Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
03 октября 2024
Skills Enbek платформасында Influencers-тің жастарға арналған курстары қолжетімді болады

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен Influencers әлеуметтік-білім беру платформасы ынтымақтастық туралы келісім жасады. Жаңа серіктестік аясында Influencers әзірлеген бейнематериалдар мен оқыту бағдарламалары Skills Enbek платформасына орналастырылады.

Қазірдің өзінде Skills Enbek пайдаланушылары үшін Influencers сарапшыларының қаржылық сауаттылық курстары қолжетімді. Осы ынтымақтастық алдағы уақытта жеке және кәсіби өсу үшін, әсіресе жастар үшін білім беру процесінің және басқа курстардың мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Skills Enbek платформасы үнемі даму үстінде және азаматтардың жаңа білім алуы мен оларды тың дағдыларға үйрету тұрғысынан мүмкіндіктерін кеңейтуде. Біздің пайдаланушыларымыздың шамамен 40%-ы жастар. Олар үшін курстардың өзектілігі, әртүрлілігі мен сапасы ерекше маңызға ие», – деп атап өтті «ЕРДО» АҚ Басқарушы директоры Ольга Киселева.

Skills Enbek іске қосылған сәттен бастап түрлі бағыттар бойынша 608 курс орналастырылды, оның 276-ы тегін. Платформада қазірдің өзінде 474 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, олардың 390 мыңнан астамы оқуды сәтті аяқтап, тиісті сертификаттар алды.

03 октября 2024
Skills Enbek платформасында 89 мыңнан астам қазақстандық оқыды

2024 жылдың басынан бастап 89,1 мың азамат, оның ішінде 44,5 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында (бұдан әрі – Платформа) онлайн-курстардан өткені туралы сертификат алды. Платформада барлығы 474 мың қазақстандық тіркелген, оның 113,4 мыңы – 2024 жылы тіркелді.

Оқудан өткен 44,5 мың жұмыссыз азаматтың 13,8 мыңға жуығы негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстарының және Шымкент қаласының жастары.

Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 608 курс жариялады, оның 276-ы тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore, Fluent Education және Яндекс.Қазақстан серіктестерінің курстары бар.

Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Қыркүйек айындағы ең көп сұранысқа ие курстар – «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе», «Продавец», «Построение отдела продаж в отеле», «Основы социальной работы» және «Управление персоналом».

Платформада мемлекеттік қызмет, әлеуметтік қызмет көрсету, SMART SKILLS және т.б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе enbek.kz сайтындағы «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы тікелей қол жеткізуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы принципін дербес таңдайды, білім беру үдерісіндегі өзінің ілгерілеуін бақылай алады.

Білім алушы үшін артықшылықтар: кеңейтілген курстарды іздеу, сабақтың түсінікті құрылымы, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.

Алынған сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші Платформада сәтті оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.

Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Платформа ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігін болжайды.

Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарауға қолжетімді, сертификаттардың әртүрлі дизайны көзделген, сондай-ақ оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.

2023 жылдың желтоқсан айынан бастап курстарды Enbek мобильді қосымшасы арқылы оқуға болады, қосымшаны Google Play және App Store-дан жүктеуге болатынын естеріңізге саламыз.

Платформада тіркелу және жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуды сұраймыз: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878, 888).

02 октября 2024
Мүгедектікті белгілеу бойынша 68 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды

2024 жылдын басынын бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 68,8 мыңнан астам өтінім қаралды. Бүгінгі күні сырттай форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.

2023 жылы 76,4 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 30,4%-ын құрайды.

Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асыруда.

Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

Сырттай куәландыруға көшу:

- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;

- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;

- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;

- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

01 октября 2024
О. Анафин елордалық зейнеткерлер мен ардагерлерді Қарттар күнімен құттықтады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ Астана қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына арнайы барды. Ол зейнеткерлерді Қарттар күнімен құттықтады.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның қызметі егде жастағы азаматтардың бос уақыты мен мәдени демалысын ұйымдастыруға бағытталған.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында түрлі секциялар мен үйірмелер ұйымдастырылып, 20 бағыт бойынша сабақтар өткізіледі, жаттығу залы, компьютерлік сыныптар, вокал және шығармашылық шеберлікпен айналысуға арналған арнайы жабдықталған залдар да бар.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылған сәттен бастап 11,5 мыңнан астам қарт азамат тіркелген, оның 3,4 мыңы биыл тіркелді.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына арнайы барған вице-министр зейнеткерлерді Қарттар күнімен құттықтап, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атынан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына естелік сыйлық табыс етті.

Сондай-ақ, Олжас Анафин Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен Анатолий Шмаков пен Сарқыт Әбдірахманованың үйінде болды. Вице-министр ардагерлерге ҰОС кезеңіндегі қажырлы еңбектері мен ел игілігі үшін көп жылғы еңбегі үшін алғыс айтып, зейнеткерлерге зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі. Олжас Анафин Еңбекмині атынан қарияларға гүл шоқтары мен азық-түлік жиынтықтарын табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, зейнеткерлік жастағы адамдарды белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге әлеуметтендіру мақсатында республикада 92 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді, оның бесеуі Астана қаласында орналасқан. Елорданың бес ауданындағы орталықтарға күн сайын 1500-ге жуық адам келеді.

Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық іс-шаралар
01 октября 2024
А. Ертаев Оңтүстік Кореялық әріптестерімен еңбек көші-қоны мәселелерін талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары аясында Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігінің өкілдерімен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстанды Оңтүстік Кореядағы еңбекке рұқсат беру жүйесіне – Employment Permit System (бұдан әрі – EPS) енгізу мәселелерін талқылады.

«Қазақстан мигранттардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау үшін құқықтық базаны одан әрі жақсартуға бағытталған бірқатар кешенді шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Алматы қаласында Корея Республикасында жұмыс істегісі келетін Қазақстан Республикасының азаматтарын кәсіптік және тілдік даярлау бойынша көпсалалы орталық құрылуда», – деді Асқарбек Ертаев.

Сондай-ақ, ол техникалық мамандықтар бойынша тестілеу, медициналық тексеру, біліктілікті арттыру бойынша оқытуға дайын бірқатар әлеуметтік және өндірістік объектілер анықталғанын хабарлады.

«ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп заңсыз көші-қонның жолын кесуге және заңды еңбек қызметін кеңейту үшін жағдай жасауға бағытталған шараларды күшейту мәселелері пысықталуда», – деп толықтырды вице-министр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігінің өкілдері Қазақстанды EPS жүйесіне қосу туралы ниетін тағы да растады, бұл Қазақстан азаматтарына жасалған еңбек шарттары шеңберінде Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті, бұл шетелде жұмысқа орналасуға ұмтылатын қазақстандық азаматтар үшін жағдайды жақсартуға, сондай-ақ олардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

01 октября 2024
С. Жақыпова аға буын өкілдерін Қарттар күнімен құттықтады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еліміздің зейнеткерлерін Қарттар күнімен құттықтап, аға буын өкілдеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбітшілік пен амандық тіледі.

«Ардақты зейнеткерлер, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан сіздерді шын жүректен Қарттар күнімен құттықтаймын! Бұл ерекше күн сіздердің қоғамдағы баға жетпес рөлдеріңізді және оның дамуына қосқан маңызды үлестеріңізді еске салады.

Аға буын өкілдері – еліміздің алтын қоры, отансүйгіштік, үлкен шыдамдылық пен нық сенімнің нағыз үлгісі болатын даналық пен дәстүрді сақтаушылар. Біз сіздердің жас ұрпаққа беретін баға жетпес өнегелеріңізді ерекше бағалаймыз. Сіздердің еңбекқорлықтарыңыз, отбасы мен қоғам алдындағы адалдықтарыңыз бәрімізге үлгі.

Қарттарға қамқорлық жасау мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға ілгерілеп индекстеледі. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар қабылдануда. Президент тапсырмасы бойынша базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60% - ынан 65% - ына дейін, ал ең жоғары мөлшері – 100% - ынан 105% - ына дейін ұлғайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қарттарды қолдауға, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру мен қоғамдық өмірге тарту бойынша іс-шаралар әзірленуде. Елімізде 92 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, олар белсенді жұмыс істеуде. Онда қазыналы қарттарымыз қызығушылықтарына қарай түрлі дәрістер таба алады.

Құрметті ардагерлер мен зейнеткерлер, осы айтулы әрі тамаша мереке күні Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр, амандық пен береке тілеймін! Қарты бар үйдің – қазынасы бар. Әр күндеріңіз жақсылыққа, жақындарыңыз бен туыстарыңыздың мейірімділігіне толы болып, Жылдан жылға қуанышты күндеріңіз көп болғай, жүздеріңізден ешқашан күлкі кетпесін», – делінген Светлана Жақыпованың ақжарма құттықтауында.

01 октября 2024
Қазақстандағы қарттарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы

Жыл сайын дүние жүзінде, оның ішінде Қазақстанда 1 қазан Халықаралық қарттар күні ретінде аталып өтеді. Республикада жасы бойынша 2,4 миллионнан астам зейнеткер тұрады. Әрбір азаматтың лайықты қартаюын қамтамасыз ету – Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі.

Мемлекет аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды дәйекті түрде қабылдауда.

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға ілгері индекстеледі.

Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылардың мөлшері 9%-ға ұлғайтылды және ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақының мөлшері арттырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-ынан 65%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 105%-ына дейін арттырылды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асыруда.

Республикада 92 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істеуде. Орталықтардың жұмысына істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 2024 жылға 5,9 млрд теңгені құрады.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), қарттардың еркіндігін қамтамасыз етуге, қоғам өміріне қатысуға бағытталған.

1 қазанда елімізде Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін және басқаларды өткізетін болады.

Сонымен қатар Қарттар күніне орай Астана қаласында, Ақмола (ең төменгі зейнетақы алушыларға), Қарағанды (75 жастан асқан азаматтарға), Павлодар (ең төменгі зейнетақы алушыларға және 80 жастан асқан азаматтарға), Шығыс Қазақстан (90 жастан асқан азаматтарға), Маңғыстау (70 жастан асқан азаматтарға 25 қазанға қарсы), Түркістан (жалғызбасты зейнеткерлерге және 100 жастан асқан азаматтарға) облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында (70 жастан асқан азаматтарға және мүгедектігі бар адамдарға) 235,8 мың адамды қамти отырып, жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады.

Жалпы, биыл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға 12,4 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттерден – 11,8 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,6 млрд теңге), оның ішінде:

- азық-түлік жиынтығын ұсынуға – 229,4 млн теңге (26,5 мың адам);

- жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 2 млрд 318 млн теңге (62,2 мың адам);

- тіс протездеуге – 515,5 млн теңге (3,9 мың адам);

- санаторийлік-курорттық емдеуді ұсынуға – 3 млрд 448 млн теңге (23,3 мың адам);

- тұрғын үйді жөндеуге – 31,4 млн теңге (189 адам);

- отынмен қамтамасыз етуге – 75,6 млн теңге (2,6 мың адам);

- жалпы пайдаланудағы көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға – 5 млрд 179 млн теңге (409,9 мың адам);

- көмектің басқа түрлеріне – 638,4 млн теңге (81,5 мың адам).

Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында жарияланғанын естеріңізге сала кетейік.

Оны өткізудің басты мақсаты – қариялардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және мойындау, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне назар аудару, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігі, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.

30 сентября 2024
Қазақстанда 100 жастан асқан 420-дан астам адам бар

Елімізде 100 жасаған және одан да үлкен жастағы 423 азамат бар. Жасы ең үлкен кейуана Ұлытау облысында тұрады, ақ жаулықты әжеміз биыл 114 жасқа толған туған күнін атап өтті.

Әдетте, ең көп өмір сүретіндер еліміздің оңтүстік өңірінде көбірек деуге болады. Мәселен, Түркістан облысында 100 және одан жоғары жастағы 64 адам бар екенін айта кету керек.

Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша еліміздегі екінші орында ең ірі қаламыздың бірі – Алматы. Қазір Алматы қаласында 100 жастан асқан 48 адам тұрады.

Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам тұрады.

Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 114 жас, Павлодар облысы – 112 жас, Түркістан облысы – 110 жас кірді.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялады.

Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және тану, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.

 

27 сентября 2024
Еліміздегі жалпы еңбек өтілі 3,3 мың жылдан асатын үздік еңбек әулеттері

Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Дәстүр бойынша экономиканың көптеген салаларында өз отбасыларында кәсіби дағдыларды ұрпақтан-ұрпаққа беретін еңбек әулеттері қалыптасуда. Республикамызда осындай жүздеген әулеттер бар, олардың ішіндегі ең ірілерінің жалпы еңбек өтілі 3,3 мың жылдан асты.

3,4,5 және одан да көп буын бойына ондаған мың еңбек сағаттарында жинақталған тәжірибені отандық мамандар жинақтап, өз ұрпағына аманаттайды. Қазақстанда өз өмірін белгілі бір кәсіпке арнаған әулеттерге ерекше құрметпен қарайды.

Мәселен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бастап жыл сайын Еңбек күнін мерекелеуге және «Еңбек адамын» құрметтеуге орайластырылған «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткізеді, ол нәтижелі еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды кеңінен насихаттауға және жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.

Әр жылдары байқауда түрлі салалар мен кәсіпорындардың жұмыскерлері марапатталады.

Мысалы, 2022 жылы Тукубаевтар әулеті марапатталды – олардың жалпы еңбек өтілі 600 жылға жуық. Әулеттің негізін қалаушылар өткен ғасырдың 30-жылдарында теміржол саласында еңбек ете бастаған, олар Түркістан-Сібір магистралінің құрылысына қатысқан.

Өткен жылы тағы бір «теміржолшылар» әулеті – Амангелдиндер отбасы атап өтілді. 4 ұрпақ теміржолда жарты мың жылдан астам жұмыс тәжірибесін жинақтап, бірнеше рет түрлі кеңестік және қазақстандық наградалардың, ордендер мен медальдардың иегерлері атанды. 

Тағы бір ерекше мысал – Құрманғалиевтер отбасы. Олардың еңбек әулеті марапаттау кезінде орман шаруашылығы саласында 458 жылға жуық еңбек өтілін «жинағаны» және төрт буында 25 өкілден тұратыны айтылды.

Сондай-ақ, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-да еңбек ете отырып, Павлодар облысында электр энергиясын өндірудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге 3 ұрпақ бойы атсалысып келе жатқан Сейтжановтар әулетін атап өтуге болады. Олардың жиынтық еңбек өтілі 200 жылға жуықтады.

27 сентября 2024
29 қыркүйек - Қазақстандағы Еңбек күні

Қазақстанда 2014 жылдан бастап қыркүйектің әр соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Бұл өзінің адал еңбегімен егемен еліміздің экономикасының негізін қалаған, сондай-ақ «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын» дамытуға үлес қосқан еңбекқор жандарға алғыс білдіруге арналған мереке.

Еңбек күні әлемнің 100-ден астам елінде атап өтіледі, ал кейбір елдерде ол мемлекеттік мереке мәртебесіне ие. Қазақстанда биыл мереке 29 қыркүйекке сәйкес келеді.

Жыл сайын Еңбек күнін мерекелеу қарсаңында түрлі іс-шаралар өткізіледі, оның мақсаты қоғамдағы «Еңбек адамы» мәртебесін арттыру және еңбек өнімділігін ынталандыру; кәсіпорындар мен ұйымдарда жаңа еңбек әулеттерін қалыптастыру үшін еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру, сондай-ақ жастарды еңбекке құрметпен қарау, еңбек дәстүрлерін сақтау және көбейту рухында тәрбиелеу.

Сондай-ақ, өңірлерде еңбек ардагерлері, өндіріс озаттары және т.б. алғыс хаттармен және өзге де көтермелеу шараларымен марапатталады.

«Еңбек күні – күнтізбедегі атаулы күн болғанымен бірге, бұл жұмыс сапасының көрсеткіші. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде, атап айтқанда, олар: бұл тұрақты жұмыспен қамту, қауіпсіз жұмыс ортасы, еңбекақының лайықты деңгейі, әлеуметтік кепілдіктер.

Биыл Еңбек күнін мерекелеудің негізгі миссиясы әрбір қазақстандық отбасы мен тұтастай мемлекеттің әл-ауқаты, сондай-ақ тұрақтылығының кепілі ретінде адал және асыл еңбек идеясын дамыту болып табылады» – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Мерекенің жалпы тұжырымдамасы еңбек құндылықтарын кеңінен ілгерілетуге және олардың мәртебесі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, «Еңбек адамына», әртүрлі кәсіптер мен мамандықтардағы адамдарға құрметпен қарауды қалыптастыруға арналған. Бұл үндеу Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сөздерімен ұштастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек күнін мерекелеуге арналған республикалық форум өткізіп келеді. Форум аясында «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздарына құрмет көрсету мен зейнеткерлік жасқа толған және еңбек қызметінде ең жоғары нәтиже көрсеткен еңбек ардагерлерін «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау өткізіледі.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы