2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 331,7 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 289,8 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 118,5 млрд теңге болды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
- eGov.kz порталында авторизациялану;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Іс-шара Қоғамдық кеңес мүшелерінің, ведомствоның құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларының қатысуымен гибридтік форматта өтті.
Күн тәртібіне еңбекті қорғау және кәсіби тәуекелдерді басқару саласындағы НҚА-ларға өзгерістер енгізу, көші-қон саясатын жетілдіру, сондай-ақ 2024 жыл мен 2025 жылдың 11 айындағы ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызмет қорытындылары енгізілді.
Бірінші мәселе бойынша Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Жұлдыз Абулғазина баяндама жасады. Ол қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуға, сондай-ақ кәсіби тәуекелдерді басқаруды енгізуге қатысты бұйрықтарды түзету жөніндегі ұсыныстарды таныстырды. Талқылау барысында қолданыстағы талаптарды жаңарту қажеттілігі цифрландыруды, халықаралық тәсілдерді және еңбекті қорғау мамандарын даярлау рәсімдерін біріздендіруді ескере отырып атап өтілді.
Көші-қон процестері, соның ішінде шетел азаматтарының Қазақстанда уақытша болуының динамикасы туралы ақпаратты Көші-қон комитетінің төрағасы Әсет Шонов ұсынды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда оң көші-қон сальдосы сақталып отыр, биыл ол +10,2 мың адамды құрады. Шетелге жұмысқа шығатын қазақстандықтардың саны азайғанымен, жалпы алғанда сырт елдерде 157 мың азамат бар. Ішкі еңбек нарығында шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 0,25% мөлшерінде бекітілген, маусымдық жұмысшылар үшін кәсіптер тізбесі 10-ға дейін кеңейтілген.
«Халықтың ішкі мобильдігін арттыру жөніндегі шаралардың арқасында солтүстік өңірлердегі теріс көші-қон сальдосы 4 есеге қысқарып, минус 13 мың адамға дейін төмендеді, алайда жалпы ағынның 51%-ы бұрынғысынша үш мегаполисте шоғырланып отыр. Қазіргі уақытта 2030 жылға дейінгі жаңа Көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірлеу аяқталып келеді. Оның басты мақсаты – мигранттарды сапалы іріктеуге және адами капиталды дамытуға негізделген қауіпсіз әрі басқарылатын жүйе құру», – деді ол.
Еңбек министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары еңбек нарығын дамыту, әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібін жеңілдету және цифрлық шешімдерді енгізу сияқты қызметтің негізгі бағыттары бойынша оң динамиканы атап өтіп, 2024 жыл және 2025 жылдың 11 айы жөніндегі егжей-тегжейлі есептерін таныстырды.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның (бұдан әрі – ЕРДО) вице-президенті Бахтияр Жазықпаев өз баяндамасында ұйым қызметі үш стратегиялық бағытқа шоғырланғанын атап өтті: талдамалық жұмыс, еңбек делдалдығы және халықтың барлық өмірлік циклінде 20 млн азаматқа қызмет көрсететін цифрлық сервистер. Есептік кезеңде бірыңғай талдамалық платформа енгізіліп, мемлекеттік органдар үшін 100-ден астам ақпараттық-талдамалық материал дайындалып ұсынылды. Сонымен қатар еңбек ресурстарын болжау жұмысы жалғасты, оған қысқа мерзімді, орта мерзімді (2035 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (2050 жылға дейін) демографиялық болжамдарды өзектендіру кіреді. Негізгі салалардың 97%-ын қамтитын Ұлттық біліктілік жүйесі аясында 4,5 мыңнан астам мамандық бойынша 864 кәсіптік стандарт әзірленіп, олардың негізінде білім беру бағдарламаларының кемінде 60%-ы жаңартылды.
ЕРДО-ның цифрлық жетістіктері Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы тарапынан мойындалып, Электрондық еңбек биржасы, Әлеуметтік қызметтер порталы және Отбасының цифрлық картасы озық тәжірибелер қатарына енді.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның (бұдан әрі – МӘСҚ) қызметі туралы ақпаратты басқарма төрағасы Алмас Құрманов ұсынды. Оның мәліметінше, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар саны 7 млн адамға жуықтады. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша МӘСҚ 1 291 944 алушыға 853,3 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер жүргізді.
Қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі қайтадан 5%-ға қайтарылды, сондай-ақ жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеу тәртібіне нысаналы өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде ай сайынғы түсімдердің төлемдер көлемінен артық болуы қамтамасыз етілді.
«Әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша бизнес-процестер оңтайландырылуда. Еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша әлеуметтік төлемді қайта есептеу; мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен қажетті мәліметтер түскен кезде әлеуметтік төлемдерді тоқтату және оларды тоқтата тұру және т.б. – автоматтандырылған. Алаяқтық әрекеттерді болдырмау жұмыстарының нәтижесінде ерікті өтемақылар сомасы 303 млн теңгені құрады», – деді Құрманов.
2024 жылдан бастап міндетті сақтандыру жүйесінде енгізілген өзгерістер сақтандырушылардың жауапкершілігін және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтті. «Мемлекеттік аннуитеттік компаниясы» ӨСК» АҚ-ның (бұдан әрі – МАК) басқарма төрағасы Қуаныш Мұқажанов 2025 жыл қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсімін атап өтті: келісімшарттар саны 3 213-ке жетіп, бір жыл бұрынға 51 512 адаммен салыстырғанда 212 906 адамды сақтандыруға мүмкіндік берді; ал компанияның жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (бұдан әрі – ЖОМС) бойынша сыйлықақылардағы үлесі 0,83%-дан 2,44%-ға дейін өсті. Төлемдер көлемі де: 2023 жылғы 103,3 млн теңгеден 2024 жылы 603,2 млн теңгеге дейін ұлғайды.
Сонымен қатар компанияда алғаш рет бірқатар маңызды бастамалар іске асырылды: Demeu жаңа жинақтаушы өмірді сақтандыру өнімі іске қосылды, ай сайынғы KPI жүйесі мен бірыңғай цифрлық CRM-платформасы енгізілді, колл-орталық жұмысын бастады. МАК ЖОМС бойынша сақтандыру пулына кірді және тәуекелдерді басқару құралдарын кеңейте отырып, қайта сақтандыру лицензиясын алу бойынша жұмыс жүргізуде.
Баяндамашылар Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап бере отырып, цифрлық шешімдерді одан әрі дамыту, тәуекелдердің алдын алу шараларын күшейту, деректер сапасын арттыру және ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту қажеттілігін атап өтті.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 296 мыңға жуық адам қамтылды, 821,1 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 168,3 мың адам жұмысқа ораналасты, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарында 13,4 мың адам, жастар практикасында 29,1 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 99,9 мың адам, «Күміс жас» жобасы аясында 18,7 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 6,9 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде 315 адам жұмыспен қамтылды.
Жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін халықтың әлеуметтік осал санатына жататын азаматтарға 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) 9 239 грант берілді.
Еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 59,2 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 53,5 мыңы оқуды аяқтап, сертификат алды.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 50 мың адам қамтылды, оның ішінде 27,6 мың адам оқуды аяқтады.
Жұмыс берушілердің өтініші бойынша кәсіптік оқытуға 9 161 адам жіберілді, оның ішінде 6 375 адам оқуды аяқтады. Оқуды аяқтағаннан кейін 6 118 адам жұмысқа орналасты.
Бұдан басқа, қызмет саласын таңдау мақсатында кәсіптік орталықтарда 363,2 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтіп, кеңес беру қызметтерін алды.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылатынын және шын мәнінде жұмысқа орналасқандығы олар үшін міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталатынын атап өткен жөн.
Мәселен, 2025 жылғы 1 желтоқсанда 821,1 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде – 177,5 мың адам; Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер орналастырған бос жұмыс орындарына 209,8 мың адам; Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 394,8 мың адам; орталық мемлекеттік органдар іске асыратын жобалар шеңберінде – 39 мың адам жұмыспен қамтылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр Виктория Шегайдың төрағалығымен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз ету тетігін жетілдіруге арналған жұмыс тобының отырысы өтті. Отырыстың мақсаты – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, талаптарды стандарттау және әлеуметтік қолдау саласында цифрлық құралдарды кеңінен енгізу.
Отырыста сөз бастаған Виктория Шегай бұл мәселенің маңыздылығына тоқталып:
«Ортопедиялық аяқ киім – жай ғана бұйым емес, ол – мүгедектігі бар адамдардың денсаулығына, қозғалу мүмкіндігіне және өмір сапасына тікелей әсер ететін оңалту құралы. Біздің міндетіміз – бұл көмекті уақтылы әрі сапалы ұсыну, бірыңғай стандарттар мен процестердің ашықтығын арттыратын цифрлық құралдарды енгізу», – деді ол.
Отырыс барысында ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз етудің қолданыстағы тәсілдері, техникалық және клиникалық аспектілер, бұйымдардың экономикалық параметрлері, сондай-ақ ортопедиялық аяқ киімді Ұлттық тауарлар каталогына енгізу мүмкіндігі қаралды. Тауарларға тапсырыс қалыптастыру, олардың сипаттамасының дұрыстығы, өндірушілердің Әлеуметтік қызметтер порталымен өзара іс-қимылы сияқты практикалық мәселелер талқыланды.
Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының өкілдері қазіргі жағдайдың талдауын және процесті оңтайландыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Оған тауар карточкаларының сапасын арттыру, техникалық талаптарды біріздендіру қажеттілігі және цифрлық сервистерді одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар кірді.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері ортопедиялық аяқ киімді Ұлттық тауарлар каталогына енгізу бұйымдардың сипаттамаларын біріздендіруге, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Болашақта цифрлық теңгені қолдануға көшу көрсетілетін қызметтердің сапасын жедел бақылаудың қосымша тетіктерін құруға жол ашады.
Отырыста ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар нормативтік және техникалық аспектілерді одан әрі пысықтау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен қосымша талқылаулар жүргізу қажеттілігін атап өтті.
2025 жылдың қараша айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасы (бұдан әрі – Enbek.kz) алаңында 101,1 мың вакансия жарияланды, олардың 73%-ы біліктілікті талап ететін лауазымдар болды. Алдыңғы аймен салыстырғанда жалпы вакансиялар саны 23%-ға, оның ішінде білікті мамандарға арналған вакансиялар 26%-ға азайды. Өз кезегінде үміткерлер 101,3 мың түйіндеме орналастырды, бұл қазан айымен салыстырғанда 11%-ға төмен.
Қарашада вакансиялар жалпы азайғанына қарамастан, бірқатар салаларда оң динамика байқалды. Мысалы, вакансиялар саны: тау-кен өндіру өнеркәсібінде 26%-ға (+344 бірлік) өсіп, 1,7 мыңға жетті; әкімшілік қызмет көрсету саласында – 19%-ға (+368 бірлік) өсіп, 2,3 мыңға; ауыл шаруашылығында – 11%-ға (+828 бірлік) өсіп, 8,3 мыңға; тұру және тамақтандыру қызметтері саласында – 2%-ға өсіп, 1,8 мың вакансияға жетті.
Вакансиялардың ең көп қысқаруы ойын-сауық және демалыс қызметтері саласында байқалды – 55%-ға (-3 мың бірлік) азайып, 2,4 мыңға; мемлекеттік басқаруда – 40%-ға (-3,4 мың бірлік) азайып, 5,2 мыңға; энергетикада – 38%-ға (-1,5 мың бірлік) төмендеп, 2,4 мың вакансияға дейін қысқарды. Өзге салаларда төмендеу үрдісі біршама бәсең болды.
Вакансиялар санының азаюы маусымдық факторлармен байланысты – ең алдымен, жылыту маусымының басталуына орай түрлі салалардағы кәсіпорындардың қазандық қондырғылары үшін кадрларды жасақтау процесі аяқталғаннан кейін мұндай жұмыс күшіне деген сұраныстың төмендеуімен түсіндіріледі.
