Меню
Страницы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Все материалы
05 декабря 2025
Елордада «Парыз» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Астанада  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. ЭКСПО конгресс-орталығында өткен іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов, ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен республика кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Биыл конкурсқа қатысуға 354 ұйым өтінім берді, оның ішінде 87 ірі кәсіпкерлік, 267 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі. «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында 198 өтінім, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында – 53 өтінім, «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында – 52 өтінім, «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында – 33 өтінім, 2020 жылдан бастап тағайындалған «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығымен марапаттауға 18 өтінім түсті.

Орталық мемлекеттік органның басшыларынан, ҚР Парламенті депутаттарынан, «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері және кәсіби одақтардың өкілдерінен құрылған комиссия құрамы республикалық конкурстың нәтижесін келесідей анықтады: екі санат бойынша 2 Гран-при, 28 лауреат атағы (оның 24-і – екі санатта төрт номинация бойынша үш жүлделі орын, қалған 2-і «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы премиясының иегерлері, сондай-ақ «Ең үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» «Парыз» арнайы сыйлығының иегері және «Ең үздік әлеуметтік әріптестік» «Парыз» арнайы сыйлығының иегерін).

Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында бас жүлдені Ұлытау облысының «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС алды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі ең үздігі Солтүстік Қазақстан облысының «Ақ-Ниет-Агро және К» ЖШС болып анықталды.

«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Жетісу облысының «Қайнар АКБ» ЖШС, Шымкент қаласының «Dala Construction.KZ» АҚ және Абай облысының«Шығыс Бройлер» ЖШС лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Шығыс Қазақстан облысының «Камышинское» ШҚ, Түрістан «Сарыағаш-құс» ЖШС және Ақмола облысының «Гормолзавод» ЖШС бар.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында: Атырау облысының «Даларо/Оверсиз/Лимитед» ЖШС, Павлодар облысының «Алюминий Қазақстан» АҚ және Астана қаласының «MODEX ASTANA» ЖШС лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Астана қаласының «ДСК GLB» ЖШС, Шығыс Қазақстан облысының «Voscа» ЖШС және Ақмола облысының «АЙБАТ» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Қарағанды облысының ««Qarmet» АҚ, Алматы қаласының «Алматы көпір құрылымдары зауыты» ЖШС және Ақмола облысының «RG Processing» ЖШС лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Қостанай облысының «МехЛитКом» ЖШС, Солтүстік Қазақстан облысының «Қос ағаш» ЖШС және Ұлытау облысының «Жүрек» ЖШС марапатталды.

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Қызылорда облысының «СКЗ-U» ЖШС, Шымкент қаласының «ЕвроКристалл» ЖШС және Шығыс Қазақстан облысының «Өскемен ЖЭО» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Ақтөбе облысының «Lucrum star» ЖШС, Батыс Қазақстан облысының «Саи-Центр» ҚБ және Қарағанды облысының «Рапид» фирмасы ЖШС лауреат атанды.

«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығын Алматы қаласының «Кока-кола Алматы боттлерс БК» ЖШС ірі кәсіпкерлік субъектісі және Павлодар облысының облысының «789 KZ» ЖК шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санатының өкілдері иеленді. «Ең үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» «Парыз» арнайы сыйлығы Алматы қаласындағы ірі кәсіпкерлік субъектісі – «Qazaq Stroy» компаниялар тобына берілді, ал «Ең үздік әлеуметтік әріптестік» «Парыз» арнайы сыйлығын Астана қаласындағы «ВД Строй-инжиниринг» ЖШС алды.

Байқау жеңімпаздарына тиісті дипломдар мен айрықша белгілер (статуэткалар) табыс етілді. Сондай-ақ, лауреаттарға конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта осы атақ берілген күннен бастап үш жыл ішінде пайдалану құқығы беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылдан бері «Парыз» байқауына 7 247 кәсіпкерлік субъектісі қатысып, 421 кәсіпорын лауреат атағына ие болды.

Гран-при жүлдесі өз саласында жоғары көрсеткішке және корпоративтік, әлеуметтік, экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда үздік нәтижеге жеткен үміткерлерге беріледі. Ірі кәсіпкерлік субъектілерінің ішінен Гран-при иегерлері: 2008 жылы – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС; 2009 жылы – «Торғай Петролеум» АҚ; 2010 жылы – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ; 2011 жылы – «Теңізшевройл» ЖШС; 2012 жылы – «ҚазТрансОйл» АҚ; 2013 жылы – «Өскемен титаномагний комбинаты» АҚ; 2014 жылы – «Қазгермұнай» БК» ЖШС; 2015 жылы – «Самұрық Энерго» АҚ; 2016 жылы – «АқсайГазСервис» АҚ; 2017 жылы – «Еуразиялық Топ» ЖШС; 2018 жылы – «Казцинк» ЖШС; 2019 жылы – «Еуразиялық Топ» ЖШС; 2021 жылы – «Қарашығанақ Пертолиум Оперейтинг Б.В.»; 2022 жылы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», 2023 жылы - «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС болды.

Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық іс-шаралар
05 декабря 2025
В. Шегай Түркі мемлекеттері ұйымы еңбек министрлерінің алғашқы кездесуінде Қазақстанның бастамаларын таныстырды

Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымына (бұдан әрі – ТМҰ) мүше елдердің еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау министрлерінің алғашқы кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан делегациясын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай бастап барып, еліміздің цифрлық шешімдері мен бастамаларын таныстырды.

Жоғары деңгейдегі отырыстың негізгі тақырыбы түркі тілдес мемлекеттердің ортақ өркендеуі үшін еңбек саласындағы ынтымақтастық болды. Іс-шараға Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстанның салалық министрліктерінің басшылары, сондай-ақ байқаушы елдер – Венгрия мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасының өкілдері қатысты. Қатысушылар еңбек нарығындағы жаһандық сын-қатерлерді, лайықты жұмыспен қамтуды және инклюзивті экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде Виктория Шегай Қазақстан үшін ТМҰ аясындағы серіктестікті тереңдету стратегиялық басымдық болып табылатынын атап өтті. Ол елдің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы жетістіктеріне тоқталып, Халықаралық еңбек ұйымының 26 конвенциясын ратификациялағанын және әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы №102 Конвенция стандарттарын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты атап көрсетті.

Баяндаманың маңызды бөлігі әлеуметтік саланы цифрландыруға арналды. Вице-министр Қазақстанда енгізілген Отбасының цифрлық картасы тәжірибесімен бөлісті. Бұл – халық туралы деректерді нақты уақыт режимінде жинақтап, азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, мұқтаж жандарға проактивті қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей құрал. Сондай-ақ қызметтерді ваучерлік қаржыландыруға арналған «Әлеуметтік әмиян» жобасы таныстырылды.

Өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін сөз ете отырып, делегация басшысы бақылаудың тәуекелге бағдарланған жаңа моделіне көшкенін хабарлады.

«Біз 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын жүзеге асырып, толық цифрландырылған тәуекелдерді басқару жүйесін құрып жатырмыз. Қазіргі таңда Кәсіпорындардың цифрлық картасы және Еңбек тәуекелдері картасы жұмыс істеуде. Олар еңбек жағдайларын қашықтан мониторингтеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл бизнеске түсетін жүктемені азайтып, бақылаудың тиімділігін арттырады, қауіпсіз жұмыс орындарын қалыптастырады», – деді Виктория Шегай.

Түркі әлеміндегі ықпалдастықты нығайту мақсатында Қазақстан бірнеше нақты ұсыныс айтты:

-                     еңбек саласында озық алгоритмдер мен эталондық модельдермен алмасу үшін Цифрлық шешімдер мен Жасанды интеллект желісін құру;

-                     еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау статистикасына арналған Бірыңғай түркі платформасын әзірлеу, бұл өңірдегі деректерді біріздендіріп, талдаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша әлеуметтік-еңбек саласында бірыңғай ақпараттық және құқықтық кеңістікті дамыту ниетін бекіткен Баку декларациясы қабылданды. Тараптар еңбек министрлерінің келесі, 2-кездесуін 2026 жылы Түркияда өткізуге уағдаласты.

Сапар аясында делегация басшылары Құрметті жерлеу аллеясына барып, әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевке құрмет көрсетті, сондай-ақ Шейіттер аллеясында гүл шоқтарын қойды. Бұдан бөлек, министрлер Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадовпен бірлескен кездесу өткізіп, гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Виктория Шегай Әзербайжанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерімен екіжақты кездесу өткізіп, қызметтерді цифрландыру тәжірибесімен алмасу мәселелерін талқылады.

05 декабря 2025
Қызылорда облысында 1,5 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар жандарға бейімделген

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Қызылорда облысында 1578 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 43 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 24 216 нысан толықтай бейімделген.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 1578 нысан бейімделді. 2027 жылдың соңына дейін 788 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

Бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімділері:

- денсаулық сақтау нысандары– 198;

- білім беру нысандары – 339;

- мәдениет нысандары – 129;

- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 201;

- спорт нысандары – 24;

- әлеуметтік қорғау нысандары – 23;

- көлік инфрақұрылымы нысандары – 14;

- басқа да нысандар – 650.

«Ең бастысы – біздің үнімізге құлақ асатыны. Біз кедергілер туралы Әлеуметтік қорғау департаментіне шағым түсірген кезде, олар оны ұзаққа созбайды. Тексереді, соның нәтижесінде қажетті нысандарға қолжетімділіктің шынымен пайда болғанын көріп жүрміз. Бұл жүйе жұмыс істейді», – деп өз пікірін білдірді Алматы қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедектігі бар Светлана Утеулиева.

Биыл Халықты Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ҚР Әлеуметтік кодексінің талаптарының орындалуын тексеру мақсатында 129 тексеріс жүргізді. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылды. Атап айтқанда: профилактикалық бақылау аясында – 31, жоспардан тыс – 19, прокуратура органдарының бастамасымен – 79 тексеріс жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 37 нұсқама берілді. Сондай-ақ жалпы сомасы 4 млн 699,3 мың теңге болатын 37 әкімшілік айыппұл салынды. Бірлескен тексерулердің қорытындысы бойынша прокуратураға 79 қорытынды ұсынылды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатын болады.

04 декабря 2025
«Светлый путь» бағдарламасының іске қосылуы туралы ақпарат – фейк

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған «Светлый путь» бағдарламасы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Белгісіз адамдар deepfake технологиясын қолданып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инфлюенсерлермен бірлесіп «Светлый путь» бағдарламасын іске қосты деген жалған мәлімет берілген бейнеролик жариялауда. Онда бұл бағдарлама азаматтарға пайда табуға және олардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді деп көрсетілген.

Deepfake технологиясы жасанды интеллект көмегімен фото-, аудио- немесе бейнематериалда бір адамның бет-бейнесін екінші адамның түріне ауыстырып, синтетикалық контент жасауға мүмкіндік береді.

Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, тексерілмеген дереккөздерден келген бейне және аудиожазбаларға сенбеуіңізді, оларды таратпауыңызды, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуіңізді сұраймыз. Бұл – жеке деректеріңіздің алаяқтардың қолына түсу қаупін болдырмау үшін маңызды.

Жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланатынын естеріңізге саламыз.

04 декабря 2025
Жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдар агрегаторлар арқылы инватакси қызметіне 443 мыңға жуық тапсырыс берді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде 2025 жылдың басынан бастап Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 443,9 мың рет көрсетілді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 207,2 мың рет көрсетілгенін естеріңізге саламыз.

Бұдан бұрын хабарлағандай, инватакси қызметін көрсету жылдамдығы мен сапасын арттыру мақсатында Еңбекмині әкімдіктермен бірлесіп осы қызметтің тетігіне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады. Мысалы, азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет, бұл өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватакси беруді күтуге мәжбүр етеді, инватакси қызметтерін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі және
т. б. мәселелер бар.

Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жобаға бастама жасалды.

Мұндағы басты шарт сапарлардың ақысынан пайыздың болмауы, олар әдетте агрегатор платформаларының пайдасына аударылатын. Яндекс компаниясы пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.

Пилоттық жоба шеңберінде азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін қолдана алады. Бұл қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдауға, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалауға және жасалған сапарларға мониторинг жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде, жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді арнайы нұсқаулар алады.

Биыл Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдар қатарынан фокус-топтың қатысуымен жобаны пилоттық режимде іске асыру жалғасуда. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлеріне масштабтау жоспарлануда.

Бұған дейін хабарланғандай, 3 желтоқсанда Халықаралық мүгедектер күні аталып өтті. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылғы қарарымен ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мәселелеріне назар аударту және оларды қоғамға толыққанды кіріктіруге жәрдемдесу мақсатында белгіленген. Әр жылы әлемнің түкпір-түкпірінде осы күні мүгедектігі бар адамдарды қолдауға бағытталған түрлі іс-шаралар мен акциялар өткізіледі.

 

04 декабря 2025
2025 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 562 мыңнан астам қызмет алды

2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы мүгедектігі бар адамдардың 562,9 мың тапсырысы орындалды, оның ішінде: оңалтудың техникалық құралдарына (бұдан әрі – ОТҚ) шамамен 418,1 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 9,6 мың – ымдау тілі қызметін, 26,2 мың – жеке көмекшінің, 109 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінде Порталда 589 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1085 ОТҚ жеткізушісі, 32 мыңнан астам жеке көмекші, 764 ымдау тілі және 139 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Бұған дейін хабарланғандай, 3 желтоқсанда Халықаралық мүгедектер күні аталып өтті. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылғы қарарымен ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мәселелеріне назар аударту және оларды қоғамға толыққанды кіріктіруге жәрдемдесу мақсатында белгіленген. Әр жылы әлемнің түкпір-түкпірінде осы күні мүгедектігі бар адамдарды қолдауға бағытталған түрлі іс-шаралар мен акциялар өткізіледі.

03 декабря 2025
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Халықаралық мүгедектер күні әлемнің барлық елінде 3 желтоқсанда аталып өтеді. Бұл күн инклюзивті қоғам құру мәселесіне тағы бір мәрте назар аударып, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды мемлекеттік қолдау бойынша жүйелі шаралар туралы айтуға мүмкіндік береді. Бүгінде республикада 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау және өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі әрі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Қазақстанда тұратын 743,9 мың МБА-ның ішінде 414 мың адам немесе 55,7%-ы еңбекке қабілетті жаста, 212,9 мың адам немесе 28,6%-ы зейнеткерлік жаста, ал 117 мың адам немесе 15,7%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар.

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттырып, оларды қоғамға әлеуметтік тұрғыдан кіріктіру мақсатында мемлекет тарапынан жүйелі және бірізді шаралар қабылдануда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан және ол үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл жүйе Әлеуметтік кодекс аясында жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды: мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі көмек; әлеуметтік оңалту шеңберінде қажет деп танылған ағза функцияларын қалпына келтіру; арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету; жұмыспен қамту шаралары; кедергісіз орта құру.

Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында ЕХӘҚМ жанында мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің негізгі мақсаты – мемлекет пен азаматтық қоғам арасында диалогтық алаң құрып, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу болып табылады.

Қазақстанда орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс, қала, аудан әкімдерінің жанында мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшілер институты жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 140-тан астам кеңесші жергілікті деңгейде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мәселелерін шешуге көмектесіп, олардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған ұсыныстар әзірлеуге атсалысуда.

Өткен жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны жүзеге асыру бойынша алғашқы ұлттық баяндамасын қорғады. БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шараларды жоғары бағалап, бірқатар маңызды ұсынымдар берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, БҰҰ ұсынымдарын, халықаралық тәжірибені және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, ЕХӘҚМ 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Бұл құжат медициналық-әлеуметтік үлгіден әлеуметтік-құқықтық үлгіге көшуді көздейді. Тұжырымдаманың басты мақсаты – Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту. Тұжырымдаманы іске асыру – әрбір азамат өзінің даму ерекшеліктеріне қарамастан, лайықты өмір сүріп, өз әлеуетін толық іске асыра алатын қоғам қалыптастыруға жол ашады.

 

Мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер

Мемлекет мүгедектігі бар адамдардың (бұдан әрі – МБА) әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауда. Жыл сайын республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылардың және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жүргізілетін төлемдердің мөлшері индекстеліп отырады.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (бұдан әрі – МӘЖ) алушылардың саны 542,8 мың адамды құрады. Жыл басынан бері аталған жәрдемақыны төлеуге республикалық бюджеттен 424 млрд теңге бөлінді. МӘЖ мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін күнкөріс минимумының көлеміне байланысты белгіленеді. 1 қарашаға қарай мүгедектік бойынша МӘЖ-нің орташа мөлшері 78 283 теңгені құрады.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері: 114,5 мың адам – мүгедектігі бар баланы күтуге арналған жәрдемақы алды (жалпы сомасы 86 млрд теңге) және 53,3 мың адам – бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды күтуге арналған жәрдемақы алды (жалпы сомасы 39,2 млрд теңге).

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақылардан бөлек, еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер алады. Бұл төлемдердің мөлшері әрбір адам үшін жеке есептеледі және әлеуметтік аударым жасалған орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициентіне, сондай-ақ жүйеге қатысу өтіліне байланысты есептелінеді. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 99 мыңнан астам адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алды, төлемдердің жалпы сомасы 43,2 млрд теңгені құрады. 1 қарашаға қарай бұл әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 72 003 теңге болды.

 

Медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру

50-ден астам нозология бойынша мүгедектікті сырттай проактивті форматта белгілеу белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бұл формат аясында азаматқа тек медициналық ұйымға жүгіну жеткілікті – қалған барлық процесс ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы оның қатысуынсыз жүзеге асырылады. 2025 жылдың 11 айында еліміздің барлық өңірінен осы форматта 99,6 мыңға жуық өтінім қаралды, оның ішінде 66,2 мың іс – денсаулық сақтау ұйымдарынан тартылған тәуелсіз сарапшылар арқылы бағаланды.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап, ағзада қайтымсыз өзгерістер туындайтын жекелеген нозологиялар бойынша мүгедектікті белгілеудің арнайы механизмі енгізілген пилоттық жоба іске асырылуда. Бұл тізімге аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы, балалардағы мукополисахаридоз сияқты аурулар кіреді. Аталған жағдайда рәсімдер барынша оңтайландырылып, шешім қабылдау мерзімі бір жұмыс күніне дейін қысқартылды.

 

Оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін таңдау

Мүгедектігі бар адамдар медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерге сәйкес, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, арбалармен, санаторлық-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің, сондай-ақ ым-ишара тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Оңалтудың техникалық құралдарымен (бұдан әрі – ОТҚ) және қызметтермен қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталдың негізгі мақсаты – процестердің ашықтығын қамтамасыз ету, бәсекелестік арқылы сапаны арттыру және азаматқа еркін таңдау құқығын беру.

Бүгінгі таңда Порталда 589 арнайы әлеуметтік қызметтер жеткізуші, 1085 ОТҚ жеткізуші, 32 мыңнан астам жеке көмекші қызметін ұсынушы, 764 ым-ишара тілі маманы, 139 санаторлық-курорттық ұйым тіркелген.

Жыл басынан бері Портал арқылы мүгедектігі бар адамдар тарапынан 562,9 мыңнан астам тапсырыс орындалды.

Қазіргі уақытта инватакси қызметін де Портал арқылы ұсынуға көшіру жұмыстары жүргізілуде.

 

Арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және оңалтуды дамыту

Мүгедектігі бар адамдардың (бұдан әрі – МБА) қоғам өміріне араласу мүмкіндігін қалыптастыру және туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру мақсатында арнайы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) ұсынылады. Қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық жағдайда және үйде күтім көрсету форматында көрсетіледі. АӘҚ азаматтардың жеке қажеттіліктеріне байланысты келесі 8 бағыт бойынша ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау аясында АӘҚ көрсететін орталықтардың қызметі лицензиялау арқылы реттеліп, жан басына қаржыландыру жүйесіне көшу жүзеге асырылуда, бизнес-процестер цифрландырылуда. Лицензиялаудың басты мақсаты – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда 94 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін ұйымдарға 582 лицензия берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2027 жылдың соңына дейін еліміздің 12 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл өңірлер: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, Алматы, Шымкент және Астана қалалары. Бүгінде Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында 4 оңалту орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Атырау облысында тағы 1 орталық пайдалануға беріледі. Қалған 7 орталықтың құрылысы жүргізіліп жатыр.

 «Қамқорлық» бастамасының үшінші кезеңін іске асыру шеңберінде аутизм спектрінің бұзылуы және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі ауысымдық орталықтарын ашу жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар келесі 7 қалада жұмыс істейді: Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Шымкент.

Сонымен қатар, ЕХӘҚМ «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға арналған инновациялық оңалтудың техникалық құралдарымен (ОТҚ) қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба іске асыруда. Бүгінгі таңда жобаға 489 бала қатысып жатыр және алғашқы оң нәтижелерге қол жеткізілді – 353 баланың қимыл-қозғалыс дағдылары едәуір жақсарды, оның ішінде басты тік ұстау, отыру, еңбектеу, тұру қабілеттері жақсарып, ал 21 бала өздігінен жүре бастады.

 

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу

Мүгедектігі бар адамдарды (МБА) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. 2025 жылғы 1 қарашасындағы жағдай бойынша, мүгедектігі бар 111 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбекке қабілетті жастағы МБА-ның 30%-ын құрайды.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына 2-ден 4%-ға дейінгі квота белгілейді. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында квота шеңберінде мүгедектігі бар 7,1 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ, МБА жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылуда. Жыл басынан бері: 4,8 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 538 адам – жастар практикасы аясында, 538 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 5,7 мың адам – қоғамдық жұмыстарға, 758 адам – «Күміс жас» жобасы бойынша, 120 адам – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында, 9 адам – «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар, 1,4 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жеке кәсібін ашу үшін мемлекеттен 400 АЕК-ке дейін (1,6 млн теңгеге дейін) грант алды.

 

Кедергісіз орта құру және мемлекеттік бақылау

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. 2023–2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 43 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі уақытта республика бойынша 25 мыңнан астам нысан толық бейімделген.

2023 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік инспекторлар институты жұмыс істейді. Олар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау арқылы қадағалайды.

2025 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар 1356 тексеру: олардың 461-і – жоспардан тыс, 558-і – профилактикалық бақылау аясында, ал 337-сі – прокуратураның талап етуі бойынша жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде 701 нұсқама берілді.

Қазақстанның әр өңірінен мүгедектігі бар азаматтар оң өзгерістерді және өмір сапасының артқанын атап өтуде.

 

02 декабря 2025
Қазақстанның Еңбек министрлігі мен Кореяның Әділет министрлігі ерікті түрде елден шығару бағдарламасының мерзімдерін кеңейту жөнінде келісімге келді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасының Әділет министрлігімен заңсыз көші-қонды азайту және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жүргізілген келіссөздер барысында, Кореяда заңсыз жұмыс істеген қазақстандықтарға айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбастан елден ерікті түрде шығуға мүмкіндік беретін ерікті елден шығару бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) мерзімдерін кеңейтуге уағдаласты. Біздің отандастарымыз бұл мүмкіндікті 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпан айына дейін қоса алғанда пайдалана алады.

Бұл шаралар құқықтық салдарларды жеңілдетуге және өз мәртебесін реттеуге дайын адамдарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, мәжбүрлеп шығару шарасына жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетелдіктерге қолданылмайды.

Бағдарламаға қатысу үшін төлқұжат, ерікті елден шығару туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарлама Корея Республикасының иммиграция кеңселері арқылы ұшу күніне дейін 15-тен 3 күнге дейінгі мерзімде беріледі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ҚР ЕХӘҚМ) қазақстандықтарды шетелде тек заңды негізде жұмысқа орналасуға шақырады. Бұл заңсыз көші-қон, елден шығарып жіберу, айыппұлдар, құқықтық шектеулер және еңбек қанауы сияқты тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Тек ресми және тексерілген еңбек ресурстары арналарына жүгіну қажет: лицензияланған жеке жұмыспен қамту агенттіктері, мемлекеттік бағдарламалар және жұмыс берушілердің ресми ұсыныстары.

ЕХӘҚМ шетелде жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

02 декабря 2025
Мүгедектікті белгілеу бойынша 99 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды

2025 жылдың басынын бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 99,6 мың өтінім қаралды. Бүгінде сырттай форматта куәландыру 50-ден астам нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.

2024 жылы 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,4%-ын құрайды.

Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің қызмет алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асыруда.

Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

Сырттай куәландыруға көшу:

- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;

- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;

- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;

- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

 

01 декабря 2025
Еңбек министрлігі Кәсіптік тәуекелдерді басқару қағидаларын кеңейтуді жоспарлап отыр

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіптік тәуекелдерді басқару қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) өзгерістер енгізуде. Ведомство басшысының тиісті бұйрық жобасы туралы ақпарат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Енгізілген жаңашылдықтар аясында кәсіптік тәуекелдерді басқару үдерістері цифрландырылады, тәуекелдерді бағалау жөніндегі сарапшылар мен мамандандырылған ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтіледі, сондай-ақ өндірістік кеңестердің рөлі артады.

Қағидаларда кәсіптік аурулардың алдын алуға және жарақаттануды төмендетуге бағытталған өзгерістер, жеке тәуекел көрсеткіштерін енгізу және басқа да жаңашылдықтар қарастырылған.

Бұдан бөлек, кәсіби тәуекелдерді тікелей жұмыс орнында жеке бағалауға көшу көзделген.

Жобаны қабылдау тәуекелдерді басқару сапасын арттыруға және өндірістегі жазатайым оқиғалар санын азайтуға ықпал етеді.

Бұйрық жобасы туралы ақпарат 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға арналған «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылған.

Социальные сети
Facebook
Youtube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты