Қазақстанда мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілетін азаматтарды қаржыландыру жүйесін жетілдіру ұсынылып отыр. Тиісті өзгерістер бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға бағытталған.
Қазіргі таңда аталған орталықтарда тұратын азаматтардың тұруына және қажеттіліктеріне байланысты шығыстар мемлекет қаражаты есебінен толық өтеледі. Олардың тұруы, тамақтануы, киім-кешегі, әлеуметтік қызметтері, медициналық көмегі мен күтімі заңнамада белгіленген көлемде бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қамтамасыз ету қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған азаматтарға да қарастырылған.
Қолданыстағы тәртіп бойынша зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар бөлінеді. Төлемнің 30%-ы тікелей азаматқа беріледі және оның жеке қаражаты болып қалады. Ал қалған 70%-ы орталықтың арнайы шотына аударылады. Бұл қаражат әлеуметтік қызмет алушыларды қамтамасыз етуге байланысты қосымша шығындарға, оның ішінде қосымша тамақтануға, жұмсақ керек-жарақтарға және заңнамада көзделген басқа да қажеттіліктерге жұмсалады.
Сонымен бірге толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарды ұстауға арналған негізгі шығындар мемлекеттік бюджет есебінен өтеліп қойған. Осыған байланысты бір шығынды екі рет қаржыландыруға жол бермеу үшін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың 70%-ын пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылып отыр.
Бұл ретте азаматтың өз қарамағында қалатын қаражат көлемі өзгермейді. Қазіргі тәртіптегідей, тиісті зейнетақы төлемі немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы азаматқа жеке қажетіне жұмсау үшін беріледі.
Қалған 70%-ын мемлекет тарапынан бұрыннан қаржыландырылып отырған шығындарды қайта өтеуге бағыттамау ұсынылады. Үнемделген бюджет қаражаты әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы мүмкін.
Маңыздысы, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қамтамасыз ету көлемін қысқартуды көздемейді. Азаматтардың тұруы, тамақтануы, күтімі, медициналық көмегі және заңнамада көзделген басқа да әлеуметтік қызметтері белгіленген тәртіппен бұрынғыдай мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Жаңа тәртіп азаматтың толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болған кезеңінде ғана қолданылады.
Азамат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұруын тоқтатқаннан кейін немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғаннан кейін жасына байланысты зейнетақы, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы толық көлемде, яғни 100% мөлшерінде қайта төленеді.
Осылайша, азаматтардың қазіргі тәртіп бойынша өз қарамағында қалатын қаражат үлесі, яғни, тиісті төлемнің 30%-ы сақталады. Негізгі өзгеріс қалған 70%-ын пайдалану тәртібіне қатысты. Бұл бір шығынның екі рет қаржыландырылуына жол бермеуге, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға бағытталған.
Бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да мұнай-газ саласындағы жұмыспен қамту мәселелерін талқылады. Кездесуге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты.
Кездесуде жұмысқа орналастыру саласындағы қазіргі жағдай, оның ішінде ҚМГ қызмет жүргізетін өңірлердегі ахуал қаралды. Ұлттық компания тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, еңбек заңнамасын жетілдіру, ҚМГ қолдауымен әзірленген жұмыс іздеушілерді тіркеу және есепке алуға арналған «E-Kezek» цифрлық жүйесін Enbek.kz электрондық еңбек биржасымен интеграциялау мәселелері көтерілді. Сондай-ақ бизнестің қызметкерлерді іздеу және жұмысқа қабылдау үдерісіне кеңінен қатысуы, мұнай секторынан тыс жұмыспен қамту бағыттарын дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Өз кезегінде Министрлік жұмыспен қамту саласындағы цифрлық шешімдерді таныстырды. Олардың қатарында Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі, бос жұмыс орындарын жан-жақты іріктеу және еңбек тәуекелдерін мониторингілеу құралдары бар.
Жиын соңында тараптар негізгі бағыттар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Лукемен кездесу өтті. Кездесуді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев өткізді.
Кездесуде әйелдерді жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, гендерлік теңдік, сондай-ақ күтім көрсету жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақстан отбасы және гендерлік саясат, әлеуметтік қорғау, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағыттарында БҰҰ жүйесіндегі ұйымдармен көп жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Атап айтқанда, 2019-2024 жылдары Министрлік ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, сондай-ақ ЮНИСЕФ, ЮНФПА және БҰҰДБ серіктестігімен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлескен жобаны іске асырды.
Кездесу барысында Ербол Тұяқбаев бүгінде Қазақстанда 4,5 млн әйел жұмыспен қамтылғанын, оның ішінде 3,6 млн әйел жалдамалы жұмыста екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48%-дан астамын әйелдер басқарған. Ал елдегі барлық кәсіпкерлердің арасында әйелдердің үлесі 54%-ды құрады.
Елімізде әйелдерге отбасылық міндеттері мен кәсіби қызметін қатар алып жүруге жағдай жасауға бағытталған қолдау шаралары қалыптасқан. Оның ішінде еңбек кепілдіктері, бала күтіміне байланысты демалыс кезінде жұмыс орнын сақтау, негізсіз жұмыстан шығарудан қорғау, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, сондай-ақ цифрлық қызметтер бар.
«БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Луке Қазақстанның осы бағытта атқарып жатқан жұмысына оң баға берді.
«Қазақстанның әлеуметтік саясатты дамытуға және әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар жасап жатқанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, әйелдерге кәсіби қызметі мен отбасылық міндеттерін қатар атқаруға жағдай жасалуда. Ерлер мен әйелдердің еңбекақысындағы айырмашылықты азайту, еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында да шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыстың маңызы зор. Себебі Қазақстан әйелдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қоса алады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстың жалғасып, әйелдердің Қазақстанның дамуына қосатын үлесі арта түседі деп үміттенеміз», – деді Белен Санс Луке.
Аталған шаралар алдағы уақытта да отбасылардың қажеттіліктеріне, еңбек нарығындағы жағдайға және балаларға күтім көрсету қызметтерінің дамуына қарай жетілдіріледі. Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысының 19 қыркүйекте республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сөйлеген сөзінде қойған міндеттерін ескере отырып жүргізілуде.
Кездесу барысында қатысушылар ата-аналық міндеттер мен кәсіби қызметті ұштастыруға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Осы ретте балаларға күтім көрсету қызметтерін дамыту, жұмыстың икемді түрлерін енгізу, біліктілікті арттыру мүмкіндіктерін кеңейту және еңбек кепілдіктерін сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Бұдан бөлек, 2026-2030 жылдарға арналған күтім көрсету саласындағы өңірлік іс-қимыл тәсілдеріне де назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әйелдердің жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік қорғау және гендерлік теңдік мәселелері бойынша ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға және тәжірибе алмасуға мүдделі екенін растады.
Қазақстанда көші-қон саласындағы бағалау тәсілдерін жетілдіру үшін тестілеудің заманауи цифрлық форматы енгізіліп жатыр. Бұл қатысушыларға тестілеуден қашықтан өтуге, уақытты үнемдеуге және процедураны ыңғайлы әрі ашық ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Онлайн тестілеудің бір бөлігі – прокторинг. Бұл – тест тапсырып отырған адамның жеке басын растауға және тестілеу кезінде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауға арналған техникалық және ұйымдастырушылық шаралар.
Прокторингтің негізгі мақсаты тест нәтижесінің шынайылығын қамтамасыз ету және барлық қатысушыға бірдей жағдай жасау. Жүйе тестілеуді тіркелген адамның өзі өтіп жатқанын растап, белгіленген талаптардың сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.
Тестілеу басталмас бұрын қатысушының жеке басы анықталады. Бұл адамның тіркелу кезінде көрсеткен деректерін тексеріп, тест тапсырып отырған адамның кім екенін растау үшін қажет. Осылайша тест нәтижесінің нақты қатысушыға тиесілі екені анықталады.
Тестілеу кезінде бейнебақылау жүргізілуі мүмкін. Оның мақсаты қатысушының сыртқы келбетін немесе жеке қасиеттерін бағалау емес. Бейнебақылау тек тестілеу кезінде белгіленген талаптардың сақталуын бақылау үшін қолданылады.
Тестілеу барысын бейнежазбаға түсіру де – процедураның ашықтығын қамтамасыз ететін құралдардың бірі. Қажет болған жағдайда бейнежазба арқылы тестілеудің белгіленген тәртіппен өткенін тексеруге болады.
Осылайша, жеке басты сәйкестендіру, бейнебақылау және бағалау барысын тіркеу барлық қатысушыға бірдей және ашық жағдай жасауға бағытталған. Бұл әр қатысушының өз білімі мен дағдысын әділ көрсетуіне мүмкіндік береді.
Маңыздысы прокторинг тест кезінде жиналған баллға әсер етпейді және қорытынды бағаны анықтамайды. Оның міндеті тестілеудің белгіленген тәртіппен өтуін әрі талаптардың сақталуын бақылау.
Цифрлық форматтың тағы бір артықшылығы тестілеуді қашықтан, қосымша жол жүрмей-ақ тапсыруға болады. Бұл қатысушының уақытын үнемдеп, тестілеуге байланысты ұйымдастыру жұмыстарын жеңілдетеді.
Цифрлық құралдарды қолдану бағалау процесін ыңғайлы және ашық өткізуге жағдай жасайды. Барлық қатысушы үшін ортақ талаптардың сақталуы бағалау нәтижелерінің әділ әрі объективті болуына ықпал етеді.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тәртібі өзгереді.
Бұл ретте ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет тарапынан БЖЗҚ-дағы зейнетақы жарналарының сақталуын қамтамасыз етуден бас тартуды білдірмейді.
Қазір азамат зейнетақы төлемдерін алуға құқылы болған кезде оның БЖЗҚ-ға нақты аударған зейнетақы жарналарының сомасы инфляция деңгейі ескеріліп есептеледі. Осы сома мен БЖЗҚ-дағы нақты зейнетақы жинақтарының арасында айырмашылық болса, ол айырма республикалық бюджет есебінен өтеледі.
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл механизм өзгереді. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 217-бабына сәйкес мемлекет БЖЗҚ-ға нақты аударылған зейнетақы жарналарының бастапқы мөлшерде сақталуына кепілдік береді.
Еңбек министрлігі түсіндіргендей, бұған дейін азаматтардың өз зейнетақы жинақтарының қалай инвестицияланатынына тікелей ықпал ету мүмкіндігі болған жоқ. Инвестициялық саясатты мемлекет айқындап, салымшылардың өз қаражатын басқару мүмкіндігін шектеді. Сондықтан мемлекет инвестициядан түскен кіріс инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда туындайтын айырманы өтеу міндетін өз мойнына алды.
Қазір салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын басқаратын компанияны және инвестициялау стратегиясын таңдау мүмкіндігі кеңейіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттік кепілдікті бұрынғы тәртіппен қолданудың бастапқы негізі өз мәнін жоғалтады.
Бұл ретте зейнетақы активтерін басқару жүйесі мемлекеттік бақылауда қала береді. Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды, активтерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және инвестициялау нәтижелері туралы есептерді тыңдайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін қалыптастырады. Ал Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық саясаттың тиісті тәсілдері мен негізгі параметрлерін бекітеді.
Осылайша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік кепілдікті іске асыру тетігін жетілдіруге бағытталған.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерге HR Enbek порталы арқылы қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын (бұдан әрі – ЖОМС шарты) жасасу немесе оның қолданылу мерзімін ұзарту қажеттігі туралы жолданатын хабарламалардың қалыптастырылу тәртібін түсіндіреді.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. ЖОМС шартын жасасу – заңнамада белгіленген міндетті талап. Міндетті сақтандыру шартын жасамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік жауапкершілік көзделген.
HR Enbek порталындағы хабарламалар ақпараттық жүйе қолданыстағы ЖОМС шарты туралы тиісті мәліметтердің жоқ екенін анықтаған жағдайда автоматты түрде қалыптастырылады.
Хабарламаларды қалыптастыру кезінде HR Enbek порталында тіркелген қолданыстағы еңбек шарттары туралы мәліметтер, сондай-ақ Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан келіп түсетін және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграцияланған ЖОМС шарттары туралы ақпарат пайдаланылады.
Бұл ретте хабарламаның алынуы жұмыс беруші тарапынан заңнама талаптарының бұзылғанын автоматты түрде білдірмейді. Хабарлама ақпараттық жүйе анықтаған мәліметтер арасындағы сәйкессіздік туралы мәлімет береді және жұмыс берушіге ақпаратты уақтылы тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік беру мақсатында жолданады.
Сәйкессіздіктер, оның ішінде, жақында жасалған немесе ұзартылған ЖОМС шарты туралы мәліметтердің ақпараттық жүйелерге әлі келіп түспеуіне немесе жаңартылмауына байланысты туындауы мүмкін.
Хабарлама алған жағдайда жұмыс берушілерге:
ЖОМС шарты жақында жасалған немесе ұзартылған болса – сақтандыру ұйымы мәліметтерді бергеннен кейін және ол тиісті өңдеуден өткеннен кейін түсетінін ескеру қажет. Осыған байланысты HR Enbek порталындағы ақпараттың жаңартылуы белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асырылуы мүмкін.
Келіп түскен хабарламалар жұмыс берушінің жеке кабинетінде сақталады.
Хабарлама қайталап келген жағдайда жұмыс берушіге ЖОМС шарты туралы мәліметтердің берілу және жаңартылу мәртебесін нақтылау үшін сақтандыру ұйымына жүгіну ұсынылады.
Министрлік хабарламаларды жіберу ақпараттық-профилактикалық сипатқа ие екенін және жұмыс берушілерді заңнама талаптарын сақтау қажеттігі туралы уақтылы хабардар етуге, сондай-ақ қызметкерлердің сақтандырылуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтеді.
Жұмыс берушілерге ЖОМС шарттарының бар-жоғын және қолданылу мерзімін уақтылы тексеру, сондай-ақ ақпараттық жүйелердегі қызметкерлерді сақтандыру туралы мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз ету ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз ауқымды өзгерістер дәуіріне қадам басты. Жаңа Конституция Озық Қазақстанды одан әрі дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр.
Жуырда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдына азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, қалалық және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ Астана қаласының Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңінен тарату мәселелеріне қатысты бірқатар міндет қойды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Президент тапсырмаларын тиісті бағыттар бойынша орындау мәселесіне қатысты министрліктердің баяндамаларын тыңдады.
«Президент атап өткендей, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ал қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетініне назар аудару керек. Министрлер мен әкімдер көрсетілген барлық бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Азаматтарға көрсетілетін көмектің түрлері туралы кеңінен ақпарат берілуі қажет. Өңірлерде әкімдіктер әлеуметтік жәрдемақы алушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек», – деді Премьер-министр.
Әлеуметтік көмекті атаулы түрде көрсету
Осы тапсырмаларды іске асыру аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтарға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер көрсету мәселесі бойынша баяндама жасады.
Ведомство мәліметіне сәйкес, бірінші кезең «шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілуі тиіс» қағидатына негізделген және 36 төлемнің 14 түрін қамтитын мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін нормативтік базаны қалыптастыруды көздейді.
Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрі мұқтаждық деңгейіне қарай 4 түрге біріктіріледі. 2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге мұқтаждық қағидаты негізінде мемлекеттік қолдауды атаулы түрде көрсету жөніндегі ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс берілуінің орынды екені, бөбекжайлардағы орын санын көбейту және кіші жастағы балаларға арналған күтушілер тапшылығын шешу арқылы бала күтімі кезеңіндегі әйелдерге екі жыл ішінде көрсетілетін қолдау форматын жетілдіру мүмкіндігі қаралды.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету процесіне жасанды интеллект құралдарын енгізу нәтижелері баяндалды. Мәселен, медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік белгіленген 167 жағдай анықталып, тиісті фактілер құқық қорғау органдарына жолданды. Сондай-ақ әртүрлі адамдардың деректерінде бірдей мәліметтер кездесетін 18 647 жағдай анықталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Жоғарыда аталған реформалар «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінің деректеріне сәйкес әл-ауқат деңгейі «А» – жоғары және «В» – қанағаттанарлық санаттарына жататын мемлекеттік көмек алушыларды қамтиды.
Осы бағытта әкімдіктер «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы азаматтарға сауалнама жүргізуде. Биылғы 1 қазаннан бастап халыққа әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен хабар беріле бастайды.
Барлық ұсыныс бойынша заңнамалық түзетулер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына енгізіледі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмек пен жәрдемақыларды атаулы түрде ұсынуды қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.
Еңбек күні қарсаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұзақ жылдар бойы еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген қазақстандықтардың еңбек жолын таныстыруды жалғастырып келеді.
Солардың бірі – Өскемен қаласының тұрғыны Татьяна Олейникова. Оның еңбек жолы 30 жылдан астам уақыттан бері қалалық трамвай паркімен байланысты. Татьяна мұнда 1995 жылы кондуктор болып жұмысқа орналасқан. Ал 2002 жылы трамвай жүргізушісі куәлігін алған.
Қазір ол қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизор болып жұмыс істейді. Сонымен қатар жас мамандарға өзінің көп жылғы тәжірибесін үйретіп келеді.
Татьяна үшін тәлімгерлік жұмыстың ерекше бағыты саналады. Жетекшілігімен болашақ трамвай жүргізушілері тәжірибеден өтеді. Олар вагонның құрылысын үйреніп, трамвайды басқаруды меңгереді. Сондай-ақ желіде түрлі жағдайға тап болған кезде дұрыс шешім қабылдауға дайындалады.
«Әр адамның мінезі әртүрлі. Сондықтан әрқайсысына жеке тәсіл қажет. Біз оларға тек трамвай жүргізуді ғана үйретпейміз. Жүргізуші техниканы жақсы білуі және кез келген жағдайда не істеу керегін түсінуі маңызды. Мен шәкірттерімнің қорықпай, қандай жағдай болса да сабыр сақтай алғанын қалаймын. Жүргізуші дүрбелеңге берілмесе, туындаған мәселенің шешімін таба алады», – дейді Татьяна Олейникова.
Жас жүргізушілер куәлік алғаннан кейін де тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен тағылымдамадан өтеді. Қажетті тәжірибе жинақтаған соң ғана өздігінен жұмыс істеуге кіріседі. Татьянадан тәлім алған мамандар қалалық бағыттарға шыққаннан кейін де қажет кезде ұстазынан кеңес сұрап тұрады.
Татьяна Олейникованың көп жылғы еңбегі мен жас мамандарды даярлауға қосқан үлесі биыл лайықты бағасын алды. 2026 жылы ол Шығыс Қазақстан облысында өткен «Еңбек жолы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Биыл «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңіне жергілікті атқарушы органдардан барлығы 423 өтінім түскен.
«Еңбек жолы» байқауын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2014 жылдан бері өткізіп келеді. Байқау еңбек пен жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, тәлімгерлікті дамытуға, еңбек дәстүрлері мен ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған.
Еңбек күніне орай Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен елорда әкімдігі бірлесіп ұйымдастыратын республикалық форум өтеді. Форумның негізгі шараларының бірі – «Еңбек жолы» республикалық байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі. Сонымен қатар жұмысшы мамандық иелеріне мемлекеттік наградалар табысталады.
Татьяна Олейникованың еңбек жолы – кәсіби тәжірибені кейінгі буынға үйретудің жарқын мысалы. Осындай мамандар еңбек дәстүрін сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, күнделікті еңбегімен елдің дамуына үлес қосып келеді.
Қарттар күні қарсаңында Астанада аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануына және шығармашылық белсенділігін арттыруға бағытталған «Әсем қимыл – әдемі ғұмыр» би фестивалі өтті.
Іс-шараны Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды. Фестивальге елорданың алты ауданындағы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелерінде қызмет алатын зейнеткерлер қатысты.
Қатысушылар ұлттық, классикалық және заманауи би бағыттарымен қатар, әлем халықтарының билерін орындап, өз өнерлерін ортаға салды.
Фестивальдің негізгі мақсаты – аға буын өкілдерінің белсенді әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыруға жағдай жасау, олардың физикалық және әлеуметтік белсенділігін қолдау, шығармашылық әлеуетін дамыту және әлеуметтік байланыстарын нығайту.
Фестиваль қорытындысы бойынша бірінші орынды Сарайшық ауданынан келген «Сымбат» би тобы иеленді. Екінші орын Есіл ауданының «Ханшайым» тобына, үшінші орын Сарыарқа ауданының «Сарыарқа» тобына берілді. Сондай-ақ фестивальге қатысқан өзге де ұжымдар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Мұндай іс-шаралар – Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бұл орталықтарда аға буын өкілдеріне өзара қарым-қатынас орнатуға, шығармашылықпен айналысуға, дене белсенділігін арттыруға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға мүмкіндік беріледі.
Бүгінде Қазақстанда 132 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Оның 6-уы Астана қаласында орналасқан.