Өңірлік тұрғыдан алғанда, қараша айында Жетісу облысынан басқа (+11%, 2,7 мыңға дейін) барлық өңірлерде вакансиялардың азаюы байқалды. Ең көп қысқару Батыс Қазақстан (-4,7 мың, 3,7 мыңға дейін), Жамбыл (-3,8 мың, 5 мыңға дейін) және Атырау (-2,5 мың, 4 мыңға дейін) облыстарында, тиісінше 124%, 75% және 61%-ға дейін тіркелді.
Вакансияларды орналастыру саны бойынша көш бастап тұрған өңірлер – Түркістан облысы (11,1 мың), сондай-ақ Астана (9,3 мың) және Алматы (7,2 мың) қалалары. Бұл үш өңір қараша айында жарияланған барлық вакансиялардың ширегінен астамын құрады.
Ең сұранысқа ие мамандықтар: мейірбике/мейіргер – 1,9 мың, санитар – 1,8 мың, тәрбиеші және автомобиль жүргізушісі – әрқайсысы 1,5 мың бос жұмыс орындары.
Қараша айында ең жоғары жалақы деңгейлері бас құрылысшыларға (640 мың теңгеден бастап), өндірістік учаске бастықтарына (595 мың теңгеден бастап) және авиациялық диспетчерлерге (568 мың теңгеден жоғары) ұсынылды. Ал ең жоғары жалақы күту деңгейі пилоттарда (орташа 1,9 млн теңге), коммерциялық ұйымдардағы IT-бөлім басшыларында және бас геологтарда (шамамен 1,2 млн теңге) байқалды.
Осылайша, 2025 жылдың қарашасында Enbek.kz алаңында жұмыс берушілер мен үміткерлер белсенділігінің төмендеу үрдісі жалғасты. Бұл, ең алдымен, маусымдық түзетулерге байланысты. Сонымен бірге салалық және біліктілік тұрғысынан сұраныс пен ұсыныс құрылымы айтарлықтай өзгерген жоқ.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары палаталардың бірлескен пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын қарап, оны қабылдады. Құжат екі ел азаматтарының зейнетақы құқықтарын қамтамасыз етуге, еңбек өтілін есепке алу және төлемдерді тағайындау тәртібін айқындайтын құқықтық тетіктерді құруға бағытталған.
Келісім еңбек қызметі, әскери қызмет кезеңдері, оқу мерзімдері және зейнетақы төлемдерін дұрыс есептеу үшін қажетті өзге де мәліметтермен алмаса отырып, құзыретті органдардың өзара іс-қимылын реттейді. Әр тарап зейнетақыны өз ұлттық заңнамасына сәйкес, екі ел аумағында жинақталған еңбек өтілінің расталған кезеңдерін пайдалана отырып тағайындайды.
Заң жобасына ақпарат алмасу тәртібін, құжаттарға қойылатын талаптарды және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың техникалық параметрлерін айқындайтын жеті қосымша енгізілген. Қазақстан тарапынан құзыретті орган ретінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгіленді.
Заң жобасын таныстырған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай:
«Келісімнің басты мақсаты – шетелде жұмыс істейтін азаматтарымыздың және тарихи отанына оралған этникалық қазақтардың мүддесін қорғау. Біз еңбек өтілі мен зейнетақы жарналары қоныс аударған кезде “жоғалып кетпей”, керісінше жиынтықталып, төлемдерді тағайындау барысында толық есепке алынатын жағдай қалыптастырамыз. Бұл – әлеуметтік қамтамасыз етудің инклюзивті әрі әділ жүйесін құрудағы стратегиямызға толықтай сай келеді», – деп атап өтті.
Виктория Шегайдың айтуынша, Келісімді іске асыру еңбек өтілін растау рәсімдерін жеңілдетіп, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтеді.
ҚР ІІМ деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 9 айында Қазақстанға 35 122 моңғол азаматы келген, 33 802 адам шыққан. 2024 жылы бұл көрсеткіш жоғары болған: 44 240 адам кіріп, 40 916 адам шыққан.
Қазіргі таңда Қазақстанда 6 654 моңғол азаматы тұрақты тұрады, олардың 6 109-ы – қандастар. 2025 жылы 686 адамға тұрақты тұруға рұқсат беріліп, 646 адам ҚР азаматтығын алған, олардың 539-ы – қандастар.
Келушілердің елеулі бөлігі – жасы үлкен адамдар, олар үшін еңбек өтілін растау және зейнетақы тағайындау мәселелері аса маңызды. Келісім еңбек өтілін есепке алу тетігін жүйелеуге, азаматтарды құжаттарды қайта-қайта тапсыру міндетінен босатуға және ақпарат алмасудың бірыңғай жүйесі болмағандықтан туындайтын қателіктерді азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан 2019 жылдан бастап екіжақты келісімдерге қарамастан, тұрақты тұруға келген этникалық қазақтардың еңбек өтілін біржақты тәртіппен есепке алып келеді. Бұл норма ҚР Әлеуметтік кодексінде (208-бабы 1-тармағының 16-тармақшасы) бекітілген.
2019 жылдан 2024 жылдың наурызына дейін Моңғолиядан келген 1 790 этникалық қазаққа жасына байланысты зейнетақы тағайындалды. Сонымен бірге, ҚР ЕХӘҚМ қарасты Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің деректері бойынша, 402 зейнетақы ісінде әскери қызмет немесе оқу туралы мәліметтер еңбек кітапшаларындағы жазбалар арқылы расталған.
Келісімді ратификациялау қолданыстағы нормаларды нығайтып, барлық рәсімдерді халықаралық құқықтық өріске бекітуге мүмкіндік береді, бұл азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды.
Келісімді іске асыру шеңберінде ақпарат алмасу екі мемлекеттің интеграцияланған цифрлық платформалары арқылы ғана жүзеге асырылады. Бұл:
Бұл тәсіл Қазақстанның әлеуметтік саланы цифрландыру және проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізу бағытына сәйкес келеді.
Келісімді ратификациялау шетелде тұратын немесе жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау жүйесін күшейту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Қарау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары Заң жобасын қолдап, оны ҚР Парламентінің Сенатына жіберді.
Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы Career Enbek базасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары туралы ақпаратты қамтитын Білім беру бағдарламаларының тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) іске қосылды.
Тізілім – деректердің ашықтығын, салыстырмалылығын және өзектілігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ білім беру жүйесі мен кәсіптік талаптардың өзара байланысын нығайтудың маңызды тетігі болып табылатын құрал. Ол кадрлар даярлау сапасын арттыруға және Ұлттық біліктілік жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Тізілім білім беру бағдарламаларындағы және оларды әзірлеудің негізі болып саналатын кәсіптік стандарттардағы өзгерістерді жүйелі түрде мониторингілеуге мүмкіндік береді. Бұл құрал білім беру ұйымдарының еңбек нарығының талаптарына сәйкес бағдарламалар мазмұнын қаншалықты жедел жаңартып отырғанын, сондай-ақ кәсіби стандарттардың практикада қалай қолданылып жатқанын бақылауға жол ашады.
Осылайша тізілім «Кәсіптік біліктіліктер туралы» заң аясында әзірленіп, кадрлар даярлаудың заманауи инфрақұрылымын қалыптастырудың маңызды элементіне аналады.
Тізіліммен төмендегі сілтеме арқылы танысуға болады: https://career.enbek.kz/ru/pages/op-registry.
Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы Career Enbek (бұдан әрі – Career Enbek) кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен тегін өтуге мүмкіндік беретін бір реттік ваучер алуға жағдай жасайды. Биыл 442 ваучер беріліп, 220 адам біліктілікті тану рәсімін толық тәмамдады.
Аталған электрондық құжатты алу үшін тіркелген жұмыссыз азаматтар Career Enbek платформасындағы жеке кабинеті арқылы өтінім беруі тиіс. Өтінімге білім туралы және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелері қоса тіркеледі. Одан кейін тізілімнен қажетті мамандықты және процедураны жүргізетін кәсіптік біліктілікті тану орталығын таңдау қажет.
Өтінім түскеннен кейін Мансап орталығының мамандары өтініш берушінің жұмыссыз мәртебесінің бар-жоғын және осы жылы оған бұған дейін ваучер берілмегенін тексереді. Тексеру нәтижесі бойынша жеке кабинетке ваучер беру немесе беруден бас тарту туралы хабарлама жолданады.
Оң шешім қабылданған жағдайда ваучер автоматты түрде Career Enbek жүйесіндегі жеке кабинетте көрсетіледі және белгіленген мерзім ішінде (45 күнтізбелік күн) қолданылады. Осы кезеңде азамат алдын ала таңдаған біліктілікті тану орталығында өз біліктілігін тану рәсімінен өтуі тиіс. Процедура ақысыз, өйткені шығындар ваучермен жабылады.
Бір реттік ваучер жылына бір рет беріледі. Белгіленген мерзімде рәсімнен өтпеген жағдайда ваучердің күші жойылады.
Өтінімдерді 1 қаңтардан 1 қарашаға дейінгі кезеңде беруге болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық көші-қон ұйымы (бұдан әрі – ХКҚҰ) Кеңесінің 116-сессиясы шеңберінде өткен көші-қон және даму мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі топтың отырысына қатысты. Ол Қазақстанда көші-қон саясатын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.
Отырыс көші-қон саласындағы өзекті сын-қатерлерді талқылауға және оларды шешудің оңтайлы жолдарын іздеуге бағытталған. Халықаралық көші-қон ұйымы Кеңесінің 116-сессиясының күн тәртібінде: көші-қон мен даму арасындағы өзара байланыстарды стратегиялық басымдық ретінде қайта пайымдау; ұзақмерзімді нәтижелер беретін практикалық әрі ауқымдауға болатын бастамаларды айқындау; саларалық серіктестікті және қаржыландыруды күшейту арқылы инклюзивті, болашаққа бағдарланған көші-қон жүйелерін қолдау; сондай-ақ даму саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізу үшін көші-қон циклының барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және дағдыларды дамытуға, қаржылық инклюзивтілікке, реинтеграцияны қолдауға ықпал ететін әлеуетті бастамалар қаралды.
Өз баяндамасында Асқарбек Ертаев ХКҚҰ-мен орнатылған көпжылдық әрі өзара тиімді ынтымақтастықты, Қазақстанның өңіраралық өзара іс-қимыл тетіктерін және көші-қон саясатын дамытуға қосқан үлесін, адам саудасына қарсы іс-қимыл мен адами капиталды ілгерілету бағыттарын қолдауды еске салды.
«Қазақстан – Алматы процесінің қатысушысы. Біздің төрағалығымыз аясында биылғы қараша айында техникалық сараптамалық топтың отырысы өткізілді және министрлік конференциясына дайындық жүргізілуде. Төрағалықтың негізгі басымдықтарының бірі – тиімді көші-қон саясатын қалыптастыру үшін стратегиялық маңызы бар көші-қон деректерін стандарттау», – деп атап өтті Ертаев.
Вице-министр сондай-ақ биыл Халықаралық көші-қон ұйымының Бас директоры Эмми Поуптың Қазақстанға жасаған сапарын еске алды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өткен болатын.
«2024 жылы қазақстандық әртіс Димаш Құдайберген Азия бойынша ХКҚҰ-ның Ізгі ниет елшісі болып тағайындалған еді, ал бүгін, 2025 жылғы 8 желтоқсанда, Халықаралық көші-қон ұйымының Жаһандық бейбітшілік елшісі атанды. Мұның барлығы Қазақстан мен ХКҚҰ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді», – деп қосты Ертаев.
Асқарбек Ертаев сонымен қатар көші-қон саласына цифрлық құралдарды енгізу туралы хабарлады.
«2024 жылы Migration.enbek.kz бірыңғай көші-қон порталы іске қосылды. Ол Enbek экожүйесімен интеграцияланған және Қазақстандағы көші-қонды басқарудың цифрлық іргетасын құрайды. Портал «бір терезе» қағидаты бойынша мигранттарға 17-ден астам қызмет түрін ұсынады», – деді ол.
Цифрлық құралдарды дамыту көші-қон саясатын жаңғыртумен тығыз байланысты, ал көші-қонды басқару жүйесін ішкі реформалау Қазақстан үшін негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.
Бұдан бөлек, вице-министр мигранттардың, соның ішінде еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде және Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын әзірлеу туралы айтып берді.
ХКҚҰ Кеңесінің 116-сессиясына қатысу үшін Женеваға жасаған жұмыс сапары барысында Асқарбек Ертаев ХКҚҰ Бас директордың орынбасары Угочи Дэниелспен кездесіп, оған Enbek экожүйесін, әсіресе Migration.enbek.kz порталының жұмыс механизмдері мен қағидаттарын таныстырды.
2025 жылдың басынан бері 553,7 мың азамат, оның ішінде 53,5 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында (бұдан әрі - Платформа) онлайн-курстардан өткені туралы сертификаттар алды. Платформада барлығы 1 млн-нан астам қазақстандық тіркелген, оның 710,3 мыңы – 2025 жылы тіркелді. Бұл ретте платформа жұмысының барлық кезеңінде 960 мың адам оқудан өтті.
Оқуды аяқтаған 53,5 мың жұмыссыз азаматтың шамамен 16,5 мыңға жуығы негізінен Түркістан облысы (3,5 мың адам), Қызылорда және Қостанай облыстары (тиісінше 2,5 және 2,8 мың адам), Алматы қ. (2,3 мың адам), Алматы облысы (2,2 мың адам) жастар (16-35 жас аралығы) болды.
Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 1 000-нан астам курс жариялады, оның 375-і тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары бар.
Курстардың ұзақтығы 6-дан 72 сағатқа дейін.
Қыркүйек айындағы ең танымал курстар: «IT и телекоммуникации», «Повар-кондитер», «Сенің мансаптық бастамаң: «Электрондық еңбек биржасын» қалай пайдалануға болады», «Управление персоналом», «Пішу және тігу».
Платформада әлеуметтік қызмет көрсету және т.б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.
Осылайша, Жұмысшы мамандықтар жылының жүзеге асырылуы аясында ағымдағы жылдың мамыр айында мектеп түлектері мен ТжКБ оқушылары үшін «Сенің мансаптық бастамаң: «Электрондық еңбек биржасын» қалай пайдалануға болады» және «Твой карьерный старт: как использовать «Электронную биржу труда»» атты курстар орналастырылды.
Аталған арнайы курстар болашақ мамандықты таңдауға жәрдемдеседі, жұмыс іздеу мен өзіндік таныстыру дағдыларын қалыптастырады, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасының құралдарын тиімді қолданып, жұмыс вакансияларын табу, біліктілікті арттыру және т.б. мүмкіндіктерді үйретеді. Бүгінгі таңда 375 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студент аталған оқытудан өтіп, тиісті сертификаттарға ие болды.
Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.
Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы қол жеткізуге болады.
Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы принципін дербес таңдайды, білім беру үдерісіндегі өзінің ілгерілеуін бақылай алады.
Білім алушы үшін артықшылықтар: кеңейтілген курстарды іздеу, сабақтың түсінікті құрылымы, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу. Пайдаланушылар үшін жасанды интеллект көмегімен чат-бот қол жетімді, ол жылдам іздеуді және қызығушылық тудыратын сұрақтарға жауап алуды қамтамасыз етеді.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – білім алушы тарапынан курсты бағалау. Сертификатты жүктеу кезінде игерген дағдылар бойынша Enbek.kz-те бос жұмыс орындарының ұсыныстары қосылды.
Алынған сертификат Enbek.kz-те тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші Платформада сәтті оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.
Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Платформа ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігін болжайды.
Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарауға қолжетімді, сертификаттардың әртүрлі дизайны көзделген, сондай-ақ оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.
2023 жылдың желтоқсан айынан бастап курстарды Enbek мобильді қосымшасы арқылы оқуға болады, қосымшаны Google Play және App Store-дан жүктеуге болатынын естеріңізге саламыз.
Платформада тіркелу және жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуды сұраймыз: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 405, 441, 363).