Меню
Страницы
Министрлік туралы
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Комитеттер
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
29 сентября 2026
Еңбек министрлігі Кай-Фу Лимен жұмыспен қамту және кадр даярлау саласында жасанды интеллекті қолдану мәселелерін талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, Sinovation Ventures басқарма төрағасы, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, доктор Кай-Фу Лимен кездесті.

Тараптар жасанды интеллектіні жұмыспен қамту, кадрларды даярлау және қайта даярлау салаларында кеңінен қолдану, сондай-ақ қазақстандықтардың қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бойынша практикалық дағдыларын дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында AI Earners бағдарламасы таныстырылды. Бағдарлама «дағды → тапсырыс → расталған табыс» қағидатына негізделген. Оның негізгі мақсаты азаматтардың жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуді үйренуін нақты бизнес тапсырмаларын орындаумен байланыстыру. Яғни адам алған білімін іс жүзінде қолданып, қажетті дағды қалыптастырады. Бұл дағдыларды жұмысқа орналасу, өз бетінше еңбек ету және табыс табу үшін пайдалануға болады.

Асқарбек Ертаев доктор Кай-Фу Ли мен оның командасының заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Министрлік әлеуметтік-еңбек саласында жасанды интеллектіні қолдану аясын кезең-кезеңімен кеңейтіп келе жатқанын айтты.

«Біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға үлкен мән береміз. Әлеуметтік саясатта әр адамға жеке көзқарас қажет. Сондықтан цифрлық шешімдер ең алдымен азаматтардың қажетіне жұмыс істеуі керек. Бүгінде біз жасанды интеллектіні жұмыспен қамту, мемлекеттік қызметтер көрсету және әлеуметтік қорғау салаларында қолданып келеміз. Ендігі маңызды қадам – жасанды интеллект мүмкіндіктерін адам капиталын дамытуға пайдалану. Яғни азаматтарға сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге, жұмысын тезірек табуға және табыстың жаңа көздерін қалыптастыруға көмектесу. Біз үшін технологияның адамға нақты мүмкіндік беріп, нақты нәтиже әкелуі маңызды», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Министрлікте заманауи цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі – Цифрлық жұмыспен қамту қызметі. Жасанды интеллектінің көмегімен бұл жүйе жұмыссыз азаматтарды алдын ала анықтап, олар мансап орталығына жүгінбей-ақ, өздеріне сәйкес бос жұмыс орындарын, оқыту бағдарламаларын және жұмыспен қамтуға арналған басқа да шараларды ұсынады. Жеке ұсыныстар азаматтың білімі, еңбек өтілі және кәсіби дағдылары ескеріле отырып қалыптастырылады. Соңғы екі айда жасанды интеллект көмекшісінің көмегімен 3 мың адам жұмысқа орналасты.

Жасанды интеллект атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, мемлекеттік қызметтер көрсету, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу және кәсіптік стандарттарды әзірлеу кезінде де қолданылып келеді. Атап айтқанда, медициналық-әлеуметтік сараптама барысында жасанды интеллект көмегімен 150 мыңнан астам өтініш өңделді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні пайдалана отырып 120-дан астам кәсіптік стандарт әзірленіп, қазір олар келісу және бекіту кезеңінен өтіп жатыр.

Министрлік азаматтардың жаңа дағдыларды меңгеруіне және кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға да көңіл бөледі. Skills Enbek платформасында әртүрлі бағыттар бойынша 600-ден астам оқу курсы азаматтарға тегін ұсынылады. Жыл басынан бері бұл курстарда 100 мыңнан астам қазақстандық білім алды. Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкіндіктері Business Enbek платформасы арқылы да ұсынылады.

Өз кезегінде доктор Кай-Фу Ли жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жұмыспен қамтудың жаңа үлгілерін дамытуда Қазақстанның мүмкіндігі жоғары екенін айтты.

«Жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, адамдар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер де қалыптастыра алады. Бұл ретте оқыту нақты тәжірибемен және еңбек нарығындағы сұраныспен байланысты болуы маңызды. Адам қажетті дағдыларды меңгереді, нақты тапсырманы орындайды және алған білімін табысқа айналдыра алады. Қазақстанның адами әлеуеті жоғары. Сондықтан мұндай тәсілдерді дамыту ішкі нарықта да, халықаралық деңгейде де жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін», – деді Кай-Фу Ли.

Кездесуде таныстырылған AI Earners моделі нақты жобалар арқылы оқытуды, біліктілікті бағалауды және нақты тапсырмаларға сәйкес орындаушыларды іріктеуді көздейді. Платформа практикалық жасанды интеллект дағдыларын меңгерген азаматтарды қазақстандық бизнес, мемлекеттік ұйымдар және шетелдік тапсырыс берушілер тарапынан болатын ақылы сұраныспен байланыстыруға бағытталған.

Сондай-ақ тараптар жаңа тәсілдерді іске асыруға жұмыспен қамту жүйесінің қатысу мүмкіндіктерін де қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар адам капиталын дамыту, жұмыспен қамтуды арттыру және азаматтарға табыс табудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру үшін жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы ынтымақтастықтың нақты тетіктерін одан әрі пысықтауға келісті.

29 сентября 2026
БҚО-да мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту жобасы іске қосылды

Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға бағытталған жоба іске қосылды. Жоба оңалту көмегінің қолжетімділігін арттырып, баламен күнделікті үй жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беруді көздейді.

Куәландырудан және қайта куәландырудан өтіп жатқан мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдеріне жобаға қатысу мүмкіндігі туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Отбасы жобаға қатысуға ниет білдірген жағдайда, мамандар баланың заңды өкіліне жобаның шарттары мен қатысу тәртібін түсіндіреді. Одан кейін мамандар баланың жеке қажеттіліктері мен функционалдық мүмкіндіктерін бағалайды. Бағалау нәтижесіне қарай балаға қажетті инновациялық техникалық оңалту құралы (ИТОҚ) таңдалады.

Бұл ретте мамандар тек қажетті құралды таңдауға емес, оны дұрыс қолдануға да мән береді. ИТОҚ берілмес бұрын баланың заңды өкіліне құралды қауіпсіз пайдалану және оны үй жағдайындағы оңалту кезінде қолдану тәртібі түсіндіріледі.

Аталған жобаның алғашқы қатысушысы да анықталды. Орал қаласының тұрғыны Құжырғали Ғибратқа жеке қажеттіліктеріне сәйкес оңалту құралы таңдалып, оны үй жағдайында пайдалану үшін берілді. Баланың анасы Тұрсынгүл Андешова жоба баласының оңалуына оң әсер ететініне сенім білдірді.

«Жобаның Орал қаласында іске қосылғанына қуаныштымын. Мемлекет тарапынан баламызға қажетті оңалту құралын жеке қажеттілігіне қарай таңдап, үй жағдайында пайдалануға мүмкіндік берілгеніне ризамын. Мамандар бізге құралды дұрыс пайдалану жолдарын түсіндіріп, қажетті оқыту жүргізді. Үй жағдайында тұрақты түрде қолдану баламыздың оңалуына оң әсер етеді деп сенеміз. Алдағы уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге үміттіміз. Осындай мүмкіндік жасаған мамандарға алғысымызды білдіреміз», – дейді Тұрсынгүл Бейбітқызы.

Дұрыс таңдалған техникалық құралдарды үй жағдайында пайдалану баланың қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға, дене қалпын дұрыс ұстауына, өздігінен әрекет етуіне және күнделікті өмірге белсендірек қатысуына көмектеседі.

Жобаға қатысу үшін Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Зачаганск кенті, 3-шағын аудан, 21-құрылыс мекенжайында орналасқан «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығына жүгінуге болады.  

Айта кетейік, бүгінгі таңда жоба Павлодар, Абай және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында іске асырылуда.

28 сентября 2026
Қазақстанда балаларға протездік-ортопедиялық бұйымдар тегін беріледі

Қазақстанда протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж балаларға медициналық көрсетілімдеріне сәйкес жеке өлшеммен жасалған протездік-ортопедиялық бұйымдар тегін беріледі. Бұл жұмыс – әлеуметтік қорғау жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі. Көмек ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы базасында көрсетіледі.

Протездік-ортопедиялық көмек тірек-қимыл жүйесінде бұзылыстары бар балалардың қозғалысын қолдауға, дене бөліктерінің қызметін түзетуге және оңалтудың нәтижесін жақсартуға бағытталған. Мұнда басты назар әр балаға жеке қарауға аударылады. Яғни бұйым баланың денсаулығына, дене бітімінің ерекшеліктеріне және нақты қажеттілігіне қарай таңдалып, жеке өлшемімен дайындалады.

Протездік-ортопедиялық көмектің негізгі түрлерінің бірі – ортездеу. Ортез – дененің белгілі бір бөлігін ұстап тұруға, тұрақтандыруға немесе дұрыс қалыпқа келтіруге көмектесетін арнайы медициналық бұйым. Ол сондай-ақ денеге түсетін салмақты азайтуға көмектеседі.

Баланың медициналық көрсетіліміне қарай табанға, тобыққа, тізе буынына, балтырға, аяқтың толық бөлігіне, сондай-ақ қолдарға арналған ортездер жасалуы мүмкін. Балаға қандай ортез қажет екенін маман тексеру нәтижесіне қарай анықтайды.

Ортез баланың жеке өлшемі бойынша жасалады. Бұл балалар үшін өте маңызды, себебі бала өскен сайын дене бітімі мен қозғалысқа деген қажеттілігі де өзгереді. Сондықтан мамандардың міндеті дайын бұйымды бере салу емес, баланың дене ерекшелігіне сәйкес келетін ортез дайындау. Дұрыс таңдалған ортез баланың қозғалысын қолдап, оңалту шараларының тиімді өтуіне көмектеседі.

Ортезді баланың жасына, суретіне немесе сыртқы белгілеріне қарап өз бетінше таңдауға болмайды. Алдымен маманға қаралу қажет. Маман баланың денсаулығын, қозғалу мүмкіндігін бағалап, ортездің қажет-қажет еместігін анықтайды. Содан кейін қажетті бұйымның түрі таңдалып, баланың жеке өлшемдері алынады. Осы өлшемдер бойынша ортез дайындалады.

Протездік-ортопедиялық көмек алуға құқығы бар азаматтарға жеке өлшеммен жасалатын бұйымдар медициналық көрсетілімдерге және белгіленген тәртіпке сәйкес тегін беріледі. Бұл отбасыларға қажетті бұйымды қосымша шығынсыз алуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, егер протездік-ортопедиялық көмек алу үшін басқа елді мекенге бару қажет болса, жол шығындарын өтеу қарастырылған. Жол шығындары жылына екі реттен артық өтелмейді. Ал ұсақ протездік-ортопедиялық құралдарды алу кезінде жол шығыны бір рет өтеледі. Сондай-ақ баланың протездік-ортопедиялық көмек алуына байланысты оны алып барған адамның жол шығыны да бір рет өтеледі.

Осылайша, мемлекеттік қолдау баланың қажеттілігін анықтаудан бастап, маманның кеңесі, жеке өлшем алу, бұйымды дайындау және қажет болған жағдайда көмек көрсетілетін жерге бару шығындарын өтеуге дейінгі процесті қамтиды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ата-аналарға: егер балаға ортез немесе басқа да протездік-ортопедиялық бұйым қажет болса, ең алдымен маманға жүгінуге кеңес береді. Балаға дұрыс таңдалып, жеке өлшемімен жасалған бұйым оның қозғалысын сақтауға, күнделікті өмірде өздігінен әрекет етуіне және оңалту нәтижесін жақсартуға көмектеседі.

27 сентября 2026
Мамандық таңдаудан еңбек жағдайына дейін: Қазақстанның жұмыспен қамту нарығы қалай өзгеріп жатыр

Қазақстанның еңбек нарығы біртіндеп өзгеріп келеді: сұранысқа ие дағдылардың маңызы артып, жұмыс берушілер мен кадр даярлау жүйесінің өзара байланысы күшейіп, цифрлық құралдар лайықты жұмысты тезірек табуға мүмкіндік беруде. Бұл үдерістердің өзегінде мамандық таңдаудан бастап, біліктілік алуға, жұмысқа орналасуға және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге дейінгі адам факторы тұр.

Адам үшін жұмыс – тек табыс көзі ғана емес, кәсіби дағдыларын іске асыруға, дамуға және болашаққа жоспар құруға мүмкіндік беретін маңызды өмірлік мәнге ие. Сондықтан еңбек нарығының жай-күйін кешенді түрде бағалау қажет. Яғни экономикаға қандай мамандар қажет, кадр даярлау жүйесі осы сұранысқа қаншалықты сәйкес келеді, адам жұмысын қалай табады және кейін қандай жағдайда еңбек етеді деген мәселелерге назар аударылады.

2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда 9,4 млн адам жұмыспен қамтылды, жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығындағы жалпы ахуалды көрсетеді. Сонымен қатар жұмыспен қамтудың сапалық сипаттамалары да маңызды. Олардың қатарында жұмыстың тұрақтылығы, еңбекақы деңгейі, еңбек құқықтарының сақталуы және қауіпсіз еңбек жағдайлары бар.

Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – сапалы жұмыс орындарының санын арттыру. Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай олардың санын 3,8 млн-ға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай жұмыс орындарының саны шамамен 2,9 млн болды.

Сапалы жұмыс орындарына жылына кемінде алты ай жұмыспен қамтуды, өңірдегі медианалық жалақыдан төмен емес еңбекақыны, қауіпсіз еңбек жағдайларын және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін жұмыс орындары жатады. Яғни мәселе тек жаңа жұмыс орындарын құруда емес, олардың сапасы мен тұрақтылығын арттыруда да болып отыр.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауынша, 2035 жылға дейін экономикаға шамамен 2,9 млн кадр қажет болады. Мұндай болжам салалар мен өңірлердің мамандарға деген перспективалық қажеттілігін алдын ала айқындауға және оны кадр даярлау жүйесін қалыптастыру кезінде ескеруге мүмкіндік береді.

Бұл ретте жұмысшы мамандықтарына ерекше мән беріледі. Заманауи өндіріс құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын, күрделі технологиялық операцияларды орындайтын және жаңа өндірістік технологияларды меңгеретін мамандарды қажет етеді.

Жұмыс берушілердің қазіргі сұранысы да осыны көрсетеді. 2026 жылғы тамызда Enbek.kz порталында орналастырылған бос жұмыс орындарының 42,3%-ы қызмет көрсету және сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларындағы білікті жұмысшы мамандықтарына, сондай-ақ жабдық операторлары мен машинистеріне тиесілі болды.

Еңбек нарығын дамытудың маңызды шарттарының бірі – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру. 1 305 адам қатысқан қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 76,2%-ы жұмысшы мамандарға деген өз көзқарасын жоғары немесе өте жоғары деп бағалаған.

Сонымен бірге сауалнамаға қатысқандардың 47,7%-ы жұмысшылардың қоғамда лайықты құрметке ие екенін атап өткен. Ал 41,2%-ы жұмысшы мамандықтары өкілдерінің тиісті деңгейде мойындалмайтынын айтқан. Елдің дамуы үшін аса маңызды мамандықтар мен салалар туралы сұраққа жауап берген кезде респонденттер құрылысшыларды – 20,3%, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін – 16,7%, өнеркәсіп өндірісі мамандарын – 14,8% және электриктерді – 14,4% жиі атаған.

Білім беру мен кәсіптік даярлықтың жұмыс берушілер талаптарына сай болуы үшін кәсіптік стандарттар қолданылады. Олар маманның нақты жұмысты орындау үшін білуі, меңгеруі және қолдана алуы қажет білім, білік және дағдыларды айқындайды. Осы стандарттар негізінде колледждердегі білім беру бағдарламалары мен ересектерге арналған кәсіптік оқыту курстарының мазмұны жаңартылады.

Қазақстанда шамамен 4,5 мың кәсіпті қамтитын 864 кәсіптік стандарт бекітілген. Еңбек нарығы үнемі өзгеріп отыратындықтан, кәсіптік стандарттардың мазмұны да технологиялар мен өндірістік үдерістердің дамуына қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Бұл бағытта кәсіптер туралы ақпаратты талдауға және біліктілікке қойылатын талаптар жобаларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін цифрлық құралдар да қолданылады. Сонымен қатар кәсіптік стандарттардың мазмұнын бағалауға салалық өкілдер мен жұмыс берушілер қатысады. Өйткені нақты жұмыс орнында қандай дағдылардың қажет екенін, ең алдымен, солар айқындайды.

Қазіргі еңбек нарығында жаңа дағдыларды тек еңбек жолын бастамас бұрын ғана емес, жұмыс барысында да меңгеруге мүмкіндік бар. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша, оның ішінде тікелей жұмыс орнында және онлайн форматта жүргізіледі.

2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында Skills Enbek платформасында 99,5 мың адам оқуды аяқтады. Олардың 38,2 мыңы – тіркелген жұмыссыздар.

Бұл ретте оқуды аяқтау фактісінің өзі емес, оның нақты нәтижесі, яғни алған білімін іс жүзінде қолдану және жұмыс орнында орнығу мүмкіндігі маңызды. Мәселен, 2025 жылы жұмыс берушілердің өтінімі бойынша тікелей жұмыс орнында оқыған 2,5 мың адамның 1,8 мыңы жұмысқа орналасты. Ал кәсіпорындардың өтінімі бойынша білім беру ұйымдарында даярлықтан өткен 5,7 мың түлектің 3,4 мыңы жұмыспен қамтылды.

Сұранысқа ие біліктіліктің болуы адамның бірден лайықты жұмыс табатынын әрдайым білдірмейді. Жұмыс таңдау кезінде өңір, еңбекақы деңгейі, жұмыс берушінің талаптары, тәжірибе мен кәсіби дағдылар ескеріледі. Сондықтан жұмыспен қамту қызметі міндеттерінің бірі – азаматтың біліктілігі мен мүмкіндіктерін жұмыс берушілердің нақты сұранысымен сәйкестендіруге көмектесу, ал қажет болған жағдайда қосымша оқытуды ұсыну.

Қазақстанда осы мақсатта азаматтың білімі мен дағдылары туралы мәліметтерді пайдалана отырып, бос жұмыс орындары мен тиісті қолдау шараларын іріктейтін Цифрлық жұмыспен қамту қызметі дамып келеді. Жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында іске қосылды. Цифрлық шешімдер дамыған сайын ұсынылған бос жұмыс орындарының саны ғана емес, олардың азаматтың кәсіби бейініне қаншалықты сәйкес келетіні және тұрақты жұмыспен қамтуға қаншалықты мүмкіндік беретіні де маңызды болады.

Жұмысқа орналасу – үдерістің бір ғана кезеңі. Дәл осындай маңызды мәселелердің бірі – адамның өз құқықтары мен еңбек жағдайларын нақты білуі. Олардың қатарында еңбекақының мөлшері мен төлеу тәртібі, жұмыс және демалыс уақытының режимі, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек қауіпсіздігі талаптары бар.

Еңбек қатынастарының негізі – жұмыскер мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттерін бекітетін еңбек шарты. Қосымша талаптар, оның ішінде еңбекақы төлеу, оқыту және еңбек қауіпсіздігі мәселелері ұжымдық шартта да көзделуі мүмкін. 1 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 19 683 ұжымдық шарт цифрландырылды.

Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізіледі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік еңбек инспекторлары 3,6 мыңнан астам тексеру жүргізіп, нәтижесінде 36 мыңға жуық жұмыскердің құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылданды.

Бұл ретте қазіргі тәсіл тек анықталған бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмей, олардың алдын алуды да көздейді. Ықтимал еңбек тәуекелдерін ерте анықтау үшін Еңбек тәуекелдерінің картасы қолданылады. Бұл құрал, атап айтқанда, кадрлардың тұрақтамауы және міндетті зейнетақы мен әлеуметтік аударымдардың уақтылы жүргізілуі сияқты көрсеткіштерді талдауға мүмкіндік береді.

Алынған деректер мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан қосымша назар аударуды қажет ететін кәсіпорындарды айқындау үшін пайдаланылады. Өз кезегінде жұмыс берушілер анықталған тәуекелдер туралы ақпарат алып, оларды дер кезінде жоюға қажетті шараларды қабылдай алады.

Еңбек қауіпсіздігі де маңызды бағыттардың бірі. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 969 жұмыскер зардап шекті. Бұл көрсеткіш өндірістік жарақаттанудың алдын алу және әрбір жұмыс орнында қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету мәселелеріне тұрақты назар аударуды қажет етеді.

Кәсіптік тәуекелдерді бағалау, жұмыскерлерді қауіпсіздік талаптарына оқыту, еңбек қауіпсіздігі қағидаларын сақтау және міндетті сақтандыру – әртүрлі шаралар. Алайда олардың барлығының түпкі мақсаты ортақ – өндірістік жарақаттардың алдын алу және жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау.

Қазіргі еңбек нарығын тек бос жұмыс орындарының саны немесе жұмыссыздық деңгейі арқылы бағалау жеткіліксіз. Әрбір көрсеткіштің артында нақты адам тұр. Оның білімі, кәсіби дағдылары, жұмыс іздеуі, табысы мен еңбек жағдайы бар.

Сондықтан жұмыспен қамту нарығын дамыту өзара байланысты жүйе ретінде қалыптасады: экономика кадрларға деген қажеттілікті айқындайды, білім беру және даярлау жүйесі қажетті дағдыларды қалыптастырады, жұмыспен қамту қызметі лайықты жұмыс табуға көмектеседі, ал еңбек заңнамасы жұмыскерлерге кепілдік беріп, құқықтарын қорғайды.

Осындай өзара байланыс жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету міндетінен тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын қалыптастыруға көшуге мүмкіндік береді. Бұл – адам өзінің кәсіби әлеуетін іске асырып, тұрақты табыс тауып, қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істей алатын орта қалыптастырудың негізі.

26 сентября 2026
Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысты

Елімізде Президенттің бастамасымен 2013 жылдан бері аталып өтетін Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысып, халықты жұмыспен қамту, кадрлар даярлау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы ЖИ элементтері бар заманауи шешімдермен танысты.

Онда жұмыспен қамтылмаған азаматтарды автоматты түрде анықтайтын және оларға жұмыс ұсынатын Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі платформасы көпшілік назарына ұсынылды. Пилоттық жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында 59 мыңнан астам азаматты қамтыды. Қараша айынан бастап жүйе басқа өңірлерге кеңінен таратылмақ.

Астана әкімдігі Joltap бағдарламасының нәтижелерімен таныстырды, жоба шеңберінде бизнесті немесе фрилансты одан әрі іске қосу үшін 22,2 мың адам жұмыс және цифрлық дағдылар бойынша білім алды. Оның 60%-ы жұмысқа орналастырылды, 2 мыңға жуық адам өздерінің шағын бизнесін ашты.

ТжКБ-ның цифрлық дуальды оқыту платформасы жобасы студенттердің, оқытушылар мен жұмыс берушілердің тікелей байланысын қамтамасыз етеді: Астана қаласының қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі түлектерінің білім алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы 93%-ға жетті.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында цифрлық шешімдер кешені, электрондық наряд-рұқсаттар, жүргізушілердің жағдайын бақылау жүйелері, сондай-ақ нысандарды салу кезінде жарақаттанудың алдын алуға арналған бейнеаналитикасы бар «Ақылды каска» сияқты жасанды интеллект шешімдері ұсынылды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 9,4 млн адам еңбек қызметімен қамтылды, жыл басынан бері 475 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты, электрондық еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Үкімет өндірістің нақты қажеттіліктері мен еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, кадрларды даярлау бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Кәсіптік оқытуды және технологиялық әрі экономикалық өзгерістерді ескере отырып, мамандарды даярлауды озық қарқынмен дамытуды көздейтін жаңа Жұмыспен қамту бағдарламасы әзірленуде. Цифрлық құзыреттілікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл соңына дейін кәсіптік стандарттармен 600 жұмысшы мамандықты қамту жоспарлануда. ТжКБ жүйесінде жұмыс берушілермен бірлесіп мамандар даярлау күшейтіледі. Дуальды оқытуға 552 колледждің 138 мың студенті және 11 мыңға жуық кәсіпорын қатысады, тағы 43 мың студент жұмыс берушілердің мақсатты тапсырысы бойынша білім алуда.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Еңбек адамына ерекше мән беретінін атап өтті. Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасау – ортақ міндетіміз» деп айқындап берді. «Адал азамат» тұжырымдамасына сәйкес еңбекқорлық, жауапкершілік және білімге деген ұмтылыс маңызды қасиеттер ретінде анықталды.

Іс-шара қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрлі кәсіп өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді.

Марапатталғандар:

«Құрмет» ордені иегерлері

  • Тұрғынжан Аутов – «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі, еңбек өтілі – 44 жыл;
  • Айдарбек Ақтанбердиев – «Метрополитен» КМК монтері, еңбек өтілі – 44 жыл;
  • Арыстанқали Байымбетов – «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бөлім басшысы, еңбек өтілі – 39 жыл;
  • Константин Башкиров – «Степногорск подшипник зауыты» АҚ станокшысы, еңбек өтілі – 43 жыл;
  • Айжан Беркінбаева – Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы, еңбек өтілі – 28 жыл;
  • Сәкен Ділдәбаев – «KARLSKRONA LC AB» ЖШС токарі, еңбек өтілі – 44 жыл;
  • Валентина Зенкина – «Galex Plus» СТТФ» ЖШС шебері, еңбек өтілі – 52 жыл;
  • Шайхула Зиганшин – «Galanz bottlers» АҚ аға машинисі, еңбек өтілі – 47 жыл;
  • Кеңес Ысқақов – «Жәйрем» кен-байыту комбинаты» АҚ «Жәйрем» кенішінің бұрғылау қондырғысының машинисі, еңбек өтілі – 36 жыл;
  • Аян Қайыр – «Кедентранссервис» АҚ Павлодар қаласындағы филиалының бас инженері, еңбек өтілі – 30 жыл;
  • Владимир Крайсман – «Нұр-Авиценум» медициналық орталығы» құрылтайшы-директоры, еңбек өтілі – 53 жыл;
  • Оралбай Кұсайынов – «Семізбай-U» ЖШС «Семизбай» кенішінің слесарі, еңбек өтілі – 33 жыл;
  • Салмен Нұрмағанов – «Астана-Зеленстрой» ЖШС машинисі, еңбек өтілі – 47 жыл;
  • Өркен Станбеков – «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС Шу ауданы электр монтері, еңбек өтілі – 34 жыл;
  • Бекжан Сыздықов – «Сәтпаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС жүргізушісі, еңбек өтілі – 37 жыл;
  • Қанатбек Теміров – «KSP Steel» ЖШС Павлодар филиалының слесарь-жөндеушісі, еңбек өтілі – 40 жыл;
  • Қайрат Шағырбай – «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Түркістан пайдалану локомотив депосының машинисі, еңбек өтілі – 15 жыл;
  • Бейбітгүл Шонкенова – «Тарбағатай ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ әлеуметтік жұмыскері, еңбек өтілі – 36 жыл.

ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені иегерлері

  • Қанат Темірбеков – «Астана су арнасы» КМК экскаватор жүргізушісі, еңбек өтілі – 44 жыл;
  • Вячеслав Тюков – «Силикат» ЖШС слесарь-сантехнигі, еңбек өтілі – 26 жыл.

«Ерен еңбегі үшін» медалі иегерлері

  • Арыстан Әбішев – «Комаровское тау-кен кәсіпорны» ЖШС электр-газбен дәнекерлеушісі, еңбек өтілі – 31 жыл;
  • Берік Акылбеков – «Қарағанды Су» ЖШС тракторшысы, еңбек өтілі – 30 жыл;
  • Талғат Байымбетов – «Жаңажол» ЖШС механизаторы, еңбек өтілі – 43 жыл;
  • Мұрат Дүкебаев – «Интергаз Орталық Азия» АО «Тараз» магистралды газ құбырлары басқармасы филиалының операторы, еңбек өтілі – 40 жыл;
  • Бейсенғазы Жұмабеков – «Агрофирма «Приречное» ЖШС механизаторы, еңбек өтілі – 38 жыл;
  • Баратбай Қиясов – «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС токарі, еңбек өтілі – 40 жыл;
  • Саятхан Құдайбергенов – «Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ «Талдықорған қаласы №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі» КММ жаттықтырушысы, еңбек өтілі – 37 жыл;
  • Орынбасар Кұжантаев – «АтырауНефтеМаш» ЖШС газбен кесушісі, еңбек өтілі – 44 жыл;
  • Ермек Майқынов – «Майкынов Е» ШҚ механизаторы, еңбек өтілі – 37 жыл;
  • Мырза Малкенов – «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ тас қалаушысы, еңбек өтілі – 31 жыл;
  • Мұрат Мұрзатаев – «Агротехника-Жамбыл» ЖШС бас инженері, еңбек өтілі – 40 жыл;
  • Шалғымбай Мырзалиев – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының слесарі, еңбек өтілі – 42 жыл;
  • Татьяна Олейникова – «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС ревизоры, еңбек өтілі – 37 жыл;
  • Сергей Петрунин – «Варваринское» ЖШС учаске басшысы, еңбек өтілі – 46 жыл;
  • Мұрат Сабитов – «Атырау мұнай өндей зауыты» ЖШС машинисі, еңбек өтілі – 44 жыл;
  • Есен Сұлтанов – «Қамқор Локомотив» ЖШС «Атбасар электровоз жөндеу зауыты» филиалының токарі, еңбек өтілі – 40 жыл;
  • Таңат Шонқалов – «Қаражанбасмұнай» АҚ бөлім басшысы, еңбек өтілі – 45 жыл.
26 сентября 2026
Еңбек күні қарсаңында қазақстандықтар жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасын білдірді

Еңбек күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov платформасында азаматтар арасында сауалнама жүргізді. Зерттеу барысында қазақстандықтардың жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасы және қоғамдағы еңбек адамдарының орны туралы пікірі зерделенді.

Сауалнамаға 1 305 адам қатысты.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қоғамда еңбек адамына деген құрмет жоғары деңгейде. Сауалнамаға қатысушылардың 76,2%-ы еңбек адамына құрмет көрсетуді маңызды қоғамдық құндылық деп бағалаған.

Қатысушылар сондай-ақ елдің алдағы дамуы үшін аса маңызды деп санайтын мамандықтар мен салаларды атады.

Сауалнамада ең жоғары көрсеткіш құрылысшыларға тиесілі. Қатысушылардың 20,3%-ы құрылысшылардың ел үшін маңызы жоғары екенін атап өткен.

Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін 16,7% респондент маңызды мамандардың қатарына қосты.

Қазақстанның болашағы үшін өнеркәсіп өндірісінің қызметкерлерін 14,8%, ал электр мамандарын 14,4% респондент маңызды деп санайды.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылар дәнекерлеушілердің, коммуналдық қызмет мамандарының, механиктердің, жүргізушілердің, аспаздардың, слесарьлар мен машинистердің еңбегін де жоғары бағалаған.

Зерттеу барысында өз еңбегімен өзгелерге үлгі болып жүрген жұмысшы мамандарға да ерекше назар аударылды.

Респонденттердің 19,5%-ы жетістігі бүкіл елге үлгі боларлық жұмысшы мамандарды нақты білетінін айтқан.

Ал 51,6% қатысушы жұмысшы мамандарының жетістігі мен еңбегі тұтас бір саланың дамуына қосқан үлесі тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Сондықтан олардың арасынан жекелеген адамдарды бөліп көрсету қиын немесе қажет емес деп санайды.

Сауалнамаға қатысқандардың 47,7%-ы еңбек адамдарының қоғамдағы жағдайына және осы бағытта елде қабылданып жатқан шараларға көңілі толатынын білдірді.

Сондай-ақ 41,2% респондент жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру бағытындағы жұмысты жалғастырып, қосымша шаралар қабылдау қажет деп санайды.

Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі еңбек адамдарының ел дамуына қосқан үлесін түсінетінін көрсетті. Сонымен бірге жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін одан әрі арттыру қажет екені де байқалады.

Еңбек күні – елдің дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген барлық маманға құрмет білдіретін, еңбектің қадірін тағы бір еске салатын күн.

Анықтама: Сауалнамаға 1 305 адам қатысты. Олардың 53,1%-ы – әйелдер, 46,9%-ы – ерлер. Сауалнама жүргізілген кезде қатысушылардың 61,2%-ы жұмыс істеп жүрген азаматтар болған.

26 сентября 2026
Цифрлық жұмыспен қамту қызметі: ЖИ-көмекші ұсынған бос жұмыс орындары арқылы алғашқы 3 мың адам жұмысқа орналасты

Қазақстанда Цифрлық жұмыспен қамту қызметі жобасы арқылы азаматтарды проактивті түрде жұмысқа орналастырудың жаңа форматы сынақтан өткізілуде. Сервис жұмыс іздеушінің цифрлық түйіндемесін өздігінен қалыптастырып, жасанды интеллект көмегімен оның білімі, еңбек өтілі мен дағдыларын ескере отырып, тиісті бос жұмыс орындарын іріктейді.

«Біз мемлекеттің жұмысқа орналасу мүмкіндігін проактивті түрде ұсынатын моделіне көшудеміз. Азаматтың келісімімен оның білімі, еңбек өтілі, негізгі дағдылары мен жеке қасиеттері туралы деректерді автоматты түрде жинақтайтын цифрлық түйіндемесі қалыптастырылады. Осы мәліметтер негізінде біз нақты азаматтың дағдыларына сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктеп, жұмыс іздеушілерге жолдаймыз. Жоба іске қосылғалы екі ай ішінде қатысушыларға осындай 59 мың хабарлама жіберілді. Бүгінде олардың шамамен 3 мыңы жұмысқа орналасты», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев.

Жоба осы жылдың шілде айынан бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Қатысушылар арасында соңғы 3 айда жұмысынан айырылған азаматтар, ЖОО және ТжКБ түлектері, есепте тұрған жұмыссыздар бар. Хабарлама алғаннан кейін жұмыс іздеуші бос жұмыс орнына өтінім бере алады. Жұмыс беруші өз жеке кабинетінде үміткердің өтінімі мен ол туралы ақпаратты көріп, оны сұхбаттасуға шақыра алады.

Бос жұмыс орындарын іріктеумен қатар, ЖИ-көмекші жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын да ұсынады. Егер жұмыс іздеушіге қажетті дағдылар жетіспесе, Enbek Skills платформасында тегін онлайн оқудан өтуге мүмкіндік бар. Жаңа мамандықты меңгергісі келетіндер үшін жұмыс берушінің тікелей базасында дуальды оқыту бағдарламалары қарастырылған. Сондай-ақ жүйе еңбек күші тапшы өңірлерге мемлекеттік қолдау шараларымен қоныс аудару мүмкіндігін ұсынады. Оның ішінде қоныс аударуға берілетін біржолғы төлем мен тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары бар. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламалары аясында барлық шара ақысыз көрсетіледі.

24 сентября 2026
Толық мемлекеттік қамтамасыз ету кезінде қаржыландыру тәртібі жетілдіріледі

Қазақстанда мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілетін азаматтарды қаржыландыру жүйесін жетілдіру ұсынылып отыр. Тиісті өзгерістер бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға бағытталған.

Қазіргі таңда аталған орталықтарда тұратын азаматтардың тұруына және қажеттіліктеріне байланысты шығыстар мемлекет қаражаты есебінен толық өтеледі. Олардың тұруы, тамақтануы, киім-кешегі, әлеуметтік қызметтері, медициналық көмегі мен күтімі заңнамада белгіленген көлемде бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қамтамасыз ету қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған азаматтарға да қарастырылған.

Қолданыстағы тәртіп бойынша зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар бөлінеді. Төлемнің 30%-ы тікелей азаматқа беріледі және оның жеке қаражаты болып қалады. Ал қалған 70%-ы орталықтың арнайы шотына аударылады. Бұл қаражат әлеуметтік қызмет алушыларды қамтамасыз етуге байланысты қосымша шығындарға, оның ішінде қосымша тамақтануға, жұмсақ керек-жарақтарға және заңнамада көзделген басқа да қажеттіліктерге жұмсалады.

Сонымен бірге толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарды ұстауға арналған негізгі шығындар мемлекеттік бюджет есебінен өтеліп қойған. Осыған байланысты бір шығынды екі рет қаржыландыруға жол бермеу үшін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың 70%-ын пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылып отыр.

Бұл ретте азаматтың өз қарамағында қалатын қаражат көлемі өзгермейді. Қазіргі тәртіптегідей, тиісті зейнетақы төлемі немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы азаматқа жеке қажетіне жұмсау үшін беріледі.

Қалған 70%-ын мемлекет тарапынан бұрыннан қаржыландырылып отырған шығындарды қайта өтеуге бағыттамау ұсынылады. Үнемделген бюджет қаражаты әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы мүмкін.

Маңыздысы, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қамтамасыз ету көлемін қысқартуды көздемейді. Азаматтардың тұруы, тамақтануы, күтімі, медициналық көмегі және заңнамада көзделген басқа да әлеуметтік қызметтері белгіленген тәртіппен бұрынғыдай мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Жаңа тәртіп азаматтың толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болған кезеңінде ғана қолданылады.

Азамат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұруын тоқтатқаннан кейін немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғаннан кейін жасына байланысты зейнетақы, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы толық көлемде, яғни 100% мөлшерінде қайта төленеді.

Осылайша, азаматтардың қазіргі тәртіп бойынша өз қарамағында қалатын қаражат үлесі, яғни, тиісті төлемнің 30%-ы сақталады. Негізгі өзгеріс қалған 70%-ын пайдалану тәртібіне қатысты. Бұл бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға бағытталған.

23 сентября 2026
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» мұнай-газ саласындағы жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

Бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да мұнай-газ саласындағы жұмыспен қамту мәселелерін талқылады. Кездесуге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты.

Кездесуде жұмысқа орналастыру саласындағы қазіргі жағдай, оның ішінде ҚМГ қызмет жүргізетін өңірлердегі ахуал қаралды. Ұлттық компания тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, еңбек заңнамасын жетілдіру, ҚМГ қолдауымен әзірленген жұмыс іздеушілерді тіркеу және есепке алуға арналған «E-Kezek» цифрлық жүйесін Enbek.kz электрондық еңбек биржасымен интеграциялау мәселелері көтерілді. Сондай-ақ бизнестің қызметкерлерді іздеу және жұмысқа қабылдау үдерісіне кеңінен қатысуы, мұнай секторынан тыс жұмыспен қамту бағыттарын дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Өз кезегінде Министрлік жұмыспен қамту саласындағы цифрлық шешімдерді таныстырды. Олардың қатарында Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі, бос жұмыс орындарын жан-жақты іріктеу және еңбек тәуекелдерін мониторингілеу құралдары бар.

Жиын соңында тараптар негізгі бағыттар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық іс-шаралар
23 сентября 2026
Қазақстан мен «БҰҰ-Әйелдер» ұйымы әйелдердің жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Лукемен кездесу өтті. Кездесуді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев өткізді.

Кездесуде әйелдерді жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, гендерлік теңдік, сондай-ақ күтім көрсету жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

Қазақстан отбасы және гендерлік саясат, әлеуметтік қорғау, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағыттарында БҰҰ жүйесіндегі ұйымдармен көп жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Атап айтқанда, 2019-2024 жылдары Министрлік ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, сондай-ақ ЮНИСЕФ, ЮНФПА және БҰҰДБ серіктестігімен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлескен жобаны іске асырды.

Кездесу барысында Ербол Тұяқбаев бүгінде Қазақстанда 4,5 млн әйел жұмыспен қамтылғанын, оның ішінде 3,6 млн әйел жалдамалы жұмыста екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48%-дан астамын әйелдер басқарған. Ал елдегі барлық кәсіпкерлердің арасында әйелдердің үлесі 54%-ды құрады.

 

Елімізде әйелдерге отбасылық міндеттері мен кәсіби қызметін қатар алып жүруге жағдай жасауға бағытталған қолдау шаралары қалыптасқан. Оның ішінде еңбек кепілдіктері, бала күтіміне байланысты демалыс кезінде жұмыс орнын сақтау, негізсіз жұмыстан шығарудан қорғау, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сондай-ақ цифрлық қызметтер бар.

«БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Луке Қазақстанның осы бағытта атқарып жатқан жұмысына оң баға берді.

«Қазақстанның әлеуметтік саясатты дамытуға және әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар жасап жатқанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, әйелдерге кәсіби қызметі мен отбасылық міндеттерін қатар атқаруға жағдай жасалуда. Ерлер мен әйелдердің еңбекақысындағы айырмашылықты азайту, еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында да шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыстың маңызы зор. Себебі Қазақстан әйелдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қоса алады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстың жалғасып, әйелдердің Қазақстанның дамуына қосатын үлесі арта түседі деп үміттенеміз», – деді Белен Санс Луке.

Аталған шаралар алдағы уақытта да отбасылардың қажеттіліктеріне, еңбек нарығындағы жағдайға және балаларға күтім көрсету қызметтерінің дамуына қарай жетілдіріледі. Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысының 19 қыркүйекте республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сөйлеген сөзінде қойған міндеттерін ескере отырып жүргізілуде.

Кездесу барысында қатысушылар ата-аналық міндеттер мен кәсіби қызметті ұштастыруға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Осы ретте балаларға күтім көрсету қызметтерін дамыту, жұмыстың икемді түрлерін енгізу, біліктілікті арттыру мүмкіндіктерін кеңейту және еңбек кепілдіктерін сақтау мәселелеріне назар аударылды.

Бұдан бөлек, 2026-2030 жылдарға арналған күтім көрсету саласындағы өңірлік іс-қимыл тәсілдеріне де назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әйелдердің жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік қорғау және гендерлік теңдік мәселелері бойынша ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға және тәжірибе алмасуға мүдделі екенін растады.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Өмірлік жағдайлар
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері