Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
29 мая 2025
2025 жылдың басынан бері 4,4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

2025 жылы 4 427 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 152 мыңнан астам этникалық қазақ оралды.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,8% Қытайдан, 40,9% – Өзбекстаннан, 5,4% –  Түрікменстаннан, 3% – Монғолиядан, 2,3% – Ресейден және 2,6 басқа елдерден.

Осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,9%-ды және зейнеткерлер 8,4%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,4%-ы жоғары білімді, 26,8%-ы орта кәсіби білімді, 53,6%-ы жалпы орта білімді, және 2,2% білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 765 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 339 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 136 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

 

29 мая 2025
Қорғаншылық және қамқоршылық туралы ақпаратты растайтын жаңа цифрлық құжат пайда болды

Әрекетке қабілетсіз кәмелетке толған азаматтарға қорғаншылық белгілеу туралы ақпаратты енді eGov Mobile қосымшасы арқылы «Цифрлық құжаттар» бөлімінде алуға болады.

Құжат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің барлық тіркелген қорғаншылар мен қамқоршыларды, сондай-ақ олардың қамқорлығындағы азаматтарды есепке алатын ақпараттық жүйесінің деректері негізінде автоматты түрде қалыптастырылады. Ол мынадай мәліметтерді қамтиды: ЖСН, қорғаншы мен қамқоршылыққа алынушының Т.А.Ә., туған күні, жергілікті атқарушы органның бұйрығының нөмірі мен күні, «Күні жарамды» өрісінің болуы. Құжатты қызметтерді алу, әртүрлі ұйымдарға хабарласу және т.б. кезінде көрсетуге болады.

Жаңа цифрлық құжат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер көрсету комитеті, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды.

29 мая 2025
Еңбек министрлігі комитеттерінің аумақтық департаменттері қызметкерлерімен заңнаманы сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша профилактикалық кеңестер өткізілді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Уркен Алшынбаева заңнаманың талаптарын сақтау және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің және Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменттерінде сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесулер барысында Уркен Алшынбаева ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің Әдеп кодексінің нормаларын, оның ішінде қызметкерлердің іскерлік этикет пен қызметтік мінез-құлқын сақтау ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға қатысуына жол берілмейтінін атап өтті.

Шақырылған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің аумақтық департаменттерінің қызметкерлері заңнама нормалары бойынша түсіндірмелер беріп, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге тоқталды.

Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері мемлекеттік қызметкерлердің антты мүлтіксіз орындауы, қоғамдық айыптауды тудыруы мүмкін әрекеттерге жол бермеуі, сондай-ақ дөрекі және әдепсіз мінез-құлықтан аулақ болуының маңыздылығына назар аударды.

Тәртіптік жаза рәсімдерін іске асыру кезінде заңнаманы дұрыс және заңды қолдану мәселелері бойынша қосымша түсініктемелер берілді.

«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына жол бермей, қызметтік міндеттеріңізді адал атқаруға шақырамын», – деп атап өтті Уркен Алшынбаева.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында осындай кездесулер Еңбек министрлігінің Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша комитеттері аумақтық департаменттерінің қызметкерлерімен де өтті.

28 мая 2025
Жақыпова Қазақстандағы еңбек жағдайын жақсарту үшін жаңа технологияларды қолдану туралы айтты

Ағымдағы жылдың 28-30 мамыр аралығында Астанада өтетін KIOSH 2025 еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі XIII Қазақстандық халықаралық конференция мен көрме аясында отандық және шетелдік сарапшылар кең ауқымды мәселелерді талқылауда. «Еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің болашағы: стратегиялар, трендтер және инновациялық шешімдер» тақырыбындағы стратегиялық пленарлық сессия барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жаңа технологияларды қолданудың маңыздылығы туралы айтты.

Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ЕХӘҚМ), ЕХӘҚМ еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты мен «ITECA» ЖШС сөз сөйледі.

Конференцияға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Халықаралық еңбек ұйымы мен еңбек инспекторларының халықаралық қауымдастығының, орталық мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер бірлестіктері мен қызметкерлер бірлестіктерінің, жоғары және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері, Австралия, Ұлыбритания, Ресей Федерациясы, Армения және басқа елдердің халықаралық сарапшылары қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Ермек Көшербаев қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өзара байланысы маңызды екенін және бүгінгі сессия диалог үшін ашық алаң екенін атап өтті.

«Еңбекті қорғау – бұл әр адамның өмірі, денсаулығы мен әл-ауқаты. Әсіресе күнделікті нақты қиындықтарға тап болатын және оларды шешудің оңтайлы жолдарын түсінетін жұмыс берушілер мен жұмысшыларды есту өте маңызды. Іс-қағаз – бұл бөлек, ал тәжірибе – мүлдем басқа нәрсе. Тек тығыз қарым-қатынас орната отырып біз шынымен заманауи және қауіпсіз жұмыс ортасын құра аламыз», – деді ол

Премьер-министрдің орынбасары өндірісте қауіпсіз орта қалыптастыру үшін мемлекеттік деңгейде жеткілікті шешімдер қабылданғанын да айтты.

«Қазақстан осы салада нақты ілгерілеуді көрсетіп отыр. Үкімет цифрлық шешімдерді енгізеді, заңнамалық базаны нығайтады және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтасады. Бұл бізде жаңа бастама емес, бізде нәтижелердің бар екендігін атап өту керек. Бүгінгі таңда біз үшін жаңа жоспарлар ойлап табу емес, бұрыннан бар шараларды сапалы орындау маңызды. Бізде механизмдер мен құралдар жеткілікті, ең бастысы – оларды іске асыру және жергілікті жерлерде нәтиже беру», – деп Ермек Көшербаев өз ойын аяқтады.

Светлана Жақыпова өз сөзінде биылғы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің ұраны – «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына революциялық көзқарастар: жұмыс орындарындағы жасанды интеллект пен цифрландырудың рөлі» екенін еске салды.

«Бұл тақырып еңбек жағдайларын жақсарту және жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жаңа технологияларды қолданудың маңыздылығын көрсетеді. Бұрын біз роботтандыру, автоматтандыру, цифрландыру, климаттық өзгерістер, «жасыл» экономикаға көшу жайында болашақты болжап айтатынбыз. Алайда, бұл болашақ бүгінде біздің шынайы өмірімізге айналып отыр», – деді ол.

Министр цифрлық шешімдер, жасанды интеллект және басқа да шаралар осы салада трендтер белгілейтін елдерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жаңа мәдениетін қалыптастырғанын еске салды, бүгінде Қазақстан осы бағытта дамып келеді.

«Жаһандық трендтерді ескере отырып, қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету әрқашан еңбек саласындағы ұлттық саясаттың басты қағидасы болып табылады. Соңғы жылдары өндірістік жарақаттану деңгейі мен кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылған қызметкерлер санының төмендеу динамикасы байқалады», – деді Жақыпова.

Оның айтуынша, проблемаларды айтып қана қоймай, жағдайды шынымен өзгерту үшін ЕХӘҚМ қызметкерлердің денсаулығы мен құқықтарын қорғаудың жаңа тәсілдерін дәйекті түрде енгізіп, кешенді шаралар қабылдауда.

«Біріншіден, өндірістік тәуекелдерді, әсіресе еңбек жағдайлары зиянды кәсіпорындар мен қауіпті өндірістік объектілерді ерте анықтап, оларды басты назарға алу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қазірдің өзінде Қазақстанда кәсіпорындардың Цифрлық картасы және Еңбек тәуекелдерінің картасы сияқты негізгі цифрлық құралдар жұмыс істейді, олар мемлекеттік органдардың 20-дан астам ақпараттық жүйелерінің деректерін жинақтайды. Бұл шешімдер кәсіпорынның объективті бейінін қалыптастыруға, ықтимал қауіптерді анықтауға және профилактикалық сипаттағы шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Еңбек министрлігінің басшысы.

Екіншіден, әрбір жұмыс орнының кәсіптік тәуекелдерін бағалаудың (бұдан әрі – КТБ) және цифрлық шешімдер мен құралдарды қолдана отырып, кәсіпорын бойынша жалпы интегралдық бағалаудың жаңа тәсілдері әзірленді.

«Қазіргі уақытта біз career.enbek порталында мамандандырылған ұйымдар мен олардың сарапшылары үшін тізілімге енгізу функционалы жүзеге асырылды. Hr.enbek жеке кабинетіндегі кәсіпорындар үшін электронды түрде КТБ-ға өтінім беру цифрландырылды. КТБ-ға шарт жасасқаннан кейін арнайы ұйымдар FSM social мобильді қосымшасын қолдана отырып, жұмыс орындарында зиянды факторлардың өлшемін жасайтын болады», – деді Светлана Жақыпова.

Кәсіпорындарды интегралды бағалау нәтижелері «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» ААЖ-да қалыптастырылады. Қазіргі уақытта ЕХӘҚМ кәсіпорындармен және арнайы ұйымдармен КТБ-дың жаңа тәсілдерін енгізу бойынша пилотты жүзеге асыруда.

Үшінші, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау. 2024 жылдан бастап қызметкерлердің осы санаты үшін 55 жасқа толған және кемінде 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының аударымдары жасалған азаматтарға арнайы әлеуметтік төлемдер енгізілді.

Төртіншіден, өндірісте зардап шеккендер үшін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін (бұдан әрі – ЖОМС) жетілдіру.

«Бұл бағытта ЖОМС жүйесінің өзінде маңызды өзгерістер күтілуде. Қызмет саласы ғана емес, кәсіпорындағы нақты еңбек жағдайлары да ескерілетін екі компонентті сақтандыру тарифін енгізу жоспарлануда. Яғни, қауіпсіздікке инвестиция салатындар аз, ал еңбекті қорғауда үнемдейтіндер көп төлейтін болады. Бұл қисынды, әділ және аталған бағытты дамытуға жағдай жасайтын шешім. Біз барлық деректерді Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен біріктіре отырып, ЖОМС-ды рәсімдеуден бастап төлемге дейін толық цифрландыру міндетін қоямыз. Бұл төлем процесін жеңілдетеді және жеделдетеді, оны ашық етеді», – деп атап өтті министр.

Бесіншіден, оқыту сапасын арттыру және ғылыми әлеуетті дамыту бойынша жүйелі шаралар іске асырылуда.

2024 жылы оқыту мен білімді тексеру рәсімдерін ажырату, бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құру процесі басталды, біліктіліктің жаңа салалық шеңбері және «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» кәсіби стандарты қабылданды.

«Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде біз ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жаңа кәсіби стандарттың талаптарын ескере отырып, жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру және ТжКБ-ның тартымдылығын арттыру бойынша жұмыс жүргіземіз», – деп толықтырды ведомство басшысы.

Алтыншы, кәсіподақтар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және олардың ЕХӘҚМ қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғаудағы рөлін арттыру үшін «Кәсіподақтың автоматтандырылған жұмыс орны» ақпараттық жүйесін сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жүйеде пилоттық режимде жекелеген салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақтар жұмыс істейді. Бұл цифрлық құрал құжат айналымын жеңілдетуге, есептілікті арттыруға, ең бастысы – қызметкерлердің кәсіподақтар институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

«Біз барлық қолданыстағы ұжымдық шарттарды цифрландыруды аяқтадық және электрондық ұжымдық шарттар жасасуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені іске қостық. Жаңа сервис Ұжымдық шарттың жобасын дайындаудан, оны еңбек инспекторымен келісуден бастап қол қоюға және қызметкерлерді жеке кабинеттер арқылы автоматты түрде хабардар етуге дейін – қол қою туралы да, одан кейінгі барлық өзгерістер туралы да бүкіл циклды қамтиды. Бұл – процестің ашықтығы мен қолжетімділігін едәуір арттырады, тараптардың өзара әрекеттерін жеңілдетеді және жұмыс берушілер мен кәсіподақтарға әкімшілік жүктемені азайтады», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Жетіншіден, ЕХӘҚМ еңбек инспекциясының берілетінін, FSM social қосымшасын пайдалана отырып өндірістегі жазатайым оқиғаларды мемлекеттік бақылауды және тергеуді автоматтандыруды ескере отырып, бұзушылықтар туралы сигналдарды ерте анықтау және оларға жедел ден қою құзыретіне ие мінсіз және үлгілі мемлекеттік инспектордың жаңа моделі енгізілуде.

2025 жылғы ақпаннан бастап еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін 200 АЕК-ке дейін, қайталап бұзғаны үшін 400 АЕК-ке дейін айыппұл мөлшерін арттыру арқылы әкімшілік санкциялар күшейтілді.

Өз сөзінің соңында министр ұсынылған шараларды дәйекті іске асыру еңбекті қорғау мәдениетін нығайтуға, жарақаттану мен кәсіптік ауруларды қысқартуға, сондай-ақ зардап шеккендерге және жоғары тәуекел жағдайында жұмыс істейтін адамдарға лайықты қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

KIOSH 2025 конференциясы мен көрмесі үш күн ішінде өтеді.

KIOSH 2025 конференциясының екінші күні ERG-мен серіктестікте қауіпсіздік мәдениетін дамытуға және тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдеріне арналады. 29 және 30 мамырда нақты өндірістік жағдайларды модельдейтін және тәуекел жағдайында тиімді әрекеттерді үйрететін SAFETY GAMES интерактивті бизнес-ойындары өтеді.

Конференция аясында өндірістік бақылауды цифрландырудан бастап Корпоративтік қауіпсіздік мәдениетін дамытуға дейін барлығы 10 тақырыптық сессия өткізу жоспарлануда.

2025 жылдың экспоненттері Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Латвия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Түркия сияқты 12 елден 91 компания болды. Оның ішінде 37 компания алғаш рет өз әзірлемелерін ұсынды. Қатысушылар жеке қорғаныс пен мониторингтің соңғы құралдарынан бастап цифрлық технологиялар мен персоналды оқыту бағдарламаларына дейінгі өнімдердің кең спектрін көрсетті. Алғаш рет жұмыскерлерге арналған арнайы киімнің сәнді көрсетілімі өткізілді, сондай-ақ биіктікте қауіпсіз жұмыс жасауды көрсететін арнайы алаң ұйымдастырылды.

28 мая 2025
Жұмыс берушілердің өтініші бойынша жұмыссыздарды қысқа мерзімді оқытуды ұйымдастыру электронды форматқа көшірілді

Жұмыс берушілердің өтініші бойынша білім беру ұйымдарында жұмыссыздарды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру процестері «Enbek» электронды еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) қолжетімді болды.

Оқыту сұранысқа ие мамандықтар үшін жұмыс берушілер мансап орталығына тек ЭЕБ-дағы жеке кабинеті арқылы жібере алатын сұраныстар негізінде ұйымдастырылады. Биылдың өзінде 1047 жұмыс берушіден білім беру ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға 1845 өтініш келіп түскен.

Енді жұмыссыз азаматтар ЭЕБ бойынша жеке кабинетінде тігінші, аспаз, электр және газбен дәнекерлеуші, кондитерлік және т.б. мамандықтардың бірін таңдау мүмкіндігіне ие. Курсты таңдағаннан кейін өтінішке электронды цифрлық қолтаңбамен қол қою керек, содан кейін ол мансап орталығына жіберіледі. Бүгінгі таңда 513 жұмыссыз 172 мамандық бойынша таңдау жасап, өтініш берген.

Айта кету керек, жұмыссыз азамат, мансап орталығы, білім беру ұйымы мен өтініші бойынша оқыту жүргізіліп жатқан жұмыс беруші арасында одан әрі жұмысқа орналастыруды көздейтін әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Оқуды аяқтағаннан кейін және біліктілік емтиханын тапсырғаннан кейін жұмыссыздың жеке кабинетінде жаңа кәсіптік дағдыларды меңгергені туралы сертификат болады.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіптік оқыту мемлекет есебінен төленеді, ал азаматтарға шәкіртақы және жол жүруіне қаржылай көмек көрсетіледі.

Білім алушыға тұрғылықты жерінен басқа елді мекенде оқыту жүргізілетін жағдайда тұрғын үйді жалдау ақысын өтеу үшін материалдық көмек көрсетіледі.

27 мая 2025
Қазақстанда жаңа кәсіби мерекелер пайда болады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ведомство басшысының 6 жаңа кәсіби мерекені бекітуді көздейтін бұйрығының жобасын дайындады. Құжат 2025 жылғы 10 маусымға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

 «Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 258 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығының жобасындағы кәсіби мерекелер тізбесін келесідей атаулы күндермен толықтыруды көздейді:

– 31 қаңтар – Қазақстанның кәсіпкерлері күні;

– 7 шілде – Қазақстанның қолөнершілер күні;

         – 9 шілде – табиғи монополиялар саласы жұмыскерлерінің күні;

         –  15 қыркүйек – санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күні;

         –  12 қазан – кадр қызметі жұмыскерлерінінің  күні;

         –  20 қазан – қоғамдық тамақтандыру саласының жұмыскері күні.

         Бұдан басқа, Энергетик күнін мерекелеуді желтоқсанның үшінші жексенбісінен 22 желтоқсанға өзгертіледі.  

Жаңа кәсіптік мерекелерді енгізу туралы ұсыныстарға тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары бастамашылық жасады.

Бұйрық жобасымен «Ашық НҚА порталында https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15533121 сілтемесі бойынша танысуға болады.

 

27 мая 2025
Қазақстандықтарға 247 млрд теңгеден астам сомада мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер төленді

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 217,4 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 29,6 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.

2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 540,4 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 196,7 мың адамды құрады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша
91,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал
63,5 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5% - ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5% - ға артты.

Мәселен, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 101 702 теңгені, 2-топ үшін – 81 362 теңгені, 3-топ үшін – 55 474 теңгені құрайды.

1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 70 124 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 72 524 теңгені құрайды.

 

26 мая 2025
2025 жылғы 1 мамырға 232 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

2025 жылғы 1 мамырға 43,4 мың отбасындағы 232,5 мың адамға 10,4 млрд сомасына атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындалды. 2025 жылы осы мақсатқа бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылды.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға                       1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылғы 1 мамырға АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 74,4 мың балаға 1,4 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% - нан төмен емес деңгейде айқындалған

25 мая 2025
Жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы SMS арқылы хабарланады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тіркелген жұмыссыздардың арасынан өмірлік қиын жағдайға тап болған 300 қазақстандыққа жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпаратпен SMS хабарламалар жібереді.

ҚР Ұлттық статистикалық бюросымен бірлескен жұмыс шеңберінде Қазақстанның 70 қаласының азаматтары бір мезгілде 1414 қызметінен ауыл шаруашылығы халық санағын өткізу үшін санақ қызметкері (сұхбаттасушы) ретінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы SMS-хабарламалар алады.

Ауыл шаруашылығы санағы 1-31 тамыз аралығында арнайы интернет-порталда өзін-өзі толтыру әдісімен, ал 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында санақ қызметкерлерін тарта отырып, жеке әңгімелесу әдісімен жүргізіледі.

24 мая 2025
Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін қалалық ортаның қолжетімділігін онлайн режимінде көруге болады

Навигациялық қосымшалар қазақстандықтарға қала ортасының инклюзивтілігінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескеретін жаяу жүру маршруттарын құруға мүмкіндік береді.

Бұл тік түсулер мен көтерілулердің, баспалдақтар мен пандустардың болуын түсінуді қажет ететін азаматтардың - мүгедектер арбасындағы адамдар ғана емес, сонымен қатар арбада баламен серуендейтіндер, жүк тасымалдайтын құралдармен жүретіндердің және т.б. қозғалысын жеңілдетеді.

Жаяу жүргіншілер жолын салу алгоритмдері 2gis, GoogleMaps, Yandex карталары және т.б. сияқты навигациялық қосымшаларда қалалық инфрақұрылым нысандарының бейімделуінің болуын ескеруі үшін «Баспалдақтарды болдырмаңыз» немесе «Баспалдақсыз, лифтімен» опциясын қосу қажет - бұл қозғалыс ыңғайлылығын арттырады.

Кейбір қолданбалар үшін қосалқы мердігер жұмысшылардың көмегімен ықтимал маршруттар туралы деректер жиналды. Ал Yandex Qazaqstan карталарындағы функционалдылықты тексеру үшін «ITeachMe» қоғамдық қорының мүшелері тартылды. Қазір қосымшада Астана және Алматы қалаларындағы пандустар бар 4,5 мыңнан астам баспалдақтар белгіленген, олар жаяу жүру маршруттарын құру кезінде ескеріледі.

Дәл осы қолданбада қалалық инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі туралы деректер бар. Осы мақсатта ұйым карталарында пандус, персоналды шақыру түймесі, лифт және т.б. бар екендігі туралы ақпаратты қамтитын «Мүмкіндіктер» бөлімі жұмыс істейді.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы