2025 жылдың басынан бері 22,5 мың азамат, оның ішінде шамамен 17,6 мың жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында (бұдан әрі – Платформа) онлайн-курстардан өткені туралы сертификаттар алды. Платформада барлығы 527,5 мың қазақстандық тіркелген, оның 28,8 мыңы – 2025 жылы тіркелді. Бұл ретте платформа жұмысының барлық кезеңінде 433,4 мың адам оқудан өтті.
Оқудан өткен 17,6 мың жұмыссыз азаматтың 4,4 мыңға жуығы негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қостанай облыстарының және Шымкент қаласының жастары.
Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 859 курс жариялады, оның 313-і тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары бар.
Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.
Ақпан айындағы ең көп сұранысқа ие курстар – «Страховой агент», «Кассир», «Построение отдела продаж в отеле», «Основы коммуникации и правила общения с лицами с инвалидностью и особыми потребностями» және «Продавец».
Платформада әлеуметтік қызмет көрсету, туризм, мұнай, газ, ресурстарды өндіру, құқықтану және т.б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.
Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.
Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы қол жеткізуге болады.
Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы принципін дербес таңдайды, білім беру үдерісіндегі өзінің ілгерілеуін бақылай алады.
Білім алушы үшін артықшылықтар: кеңейтілген курстарды іздеу, сабақтың түсінікті құрылымы, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – білім алушы тарапынан курсты бағалау. Сертификатты жүктеу кезінде игерген дағдылар бойынша Enbek.kz-те бос жұмыс орындарының ұсыныстары қосылды.
Алынған сертификат Enbek.kz-те тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші Платформада сәтті оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.
Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Платформа ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігін болжайды.
Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарауға қолжетімді, сертификаттардың әртүрлі дизайны көзделген, сондай-ақ оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.
2023 жылдың желтоқсан айынан бастап курстарды Enbek мобильді қосымшасы арқылы оқуға болады, қосымшаны Google Play және App Store-дан жүктеуге болатынын естеріңізге саламыз.
Платформада тіркелу және жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуды сұраймыз: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878, 888).
2025 жылдың басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы мүгедектігі бар адамдардың 127,8 мың тапсырысы орындалды, оның ішінде: 90 мыңға жуық оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 7,3 мың – ымдау тілі, 24,2 мың – жеке көмекші, 6,2 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін алды.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Қазіргі уақытта Порталда 719 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 938 ОТҚ жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 756 ымдау тілі және 129 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – Еңбекмині) бірінші вице-министр Ақмәди Сарбасовтың төрағалығымен өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды күшейту бойынша онлайн-кеңес өтті.
Іс-шараға Еңбекмині Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің, ҚР Кәсіподақтар федерациясының және «PARYZ» ҚР Жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасында 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру барысы, атап айтқанда кәсіпорындарға тәуекел сыныбын бере отырып, кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалау рәсіміне толыққанды көшуге бағытталған құралдарды енгізу және жұмыстар жүргізу қаралды.
«Қазіргі уақытта қолданысқа енгізілген Кәсіпорындардың цифрлық картасы нақты уақыт режимінде кәсіпорындардағы тәуекелдерді болжауға және алдын алу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бүгінде 91,1 мың кәсіпорындағы жағдайға мониторинг жүргізіледі. Осындай алдын алу шараларының арқасында жоғары тәуекел аймағынан 2,8 мың кәсіпорын шығарылды, оларда жалпы 70 мыңнан астам жұмыскер бар», – деді Ақмәди Сарбасов.
Ол сондай-ақ биыл Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп Қазақстанның тау-кен өндіру секторында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесу жөніндегі арнайы жоба іске қосылғанын хабарлады.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауды күшейту, Қазақстанда еңбекті қорғау мәдениетін арттыру, еңбек заңнамасын сақтау қажеттілігі және т. б. бойынша ықтимал шараларды талқылады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде 2025 жылдың басынан бастап Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 58,2 мың рет көрсетілді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 207,2 мың рет көрсетілгенін естеріңізге саламыз.
Бұдан бұрын хабарлағандай, инватакси қызметін көрсету жылдамдығы мен сапасын арттыру мақсатында Еңбекмині әкімдіктермен бірлесіп осы қызметтің тетігіне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады. Мысалы, азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет, бұл өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватакси беруді күтуге мәжбүр етеді, инватакси қызметтерін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі және
т. б. мәселелер бар.
Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жобаға бастама жасалды.
Мұндағы басты шарт сапарлардың ақысынан пайыздың болмауы, олар әдетте агрегатор платформаларының пайдасына аударылатын. Яндекс компаниясы пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.
Пилоттық жоба шеңберінде азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін қолдана алады. Бұл қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдауға, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалауға және жасалған сапарларға мониторинг жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде, жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді арнайы нұсқаулар алады.
Биыл Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдар қатарынан фокус-топтың қатысуымен жобаны пилоттық режимде іске асыру жалғасуда. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлеріне масштабтау жоспарлануда.
2025 жылдын басынын бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 16,7 мыңнан астам өтінім қаралды. Бүгінде сырттай форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.
2024 жылы 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,4%-ын құрайды.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.
Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асыруда.
Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Сырттай куәландыруға көшу:
- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;
- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекше тетігін енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру туралы бұйрық әзірледі. Бұл бірнеше нозология бойынша осы процедураны жеңілдетеді.
Сырттай проактивті форматта медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің ерекше тетігі медициналық құжаттарды аумақтан тыс бір ғана сарапшыға жіберу арқылы мүгедектікті белгілеу рәсімін оңайлатуды көздейді. Бұған дейін бұл рәсім үш сарапшының қатысуымен өткізілген еді.
Сондай-ақ сырттай проактивті куәландыру кезінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері үш жұмыс күннен бір жұмыс күніне дейін қысқартылады.
Бұл механизм пилоттық жобада ауруларға, жарақаттар мен ақауларға байланысты дене функцияларының қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары кезінде үш нозологиялық нысан бойынша қолданылады:
– аяқтың ампутациясы және (немесе) болмауы;
– Даун ауруы (синдром);
– балалардағы мукополисахаридоз.
Құжатпен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15472789
Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізудің нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 95,6 мың адамға SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 49 мыңнан астам адам пайдаланды.
Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.
ОЦК енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ, ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екендігі туралы күнделікті «электрондық хабарлама» болып табылады.
Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.
Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылды.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.
Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін атап өтеміз.
Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласыңыз. Қоңырау шалу тегін.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру туралы айтты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 979 мың азамат жұмысқа орналастырылды.
Асқар Биахметов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) қызметінің негізгі бағыттарының бірі азаматтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті. Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн бірлікке дейін ұлғайту көзделеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2,5 млн-ға жетті.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 979 мың азамат жұмыспен қамтылды, оның 714 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында 65 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 314 мыңнан астам адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 359 мың адам және тағы 241 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында жұмысқа орналасты», – деді вице-министр.
Сондай-ақ Асқар Биахметов ай сайын Еңбекминінің ақпараттық жүйелері арқылы жұмысқа орналасқандардың міндетті зейнетақы жарналарының бар-жоғын тексеру және олармен электрондық еңбек шарттарын жасасу арқылы жұмысқа орналасуға мониторинг жүзеге асырылатынын айтты.
Жұмыс орындарын құру мониторингінің нәтижелері бойынша зейнетақы жарналары жұмысқа орналастырылғандардың жалпы санының 85%-на түскені, шамамен 60%-да электрондық еңбек шарттарының болғаны анықталды.
2024 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 325 мың азамат тартылды.
67,5 мың адам үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылды, оның ішінде: білім беру ұйымдарында – 7,8 мың адам, жұмыс берушіде – 1,9 мың адам, Skills Enbek платформасында онлайн-оқытумен 57,7 мың адам қамтылды. Оқудан кейін барлығы 14,6 мың адам жұмысқа орналастырылды.
«Онлайн курстардан өткен азаматтардың жалпы санының 52 мыңнан астамы немесе 91%-ы оқуды сәтті аяқтап, тиісті сертификаттар алды.
Бүгінде Skills Enbek-те жаңа дағдыларды игеруге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдіретін кез келген азамат үшін 858 курс бар, оның ішінде 311-і тегін. Осы жылы VR және AR-технологияларды пайдалана отырып, жаңа практикалық курстар да қолжетімді болады», – деді Асқар Биахметов.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытумен 60 мың адам қамтылды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 188 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: қоғамдық жұмыстарға – 110 мың адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 15,5 мың адам, жастар практикасына – 33 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде – 9,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» – 420 адам, «Күміс жас» – 19,1 мың адам.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралардың тағы бір бағыты азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін халықтың әлеуметтік осал санаттарына мемлекеттік гранттар беру болып табылады.
«2024 жылы гранттар екі ағынмен берілді, жоспарланған 9 мың адамның 8 941-і қамтылды. Бұл ретте грант алушылардың 64%-дан астамы ауылдық жерлердің тұрғындары болып табылады», – деп толықтырды Асқар Биахметов.
Грант алушылардың негізгі үлесі технологиялық жабдықты сатып алуға ақшалай қаражатты пайдаланды (44%), мұнда қатысушылардың ең көп саны Түркістан (923 адам) және Қызылорда (602 адам) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (211 адам) байқалды.
«Грантқа өтініш берген кезде үміткер міндетті түрде бизнес-жобаны іске асыру нәтижелері бойынша жұмыс орындарын құрудың жоспарлы көрсеткішін көрсетеді. Осылайша, грант алған тұлғалар өздерін жұмыспен қамтамасыз ете отырып, қосымша 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрды. Жұмыс орындарының көбі Жамбыл (941 бірлік), Қызылорда (920 бірлік) және Түркістан (482 бірлік) облыстарында құрылды», – деп атап өтті вице-министр.
Ол сондай-ақ халықты жұмыспен қамту саласында іске асырылған цифрлық жобалар туралы егжей-тегжейлі айтты.
Еңбекмині «Жобалардың инновациялық навигаторы» платформасын құрды, ол кадрларға қажеттілікті талдау мен болжауды және барлық іске асырылатын жобалардың тиімділігіне уақтылы мониторингті қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жүйеде 168 мың жұмыс орнын құру жоспарымен 906 инвестициялық жоба бойынша мониторинг жүргізілуде.
Оқушыларға болашақ кәсіпті таңдауға мүмкіндік беретін «Мансап компасы» платформасы енгізілді. Платформада сұранысқа ие 400-ден астам кәсіп туралы ақпарат бар.
«ТжКБ және ЖОО студенттері үшін Электрондық еңбек биржасында өндірістік практикадан өту орнын таңдауға мүмкіндік беретін функционал іске асырылды. Студенттер нақты дағдыларды игеріп қана қоймай, кейін практикадан өткен кәсіпорында жұмыс қарастыра алады. Бүгінде 610 жұмыс беруші практикадан өту үшін 3,8 мың бос орын орналастырды, 130 ТжКБ ұйымдары тартылды, студенттерден 15 мың сауалнама алынды», – деді Асқар Биахметов.
Бұдан басқа, брифинг барысында вице-министр Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар кешені туралы айтып берді.
«Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам санында бағаланады, оның ішінде кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге шамамен 900 мың және жұмысшы мамандықтары бар мамандарға 400 мыңнан астам. Жұмысшы кадрлар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында сұранысқа ие. Бұл салаларда жұмысшы мамандықтарға сұраныс 56%-ды құрайды», – деді Асқар Биахметов.
Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысшы кәсіптер жылын өткізу шеңберінде іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша бірлескен жұмысты бастады. Мемлекеттік органдардың салалық жоспарлары жаңа кәсіпорындар ашу және жаңа жұмыс орындарын құру (тұрақты және уақытша) бойынша негізгі көрсеткіштерді қамтиды.
«Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандарды даярлау үшін кемінде 35 мың тәлімгерді тарту, сондай-ақ тәлімгермен жұмыс орнында кәсіптік оқыту жоспарланған. Жұмыс берушіде жұмыссыздарды жұмыс орындарында ұзақтығы 6 айдан аспайтын кәсіптік оқыту ұйымдастырылады.
Осы жылы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылатын болады. Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды, тағы 5-інші орталықты ашу жоспарлануда, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша 2 орталық болады.
«Жыл ішінде кемінде 500 мың оқушы мен ТжКБ студенттері «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдалана отырып, жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру дағдыларына оқытумен қамтылатын болады. ТжКБ-ның үздік 1 мың түлегін елдің жетекші компанияларына жұмысқа орналастыру жоспарланған. «Мансап компасы» платформасының базасында
100 мың адамды қамти отырып, кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілетін болады.
Жоғарыда аталған шараларды қабылдау кірістерді арттыруға, іскерлік белсенділікті жандандыруға, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді вице-министр.
Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) кеңейтілген алқа отырысы өтті. Іс-шара барысында ведомствоның 2024 жылғы жұмысының қорытындысы шығарылып, 2025 жылға арналған жоспарлар белгіленді.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Парламент депутаттары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова; ҚР Президенті Әкімшілігінің және Үкімет аппаратының өкілдері, ЕХӘҚ вице-министрлері, аппарат басшысы, комитет төрағалары, департамент директорлары, ЕХӘҚМ бағынысты ұйымдарының басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен әлеуметтік әріптестер және өзге де жауапты лауазымды тұлғалар қатысты.
«2024 жылы ЕХӘҚМ барлық нысаналы индикаторларға қол жеткізді, қазақстандықтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды: 4 млн-нан астам алушыға зейнетақылар мен жәрдемақылар уақтылы индекстелді және төленді; жұмыс іздеп жүрген 900 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды; 1400 кәсіпорыннан 17 мың жұмыскердің әлеуметтік кепілдіктері қалпына келтірілді; өндірістік жарақаттану көрсеткіштері төмендеді; шетелдік жұмыскерлер үшін берілетін квота 22 мыңнан 15 мыңға дейін қысқартылды; 276 мыңнан астам отбасы қиын өмірлік жағдайдан шықты; арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілді», – деді Светлана Жақыпова.
Министр өз сөзінде Қазақстанда тиімді еңбек нарығын қалыптастыру үшін іске асырылып жатқан шаралар, көші-қон саясатын іске асыру, әлеуметтік қамсыздандыру, сақтандыру және қолдау жүйелерін одан әрі дамыту, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау және еңбек қатынастарын реттеу саласында қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі айтты.
Отырысты қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтіп, әлеуметтік-еңбек саласын дамыту бойынша жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) кеңейтілген алқа отырысында министр Светлана Жақыпова еңбек қатынастарын реттеу саласындағы негізгі сын-тегеуріндерді айтып, оларды шешу бойынша қабылданған және жоспарланған шаралар туралы хабарлады.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Парламент депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің және Үкімет аппаратының өкілдері, ЕХӘҚ вице-министрлері, аппарат басшысы, комитет төрағалары, департамент директорлары, ЕХӘҚМ бағынысты ұйымдарының басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен әлеуметтік әріптестер және өзге де жауапты лауазымды тұлғалар қатысты.
Светлана Жақыпова өз сөзінде еңбек қатынастарын реттеу ЕХӘҚМ қызметінің маңызды бағыты болып табылатынын атап өтті. Министр осы саладағы негізгі сын-тегеуріндерге тоқталып, ведомствоның проблемалық мәселелерді қалай шешетінін айтты.
Біріншісі – бейресми еңбек қатынастарының болуы. Еңбек шартынсыз жұмыс істеу, кірістерді жасыру, еңбекақы төлеу бойынша берешек мәселелері өзекті болып қала береді. Бұл әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде қызметкер үшін жағымсыз салдарға әкеледі.
«Өткен жылы еңбек инспекторлары 5,6 мың кәсіпорынды тексерді, еңбек шартынсыз 200-ден астам жұмыс фактісі анықталды, 3,7 млрд теңге сомасына жалақы бойынша берешек өндірілді, 2,8 мың кәсіпорын жоғары тәуекел аймағынан шығарылды. Бұл ретте 49 кәсіпорында шамамен 950 млн теңге сомаға 1343 жұмыскер алдындағы жалақы бойынша берешек сақталады», – деді министр.
Министр ЕХӘҚМ қызметкерлерінің еңбек қатынастары мен кепілдіктерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар цифрлық шешімдерге бастамашылық жасалғанын айтты: жұмыс берушінің HR Enbek ақпараттық жүйесіндегі кәсіпорындардың штат кестесін декларациялауы; еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімін электрондық форматқа ауыстыру; еңбек жанжалдарын дәлірек болжау және алдын алу үшін еңбек тәуекелдері картасының функционалын кеңейту.
«Ұсынылған шаралар жұмыс берушілердің еңбек шарттарында көзделген міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етеді, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Екінші сын-қатер – жұмыскерлердің біліктілігінің төмен деңгейі. Бейіндік білімі бар көптеген жұмысшылар еңбек өнімділігін арттыру үшін қажетті дағдыларға ие емес. Жалақының өсуі кәсіби құзыреттілікті ескермей, әкімшілік әдістермен көбірек қамтамасыз етіледі.
«Жұмыс берушілер мен қызметкерлерді біліктілік жүйесіне тарту мақсатында «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңға сәйкес бірқатар шаралар іске асырылды. Сұранысқа ие 12 мың құзыретті қамтитын Цифрлық дағдылар банкі құрылды, бұл еңбек нарығының өзекті қажеттіліктерін дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Сұранысқа ие 4 500 мамандық үшін 800-ден астам кәсіптік стандарттар әзірленді, олар жоғары оқу орындары мен колледждердің 11 мыңнан астам білім беру бағдарламаларына негіз болды. Бұл еңбек нарығының талаптарына жауап беретін кадрларды даярлауды қамтамасыз етеді», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Жақын арада жоспарлануда:
- біліктілікті танудың 5 жаңа орталығын ашу, оның 2-і халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, бұл құзыреттерді бағалау сапасын арттырады;
- мемлекеттік органдар мен бизнестің ұсыныстары негізінде 800 жаңа кәсіпті қоса отырып, Ұлттық қызметтер сыныптауышы жаңарту;
- Еуропалық біліктілікті ескере отырып, Ұлттық біліктілік шеңберін өзектендіру. Бұл отандық дипломдарды шетелде тануға және өмір бойы оқыту тұжырымдамасын дамытуға ықпал етеді.
Үшіншісі – жарақат және зиянды еңбек жағдайлары.
Еңбекмині қабылдаған еңбекті қорғау саласындағы кешенді шаралар 2024 жылы тұтастай алғанда өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша оң серпінді сақтауға мүмкіндік берді. Мәселен, өткен жылы зардап шеккендердің саны 2023 жылғы деңгейге қарағанда 4,5% - ға, ал өлім-жітім саны 19,5% - ға азайды.
«2024 жылы еңбекті мемлекеттік бақылау функциялары Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес Еңбекминінің қарамағына қайтарылды. Осылайша, мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау кезінде еңбек инспекторларының тәуелсіздігі мен бейтараптығы қамтамасыз етілді.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 млрд теңге сомасына 13 мыңнан астам адамға төлемдер тағайындалды», – деді Светлана Жақыпова.
Бұдан басқа, заңнамалық деңгейде «ескерту» санкциясын «айыппұлға» ауыстыру және айыппұлдарды екі есеге ұлғайту бөлігінде еңбекті қорғау саласындағы талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде шаралар қабылданды.
Кәсіпорындардың цифрлық картасы енгізілді, ол нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеудің жеделдігі мен ашықтығы FSM мобильді қосымшасын енгізу арқылы артады.
Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында 519 мың жұмыскер жұмыс істейді. Адам шығынымен аяқталған топтық жазатайым оқиғалар және өндірістік жарақаттануды жасыру фактілері бар.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін еңбекті қорғау саласындағы қадағалау мен бақылау тетіктерін қатаңдату жөніндегі келесідей шараларды іске асыру жоспарлануда:
1) жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа әдістемесін енгізу;
2) қауіпті жұмыстарды шұғыл тоқтата тұру үшін мемлекеттік еңбек инспекторларына қадағалау функцияларын беру;
3) төтенше жағдайлар тәуекелдері туралы ерте хабарлау жүйелерін енгізу (мобильді қосымшалар, арнайы датчиктер және басқа да заманауи технологиялық шешімдер);
4) кәсіптік тәуекелдерді бағалауды жүргізу бойынша мамандандырылған ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту;
5) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде кәсіпорынға бармай профилактикалық бақылау мүмкіндіктерін кеңейту.