғау объектілері – 1.

«Жалпы қала бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін жайлы орта қалыптасып, барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Меншік иелері объектілерді құрылыс нормаларына сәйкес келтіру үшін жұмыстар атқаруда. Көптеген кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар шағымдар мен ұсыныстарды ескере отырып, кіру топтарын жаңғыртуда. №1 қалалық емханаға барған кезде денсаулық сақтау мекемесінің қолжетімділігі көңіл қуантады. Сондай-ақ жақында PARK HEALTH емханасына болдым, онда кең кіру алаңы мен кіреберіс есіктер ыңғайлы етіп жасалған, кресло-арбалармен қозғалатын мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы касса орнатылып, тактильді плиткалар мен көрсеткіштер қойылған. Бұл азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың ең көп баратын орындары», – деді бірінші топ мүгедектігі бар Шымкент қаласының тұрғыны Исхақ Айдарбеков.

Бұдан басқа мемлекеттік бақылау шеңберінде Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 74 тексеру жүргізді.  Оның ішінде: 45 – жоспардан тыс тексерулер, 23 – профилактикалық бақылау шеңберінде және прокуратураның талабы бойынша 6 – тексеру.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 45 ұйғарым берілді, 4 млн теңгеден астам сомаға 26 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда ғана айыппұл салынады.

20 июня 2024
Еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу ережелері өзгереді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру және ұзарту тәртібін одан әрі жетілдіру мақсатында Еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) түзетулер әзірледі. Бұйрықтың жобасы осы жылғы 3 шілдеге дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Құжат Электрондық үкімет порталы арқылы, сондай-ақ migration.enbek.kz платформасы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейді. Сондай-ақ, еңбекші көшіп келуші жұмыс берушіні ауыстырған кезде хабарлау тетігін енгізу ұсынылады.

Азаматтары үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат ала алатын елдер көрсетілген.

Салық кодексіне сәйкес жеке табыс салығын төлеу сомалары нақтыланды.

Еңбекші көшіп келушілерге 12 айға дейінгі мерзімге рұқсат беру тетігі оңайлатылды, сондай-ақ рұқсатты беруден және ұзартудан бас тарту негіздері айқындалды.

Қағидамен толығырақ «Ашық НҚА» порталында https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15093678 сілтемесі бойынша танысуға болады.

20 июня 2024
Жыл басынан бері қазақстандықтарға 1,5 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 549,3 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 487,5 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 61,8 млрд теңге бағытталды.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 383  мың адам.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 401 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 697 теңге, базалық зейнетақы – 42 704 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық іс-шаралар
19 июня 2024
ХЕҰ Қазақстанға еңбек және әлеуметтік мәселелер саласындағы заңнамалық базаны жетілдіруде техникалық қолдау көрсетеді

Халықаралық еңбек ұйымы (бұдан әрі – ХЕҰ) ҚР-да лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын іске асыру аясында Қазақстанға консультациялар, ұсынымдар және басқа да бағдарлау мен оқыту бағдарламаларын ұсыну арқылы еңбек және әлеуметтік мәселелер, еңбекті қорғау әрі әлеуметтік диалог саласындағы құқықтық, заңнамалық базаны жетілдіруге жәрдем жасайтын болады.

«Қазақстан 1993 жылдан бері Халықаралық еңбек ұйымының мүшесі. ХЕҰ халықаралық еңбек нормаларын ратификациялауға және орындауға жәрдемдеседі, еңбек және әлеуметтік мәселелер бойынша ақпарат пен талдау береді. Қазақстанның елдің ұлттық заңнамасына мүшелігі кезінде ХЕҰ-ның ратификацияланған 25 Конвенциясы бойынша міндеттемелер имплементацияланды.

2000 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда ХЕҰ-мен бірлескен Қазақстан Республикасында лайықты еңбек бағдарламасы іске асырылды, ол ұлттық даму стратегиясының ережелері мен қағидаттарына негізделді.

Өткен аптада Қазақстан Республикасында лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасына қол қойылды. Бұл құжатты іске асыру ынтымақтастықтың қолда бар әлеуетін арттыруға және азаматтарды лайықты еңбекпен қамтамасыз етуде Қазақстанның алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін болады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Жол картасы аясында ынтымақтастық тараптары назарын бес басым бағытқа аударады:

Бірінші бағыт – «Қауіпсіз еңбек және еңбек инспекциясы арқылы жұмыс орындарында нормалардың сақталуын қамтамасыз ету», оның шеңберінде еңбекті қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған түзетулер дайындалады, Қазақстандағы еңбек инспекциясы жүйесінің «Еңбек инспекциясы туралы» ХЕҰ № 81 және «Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы» № 129 конвенцияларының талаптарына сәйкестігіне талдау және «Шахталардағы еңбекті қорғау туралы» ХЕҰ № 176 конвенциясын ратификациялау мәселелері бойынша консультациялар жүргізіледі.

«Әлеуметтік диалог және трипартизм, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер бірлестіктерінің бостандығы» екінші бағытында ұжымдық еңбек дауларын шешу, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің қызметін жетілдіру бөлігінде заңнаманы жетілдіру туралы мәселені қарау, «Әлеуметтік әріптестік туралы» заң жобасын әзірлеу туралы мәселені қарау сияқты іс-шаралар бекітілді.

«Ең төмен жалақы» бөлімі бұл ХЕҰ «Ең төмен жалақыны белгілеу туралы» № 131 конвенциясының нормаларына сәйкестігі тұрғысынан Қазақстан заңнамасына салыстырмалы талдау жүргізуді және оны ратификациялау бойынша консультациялық қолдау көрсетуді көздейді.

«Әлеуметтік қамсыздандыру және қорғау» төртінші бағыты шеңберінде тараптар «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» ХЕҰ № 102 конвенциясын ратификациялау жөнінде ұсынымдар әзірлеуге, Қазақстан заңнамасына, атап айтқанда, Әлеуметтік кодекске «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» ХЕҰ № 102 конвенциясының нормаларына сәйкестігі тұрғысынан салыстырмалы талдау жүргізуге уағдаласты.

«Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою» бесінші бағытында еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою бөлігінде Қазақстан заңнамасын одан әрі жетілдіру бойынша бірлескен консультациялар өткізу, осы мәселе бойынша саясат, шаралар мен практика саласындағы халықаралық тәжірибеге талдау жүргізу, «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» ХЕҰ № 190 конвенциясын ратификациялау туралы мәселені қарау жөніндегі іс-шаралар көрсетілген.

Естеріңізге сала кетейік, Жол картасына 2024 жылғы 12 маусымда Женева қаласында ХЕҰ аясында өткен Халықаралық еңбек конференциясының 112 сессиясы барысында қол қойылған болатын.

Жол картасына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен – бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасов, кәсіподақтар бірлестіктерінен – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, жұмыс берушілер бірлестіктерінен – ҚР «PARYZ» Ұлттық Жұмыс берушілер Конфедерациясы Президумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, ХЕҰ тарапынан – Еуропа мен Орталық Азияға арналған өңірлік Кеңсенің директоры Беат Андрес қол қойды.

Жол картасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыс ХЕҰ-мен ынтымақтастықты күшейтуге, сондай-ақ Қазақстан заңнамасын еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге ықпал ететін болады.

19 июня 2024
Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 289 млрд теңге төленді

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 255,5 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 33,5 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,8 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 198,2 мың адамды құрайды.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 62,8 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7% - ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7% - ға артты.

Мәселен, осы жылы жалпы аурудан Мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1 топ үшін – 95 496 теңгені, 2 топ үшін – 76 397 теңгені, 3 топ үшін – 52 089 теңгені құрайды.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 57 090 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 58 738 теңгені құрайды.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы