Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізудің нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 221,6 мың адамға SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 116,9 мың адам пайдаланды.
Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.
ОЦК енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ, ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» болып табылады.
Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем; Бала туу мен күтіміне жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.
Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылды.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.
Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін атап өтеміз.
Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласыңыз. Қоңырау шалу тегін.
Швейцарияға жұмыс сапары аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық еңбек ұйымы (бұдан әрі – ХЕҰ) ұйымдастырған Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясының пленарлық отырысында баяндама жасады. Ол Қазақстанның әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық саясатының негізгі бағыттарына тоқталды.
Халықаралық еңбек конференциясы халықаралық еңбек стандарттары мен ХЕҰ-ның жалпы саясатын белгілейді және жыл сайын дәстүрлі түрде Женевада өтеді. Іс-шара сонымен қатар мүше елдердің негізгі әлеуметтік және еңбек мәселелерін талқылауға арналған форум болып табылады.
Асқарбек Ертаев сөзінің басында біздің елімізде әлеуметтік тегіне, мәртебесіне, жынысына қарамастан барлық азаматтардың әділ еңбек ету жағдайларын, тең мүмкіндіктерін жасау және құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Біз әділеттілік абстрактілі мақсат емес, орнықты қоғамның практикалық негізі екеніне сенімдіміз. Сондықтан да Қазақстан ХЕҰ-ның Әлеуметтік әділеттілік жөніндегі жаһандық коалициясына қосылды. Біз оның мақсаттарын қолдаймыз және лайықты еңбекті, әлеуметтік тұрақтылықты және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық күн тәртібін ілгерілетуге белсенді қатысуға ниеттіміз», – деп атап өтті ол.
Ертаев Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек саясатының барлық негізгі бағыттары әділеттілік пен тұрақты даму призмасы арқылы қарастырылатынын хабарлады.
«Осы мақсаттарға адалдықты сақтау үшін соңғы жылдары үш стратегиялық құжат қабылданды: Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы, Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы және Инклюзивті саясат тұжырымдамасы. Олардың әрқайсысы 2030 жылға дейін әзірленген және жеке тұлғаның мүддесі үшін жүйені өзгертетін нақты әрекеттерге бағытталған», – деді Ертаев.
Вице-министр осы бағыттар бойынша ҚР Үкіметі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
«Бірінші бағыт – еңбек нарығын дамыту. Біздің мақсатымыз – жұмыс орындарының саны ғана емес, сапасы. Біз тұрақты табыс, қауіпсіз жағдай, даму және еңбек құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін жұмыс орындарын құруға тырысамыз. Бұл тұрақты және инклюзивті еңбек нарығының негізі. Экономиканың басты секторларына – өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және цифрлық секторларға басымдық беріледі. Онда заманауи жұмыс орындары ашылған, бұл әсіресе өңірлер үшін маңызды», – деді ол.
Вице-министр бұл бағыттағы маңызды аспект мамандарға жаңа білім алуға және сұранысқа ие дағдылар мен құзыреттерді дамытуға көмектесетін өмір бойы оқыту жүйесін атады.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, екінші бағыт – еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмысшылардың құқықтарын қорғау.
«Біз формальды бақылаудан тәуекелдің алдын алу жүйесіне көшеміз. Жұмысшылардың қауіпсіздігі, денсаулығы және заңды мүдделері басты назарда болады. Нақты уақыт режимінде еңбек жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық технологиялар, сенсорлар, онлайн платформалар, автоматтандырылған жүйелер енгізілуде.
Еңбек инспекторларының ең осал секторларды алдын ала анықтауына жағдай жасайтын Еңбек тәуекелі картасы әзірленуде. Бұл жүйені дәлірек және белсенді ете түседі», – деді ол.
Қауіпті және қиын өндірістердегі еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде, еңбек құқықтарын қорғау жүйесі күшейтілуде және т.б. жұмыстар қолға алынды.
Вице-министр үшінші бағыттың инклюзивті саясат екенін атап өтті.
«Біз теңдік жеңілдетуден емес, қатысудан басталады деген қағиданы ұстанамыз. Біздің міндетіміз – тек қолдау көрсету емес, еңбекке, білімге, қоғамдық және мәдени өмірге тарту.
2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы кедергісіз орта, инклюзивті білім беру, бейімделген жұмыспен қамту, цифрлық қолдау қызметтері сияқты жағдайлар жасай отырып, бөлшектелген шешімдерден жүйелік тәсілге көшуге мүмкіндік берді», – деп хабарлады Ертаев.
Қорытындылай келе, ол барлық нәрсенің негізінде бір мақсат – саясаттың ортасында адамдар тұрғанын атап өтті.
«Есеп беру үшін емес, адамдар үшін ашық, тиімді және әділ жұмыс істейтін жүйе. Ең бастысы, біз мұны жалғыз істеп жатқан жоқпыз. Барлық қадамдар үштік аясында, жұмыс берушілер, кәсіподақтар және мемлекеттің белсенді атсалысуымен жүзеге асырылуда. Бұл тұрақтылық пен сенімділіктің кілті», – деп түйіндеді ол.
2025 жылдың мамыр айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – Enbek) 86 мың бос жұмыс орны мен 110 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда олардың саны сәйкесінше 11,8% және 4,3%-ға азайды.
Кадрға ең жоғары қажеттілікті дәстүрлі түрде білім беру (15 мыңнан астам бос жұмыс орны), қызмет көрсетудің басқа түрлері (10,7 мың) және құрылыс (8,5 мың) салалары көрсетті. Сұраныс негізінен ірі қалалар мен агроөнеркәсіптік аймақтарда шоғырланды.
Орташа білікті мамандар тапшылығы байқалды – сұраныс ұсыныстан 16%-ға асып түсті. Сонымен қатар, жоғары білікті лауазымдарға жұмыс берушілердің ұсыныстарынан сан жағынан асып түсетін жұмыс іздеушілер тарапынан бәсекелестік күшейді.
Жұмыс берушілердің ең жоғары белсенділігі Астана қаласында (барлық бос жұмыс орындарының 11,5%-ы), Түркістан (7,5%) және Павлодар (7,1%) облыстарында тіркелді. Бірқатар өңірлерде бос жұмыс орындарының саны төрттен бірінен астамға қысқарды: Батыс Қазақстан облысында – 36%-ға, Алматыда – 35%-ға, Маңғыстауда – 34%-ға, Ұлытауда – 25%-ға.
34 жасқа дейінгі жастар жұмыс іздеушілердің ең белсенді санаты болып қалды – олар барлық түйіндемелердің 44%-ын құрайды (110 мыңның 48,6 мыңы). Олардан кейін орта жастағы үміткерлер (37%). Жынысы бойынша барлық жұмыс іздеушілердің 52,8%-ын әйелдер, 47,2%-ын ерлер құрайды.
Жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуі Алматы қаласында (-28%) байқалды, басқа өңірлердің көпшілігінде төмендеу көрсеткіші 15%-дан аспады.
Сұранысқа ие мамандықтардың ішінде тәртіп сақшыларына (1,8 мың бос орын), медбикелер (1,7 мың) мен жүргізушілерге (1,5 мың) сұраныс сақталды.
Жалақы бойынша ең көп ұсыныстар тау-кен өнеркәсібіндегі басшының орынбасары (орта есеппен 788 мың теңгеден), бас құрылысшы (662 мыңнан) және бұрғылаушы-инженер (605 мыңнан) лауазымдарына тіркелді.
Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күтетін ұшқыш (орта есеппен 2,3 млн теңгеден), IT жобаларды әзірлеу бөлімінің басшысы (1,2 млн теңге), өндіруші саладағы участке басшысы (1,1 млн теңге) лауазымдарына үміткерлер тіркелді.
Осылайша, мамыр айында жұмыс берушілер тарапынан да, жұмыс іздеушілер тарапынан да белсенділіктің қалыпты төмендеуі байқалады. Жалпы жұмысшылар, жүргізушілер, күзетшілер және медицина қызметкерлері сұранысқа ие болып қала береді. Күтілетін жалақы деңгейі, әдетте, жасына қарай өседі, бұл кәсіби тәжірибе, біліктілік және мансаптық амбициялар арасындағы қатынасты көрсетеді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек саласын цифрландыру туралы айтты. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру үшін Еңбек министрлігі 10 бағыт бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.
Өз сөзінің басында ведомство басшысы бүгінгі таңда еңбек қауіпсіздігін қорғау және қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
«2024 жылы жазатайым оқиғалардан 1408 адам зардап шекті, оның ішінде 202 адам қайтыс болды. 445 мыңнан астам жұмыс орны әлі де зиянды немесе қауіпті деп саналады.
15 976 азамат кәсіптік еңбек ету қабілетінен айрылған: оның ішінде кәсіптік аурулар бойынша – 8 204 және өндірістік жарақаттар бойынша – 7 771 адам.
Бұл сандар еңбекті қорғау саласындағы тәсілдерді одан әрі жүйелі жаңарту қажеттігін айғақтайды», – деді Светлана Жақыпова.
Еңбек министрлігінің басшысы ведомство ресми бақылаудан тәуекелдерді басқаруға көшуге, профилактиканы күшейтуге және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған шаралар туралы хабардар етті.
Ең алдымен, тәуекелге бағдарланған қадағалауды дамыту және еңбекті қорғауды цифрландыру. 2024 жылдан бастап 80 көрсеткіш негізінде өндірістік тәуекелдердің деңгейі жоғары кәсіпорындарды автоматтандырылған режимде айқындауға мүмкіндік беретін Еңбек тәуекелдерінің картасы енгізілді, оның 23-і еңбек жағдайларына негізделген.
«Осы ақпараттық жүйені енгізу басталғаннан бері жоғары тәуекел аймағынан 3 мың кәсіпорын шығарылып, 90 мыңнан астам қызметкер қамтылды. Тәуекел деңгейі жоғары кәсіпорындар саны 2 589-дан 1 799-ға дейін қысқарды. Еңбек тәуекелдерінің картасы ықтимал бұзушылықтардың себептерін жоюда жұмыс берушілерді қолдауға күш салу арқылы инциденттік ден қоюдан проактивті профилактикаға көшуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті министр.
Екінші – еңбек жағдайларын жақсарту. Қазіргі уақытта еңбек жағдайларын мерзімді өлшеуді (айына, тоқсанына, жылына бір рет) әртүрлі уәкілетті органдар – Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі (өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлігінде) жүргізеді. Алайда, бұл өлшемдер фрагменттік сипатта болады, ведомстволар арасында шашыраңқы және біртұтас көріністі қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.
«Еңбек жағдайларын эпизодтық өлшеу жүйесінен зиянды және қауіпті жұмыс орындарына баса назар аудара отырып, үздіксіз цифрлық мониторинг жұргізуге көшу ұсынылады. Техникалық тұрғыдан бұл «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылған датчиктерді енгізу арқылы жүзеге асады», – деп жалғастырды Светлана Жақыпова.
Үшінші – өндірісте зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру. 2024 жылдан бастап кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу бойынша сақтандыру төлемдерін тағайындау кезінде қызметкердің кінәсін есепке алу жойылды. 2015 жылғы мамырдан кейін еңбек ету қабілетінен айырылған қызметкерлерге тең көзқарасты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Мақсаты – сақтандыру жағдайы басталған күн бойынша кемсітушілікті жою. Мәселе ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, ҚР Қаржы министрлігімен және жұмыс берушілер бірлестіктерімен бірлесіп пысықталуда.
Төртінші – зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді қолдау. 2024 жылдан бастап 55 жасқа толған және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жүйесіне кемінде 7 жыл қатысқан адамдар үшін арнайы төлемдер енгізілді. Зиянды жағдайларда еңбек еткен, бірақ МКЗЖ-да ресми расталған тәжірибесі жоқ адамдарды қамту қарастырылуда.
«Сонымен қатар, қауіпті аймақтардағы жұмысшылар санын оңтайландыру кезінде жұмыс көлемін міндетті стандарттау бойынша тәсілдер әзірленуде. Бұл жұмысшыларды өндірістік тәуекелдердің жасырын өсуінен қорғайды. Зиянды немесе қауіпті аймақтардағы жұмысшылар санының кез келген қысқаруы рұқсат етілген жүктемелер мен орындалатын жұмыс көлемдерінің нормативтік негіздемесімен сүйемелденуі керек», – деп хабарлады Еңбек министрлігінің басшысы.
Бесінші – ұжымдық шарттар мен әлеуметтік әріптестік туралы келісімдерді цифрландыру. Министрлік жобаны дайындаудан бастап қол қоюға және қызметкерлерді хабардар етуге дейінгі барлық циклды қамтитын электрондық ұжымдық шарттар жүйесін енгізді. Салалық және негізгі келісімдерді қоса алғанда, шарттардың цифрлық форматына көшу барлық деңгейдегі еңбек жағдайларының ашықтығы мен бірыңғай стандартын қамтамасыз етеді.
Алтыншы – кәсіподақтар институтын нығайту. Халықаралық тәжірибе еңбекті қорғау талаптарының сақталуын күнделікті бақылауда кәсіподақ ұйымдары маңызды рөл атқаратынын дәлелдейді.
«Бұл рөлді күшейтуде Кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орны құрылды, аталған жүйе еңбек жағдайлары туралы ақпаратқа қол жеткізуді және бұзушылықтарды жедел тіркеуді қамтамасыз етеді. Бұл кәсіпорын деңгейінде ағымдағы бақылау функцияларын жүзеге асыруға, қоғамдық бақылаудың рөлін күшейтуге және мемлекеттік қадағалаудың формализмін азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Жетінші – кәсіпорынның цифрлық бейінінің моделі әзірленуде, ол еңбекті қорғаудың барлық параметрлерін жеке қорғаныс шарттары мен құралдарынан кепілдіктер мен өтемақыларға дейін қамтиды. Мақсаты – еңбек құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету.
«Жұмыс мына бағыттарға байланысты бизнес-процестерді автоматтандыруды қоса алғанда, еңбекті қорғау саласындағы процестерді толық цифрландырумен сүйемелденетін болады: жұмыс орындарындағы жағдайларды бағалау және өзектендіру; жеке қорғану құралдарын ұсыну; зиянды жағдайларда жұмыс істегені үшін кепілдіктер мен өтемақыларды іске асыру; Кәсіпорындардың цифрлық картасында еңбекті қорғау жай-күйінің түйінді параметрлерін қамтитын кәсіпорынның цифрлық бейінін қалыптастыру. Мұндай жүйе тәуекелдерді ерте анықтауға, алдын алу жұмыстарын жүргізуге және еңбек жағдайларының өзгеруіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді», – деді министр.
Сегізінші – мемлекеттік бақылауды жетілдіру. Оған: жұмыс берушінің тексеру туралы міндетті хабарламасының күшін жою; мемлекеттік инспекторларға өмірге қауіп төнген кезде жұмысты тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктерді беру; жоспардан тыс тексерулер кезінде шектеу тексеру парақтарынан бас тарту ұсынылады.
Бұл бастамалар ресми тәсілді жоюға және инспекциялық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған. Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер келісу сатысында.
Тоғызыншы – реттеуші кедергілерді жою.
«Кейбір жағдайларда еңбекті қорғауды қамтамасыз ету тетіктері жедел ден қоюды және шұғыл шешімдер қабылдауды талап етеді. Бұл ретте, реттеушілік әсерді міндетті талдауға және «Атамекен» ҰКП-мен келісуге қатысты Кәсіпкерлік кодекстің жекелеген ережелері жедел ден қою мүмкіндігін шектейді. Министрлік қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда рәсімдерді құқықтық оңтайландыру бойынша ұсыныстар дайындады.
Жоспардан тыс тексерулер кезінде тексеру парақтарын пайдалану жеке мәселе болып табылады. Біз оларды жоспарлы тексерулерде қолдану қажеттілігімен бөлісеміз, бірақ қызметкерлер мен кәсіподақтардан өтініштер түскен жағдайда мұндай тәжірибе Мемлекеттік еңбек инспекторларының әрекеттерін шектейді. Егер қызметкер көрсеткен бұзушылық бекітілген тексеру парағына енгізілмесе, инспектордың шара қолдануға құқығы жоқ. Барлық жағдайларды тексеру парақтарымен қамту мүмкін емес. Осыған байланысты тиісті түзетулер дайындалды», – деді Еңбек министрлігінің басшысы.
Оныншы – халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) стандарттарын енгізу. ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбоның Қазақстанға сапары барысында елімізде ХЕҰ-ның жобалық кеңсесін ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы базасында ХЕҰ-ның Турин оқу орталығының филиалын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұл: шетелге шығудың қажеттілігінсіз еңбек қауіпсіздігі жөніндегі мамандарды жүйелі және сапалы даярлауды ұйымдастыруға; озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, ұлттық кадрлардың біліктілігін арттыруға; әлеуметтік әріптестер, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар арасындағы институционалдық байланыстарды нығайтуға; Орталық Азиядағы еңбекті қорғау саласындағы құзыреттердің өңірлік орталығы ретіндегі Қазақстанның рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Шахталардағы қауіпсіздік туралы» № 176 Конвенцияны ратификациялауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Сөз соңында Светлана Жақыпова Еңбек министрлігі еңбекті қорғаудың заманауи, әділ және тиімді жүйесін құруға бағытталған Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын орындауды жалғастыратынын баса айтты.
2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 85 кәсіпорны 2 мыңнан астам жұмыскерге 814 млн теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 2,4 мыңнан астам фактісі анықталды.
Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 1 588 ұйғарым берілді және 194 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде
1,9 жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 677 млн теңге төленді.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
2025 жылғы 1 маусымдағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 381 тексеру жүргізді, оның барысында 2 941 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 2 428; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 496; халықты жұмыспен қамту бойынша – 17.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 17,2 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық еңбек конференциясының 113 сессиясына қатысу үшін Швейцарияға жұмыс сапары аясында Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесті. Диалог барысында тараптар еңбек саласындағы заңнамалық бастамаларды дамыту және ХЕҰ конвенцияларын қабылдау мәселелерін талқылады.
Асқарбек Ертаев Қазақстан әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, лайықты еңбек жағдайларын жасауға және шығу тегі, әлеуметтік мәртебесі мен жынысына қарамастан барлығына тең мүмкіндіктер жасауға аса мән беретінін атап өтті.
Ол Республиканың ХЕҰ-мен, үкіметтермен және жұмысшылар мен жұмыс берушілер бірлестіктерімен бірлескен белсенді жұмыс күтілетін жаһандық әлеуметтік әділеттілік коалициясына қосылғанын еске салды.
Вице-министр ХЕҰ-ның әдіснамалық және техникалық қолдауы еңбек жағдайларын жақсартуға және қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамалық нормаларды енгізуге оң әсер еткенін атап өтті, сондай-ақ одан әрі өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.
Өз кезегінде Жильбер Унгбо ХЕҰ конвенцияларын ратификациялау бойынша бірлескен жұмыс Қазақстандағы еңбек саласының әлеуметтік әділеттілігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Жұмыс сапары аясында Асқарбек Ертаев ХЕҰ-ның басқа өкілдерімен және сарапшыларымен кездесулер өткізді.
Осылайша, вице-министр ХЕҰ Халықаралық еңбек нормалары департаментінің директоры Коринн Варгамен ХЕҰ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – EХӘҚМ), Кәсіподақтар федерациясы және «Paryz» Жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясы қол қойған Қазақстан Республикасында лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі бірлескен Жол картасын іске асыру жөніндегі аралық нәтижелер мен алдағы жоспарларды талқылады.
Құжат еңбек қауіпсіздігі нормаларын сақтау, еңбек саласында әлеуметтік диалог құру, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шараларымен қамтамасыз ету және т.б. бөлігінде өзара әрекеттің негізгі бағыттарын айқындайды.
ХЕҰ Халықаралық оқу орталығының директоры Кристоф Перренмен серіктестік орнату және осы ұйымның Қазақстандағы филиалын ашу мүмкіндігі талқыланды.
Еуропа және Орталық Азия үшін ХЕҰ өңірлік бюросының директоры Беате Андрееспен келіссөздер барысында лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасын іске асыру барысы, оның ішінде нақты нәтижелер: мемлекеттік еңбек инспекциясын ЕХӘҚМ қарамағына беру, заңнамаға жұмыс берушілер мен қызметкерлер бірлестіктерінің құқықтарын кеңейтетін өзгерістер енгізу және т. б. мәселелер көтерілді.
Асқарбек Ертаевтың жұмыс сапары барысында ХЕҰ-ның еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросының директоры Мария Хелена Андремен және ХЕҰ-ның жұмыс берушілер қызметі жөніндегі бюросының директоры Дебора Франс-Массинмен кездесулер жоспарланған.
Сонымен қатар, вице-министр ХЕҰ Халықаралық еңбек конференциясының 113-ші пленарлық сессиясында сөз сөйлейді, онда әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын қалыптастыру және қолдау бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісетін болады.
ҚР Үкіметінің қаулысымен Ертаев Асқарбек Маратұлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі болып, ал Шегай Виктория Вильгельмовна Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Еңбек министрлігінде өткен аппарат отырысында ведомство басшысы Светлана Жақыпова мәлімдеп, жаңа вице-министрдің алдына бірқатар міндеттер қойды.
Асқарбек Ертаев бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған.
Вице-министр болып тағайындалғанға дейін Виктория Шегай Еңбек министрлігінің Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментін басқарған. Сондай-ақ, әр жылдары ол «МЖЗҚ» ЖАҚ, «БЖЗҚ» АҚ, «МӘСҚ» АҚ және Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді.
«Сіз біздің министрлікте ұзақ уақыт жұмыс істеп, ең күрделі басқармалардың бірін басқардыңыз. Вице-министр ретінде сіз азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету және әлеуметтік сақтандыру бойынша жұмысты қадағалайтын боласыз. Сондай-ақ халықты әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық-әлеуметтік сараптама, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және инклюзивті саясатты қалыптастыруға жауапты боласыз», – деді жаңа вице-министрді таныстырған Светлана Жақыпова.
HR Enbek еңбек ресурстары порталында жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы арасында электрондық ұжымдық шартты (бұдан әрі – ЭҰШ) жасасу мүмкіндігі бар.
Кәсіподақ өкілі порталдағы жеке кабинетте ұжымдық шарт жобасын жасайды және оны жұмыс берушіге келісу үшін жібереді. Жұмыс беруші ЭҰШ жобасын бекіткен кезде ол еңбек заңнамасының сақталуын тексеру үшін автоматты түрде мемлекеттік еңбек инспекторының жеке кабинетіне жіберіледі. Мемлекеттік инспектор бекіткеннен кейін құжатқа жұмыс беруші қол қоя алады.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін жүйе ЭҰШ-пен жұмыстың барлық кезеңдерінде: жобаға қол қойғанда, оны қайта қарауға жіберген кезде, мемлекеттік еңбек инспекторы құжатты қабылдағаннан немесе қабылдамағаннан кейін автоматты түрде жұмыс берушіге және кәсіподақ ұйымына хабарламалар жібереді.
Қол қойылған ЭҰШ кәсіподақ үшін де, жұмыс беруші үшін де көруге және жүктеп алуға қолжетімді болады. Оның түпнұсқалығын электронды құжатта орналастырылған QR коды арқылы тексеруге болады.
Ұжымдық шарттардың электрондық форматын енгізу еңбек қатынастарының заңдылығы мен ашықтығын арттыруға, жұмыс берушінің қабылдаған міндеттемелердің орындалуына бақылауды қамтамасыз етуге, жұмыс орындарының сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ «АМАНАТ» партиясы өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесу барысында вице-министр әлеуметтік-еңбек саласында қолданылатын бірқатар негізгі цифрлық шешімдерді ұсынды.
Қатысушыларға мына бағыттар бойынша мәліметтер берілді: Нақты уақыт режимінде кадрларға қажеттілікті талдайтын және болжайтын, инвестициялық жобаларды іске асыру тиімділігін үйлестіруді, сапаны бақылауды және мониторингті қамтамасыз ететін жобалардың инновациялық навигаторы; Кәсіпорындардың цифрлық картасы – кәсіпорынның паспортын, қызметкердің профилін, өндірістік және әлеуметтік параметрлерін көрсететін, сондай-ақ скорингке негізделген еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасын қамтитын құрал; еңбек жанжалдарының алдын алу модельдері; Отбасының цифрлық картасы – отбасылардың әл-ауқатының деңгейін бағалау және мұқтаж адамдарға қолдау шараларын белсенді көрсету тетігі; «Еnbek.kz» электрондық еңбек биржасы – цифрлық мемлекеттік қызметтерді, бос орындар мен түйіндемелер бойынша талдауды, басқа порталдармен интеграцияны, сондай-ақ түлектер мен мектеп оқушыларына "Менің жазғы каникулым" платформасы арқылы өндірістік практика ұйымдастыру және жұмысқа орналастыру бойынша жобаларды қамтитын жұмыс іздеудің ең ірі онлайн-платформасы.
Кездесуге қатысушылар ұсынылған цифрлық шешімдерді жоғары бағалап, олардың халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік саясат пен жүйелі жұмыстың тиімділігін арттырудағы әлеуетін атап өтті.
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Павлодар облысында 743 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 23206 нысан толықтай бейімделген.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында 743 нысан бейімделді. 2025 жылдың соңына дейін тағы 299 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімділері:
- денсаулық сақтау объектілері– 76;
- білім беру нысандары – 321;
- мәдениет нысандары – 42;
- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 173;
- спорт нысандары – 87;
- әлеуметтік қорғау объектілері – 12;
- сауда нысандары менойын-сауық орталықтары – 32.
«Біз, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, емханаларға еш қиындықсыз кіре алу өте маңызды. Қазір бұл шындыққа айналды – мысалы, біздің қалада №3 және №4 қалалық емханалар мен «Мойылды» шипажайы бейімделген», – деп Павлодар қаласының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедектігі бар Ерлан Құрманғазин ойымен бөлісті.
Бұдан басқа, Павлодар облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті 2025 жылдың басынан бастап профилактикалық бақылау шеңберінде 6 және жоспардан тыс бақылау шеңберінде 1 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 7 нұсқама енгізілді.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.