Меню

Страницы

Статья

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ САЛАСЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ЕҢБЕК, АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

 

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ

 

 

 

 

 

 

 «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ САЛАСЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ЕҢБЕК, АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ»

 

АРНАЙЫ БАЯНДАМА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ

4

I бөлім. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ

 

 

7

1.

Еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеудің ұлттық заңнамалық базасы және құқық қолдану практикасы

 

7

1.1.

Еңбек көші-қонын реттеудің ұлттық заңнамалық базасы және құқық қолдану практикасы

 

7

1.2.

Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл

9

2.

Еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеудің халықаралық-құқықтық базасы

 

14

ІI бөлім. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ, АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАРДЫҢ, ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ, ҚАНДАСТАРДЫҢ, ҚАУҚАРСЫЗ ЕҢБЕКШІ-МИГРАНТТАРДЫҢ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ САУДАСЫ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ЕҢБЕК, АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ САҚТАЛУ ЖАҒДАЙЫН ТАЛДАУ

 

 

 

 

 

21

1.                 

Еңбек бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығы

21

2.                 

Әділ және қолайлы еңбек жағдайы құқығы

22

3.                 

Қандай да бір кемсітусіз еңбек үшін сыйақы алу құқығы

23

4.                 

Жеке және ұжымдық еңбек даулары құқығы

27

5.                 

Әлеуметтік көмек, қамтамасыз ету және қорғау құқығы

28

6.                 

Кәсіптік одақтар құру құқығы

30

7.                 

Әлеуметтік әріптестік

31

8.                 

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау

32

9.                 

Жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзу фактілері және оларды шешу жолдары

 

36

10.            

Білім алу құқығы

42

11.            

Азаматтардың және өзге де адамдардың мәдени құқықтары

46

12.            

Денсаулықты қорғау және білікті медициналық көмек алу құқығы

48

13.            

Қазақстанда тұрақты немесе уақытша тұратын шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, қандастарға олар Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін, еңбекші-мигранттар мен адам саудасының құрбандарына білікті, оның ішінде тегін заң көмегін көрсету мәселелері

 

 

 

 

52

14.            

Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығы

56

15.            

Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, қандастардың, еңбекші-мигранттардың, адам саудасы құрбандарының ақпаратқа қол жеткізуі туралы

 

 

60

 

Арнайы баяндаманың 1-ші және 2-ші бөлімдерінің ұсынымдары

 

63

ІIІ бөлім. ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ САУДАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ АНЫҚТАУ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ ПРОБЛЕМАЛАРЫ ТУРАЛЫ

 

 

 

70

3.1.

Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы проблемалық мәселелер туралы

 

70

3.2.

Қазақстанда адам саудасына қарсы іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар

 

72

IV бөлім. АДАМ САУДАСЫНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ-ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫ ҮШІН АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ МОНИТОРИНГІ

 

 

 

75

4.1.

Кіріспе

75

4.2.

Адам саудасының құрбандарына-шетел азаматтарына әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы халықаралық тәжірибе

 

77

4.2.1.

Адам саудасының құрбандарын анықтау және сәйкестендіру

78

4.2.2.

Физикалық және психологиялық көмек, жеке өмірге қол сұқпаушылық, одан әрі зиян келтіруден қорғау

 

81

4.2.3.

Қалпына келтіру және ойлану кезеңін ұсыну

84

4.2.4.

Уақытша тұруға ықтиярхат беру («елден шығарып жібермеу» қағидатының сақталуы)

 

85

4.3.

Қазақстанда адам саудасының құрбандары-шетел азаматтары үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың мониторингі

 

 

90

4.3.1.

Адам саудасының құрбандарын анықтау және сәйкестендіру

91

4.3.2.

Тиісті баспана беру

93

4.3.3.

Консультациялық көмек пен ақпаратты, әсіресе олардың заңды құқықтарына қатыстыларын адам саудасының құрбандары түсінетін тілде беру

 

 

95

4.3.4.

Медициналық, психологиялық және материалдық көмек көрсету

97

4.3.5.

Жұмысқа орналастыру, білім беру және кәсіптік даярлау саласында мүмкіндіктер беру

 

102

4.3.6.

Физикалық көмек, жеке өмірге қол сұқпаушылық, одан әрі зиян келтіруден қорғау

 

106

4.3.7.

Уақытша тұруға ықтиярхат беру («елден шығарып жібермеу» қағидатының сақталуы)

107

 

3-ші және 4-ші бөлімдердің ұсынымдары

110

ҚОРЫТЫНДЫ

120

ҚОСЫМШАЛАР (БҰҰ, ХЕҰ, ТМД және ЕАЭО шеңберінде ратификацияланған халықаралық шарттардың тізімі, аббревиатуралардың тізімі)

123

             

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Әлемдік практикада көші-қон саясаты кешенді болып табылады және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының бір бөлігі ретінде іске асырылады және мыналарға бағытталған:

демографиялық өсу проблемаларын шешу (халықтың қартаюы, еңбекке қабілетті халық үлесінің төмендеуі);

экономикалық өсуді ынталандыру (жоғары білікті мамандарды трансферттеу).

Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатында көші-қон саясаты оның маңызды стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады және мыналарға бағдарланған:

сыртқы көші-қон саласында – этникалық репатриацияны (қандастар) ынталандыру және білікті еңбекші-мигранттарды тарту;

ішкі көші-қон саласында – экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес және демографиялық жағдайды ескере отырып, Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлері бойынша халықты қоныстандыру проблемаларын шешу.

Қазақстанның көші-қон саясаты кешенді әрі тығыз байланыстырылып, экономикалық, демографиялық, ұлттық, өңірлік саясатпен және халықты жұмыспен қамту саясатымен келісімді болуға тиіс.

Осы жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстандағы көші-қон проблемаларын шешуге және шектес мемлекеттерден көші-қон ағындарын бақылауды күшейтуге ерекше назар аударды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 5 институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында №56 қадаммен жоғары білікті мамандарды шетелден тарту үшін АҚШ, Канада, Австралия үлгісі бойынша қолайлы көші-қон режимін құру көзделген.

ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия тұрғысынан көші-қон процестерін реттеуде мынадай нысаналы бағдарларды ескеру қажет:

1) мигранттардың келуін немесе кетуін ынталандыру кезінде елдің экономикалық және демографиялық мүдделерінің басымдығы;

2) неғұрлым жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту;

3) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – «кедейлік трансфертіне», әлеуметтік шиеленістің өсуіне, экстремизмнің ену ықтималдығына, сондай-ақ коронавирустық-COVID-19 және инфекцияның басқа да түрлеріне жол бермеу;

4) заңсыз көші-қон, адам саудасы фактілерін жою;

5) баршаның заң алдындағы теңдігі, адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету.

Тиімді көші-қон саясаты жоғарыда аталған барлық бес мақсаттың теңгеріміне қол жеткізуге бағытталуы тиіс.

Осыны ескере отырып, Қазақстанға заңсыз көші-қон мен адам саудасы фактілерінің салдарын, қазақстандық білікті кадрлардың шетелге кетуін болдырмауға және жоюға мүмкіндік беретін көші-қонды басқарудың қазіргі заманғы жүйесін құрудың кешенді міндетін шешу міндеті тұр.

Халықтың көші-қонымен бүкіл әлемдегі адам құқықтарының ең өрескел бұзылуы болып табылатын адам саудасы өзара тығыз байланысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдарына Қазақстанда адам саудасына қарсы күресті күшейту және осындай қылмыстарды тергеу рәсімін халықаралық стандарттарға сәйкес жақсарту, Парламентте тиісті заңдар қабылдау туралы нақты тапсырмалар берді.

2020 жылғы 22 қазанда ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау тиімділігін арттыру, Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасы мен мәжбүрлі еңбектің құрбандары болған шетелдік азаматтарды қоса алғанда, барлық адамдарға көмек көрсету жөнінде нақты шаралар қабылдау туралы атап өтті.

Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау және Қазақстанда адам саудасына қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің өзектілігін ескере отырып, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында азаматтардың және өзге де тұлғалардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек, азаматтық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» атты арнайы талдамалық баяндама (бұдан әрі – арнайы баяндама) дайындады.

Арнайы баяндаманың мақсаты Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті мен Үкіметін, құқық қорғау және сот органдарын, орталық және жергілікті атқарушы органдарды, дағдарыс орталықтары мен мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдарды, азаматтық қоғамның басқа да институттарын, халықаралық ұйымдарды Қазақстандағы қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының құқықтарына қатысты жағдай туралы хабардар ету, ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасындағы олқылықтарды анықтау, қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен адам саудасының барлық санаттағы құрбандарының әлеуметтік-құқықтық қорғалуы, олардың өз құқықтары туралы, сондай-ақ қауқарсыз еңбекші-мигранттардың, адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың түйінді проблемалары және оларды шешу жолдары туралы хабардар болуы деңгейін талдау.

Сонымен қатар, өзара байланысты екі бөлімнен тұратын осы арнайы баяндама мыналарға бағытталған:

заңсыз көші-қон, адам саудасы фактілерінің алдын алу;

биліктің барлық тармақтарының, ҮЕҰ және дағдарыс орталықтарының кезек күттірмейтін, үйлестірілген іс-қимылын талап ететін қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен әртүрлі санаттағы адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстың басым бағыттарын айқындау;

адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар профилактикасының және оларды анықтаудың тиімділігін арттыру;

Қазақстанның барлық мемлекеттік органдары мен жұртшылығының назарын қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен барлық санаттағы адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау саласындағы қолайсыз жағдайлар мен шешілмеген проблемаларға аудару;

Қазақстанда қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен барлық санаттағы адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалық және құқық қолдану практикасын дамытудың негізгі бағыттарын айқындау;

қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен барлық санаттағы адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін халықаралық-құқықтық жүйелермен тығыз үйлестіруді белгілеу;

азаматтығы мен Қазақстанның барлық өңірлерінде тұру мәртебесіне қарамастан, адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартының тетіктерін жетілдіру;

қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен барлық санаттағы адам саудасының құрбандарын құқықтық ағартуды дамыту.

Ұсынылып отырған арнайы баяндамада қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен адам саудасының шетелдік құрбандарының құқықтарына салыстырмалы баға берілген, қауқарсыз еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының Қазақстандағы азаматтық, әлеуметтік, еңбек, экономикалық және мәдени құқықтарын қорғау бойынша нақты ұсынымдар келтірілген.

Арнайы баяндама Адам құқықтары жөніндегі комиссияның өзінің құқық қорғау қызметінің және оның өткен уақыт кезеңіндегі арнайы зерттеулерінің нәтижелеріне негізделген. Оған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, үкіметтік емес ұйымдарының және дағдарыс орталықтарының, БҰҰ-ның Қазақстандағы Көші-қон жөніндегі агенттігінің (бұдан әрі – ХКҰ), ҚР-дағы БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ), Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалары Офисінің, басқа да халықаралық ұйымдардың деректері, сондай-ақ халықаралық әлеуметтанушылар қауымдастығының (ISA) тұрақты мүшесі болып табылатын тәуелсіз Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығы жүргізген «Қазақстандағы адам құқықтары: қоғамдық пікір» әлеуметтанулық зерттеулерінің нәтижелері, сондай-ақ ХКҰ, дағдарыс орталықтары мен бейінді ҮЕҰ (Қазақстандағы «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ, «Родник» ҚҚ, «Әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ, «Сана-Сезім» ҚБ, «Қорғау-Астана» ЖҚ, «Ел дарын» ҚҚ, «Медиалайф» ҚҚ) әлеуметтанулық және өзге де зерттеулерінің нәтижелері кеңінен тартылды.

Баяндамада сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері мен сарапшыларының денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру және мәдениет мекемелеріне, құрылыс объектілері мен сауда нүктелеріне, басқа да ұйымдарға баруы нәтижесінде алынған мәліметтер; 2017-2020 жылдар аралығындағы кезеңде Адам құқықтары жөніндегі комиссия ҚР мемлекеттік органдарымен және ҮЕҰ-мен, ҚР-дағы ХКҰ миссиясымен, БҰҰДБ, Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалары Офисімен, адам құқықтары саласындағы басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесіп өткізген халықаралық және республикалық конференциялардың, «дөңгелек үстелдердің» материалдары; Адам құқықтары жөніндегі комиссияға жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қорыту және талдау нәтижелері пайдаланылған.

 

I бөлім.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ

 

  1. Еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеудің ұлттық заңнамалық базасы және құқық қолдану практикасы

 

1.1. Еңбек көші-қонын реттеудің ұлттық заңнамалық базасы және құқық қолдану практикасы

 

Көші-қон мәселелерін құқықтық реттеудің негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады. Конституцияда адамның мынадай ажырамас құқықтары мен бостандықтары бекітілген: заңда көрсетілгеннен басқа жағдайларда, Қазақстан аумағында еркін жүріп-тұру және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығы; Республикадан тыс жерлерге шығу құқығы, ал оның азаматтары үшін – Қазақстан Республикасына кедергісіз қайтып оралу құқығы (21-баптың 2-тармағы).

Конституцияда сол сияқты шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар, егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады деп бекітілген (12-баптың 4-тармағы). ҚР Конституциясы әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар екеніне кепілдік береді. Мәжбүрлі еңбекке тек сот үкімі бойынша не төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде ғана жол беріледі (24-баптың 2-тармағы).

Қазақстандағы көші-қон саласындағы қатынастарды реттейтін басты нормативтік құқықтық акт 2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңы болып табылады.

Қазақстан аумағындағы еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық акт 2016 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі және оның негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған өзге де заңға тәуелді актілер болып табылады.

Еңбек көші-қонын реттеуде ішкі еңбек нарығын қорғаудың басым мәні бар екенін атап өткен жөн. Бұл ретте еңбек нарығындағы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының аумағына заңды түрде жіберілген еңбекші-мигранттарды шығаруға жол берілмейді.

«Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 7-бабында иммигранттардың (шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың) Қазақстан Республикасында жүріп-тұру шарттары айқындалған, 37-бап шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру тәртібін регламенттейді.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер азаматтарының еңбек қызметі жоғарыда көрсетілген Заңға және осы мемлекеттер арасында екіжақты және көпжақты негізде жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бап 1994 жылы ТМД елдері арасында жасалған Еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімде расталған.

2007 жылғы 12 қаңтардағы «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» ҚР Заңында (6-20 баптар) шетел азаматтарының негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері регламенттеледі. Заңның 6-бабына сәйкес шетелдік азаматтар Қазақстанда еңбек қызметін заңнамада және ҚР халықаралық шарттарында белгіленген негізде және тәртіппен жүзеге асыра алады: «Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік азаматтардың еңбек қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтары болады және сол міндеттерді атқарады», оған республиканың заңнамалық актілерінде белгіленген жекелеген шектеулер кірмейді. Тұрақты тұратын шетелдік азаматтардың әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерінде, денсаулық сақтау саласында, тұрғын үй қатынастарында, саяси, мәдени және басқа да құқықтарды жүзеге асыруда дәл сондай құқықтары мен міндеттері бар.

Қазақстан адам құқықтарына қатысты және еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау тұрғысынан маңызды мәнге ие бірқатар халықаралық конвенцияларды ратификациялады. Атап айтқанда, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенция және оның Факультативтік хаттамасы, Бала құқықтары туралы конвенция және оның екі факультативтік хаттамасы және басқалар.

Қазақстан – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға (2008 ж.), Еңбек көші-қоны туралы екіжақты шарттарға (Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және т.б.) және басқаларға қатысушы.

Қазақстан ХЕҰ-ға 1993 жылдан бастап мүше бола отырып, осы ұйымның еңбек және кәсіптер саласындағы кемсітушілік туралы, мәжбүрлі немесе міндетті еңбек туралы, мәжбүрлі еңбекті жою туралы, құндылығы бірдей еңбегі үшін ерлер мен әйелдерге тең сыйақы беру туралы, балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу және оларды жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы, кәсіпорындағы еңбекшілер өкілдерінің құқықтарын қорғау және оларға берілетін мүмкіндіктер туралы конвенциялар және т.б. сияқты барлық негіз қалаушы, сондай-ақ басымдықты 8 конвенциясын ратификациялады.

Қазақстан барлық еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияға қосылмады, бірақ оның кейбір ережелерін ұлттық заңнамада ескереді. Мысалы, Конвенцияның 3-бабына сәйкес «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңында (7-бап) шетелдік азаматтар және Қазақстан Республикасының аумағында жүрген азаматтығы жоқ адамдар, егер олар:

1) осы Заңның 3-бабында көзделмеген мақсаттармен Қазақстан Республикасының аумағында күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімде болса;

2) бес тәуліктен аспайтын мерзім ішінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтеді;

3) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметте тұрса;

4) дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелер мен халықаралық ұйымдардың және Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың құрамына кірсе;

5) Қазақстан Республикасының аумағындағы теңіз және өзен кемелері, әуе, теміржол және автомобиль көлігі экипаждарының мүшелері болып табылса;

6) Қазақстан Республикасының аумағында миссионерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында болcа иммигранттар болып табылмайды.

 

  • . Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл

 

Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл ТМД-ға қатысушы елдердің құзыретті органдарымен, басқа мемлекеттермен өзара іс-қимылда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 06.03.1998 жылғы заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімдер[1], 19.11.2010 жылғы үшінші мемлекеттерден заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі[2], басқа да шарттар негізінде, сондай-ақ екіжақты негізде (Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Украина, т.б.), одақтар, ұйымдар (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ) [3] шеңберінде жүзеге асырылады.

Көші-қон ағындарын тиімді қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында көші-қон қызметінің барлық бөлімшелері көшіп келушілердің келуін, кетуін және жүріп-тұруын бақылаудың бірыңғай электрондық жүйесіне қосылған.

2020 жылдың 9 айында Қазақстанға «Бүркіт» БАЖ мәліметтеріне сәйкес 1 млн. 915 мың шетелдік келген. Келушілердің жалпы санының 90%-ы ТМД елдерінің азаматтары, оның ішінде Өзбекстаннан – 852 мың (келген шетелдіктердің жалпы санының 45%), Ресейден – 452 мың, Қырғызстаннан – 263 мың және Тәжікстаннан - 169 мың. Алыс шет елдерден келгендердің көпшілігі – Түркия (35 мың), ҚХР (11 мың), Үндістан (7,1 мың) және ГФР (7,7 мың) азаматтары.

Көші-қон бақылауын қамтамасыз ету барысында 20,7 мың көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 1,7 мыңы – елден шығарылды. Елден шығарылғандардың барлығына кіру 5 жылға дейін жабық.

Көші-қон заңнамасын бұзушылардың көпшілігі Өзбекстан (6186), Ресей (2117) және Қырғызстан (562) азаматтары, алыс шет елдерден – ҚХР, осы елдің 268 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды (құқық бұзушылардың едәуір саны Моңғолия азаматтарына тиесілі – 79, Түркия – 191, Ауғанстан – 59).

Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша 70 қылмыстық іс қозғалды.

Жалпы қылмыстық әрекеттер жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке 1074 шетелдік тартылды (оның ішінде кісі өлтіру – 13, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 39, зорлау – 14, ұрлық – 498, қарақшылық – 9, бұзақылық – 47, алаяқтық – 108, тонау – 50).

Өз құзыреті шеңберінде ҚР прокуратура органдары заңсыз көші-қон фактілерінің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауда.

Мәселен, ҚР Бас прокуратурасы Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің 2013-2018 жылдардағы қызметіне азаматтық және көші-қон туралы заңнаманы қолдану мәніне тексеру жүргізді, оның барысында көші-қон заңнамасын бұзудың көптеген фактілері анықталды.

Делдалдық қызмет көрсеткен бөлім бастығы А.Е.Зейдалиевке, Тараз қаласы ІІБ Көші-қон полициясының аға инспекторы Б.Ж.Наурызбаевқа және У.Силамбекке қатысты тексеру нәтижелері бойынша ҚР ҚК 394-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді, оларға қатысты соттың айыптау үкімі шығарылды (Зейдалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, Наурызбаев, Силамбек 3 жыл жылға бас бостандығынан айырылды), ол заңды күшіне енді.

                      Еңбек көші-қонын бақылау

2020 жылдың 9 айында 257169 рұқсат рәсімделді (бастапқысы – 135883, ұзартылғаны – 121286), ел бюджетіне 3,2 млрд.теңге түсті.

2020 жылғы 10 маусым мен 1 қазан аралығындағы кезеңде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың полиция департаменттерінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініштерді қабылдаудың және «еңбекші мигранттарға рұқсаттар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерін берудің жаңа тетігін енгізу жөніндегі пилоттық жоба іске асырылды. Нәтижелер оны жүзеге асырудың оң үрдістерін көрсетіп отыр. Мәселен, пилоттық жоба аясында 122 аудан жұмылдырылып, 14959 рұқсат рәсімделді.

2020 жылғы 1 қарашадан бастап аталған қызмет түрін тұтастай ел ішінде ХҚКО жүзеге асыратын болады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 143,1 мың шетелдік тұрып жатыр, оның 30,5 мыңы - қандастар, 15,2 мыңы - шетелдік балалар, 7,1 мыңы - азаматтығы жоқ адамдар.

Шетелдіктердің ең көп саны РФ азаматтарына тиесілі – 64,9 мың (оның ішіндегі қандастар 7,2 мың), Өзбекстан – 25,6 мың (қандастар 8,9 мың), ҚХР – 12,6 мың (қандастар 10,3 мың), Қырғызстан – 9,4 мың (қандастар 424), Әзірбайжан – 4,9 мың (қандастар – 3).

Жеңілдетілген тәртіппен ҚР азаматтығына 166863 адам (оның ішінде қандастар – 14944), ҚР Президентінің Жарлығымен – 618 адам қабылданды. 6966 адамға қатысты ҚР азаматтығынан айырылу тіркелді, оның ішінде 398 адам қос азаматтық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жыл сайын ішкі көші-қон процестеріне миллиондаған адам қатысады. Ішкі көші-қон мониторингі облысішілік көші-қонның шамамен 85%-ы және облысаралық көші-қонның 15%-і тиесілі екенін көрсетеді. Көші-қон негізінен ауылдық аудандардан қалаға қарай орын алады.

2020 жылдың 9 айында барлығы 1 млн. 364 мың 634 Қазақстан Республикасының азаматы тіркелген, оның ішінде тұрақты – 1 млн. 182 мың 467 және уақытша – 182 мың 167 ҚР азаматы тіркелген.

2020 жылы 491 босқын (234 әйел жынысты, 257 еркек жынысты) есепте тұр, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 180 бала бар.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы 17 елмен: Германиямен, Швейцариямен, Чехиямен, Латвиямен, Литвамен, Ресеймен, Өзбекстанмен, Норвегиямен, Беларуссиямен, Венгриямен, Бенилюкс елдерімен, Молдовамен, Польшамен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен реадмиссия туралы 15 келісімге қол қойды.

Осы келісімдердің барлығы ратификацияланды және негізгі бөлігі күшіне енді (Венгриядан басқа, венгр тарапы жеке деректерді ұсыну бөлігінде өзгерістер енгізуді сұрайды).

Қазақстан Республикасы заңсыз көші-қон саласындағы, оның ішінде ТМД елдерімен ынтымақтастық шеңберіндегі ынтымақтастықтың құқықтық базасын кеңейту жөнінде тұрақты негізде шаралар қабылдауда.

Қазақстан 1998 жылғы 6 наурыздағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімге (2001 жылғы 20 ақпанда күшіне енген), сондай-ақ 2007 жылғы 5 қазандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Көші-қон органдары басшыларының кеңесін құру туралы келісімге (қол қойылған сәттен бастап күшіне енген) қатысушы болып табылады.

2012 жылдан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістіктің (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения) шарттық базасын қалыптастыру шеңберінде жасалған Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісім қолданылады.

Ұлттық деңгейде ұзақ мерзімді перспективаға демографиялық және көші-қон проблемаларын шешудің басымдықтары мен тетіктерін айқындайтын ҚР Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі жанындағы Жұмыс тобының хаттамалық шешіміне сәйкес ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары адам саудасын қоса алғандағы заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі «Заңсыз жүруші» операциясын жүргізеді.

2019 жылы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы операцияның үш кезеңі жүргізілді – «Заңсыз жүруші-көктем», «заңсыз жүруші-жаз» және «Заңсыз-арна-мигрант» (2019 жылғы 9-12 сәуір, 16-19 шілде, 9-12 қыркүйек).

Жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында елде жүріп-тұру ережелерін бұзғаны үшін 30279 шетелдік, оның ішінде 399 алыс шет елдердің азаматтары және 29880 ТМД елдерінің азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

СДТБТ-де көші-қон заңнамасының 89 қылмыстық құқық бұзушылығы тіркелді.

Шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 1188 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің шегінен 2586 шетелдік шығарылды.

ҚР ІІМ мәліметінше, 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты аталған іс-шаралар жүргізілген жоқ. Жағдайдың тұрақтануына қарай құқық қорғау органдарының профилактикалық іс-шараларды жүргізуі жаңартылатын болады.

                                       Еңбек мигранттары туралы

Жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындау үшін еңбекші мигранттар ішкі істер органдарында рұқсат алады (1 айдан 3 айға дейінгі мерзімге) және бір жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл ретте оларға жүріп-тұрған әр айы үшін ЖТС бойынша төлем түрінде 2 АЕК (1 АЕК 2020 жылға 2,6 мың теңге) төлеу қажет.

Рұқсат берудің бұл тетігі еңбек мигранттарын еңбек нарығының көлеңкелі секторынан шығару үшін енгізілген.

Алайда прокуратура органдары жүргізген мониторинг бүгінгі күні жоғарыда көрсетілген тәртіп еңбек иммигранттарын құрылыс жұмыстарына заңсыз тарту, қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсету, ауыл шаруашылығындағы жұмыстар және т.б. үшін пайдаланылатынын көрсетті.

Бұл болжамдар негізсіз емес, өйткені оларды көші-қон заңнамасын сақтауға бұрын жүргізілген талдаулардың нәтижелері растайды.

Мысалға, тек 2017-2018 жылдары ішкі істер органдарының материалдарында мигранттар үй шаруашылығындағы еңбек қызметіне рұқсат алу үшін ұсынған 26 мыңнан астам жалған медициналық анықтама анықталған.

Мұны рұқсат алған мигранттардың едәуір бөлігі үй жұмыскерлері емес, құрылысшылар, аспазшылар, даяшылар және т.б. болып жұмыс істейтіні растайды.

Мұндай жағдайға ІІО мен денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерінің қатарындағы сыбайлас жемқорлық ықпал етуі мүмкін.

Қазіргі уақытта Қазақстан 73 мемлекетпен визасыз режим орнатты. Оның ішінде 54 елге біржақты тәртіппен визасыз режим берілді, 19 елмен екіжақты негізде келісімдер жасалды.

Мұндай жағдайларда заңсыз көші-қонға қарсы күрес құралдарын жүйелі негізде жетілдіру қажет.

Көбінесе атқарушы органдар еңбек мигранттарының ағынын игере алмайды, өйткені олар жайма базарларда, құрылыстарда, плантацияларда және т.б. сіңісіп кетеді.

Сондықтан жаңа әдістерді, оның ішінде әлсіз буындар – олардың балалары арқылы  іздестіру ұсынылады, оларға білім алу қажет және олар қандай да бір наным-сенімдер мен кедергілерсіз қабылдайтын кәдімгі қазақстандық мектептерде білім алады.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылған және сотталған мигранттар мен адамды саудаға салғандар бойынша 2018, 2019 жылдары және 2020 жылғы 9 айдағы статистикалық деректер.

ҚР Жоғарғы Сотының «Адам саудасы үшін жауапкершілік белгілейтін заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының 1-тармағына сәйкес адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар деп Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 116-бабы 2-тармағының 3-бөлігінде, 125-бабы 2-тармағының 3-бөлігінде, 126, 128, 134, 135, 308, 309 баптарында көзделген құқық бұзушылықтар танылады.

Соңғы 3 жылда Қазақстанда адам саудасына байланысты 1,1 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген (2018 жылы - 591, 2019 жылы - 476, 2020 жылдың 9 айында - 129).

Бұл ретте тіркелген қылмыстардың басым бөлігі жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыруға немесе ұстауға және жеңгетайлыққа тиесілі (ҚК 309-бабы), 791 (2018 жылы – 403, 2019 жылы – 297, 2020 жылғы 9 айда – 91).

Қалған қылмыстар төмендегі баптар бойынша тіркелген:

ҚК 116-бабы (адамның ағзалары мен тіндерін алуға немесе заңсыз алуға мәжбүрлеу) - 60 (2018 жылы – 0, 2019 жылы – 60, 2020 жылдың 9 айында – 0);

ҚК 125-бабы 2-тармағының 3-бөлігі (ұрланған адамды қанау мақсатында ұрлау) - 15 (2018 жылы – 5, 2019 жылы – 1, 2020 жылдың 9 айында – 0);

ҚК 126-бабы 2-тармағының 3-бөлігі (бас бостандығынан заңсыз айырылғандарды пайдалану мақсатында жасалған бас бостандығынан заңсыз айыру) - 22 (2018 жылы – 19, 2019 жылы – 1, 2020 жылдың 9 айында – 2);

ҚК 128-бабы (адам саудасы) - 72 (2018 жылы - 43, 2019 жылы – 21, 2020 жылдың 9 айында – 8);

ҚК 134-бабы (кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту) - 34 (2018 жылы – 21, 2019 жылы – 10, 2020 жылдың 9 айында – 3);

ҚК 135-бабы (кәмелетке толмағандар саудасы) - 40 (2018 жылы – 16, 2019 жылы – 11, 2020 жылдың 9 айында – 4);

ҚК 308-бабы (жезөкшелікпен айналысуға тарту) – 164 (2018 жылы – 79, 2019 жылы – 64, 2020 жылдың 9 айында – 21).

Осы санаттағы қылмыстардың үлесі тіркелген басқа да жалпы қылмыстармен салыстырғанда 0,15%-ды құрайды.

Соңғы 3 жылда 242 адам сотталды (2018 жылы - 146, 2019 жылы-66, 9 айға. 2020 жылы – 30), ақталмайтын негіздер бойынша 72 іс тоқтатылды (2018 жылы – 42, 2019 жылы – 19, 2020 жылдың 9 айында – 11), адам саудасымен және ілеспе қылмыстармен айналысатын бес ұйымдасқан топтың қылмыстық әрекетінің жолы кесілді.

Қазақстаннан адам саудасының құрбандарын «экспорттауға» қатысты аталған кезеңде еліміздің құқық қорғау органдары шетелдік әріптестермен бірлесіп белгілі бір жұмыс жүргізгенін атап өту қажет.

Мәселен, 2019 жылы полиция органдары Катарда, Индонезияда, Бахрейнде, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Түркияда және Оңтүстік Кореяда қанау мақсатында Қазақстаннан азаматтарды әкетудің 7 арнасын жойды.

Бахрейнде қылмыстық топтың мүшелері сотталды, олар қазақстандық әйелдер мен қыздарға жалақысы жоғары жұмысқа уәде беріп, оларды елге шақырған, содан кейін төлқұжаттарын алып, әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.

2020 жылы Бахрейндегі сексуалдық құлдықтан Қазақстанның 21 азаматы босатылды.

Бұдан басқа, Өзбекстан мен Қырғызстаннан шетелдіктерді елге әкелудің екі арнасы жойылды.

2020 жылы ҚР ІІМ Тергеу департаменті Қазақстан аумағында адам ағзалары мен тіндерін сатумен айналысқан Израиль, Қазақстан, Қырғызстан және Украина азаматтарының ішінен трансұлттық ҰҚТ-ға қатысты тергеуді аяқтады (сотта қарау сатысында).

 

  1. 2. Еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеудің халықаралық-құқықтық базасы

Қазақстан Республикасының көші-қон процестерін реттеудің халықаралық-құқықтық базасын осы және сабақтас салалардағы негізгі халықаралық конвенциялар мен шарттар құрайды.

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы адам құқықтары саласындағы 150-ден астам көпжақты халықаралық шарттар мен келісімдерді, оның ішінде БҰҰ-ның негіз қалаушы тоғыз құқық қорғау пактілері мен конвенцияларының сегізін ратификациялады (осы арнайы баяндаманың қосымшасын қараңыз).

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің, БҰҰ Азаптауларға қарсы комитетінің, БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің және БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, босқындардың, еңбекші-мигранттардың, қандастардың (репатрианттардың) жеке шағымдары мен хабарламаларын қарау жөніндегі құзыреттерін таныды.

2008 жылы Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияның Факультативтік хаттамасына, 2010 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясының ашылуы шеңберінде Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің Факультативтік хаттамасына қол қою азаматтардың құқық қорғау мүмкіндіктерін кеңейту және адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру жолындағы маңызды қадам болды.

2021 жылғы 2 қаңтарда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасын ратификациялау туралы ҚР Заңына қол қойды.

Бұдан басқа, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияның Факультативтік хаттамасын, сондай-ақ Бала құқықтары туралы конвенцияның хабарламалар беруге қатысты Факультативтік хаттамасын ратификациялау мәселелерін пысықтауда.

Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады... (ҚР Конституциясының 4-бабының 3-тармағы). Үкімет Қазақстан қосылған Халықаралық пактілер мен конвенциялар бойынша міндеттемелердің орындалуы туралы есептерді кезең-кезеңімен ұсынады және оларды орындауға қатысты БҰҰ комитеттерінің ұсынымдарына жауап береді.

Негізгі халықаралық және салалық конвенцияларға қосылу Қазақстан Республикасына ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге мүмкіндік береді. Мәселен, Бала құқықтары туралы конвенцияға қосылғаннан кейін Балаларды экономикалық қанаудың алдын алу туралы Конвенцияның 32-бабын іске асыру мақсатында Қазақстан ХЕҰ-ның 1973 жылғы №138 «Жұмысқа қабылдау үшін ең төменгі жас туралы» конвенциясына және ХЕҰ-ның 1999 жылғы №182 «Балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу және оларды жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы» конвенциясына қосылды. Қазақстан сондай-ақ көрсетілген халықаралық конвенцияларға сәйкес ішкі заңнаманы жетілдіру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Бұдан басқа, Бала құқықтары туралы конвенцияның балаларды сатуға, балалар жезөкшелігіне және балалар порнографиясына қатысты Факультативтік хаттамасын ратификациялағаннан кейін Қазақстан жас балаларды қанағаны үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін жаңа Қылмыстық кодекс қабылдады.

Заңсыз көші-қонға қарсы күресте құқықтық негіздерді нығайту үшін Қазақстан 2008 жылы БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын және осы Конвенцияны толықтыратын Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу және жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттаманы ратификациялады. 2008 жылы Қазақстан трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияны толықтыратын Мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы хаттаманы ратификациялады.

Қазақстан адам саудасымен күресу үшін заңнамалық шаралар қабылдады. ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 26 қыркүйектегі № 983 қаулысымен адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Ведомствоаралық комиссия) құрылды.

Ведомствоаралық комиссия туралы ереженің 4.12-тармағына сәйкес басшылықты оның төрағалары болып табылатын ҚР Ішкі істер министрі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі екі жылдық мерзімділікпен ротациялық негізде жүзеге асырады.

2008 жылғы 5 ақпанда Қазақстан Республикасы 1926 жылғы 25 қыркүйектегі Құл саудасы мен құлдықты болдырмау туралы конвенцияны және 1953 жылғы 7 желтоқсандағы Хаттаманы, сондай-ақ 1956 жылғы 7 қыркүйектегі Құлдықты, құл саудасын және құлдыққа ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптарды жою туралы қосымша конвенцияны ратификациялады.

Бұдан басқа, 2005 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан БҰҰ-ның Адам саудасына және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы конвенциясын және Қорытынды хаттаманы ратификациялады.

ҚР 2008 жылғы 15 желтоқсандағы Заңымен Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенция ратификацияланды.

2016 жылғы 9-10 наурыз кезеңінде Қазақстан Республикасы Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияның ережелерін орындау жөніндегі бірінші ұлттық баяндаманы табысты қорғады.

2019 жылғы 27-28 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің ережелерін орындау бойынша Екінші ұлттық баяндаманы сәтті қорғады.

1990 жылы қабылданған және 2003 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Барлық еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау туралы» халықаралық конвенция еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау саласындағы негіз құраушы халықаралық құқықтық құжат болып табылады.

Халықаралық еңбек нормативтері саласында Қазақстан ХЕҰ-ның 24 конвенциясын ратификациялады (толық тізбе қосымшада келтірілген).

Бұған қоса еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғаудың аспектілеріне қатысты ХЕҰ-ның бірнеше ең маңызды конвенциялары бар. Бұл:

ХЕҰ-ның 1949 жылғы №97 Еңбекші-мигранттар туралы  конвенциясы.

Осы Конвенцияның бастапқы нұсқасы 1939 жылы қабылданған; 1949 жылы қайта қаралды, қайта қаралған нұсқасы 1952 жылы күшіне енді.

ХЕҰ № 97 Конвенциясының негізгі ережелері:

ХЕҰ Бюросымен және ХЕҰ-ға мүше мемлекеттермен еңбек көші-қонына қатысты ақпарат алмасу;

ХЕҰ-ға мүше мемлекеттердің мигрант-жұмыскерлеріне құзырлы және тегін көмек қызметін құруы;

ХЕҰ-ға мүше басқа мемлекеттермен эмиграция және иммиграция мәселелері бойынша кез-келген адастыратын насихатқа қарсы жеке және бірлескен шаралар қабылдау;

ХЕҰ-ға мүше мемлекеттердің мигрант-қызметкерлердің кетуін, көшуін және қабылдауын жеңілдету;

мигрант-жұмыскерлерге қажетті медициналық қызмет көрсетуді және жақсы гигиеналық жағдайларды қамтамасыз ету;

азаматтармен салыстырғанда еңбекақы мен еңбек жағдайларына, жәрдемақыларға, әлеуметтік қамсыздандыруға, кәсіподақтарға қатысуға, салықтар мен алымдарға, сот төрелігіне қол жеткізуге қатысты тең қолайлылық қағидаты;

ХЕҰ-ға мүше мемлекеттердің жұмыспен қамту қызметтерімен ынтымақтастық;

тұрақты мигрант-жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайларда келген елде қалу мүмкіндіктері;

мигрант-жұмыскерлердің жалақысын аудару үшін мүмкіндіктер беру;

еңбек көші-қонының үлкен ағындары кезінде екіжақты келісімдер негізінде қатынастарды регламенттеу.

Конвенцияға қосымшаларда үкіметтің бақылауымен жасалатын топтасып орын ауыстыру туралы келісімдер бойынша да, сол сияқты өзге жолмен де жұмысқа алынатын мигрант-жұмыскерлерді жалдау, жұмысқа орналастыру және еңбек ету жағдайлары, сондай-ақ еңбекші-мигранттардың жеке мүлкін, жұмыс құралдары мен жабдықтарын әкелу жайттары айқындалады.

Заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жасауға және шектеуге бағытталған «Көші-қон саласындағы қиянатшылдық туралы және еңбекші-мигранттарды мүмкіндіктер мен өтініш беру теңдігімен қамтамасыз ету туралы» ХЕҰ № 143 конвенциясы.

Құжат 1975 жылы қабылданған және 1949 жылғы Еңбекші-мигранттар туралы конвенцияны және 1958 жылғы Еңбек және кәсіп саласындағы кемсітушілік туралы конвенцияны толықтырады. 1978 жылы 9 желтоқсанда күшіне енген.

Конвенция 3 бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде көші-қон саласындағы теріс қиянатшылдықтың алдын алу және жою жөніндегі шаралар ұсынылады; екінші бөлімде мүмкіндіктер мен өтініш беру теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар баяндалады; үшінші бөлімде қорытынды ережелер ұсынылады.

ХЕҰ №143 Конвенциясының негізгі ережелері:

барлық еңбекші-мигранттардың негізгі адам құқықтарын сақтау;

заңсыз жалданған еңбекші-мигранттарды, оның ішінде тиісті актілерге, халықаралық келісімдерге және ұлттық заңнамаға қайшы келетін жағдайларда орналастырылғандарды анықтау;

жұмыс іздеп жүрген мигранттардың жасырын жүріп-тұруының және мигранттарды заңсыз жалдаудың жолын кесу үшін, сондай-ақ ұйымдастырушылар мен жалдаушыларға қарсы жеке және бірлескен шаралар қабылдау;

еңбекші-мигранттарды заңсыз жұмыспен қамтуды анықтау және мигранттардың еңбегін заңсыз пайдалануға қатысты санкциялар қолдану жөніндегі шараларды айқындау;

елде заңды негіздерде тұратын еңбекші-мигранттың өз жұмысынан айрылған жағдайда жұмыспен қамтамасыз ету және басқа да жұмыс беру кепілдіктеріне қатысты теңдік;

тұрақты емес еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің бұрынғы жұмысы бойынша сыйақыға, әлеуметтік қамсыздандыруға және басқа да жәрдемақыларға, сот төрелігіне қол жеткізуге және депортациялау шарттарына қатысты өтініш білдіру теңдігі;

тиісті ұлттық саясатты әзірлеу және жүзеге асыру;

ХЕҰ-ға мүше мемлекеттермен оның аумағында заңды негізде тұратын барлық еңбекші-мигранттардың отбасыларын біріктіруге жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастық;

жұмысты еркін таңдау құқығы, кәсіби біліктілікті тану шарттары.

ХЕҰ-ның басқа да өте маңызды Конвенциялары бар, олардың ережелері, біздің ойымызша, еңбек көші-қоны процестерін реттеудің халықаралық-құқықтық және ұлттық базасын әзірлеу кезінде ескерілуі керек[4]. ХЕҰ-ның 1975 жылы жұмыскер-мигранттар туралы қабылдаған №151 ұсынымы да маңызды. Ол еңбек көші-қоны саласындағы қатынастарды реттеудің барлық құқықтық саласын қамтиды. 2008 жылы ХЕҰ-ның еңбекші-мигрант әйелдердің құқықтары туралы ұсынысы қабылданды, ол жаһандық көші-қонды феминизациялау процесін көрсетеді және адам құқықтары жөніндегі халықаралық құралдарға гендерлік сезімтал саясат элементтерін енгізеді[5]

Қазақстан әзірше «Барлық еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау туралы» халықаралық конвенцияға және ХЕҰ Еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау туралы конвенцияларына қосылмаған.

Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін шет мемлекеттер мигранттарының және басқа мемлекеттердің аумақтарында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі де екі жақты келісімдермен реттеледі. Барлық келісімдер еңбек қызметі саласындағы шығу және бару елдері арасындағы қатынастарды реттеуде және еңбекші-мигранттардың құқықтарын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Төменде осындай екі жақты келісімдердің тізімін келтіреміз.

Қазақстан Республикасының еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау жөніндегі екі жақты келісімдері:

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Әзірбайжан Республикасы азаматтарының және Әзірбайжан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі және әлеуметтік қорғау туралы келісім (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 26 шілдедегі № 1123 қаулысымен бекітілген);

2002 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекара маңындағы облыстарда ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысатын еңбекші-мигранттардың еңбек қызметі және оларды әлеуметтік қорғау туралы келісім (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 16 қаңтардағы № 29 қаулысымен бекітілген);

2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы еңбекші-мигранттардың, Тәжікстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы, еңбекші-мигранттардың, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Тәжікстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісім (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы № 1248 қаулысымен бекітілген);

2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы еңбекші-мигранттардың, Қырғыз Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы, еңбекші-мигранттардың, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қырғыз Республикасы азаматтарының еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісім (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 маусымдағы № 494 қаулысымен бекітілген);

2019 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші-мигранттардың Қазақстан Республикасындағы және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші-мигранттардың Өзбекстан Республикасындағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісім (2020 жылғы 17 сәуірдегі № 314-VI ҚР Заңымен ратификацияланған);

2009 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Вьетнам Социалистік Республикасындағы және Вьетнам Социалистік Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасындағы уақытша еңбек қызметі туралы келісім (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 маусымдағы № 601 қаулысымен бекітілген);

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қытай Халық Республикасындағы және Қытай Халық Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасындағы уақытша еңбек қызметі туралы келісім (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 8 шілдедегі № 784 қаулысымен бекітілген);

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Корея Республикасындағы және Корея Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасындағы ішкі корпоративтік ауысулар шеңберіндегі уақытша еңбек қызметі туралы келісім (ҚР Заңымен 2016 жылғы 29 наурыздағы № 478-V ҚРЗ ратификацияланған).

Жоғарыда көрсетілген халықаралық шарттардың мәтіндері «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырылған.

Сондай-ақ ТМД және ЕАЭО елдерінің еңбекші-мигранттарының Қазақстан Республикасының аумағындағы құқықтары мынадай конвенциялармен және келісімдермен қорғалады:

2008 жылғы 14 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенциямен (2009 жылғы 31 желтоқсандағы ҚР Заңымен ратификацияланған);

1994 жылғы 15 сәуірдегі Еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісіммен (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 қыркүйек қаулысымен ратификацияланған);

2005 жылғы 25 қарашадағы «1994 жылғы 15 сәуірдегі Еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге» өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» хаттамамен (2008 жылғы 11 қаңтарда күшіне енді);

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартпен (2014 жылғы 14 қазандағы ҚР Заңымен ратификацияланған);

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше басқа мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтарымен болған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі туралы келісім.

Бұдан басқа, Қазақстан 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялады.

Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімге қатысты

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Осыған байланысты 2010 жылғы 19 қарашадағы Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісім қолданысын тоқтатты.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың «Еңбек көші-қоны» бөлімінің негізіне мүше мемлекеттердің Келісім шеңберіндегі қол жеткізген уағдаластықтары енгізілген.

Шарттың 97-бабына сәйкес мүше мемлекеттің жұмыс берушілері және (немесе) жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс берушілері ұлттық еңбек нарығын қорғау жөніндегі шектеулерді ескермей, мүше мемлекеттердің еңбекшілерін еңбек қызметін жүзеге асыруға тартуға құқылы. Бұл ретте мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне жұмысқа орналастырушы мемлекетте еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алу талап етілмейді.

Мүше мемлекеттер ұлттық қауіпсіздікті (оның ішінде экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында) және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттердің еңбекшілері жүзеге асыратын еңбек қызметіне, қызмет түріне және жүріп-тұру аумағына қатысты осы Шартта және мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген шектеулерді қоспағанда, ұлттық еңбек нарығын қорғау мақсатында өздерінің заңнамасында белгіленген шектеулерді белгілемейді және қолданбайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы №45 қаулысымен бекітілген Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға, сондай-ақ жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға және корпоративішілік ауыстыру шеңберінде ауыстырылатын шетелдік жұмыскерлерді тартуға рұқсаттар беру қағидалары мен шарттарына сәйкес Шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтарына шетелдік жұмыс күшін квоталау және шетелдік жұмыскерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру туралы нормалар қолданылмайды.

 

ІI бөлім.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ, АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАРДЫҢ, ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ, ҚАНДАСТАРДЫҢ, ҚАУҚАРСЫЗ ЕҢБЕКШІ-МИГРАНТТАРДЫҢ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ САУДАСЫ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ЕҢБЕК, АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ САҚТАЛУ ЖАҒДАЙЫН ТАЛДАУ

 

  1. Еңбек бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығы

 

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне ҚР Конституциясымен, халықаралық шарттармен кепілдік берілген азаматтардың және өзге де тұлғалардың еңбек саласындағы құқықтары мен бостандықтары енгізілген.

Әркімнің еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге құқығы, өзінің еңбекке қабілеттілігіне билік етуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы бар (Еңбек кодексінің 5-бабы).

Еңбек кодексінің 6-бабына сәйкес еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салынады. Әркімнің еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда тең мүмкіндіктері бар. Ешкімнің еңбек саласындағы құқықтарына шек қойылмайды.

Еңбек құқықтарын іске асыру кезінде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

Еңбек кодексі қызметкерлердің еңбек құқықтарына және олардың қажетті қорғалуына кепілдік береді. Еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында жұмысқа орналасу кезінде міндетті шарт болып табылатын еңбек шартының негізінде туындайды. Онда еңбек қатынастарының барлық шарттары келісілуі тиіс. Дәл осындай келісім-шарт жасасу кезінде қызметкердің де, жұмыс берушінің де құқықтары мен міндеттері туындайды. Еңбек шарты жасалғаннан кейін қызметкер еңбек кодексінде көзделген кепілдіктер мен өтемақы төлемдеріне құқықтарға ие болады.

Жұмыс беруші жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті (Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағының 9)-тармақшасы).

Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы.

 

  1. Әділ және қолайлы еңбек жағдайы құқығы

 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының негізгі қағидаттары: қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқықты қамтамасыз ету; жұмыскердің өмірі мен денсаулығының басымдығы; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін мемлекеттік реттеу болып табылады.

Еңбек кодексінде жұмыскердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге негізгі құқықтары мен міндеттері бекітілген.

Еңбек кодексінің 181-бабында жұмыскердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жабдықталған жұмыс орнына; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуге құқығы бар екендігі көзделген.

Жұмыс беруші жұмыскерлер өкілдерінің қатысуымен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен қағидаларға сәйкес өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша мерзімді, кемінде бес жылда бір рет аттестаттауды жүргізуге міндетті (Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 12-тармақшасы).

2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еңбек жағдайлары бойынша 2489 өндірістік объект аттестатталған.

Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші кәсіптік қатерді бағалауды жүргізуге және профилактика жүргізу, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз жабдықтарға ауыстыру жолымен оны барынша азайту және алып тастау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.

2019 жылы зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында 370 мыңнан астам жұмыскер: шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында әрбір екінші (45,9%), жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы әсерінен әрбір үшінші (32,6%) жұмыскер жұмыс істеген. 94 мың адам немесе тексерілген кәсіпорындар жұмыскерлері санының 5,6%-і ауыр дене еңбегімен айналысқан.

2020 жылы 676 мың жұмыскер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 128 млрд.теңге сомасында түрлі өтемақы алды.

 

  1. Қандай да бір кемсітусіз еңбек үшін сыйақы алу құқығы

 

ҚР Конституциясының 24-бабына сәйкес әркімнің еңбегі үшін ешқандай кемсітусіз сыйақы алуға құқығы бар. Жұмыс беруші жұмыскерге нормативтік құқықтық актілерде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті.

Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес жалақы ақшалай нысанда ұлттық валютамен белгіленеді және айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді.

Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. Жұмыс беруші жұмыскерге төлем кешіктірілген кезең үшін берешек пен өсімпұл төлейді.

Еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушіден жұмыскерге тиесілі сомаларды төлеу ол тоқтатылғаннан кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Жұмыс беруші жұмыскерге тиесілі жалақыны немесе өзге де ақша сомаларын уақтылы төлемеген жағдайда, ол өзінің заңсыз әрекеттері үшін заңнамада белгіленген жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мәселен, жұмыс берушінің жауапкершілігі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 87-бабымен регламенттелген. Бұдан басқа, жұмыс берушіні қылмыстық жауапкершілікке тартудың жалпы негіздері ҚР ҚК 152-бабында белгіленген.

ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен Әкімшілік кодекске өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, прокуратура органдарының бастамасы бойынша ҚК-нің 152-бабының 3-бөлігі жеке адамдардан жеке-жария қылмыстар қатарына қайтарылды, бұл жұмыскерлерге құқық қорғау органдарына жүгінуге мүмкіндік берді және оларға қол жеткізе алмайтын дәлелдемелерді өз бетінше жинау қажеттілігінен айырды.

Бұдан басқа, бұрын «еңбек саласындағы кемсітушілік» ұғымы жұмыскердің бірдей жұмыс үшін тең жалақы алу құқығын бұзу деп түсінілген.

Бұл ретте көбінесе бірдей жұмысты орындайтын шетелдік және қазақстандық жұмыскерлер үшін әртүрлі өндірістік-тұрмыстық жағдайлар жасалған (тамақтану, жатақхана, арнайы киіммен жабдықтау, сыйлықтар, қосымша ақылар және т.б.).

Осыған байланысты Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түзетулер әзірледі.

Мәселен, ӘҚБтК-нің 90-бабында жұмыскердің тең төлемге құқығын бұзғаны үшін ғана емес, сонымен қатар бірдей өндірістік-тұрмыстық жағдайлар үшін де жауапкершілік енгізілген.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бас прокуратура «Саддариан туннелі» ЖАҚ филиалының (бұдан әрі – Филиал) қызметін тексерді.

Тексеру барысында 2019 жылы 22 жұмыскердің еңбегі «Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 13-бабын бұза отырып, төленгені анықталды.

Түркістан облысының еңбек инспекторы (бұдан әрі Инспектор) Филиалға 7 млн теңге қосымша ақы төлеу туралы нұсқама енгізді.

«Ескі Иқан» құрылыс учаскесінде (Кентау қаласы) «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 5-бабын бұза отырып, тең емес тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасалған.

Шетелдік кадрларға жұмыс беруші Түркістан қаласындағы жеке үйлерді жалдау үшін жалдау ақысын төлейді, ал қазақстандықтар металл (жүк тасымалдауға және сақтауға арналған) контейнерлерде тұрады.

Сонымен бірге, Филиалда кадрлардағы жергілікті қамту көлемінің он бес есе кемітілуі анықталды (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 қағидасымен, бұдан әрі - Қағида).

Әкімдікке 2019 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу кезінде өтініш білдіргендердің ішінен 60 қазақстандық жұмыскердің іс жүзінде 4-і жұмыс істейді.

Жергілікті атқарушы орган жоғарыда көрсетілген рұқсатты кері қайтарып алу жөнінде шаралар қабылдады (Қағиданың 32-т. тәртібімен).

Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша қадағалау актілері енгізілді.

Жұмыскерлер тең жұмыс үшін ешқандай кемсітусіз бірдей ақы алуға құқылы.

Дейтұрғанмен жекелеген ұйымдар жұмыскерлерді кемсіту белгілері бар шешімдер қабылдауға жол береді.

Дәл сол функциялар мен міндеттемелерді орындайтын жұмыскерлерге әртүрлі жалақы белгілеу жағдайлары жоққа шығарылмайды.

Көбінесе жұмыс берушілер басқа әдістермен кемсітушілікке жол береді, атап айтқанда жұмысшылардың бір санатына жұмысшылардың басқа санатына қарағанда жақсы еңбек жағдайларын белгілеу арқылы.

Әдетте, мұндай бұзушылықтар шетелдік жұмысшылар бар ұйымдарда орын алады.

Мысалға, 2019 жылы 2 мыңнан астам (2018 жылы – 2,6 мың) жұмыс беруші 25 мыңнан астам (20 мың) шетелдік мамандарды (құрылыс, тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, Ауыл шаруашылығы саласында) тартқан.

Осы кезеңде 10 (3) ұйымда (Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, БҚО, Маңғыстау облыстары) 617 (671) жұмыскердің қатысуымен еңбек саласындағы 10 (3) жанжал байқалды (жалақы мен еңбек жағдайларындағы сәйкессіздік).

Оларды талдау жұмыскерлердің наразылығы, тұтастай алғанда, негізді екенін көрсетті.

Еңбек инспекциясының (прокуратура органдарының тапсырмасы бойынша) ішінара тексеруімен 95 ұйымда жалақы мөлшерінің сәйкес келмеуінің 479 фактісі, шетелдіктердің рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды орындаудың 172 фактісі, ал 6 ұйымда - кадрлар арақатынасының сақталмауы фактісі анықталды.

Осы бұзушылықтарды жою үшін еңбек инспекторлары 95 ұйғарым енгізді, 400-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды (63 ескерту берілді, 98 млн теңге сомасына 334 айыппұл салынды).

Әкімдіктер 703 рұқсатты кері қайтарып алды, 528 шетелдік өз бетінше азаматтық алған еліне кетті, полиция 174 визаның күшін жойды (Қазақстаннан тыс жерлерде болған).

2020 жылдың 4 шілдесінде Мемлекет басшысы қазақстандық және шетелдік жұмыскерлердің жалақысын теңестіруді тапсырды.

Кейіннен ЕХӘҚМ бастамасы бойынша облыстар прокурорлары еңбек инспекцияларына ұйымдарды (50-ден астам шетелдік жұмыскерді тартатын) жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу кезінде кемсітушілікке жол бермеу бөлігінде еңбек заңнамасының сақталуы тұрғысынан тексеру туралы талаптар жіберді.

Барлық 63 ұйымда тексерулер аяқталды.

Жалпы 953 заң бұзушылық, оның ішінде 474 еңбекақы төлеудегі сәйкессіздік фактісі, 169 шетелдіктердің рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды орындауы жағдайы анықталды.

Сәкессіздік фактілерінің ең көп саны Атырау (109) және Ақтөбе облыстарында (343) анықталды.

Мысалы, «СИНЕ МИДАС СТРОЙ» ЖШС-де (Ақтөбе облысы) жоба жетекшісінің жалақы мөлшері 365 мыңнан 933 мың теңгеге дейін, ал осындай позицияны иеленген шетелдік жұмыскердің жалақысы 1,2 млн. теңгені құрайды.

Еңбек инспекциялары 57 ұйғарым енгізді, 348 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды (39 ескерту, 94,7 млн. теңгеге 309 айыппұл салынды), шетелдік жұмыс күшін тартуға 657 рұқсат кері қайтарып алынды.

Қазақстандықтардың еңбек құқықтарына өзге де қысым жасауға жол беріледі.

Мысалы, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясында шетелдік қызметкерлердің еңбек демалысының ұзақтығы - 42 күнді, ал қазақстандықтар үшін – 30 күнді құрайды.

30-дан астам шетелдік жұмыскерлері бар ұйымдар бойынша

Еңбек инспекциялары мен көші-қон қызметтері (облыстар прокурорларының тапсырмалары бойынша) 30-дан астам шетелдік жұмыскерді тартатын ұйымдарда да тексерулер жүргізеді.

19 ұйымда тексерулер аяқталды.

ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша 134 заң бұзушылық, оның ішінде еңбекақы төлеудегі сәйкессіздіктің 4 фактісі, рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды шетелдіктердің орындауының 3 жағдайы және шетелдік және қазақстандық жұмыскерлер санының проценттік арақатынасын сақтамаудың 1 жағдайы анықталған.

Мәселен, «SINOHIDRO CORPORATION LIMITED» ЖШС-де (Алматы облысы) 30 білікті лауазымның ішінде (берілген рұқсаттар мен еңбек шарттарына сәйкес инженерлер, бөлім бастықтары) тек 1-ін қазақстандық маман иеленген, қалғандары шетелдіктер.

Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Ақтөбе облысы Темір ауданының аумағында көші-қон полициясының қызметкерлері бизнес-визамен келген (консультациялық қызмет көрсетулер), бірақ іс жүзінде «ДО КНИСГ» ЖШС-де дәнекерлеуші және монтаждаушы ретінде жұмыс істеген ҚХР-ның 10 азаматын анықтады.

Есепті кезеңде еңбек инспекциялары 23 ұйғарым енгізді, 35 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды (18 ескерту, 2,4 млн.теңгеге 17 айыппұл салынды), шетелдік жұмыс күшін тартуға 24 рұқсат кері қайтарып алынды.

Еңбек инспекциялары көбінесе айқын бұзушылықтарды анықтамайтынын атап өткен жөн.

БҚО прокуратурасы еңбек инспекциясының «KKS-SICIM» ЖШС-дағы тексеруінен кейін талдау жүргізген, онда түрлі өтемақы төлемдерін (жалақыға үстемеақы) төлеу арқылы қазақстандық және шетелдік жұмыскерлер арасындағы жалақыдағы сәйкессіздік фактілері анықталған.

Мәселен, шетелдік жұмыскерлерге өтемақы төлемдерінің мөлшері 27-40%-ті, жергілікті қызметкерлерге – бар болғаны 0,35%-ті құрайды.

Заңдылықты бұзуға ықпал ететін негізгі себептер - азаматтардың және өзге де адамдардың еңбек құқықтарының сақталуына жүйелі мемлекеттік бақылаудың болмауы (Кәсіпкерлік кодексінің «Бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) топтар бойынша бөлу» атты 141-бабы).

Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кешенді, соның ішінде құқықтық сипаттағы шаралар қабылдады.

Атап айтқанда, Еңбек кодексіне жұмыс берушінің қазақстандық жұмыскерлердің еңбек құқықтарын кемсіту үшін жауапкершілігін көздейтін өзгерістер енгізілді.

 

  1. Жеке және ұжымдық еңбек даулары құқығы

 

ҚР Еңбек кодексінде жеке еңбек дауларын қарау тәртібі, келісім комиссияларын құру, олардың құзыреті, келісім комиссияларының шешімдерін қабылдау және орындау тәртібі қарастырылған.

Ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі де заңнамалық түрде белгіленген. Бұл тәртіп мыналарды қамтиды: жұмыскерлердің талаптарын ресімдеу және мәлімдеу рәсімдері, татуластыру рәсімдері, оның ішінде татуластыру комиссияларын, еңбек төрелігін, делдалдықты құру арқылы, ұжымдық еңбек дауы бойынша тараптардың қол жеткізуінің салдары.

Еңбек кодексі, егер татуластыру комиссиялары арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткізілмесе, сондай-ақ жұмыс беруші татуластыру рәсімдерінен жалтарған не қол жеткізілген келісімдерді орындамаған жағдайларда, жұмыскерлерге Ереуіл жасау құқығын берді.

Қазақстанда ұжымдық еңбек дауын реттеу процесінде, ереуіл өткізуді қоса алғанда, локаутқа, яғни еңбекшілердің ұжымдық еңбек дауына немесе ереуілге қатысуына байланысты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыскерлермен еңбек шарттарын бұзуға тыйым салынады.

Еңбек кодексінің 22-бабы 1-тармағының 23) тармақшасына сәйкес жұмыскер ҚР ЕК-де, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен, ереуілге құқықты қоса алғанда, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге құқылы.

ҚР ЕК 17-бабының 12) тармақшасына сәйкес еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша ұжымдық еңбек дауларының мониторингін жүргізеді.

Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында бірлескен іс-қимыл жоспары (алгоритмі) қабылданды.

Кәсіподақтар билік органдарының назарын «қызу нүктелерге», проблемалық ұйымдарға аударады, олар бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін шаралар қабылдау қажет. Мұндай өзара іс-қимыл еңбек жанжалдарын ерте сатыда оқшаулауға мүмкіндік берді:

2017 жылы Маңғыстау облысында («Ойл Констракшен Компани» ЖШС, «Каспиан Офшор энд Марин Констракшн» ЖШС), Атырау облысында «Кентек Казахстан Техникал Сервисез» ЖШС»;

2018 жылы Тобыл жол станциясында (Қостанай облысы);

2019 жылы «OilServicesCompany» компаниясында (Маңғыстау облысы), «Мунайфилдсервис» ЖШС-де (Маңғыстау облысы), «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясында (Ақтөбе облысы).

Соңғы бес жыл ішінде, тұрақты төмендеу үрдісіне қарамастан, ЕХӘҚМ деректері бойынша, елде 31 еңбек жанжалдары мен ереуілдер орын алды, олар бойынша талаптардың көпшілігі қанағаттандырылды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстарын ескере отырып, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 29 мамырдағы қаулысымен Әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу жөніндегі кешенді жоспар бекітілді, онда еңбек саласындағы тәуекелдерді алдын ала шешу мақсатында еңбек жанжалдарының алдын алу жөніндегі жаңа шаралар көзделген.

Іс жүзінде ұжымдық еңбек даулары бойынша сұрақтар туындайды. Соңғы жылдары Қазақстанда орын алған ереуілдердің барлығын соттар заңсыз деп таныды, себебі жұмыскерлер оларды жариялау рәсімі бойынша талаптарды сақтамады. Өз кезегінде рәсімдердің күрделілігі стихиялық ереуілдерге әкелді.

Осыған байланысты, ҚР Кәсіподақтар федерациясы ҚР Еңбек кодексіне жұмыскерлердің талаптарын ұсыну және татуластыру рәсімдерін (татуластыру комиссиялары, еңбек төрелігі) жүргізу рәсімдерін жеңілдету бөлігінде түзетулер енгізуге бастамашылық жасады.

Жеке еңбек дауларын сотқа дейінгі тәртіпте татуластыру рәсімдері арқылы шешу үшін алғаш рет ҚР Жоғарғы Соты мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Кәсіподақтардың барлық аумақтық бірлестіктерінің базасында бірлесіп 17 «Татуласу орталығы» құрылды.

2018 жылдың наурыз айынан бастап кәсіби медиаторларды, адвокаттарды, кәсіподақ мамандарын тарта отырып, «Татуласу орталықтарында» 3 мыңнан астам медиативтік рәсімдер өткізілді, оның ішінде 1590 еңбек даулары 1298 медиативтік келісімдер мен 292 жүргізілген келіссөздер шеңберінде оң шешілді. Сондай-ақ еңбек ұжымдарында 2900 адамды қамти отырып, 708 ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді.

Қазіргі уақытта кәсіподақтардан кәсіпқой медиаторлар пулы қалыптастырылды және кәсіподақ ұйымдарында жұмыс істеп тұрған медиаторларды жүйелі оқыту ұйымдастырылды.

                 

  1. Әлеуметтік көмек, қамтамасыз ету және қорғау құқығы

 

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 68-тармағын қамтамасыз ету үшін 2020 жылдың басынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету тетігі түзетілді:

Біріншіден, көп балалы отбасылар үшін олардың табыстарына қарамастан сараланған мөлшерде жәрдемақы енгізілді (балалар санына қарай 44 532 теңгеден 77 951 теңгеге дейін, сегізінші және одан да көп балаға әр балаға 4 АЕК мөлшерінде сома қосылады).

Екіншіден, қолданыстағы АӘК жаңғыртылды, олар мыналарды көздейді:

АӘК алушылардың өз кірістерін жасыру мүмкіндіктерін теріс пайдалану жағдайларын болдырмайтын тоқсан сайынғы АӘК тағайындауды кері қайтару (бұрын АӘК 12 айға тағайындалған);

АӘК мөлшері отбасының барлық мүшелері үшін кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырмашылық ретінде айқындалады;

еңбекке қабілетті АӘК алушыларға қойылатын талаптарды күшейту, яғни олар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің ұсынылған белсенді шараларынан бас тартқан жағдайда, АӘК алу құқығын отбасының барлық мүшелері жоғалтады;

учаскелік комиссиялар институтын күшейту.

Үшіншіден, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді (азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтарымен қамтамасыз ету; оқу орны бойынша тегін тамақтандыруды, мектеп формасын және мектепке керек-жарағын ұсыну, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру).

2020 жылдың 1 қазанына қарай АӘК 156,7 мыңнан астам отбасына немесе 804,2 мың адамға тағайындалған (оның ішінде 516,2 мың бала, 97,4 мың көп балалы отбасы).

Сондай-ақ төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезеңінде тікелей байланысты болдырмау үшін бірқатар шаралар қабылданды, оның ішінде:

2020 жылғы 1 тоқсанның (109 мың отбасынан 561,4 мың адам), 2020 жылғы 2 тоқсанның (121 мың отбасынан 627 мың адам); 2020 жылғы 3 тоқсанның (121,2 мың отбасынан 627,4 мың адам); 2020 жылғы 4 тоқсанның (2020 жылғы 19 қазандағы жағдай бойынша 119,9 мың отбасынан 613,3 мың адам) алушыларына АӘК тағайындау ұзартылды;

алғаш рет жүгінген азаматтар үшін 2020 жылдың 2 тоқсанында 29,1 мың отбасынан 149,9 мың адамнан, 2020 жылдың 3 тоқсанында 41,2 мың отбасынан 211,0 мың адамнан, 2020 жылғы 4 тоқсанда 15,5 мың отбасынан 80,3 мың адамнан (2020 жылғы 19 қазандағы жағдай бойынша) электрондық үкімет порталы арқылы өтініштерді қабылдау жүзеге асырылды.

«Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» ҚР Заңына сәйкес айлық жалақының ең төмен мөлшері, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады.

Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттар мыналар:

1) «ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы»;

2) «Ең төменгі зейнетақы мөлшері» ең төменгі әлеуметтік стандарты;

3) «Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі» ең төменгі әлеуметтік стандарты.

Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттар әлеуметтік кепілдіктердің және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған әлеуметтік құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуы мәселелері nараптардың өзара келісімі бойынша ұжымдық шартқа (жұмыскерлердің тұрғын үй және тұрмыстық жағдайларын жақсарту туралы; жұмыскерлердің сауықтырылуы, санаторий-курорттық емделуі және демалысы туралы; жұмыскерлер мен олардың отбасыларын медициналық сақтандыру кепілдіктері туралы, қоршаған ортаны қорғау туралы; жәрдемақылар мен өтемақы төлемдерін, оның ішінде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде төлеу туралы және басқалар туралы) енгізілуі мүмкін.

 

  1. 6. Кәсіптік одақтар құру құқығы

 

Қазақстандағы кәсіптік одақтардың қызметі 2014 жылғы 27 маусымдағы «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңымен, ҚР Еңбек кодексімен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен регламенттелген.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша қазіргі уақытта Қазақстанда 500 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 3 республикалық кәсіподақтар бірлестігі: ҚР Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстандық еңбек конфедерациясы және «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы, 39 салалық кәсіподақ, 19 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және 439 жергілікті кәсіподақ бар (2019 жылмен салыстырғанда кәсіподақтар санының 7%-ке өсуі байқалады).

ҚР Кәсіподақтар федерациясы 1,7 млн.адамды (2020 жылдың басында) біріктіретін, елдегі еңбекшілердің неғұрлым бұқаралық және өкілді ұйымы болып табылады.

Уақыттың сын-тегеурініне жауап бере отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақтарды біріктіруге және ірілендіруге, еңбек қатынастарын реттеудегі олардың жауапкершілігін арттыруға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға, ұйымдық-қаржылық жұмысты жетілдіруге, кәсіподақ кадрларының жауапкершілігін арттыруға, олардың резервін даярлауға, еңбек ететін әйелдермен және жастармен жұмыс істеуге, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуға бағытталған жаңа бағыт алды.

Қазақстанда жұмыскерлердің кәсіподақ ұйымын құруға, олардың мәртебесі мен құрылымын, қызметінің басым бағыттарын анықтауды таңдауға құқығы бар екенін атап өткен жөн.

Кәсіподақтар өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан, саяси партиялардан, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктерінен тәуелсіз, олардың бақылауында болмайды және оларға есеп бермейді.

Бұл ретте «Кәсіптік одақтар туралы» Заңда айқындалған кәсіподақтардың міндетті қауымдастықтығы олардың әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейлерінде жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі функцияларды орындауы кезінде туындайтын проблемаларды шешудегі кәсіподақтардың рөлін күшейту үшін қажет болды.

Заңның бұл ережелері кәсіподақтардың күшті әлеуметтік әріптестер ретінде қалыптасуына ықпал етті, олардың пікірлері әлеуметтік-еңбек саласында маңызды шешімдер қабылдауда ескеріле бастады.

 

  1. Әлеуметтік әріптестік

 

Әлеуметтік әріптестік тараптары тиісті атқарушы органдар тұлғасындағы мемлекет, жұмыскерлер және белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген өкілдер тұлғасындағы жұмыс берушілер болып табылады.

Әлеуметтік әріптестік әлеуметтік әріптестік органдары арқылы тараптардың өзара іс-қимылы нысанында қамтамасыз етіледі:

1) республикалық деңгейде – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия (бұдан әрі – республикалық комиссия);

2) салалық деңгейде – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар (бұдан әрі – салалық комиссия);

3) өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) деңгейде – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық, қалалық, аудандық комиссиялар (бұдан әрі – өңірлік комиссия);

4) ұйымдар деңгейінде – Қазақстан Республикасы заңнамасының негізінде жұмыскерлердің өкілдері мен жұмыс берушінің арасында еңбек саласындағы өзара нақты міндеттемелерді белгілейтін ұжымдық шарттар нысанында.

Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік келесі міндеттерді шешуге бағытталған:

1) әлеуметтік, еңбек және олармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін құру;

2) қоғамның барлық жіктерінің мүдделерін объективті ескеру негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

3) жұмыскерлердің еңбек саласындағы құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз етуге, оларды әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруға жәрдемдесу;

4) барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік тараптары арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу;

5) ұжымдық еңбек дауларын шешуге жәрдемдесу болып табылады;

6) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Республикалық, салалық және өңірлік комиссиялар тараптардың орындауы үшін міндетті тиісті шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы әлеуметтік әріптестік тараптарының мүдделерін келісуді қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін органдар болып табылады.

Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыруды қамтамасыз ету мыналарға жүктеледі:

1) республикалық деңгейде – еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға;

2) салалық деңгейде – тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдарына;

3) өңірлік деңгейде – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына жүктеледі.

Тараптардың өкілдері мыналар болып табылады:

1) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасы Үкіметінің, кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктердің өкілетті өкілдері;

2) салалық деңгейде – тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдарының, салалық кәсіптік одақтардың, жұмыс берушілердің салалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) өкілетті өкілдері, ал олар болмаған кезде салалық ұйымдар;

3) өңірлік деңгейде:

облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде – жергілікті атқарушы органдардың, кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестіктерінің, облыстық немесе республикалық маңызы бар қаланың және жұмыс берушілер бірлестігінің (қауымдастығының, одағының), астанасының, облыстық немесе республикалық маңызы бар қаланың шағын кәсіпкерлік жөніндегі бірлестігінің өкілетті өкілдері;

аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде - жергілікті атқарушы органдардың, аудандық немесе облыстық маңызы бар қаланың шағын кәсіпкерлік жөніндегі бірлестігінің, кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестіктерінің өкілетті өкілдері.

Әлеуметтік әріптестік тараптарының өкілдеріне тең құқықтар мен өкілеттіктер беріледі.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Үкіметі, кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімнің жобасы бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыс жалғасуда.

 

  1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асырылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібін белгілейді.

Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады.

Еңбек кодексінің 181-бабына сәйкес жұмыскер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жабдықталған жұмыс орнына; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуге құқылы.

Сонымен бірге жұмыскер мыналарға: еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, ережелердің және нұсқаулықтардың талаптарын сақтауға; жұмыс беруші ұсынатын жеке және ұжымдық қорғану құралдарын мүлтіксіз қолдануға және мақсатқа сай пайдалануға; белгіленген тәртіппен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өтуге міндетті.

Өз кезегінде, Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды бұзған жұмыскерлерді жұмыстан шеттетуге және тәртіптік жауапкершілікке тартуға құқылы; сондай-ақ жұмыскерлерге қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайлар жасауға, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нормаларға сәйкес жұмыскерлердің арнайы киімі мен аяқкиімін беруді және жөндеуді, оларды профилактикалық өңдеу құралдарымен, жуу және дезинфекциялау құралдарымен, медициналық қобдишамен, сүтпен немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерімен және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған мамандандырылған өнімдермен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен жабдықтауды қамтамасыз етуге міндетті.

ҚР ЕК-нің 157-бабына сәйкес ұжымдық шартқа міндетті түрде салауатты және қауіпсіз еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау туралы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемі туралы, денсаулық сақтауды жақсарту туралы ережелер енгізілуге тиіс.

Кәсіподақ ұйымдары жұмыскерлердің жұмыс орнындағы қауіпсіз еңбек жағдайларына және олардың денсаулығын сақтауға мүдделерін дәйекті түрде қорғайды.

Осы мақсатта еңбекті қорғау туралы заңнаманы жетілдіру, озық тәжірибені насихаттау, мемлекеттік басқару, бақылау және қадағалау органдарымен өзара іс-қимыл жасау сияқты құралдар кеңінен пайдаланылады.

Халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша жыл сайын әлемде өндірісте 2,3 млн. адам қайтыс болады және кәсіби аурулар нәтижесінде 2 млн. астам адам қайтыс болады. Жарақаттануға, жұмысшылардың денсаулығының нашарлауына байланысты өтемақы төлемдеріне миллиардтаған сомамен есептелген жұмыс берушілердің экономикалық шығындарының ауыртпалығы үнемі өсіп келеді. Бүгінгі еңбекті қорғау жүйесі оқиғалардың алдын алуға емес, олардың салдарын жоюға бағытталған.

Кәсіподақтар мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен бірлесіп жүзеге асыратын еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде 2015-2019 жылдар кезеңінде республикада өндірістік жарақаттануды 17,4%-ға, ал адам өлімімен аяқталуды 29%-ға төмендетуге қол жеткізілді.

Еліміз бойынша өндірістік жарақаттану деңгейінің салыстырмалы түрде төмендеуіне қарамастан, жалпы еңбекті қорғау саласындағы ахуал күрделі болып қалуда. Соңғы 10 жылда жыл сайын 2 мыңнан 3 мыңға дейін жұмыскер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде жарақат алады және мерт болады, оның ішінде орташа есеппен 250 адам қайтыс болады.

Өндірістік жарақаттанудың ең көп таралған себептері мыналар екенін атап өткен жөн:

жұмыскерлердің өздерінің қауіпсіздік талаптарын орындамауы;

жұмыс беруші тарапынан өндірістік процестерге тиісті бақылаудың болмауы;

қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту мен нұсқама жүргізбеу;

жұмыскерлерге өздеріне тиесілі емес тапсырмалар беру (арнайы техниканы, мұнара кранын, бетон араластырғышты және т.б. басқару);

жеке және ұжымдық қорғану құралдарының болмауы;

қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін құралдар мен жабдықтарды пайдалану;

жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігінің сақталуына жауапты адамдарды тағайындамайды.

2019 жылғы қазаннан бастап 2020 жылғы қаңтарға дейін аумақтық прокурорлардың талаптарын орындау үшін еңбек инспекциялары 95 ұйымда (30-дан астам шетелдік жұмыскерді тартатын) еңбек заңнамасының сақталуына тексеру жүргізді.

Еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың анықталған бұзушылықтары бойынша прокурорлық ден қою актілері енгізілді.

Бұдан басқа, 2019 жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2018 жылы өліммен аяқталған жазатайым оқиғаларға талдау жүргізді: осы кезеңде 191 ұйымда 216 адам қайтыс болған. 160 ұйымда жұмыс берушінің кінәсі дәлелденді. 138 ұйымда кәсіподақ бірлестіктері болмаған. Тиісінше, қоғамдық бақылау болған жоқ, өндірістік кеңестер құрылған жоқ. Қазіргі уақытта Қазақстанда әрбір жетінші жұмыскер өндірісте зардап шегу қаупі жоғары зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Бұл жағдайда жұмыс істейтіндердің төрттен бірі – әйелдер.

Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасының Үкіметіне жазатайым оқиғаларды болдырмау профилактикасының рөлін күшейту, Еңбек кодексінде бекітілген жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтары мен міндеттерін іске асырудың жаңа тетіктерін әзірлеу бөлігінде еңбек заңнамасын реформалау жөніндегі ұсыныстар жіберді.

2018-2019 жылдар ішінде Кәсіподақтар федерациясы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Қазақстанның жұмыс берушілер конфедерациясымен бірлесіп, «Еңбекті қорғау саласындағы профилактика мәдениетін бірге арттырамыз» республикалық акциясын өткізді, оның негізгі мақсаттары бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін дамыту, жұмыскерлердің еңбекті қорғауға кеңінен қатысуын қамтамасыз ету және еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсарту мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару болды.

Акция шеңберінде әзірленген іс-шаралар қоғамдық бақылау институтын – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді дамыту арқылы жұмыскерлердің салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға жұмыс берушілердің мүдделілігін арттыруға бағытталған.

Акция шеңберіндегі жұмыс өзінің оң нәтижелерін бергенін атап өту қажет - егер 2018 жылғы 1 қаңтарда 12 855 өндірістік кеңес жұмыс істесе (оның 94%-ы кәсіподақтардың бастамасы бойынша құрылған), 2020 жылғы 1 қаңтарда 15 мыңнан астам өндірістік кеңестер құрылды.

Еңбекті қорғау жөніндегі кәсіподақ техникалық инспекторларының мәртебесін арттыру және үздік жұмыс практикаларымен алмасу мақсатында 2018 жылы Кәсіподақтар федерациясы «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» жыл сайынғы республикалық конкурсын өткізу туралы ережені бекітті.

2019 жылы техникалық инспекторлар 73438 тексеру жүргізді, еңбекті қорғау туралы заңнама талаптарының 116338 бұзушылығын анықтады және жойды, 561 станоктың, машиналардың және басқа да өндірістік жабдықтардың жұмысы тоқтатылды, 302 жазатайым оқиғаны тексеруге қатысты.

Жалпы, бүгінгі таңда еңбек жағдайларына қоғамдық бақылауды еңбекті қорғау жөніндегі 18 мыңға жуық техникалық инспектор жүзеге асырады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіподақтар федерациясымен, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 26 маусымдағы № 441 қаулысымен бекітілген 2019-2023 жылдарға арналған ҚР-дағы өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасын әзірледі.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы мамырда бастамашылық еткен «Халықтық бақылау» жобасын ірі өндірістік объектілерде енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл жоба ұйымдардағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды бақылауды күшейтуге арналған. Ол үшін «халықтық бақылаушылар» ретінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды тартады - бүгінгі таңда 36 ұйым осы жобаны жүзеге асырды.

Жергілікті жерлерде мүшелік ұйымдарды, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды және кәсіподақ активін тұрақты негізде дайындалатын қажетті анықтамалықтармен, ұсынымдармен, жинақтармен әдістемелік қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалмайды.

 

  1. Жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзу фактілері және оларды шешу жолдары

 

Азаматтардың және өзге де адамдардың еңбек құқықтары негіз қалаушы болып табылады және оларды еңбек құқықтық қатынастарының барлық субъектілерінің сақтауы мемлекеттегі жеке адамның құқықтық мәртебесі бар істердің нақты жағдайын көрсетеді.

Бүгінгі таңда азаматтар мен өзге де адамдар бұл конституциялық құқықты әртүрлі нысандарда жүзеге асыра алады. Бұл құқықтың мазмұнына еңбек бостандығы, әркімнің еңбек қабілетін еркін пайдалануы, қызмет түрі мен мамандығын таңдау мүмкіндігі сияқты негізгі принциптер кіреді. Сонымен қатар мәжбүрлі еңбекке тыйым салынады.

Әркімнің қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай келетін жағдайларда еңбек етуге, еңбегі үшін ешқандай кемсітусіз және заңда белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес сыйақы алуға құқығы бар.

Жұмыс беруші мен ол жалдайтын қызметкердің мүдделері әрдайым сәйкес келе бермейді, сондықтан еңбек қатынастарының кез-келген кезеңінде бұл мүдделер қақтығысы болуы мүмкін. Бұл әртүрлі әдістермен, соның ішінде қызметкердің еңбек құқықтарын тікелей қорғау арқылы шешілуі қажет жанжалдарға әкеледі.

Еңбек кодексінің 191-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асырады.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметінің қорытындысы бойынша 2020 жылдың 9 айында 2970 тексеру жүргізілді, оның барысында 4503 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды, 129,5 млн.теңгеден астам сомаға 772 әкімшілік айыппұл салынды. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келмегені үшін 4 дана станоктың (жабдықтың) жұмысы тоқтатылды (тыйым салынды), 33 қызметкер жұмыстан шеттетілді, 812 жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына берілді, олар бойынша 97 қылмыстық іс қозғалды.

Еңбек қатынастарына байланысты заңнаманың негізгі бұзушылықтары:

еңбек шартын заңсыз бұзу;

жұмыс уақыты нормаларының асып кетуі;

еңбек демалыстарын беру мерзімдерін бұзу;

жалақы төлеу мерзімдерін бұзу және т.б.

Жұмыс берушілерге 1088 ұйғарым беріліп, 86,7 млн теңге сомасына 500 айыппұл салынды. Осылайша, ҚР еңбек заңнамасын қолданудағы басты проблема жұмыскерлердің еңбекке ақы төлеу құқықтарын бұзу болып табылады. Және де бұл проблеманың екі құрамдас бөлігі бар: жұмыскерлерге жалақы төлемеу және коронавирустық инфекциядан қорғау жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық шараларға қатысатын жұмыскерлерге қосымша ақылар мен үстемеақылар төлемеу.

Сонымен бірге, ҚР ЕК-нің 155-бабына сәйкес жұмыскерлердің республикалық және салалық бірлестіктері келісімдерде және ұжымдық шарттарда бекітілген шарттармен және тәртіппен Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

Кәсіподақтық қолдау шараларын күшейту мақсатында ҚР КФ барлық өңірлік кәсіподақ орталықтарында «қызу желілер» мен жедел штабтар құрылды, олардың құрамына салалық, жергілікті кәсіподақтар филиалдарының барлық төрағалары кірді.

Коронавирус пандемиясы кезеңінде ҚР КФ құрған кәсіподақ ұйымдарының қызу желілері мен жедел штабтары еңбек қатынастары саласындағы бұзушылықтардың тұрақты мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Олардың барлығы негізінен еңбек заңнамасын бұзуға қатысты болды: жалақы төлемеу, жалақы бойынша қарыздар, еңбек ұжымдарындағы жұмысшылар санын қысқарту және т.б.

Еңбекке ақы төлеу құқығын бұзу

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының ақпараты бойынша, Қарағанды облысының бірқатар медициналық ұйымдарында бос тұрып қалу ақысының болмауы, Қостанай және Маңғыстау облыстарының бірқатар ұйымдарында үстеме жұмыс үшін төлемақының болмауы фактілері болды, олар кәсіподақ күшімен шешілді.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағының ақпараты бойынша, пандемияның басында мемлекеттік органдар тарапынан төтенше жағдайларда мәдениет және спорт ұйымдарының жұмыс жағдайларын түсіндірудің болмауына байланысты жол берілген бұзушылықтар байқалды. Атап айтқанда қызметкерлері ақы төленбейтін демалысқа кеткен мәдениет және спорт мекемелерінің бірін жөндеуге жабумен байланысты проблема көрсетіледі, қарапайым ұйым ресімделмеген, тиісінше ең төменгі жалақы төленбеген.

Екінші құраушысы медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ медициналық персоналға жатпайтын, бірақ халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асыруға қатысатын жұмыскерлерге қосымша ақылар мен үстемеақылар төлемеудің көптеген фактілерін қамтиды.

Жергілікті жерлерде медицина қызметкерлеріне үстемеақылар мен қосымша ақылар төлеу кезінде бұзушылық фактілері орын алған.

Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы атап өткендей, жұмыс орнында ауырып қалған, бірақ тәуекел тобына кірмейтін медицина қызметкерлері бойынша көптеген сұрақтар туындайды.

Еңбек режимін бұзу

Тағы бір маңызды мәселе медицина қызметкерлерінің еңбек режимін бұзу болып табылады: ҚР Бас санитариялық дәрігерінің ақпараты бойынша Қазақстанда төтенше жағдай режимі кезеңінде стационарда тәулік бойы болу, артық жұмыс істеу, үстеме жұмыс, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілудің төмендігі, сондай-ақ киіну/шешу техникасын, жеке қорғаныш құралдарын (бұдан әрі – ЖҚҚ) пайдалану уақытын сақтамау орын алған. Бұл ретте карантиндік объектілердің медицина қызметкерлерінің демалыс жағдайларын өңірлерде жұмыстан кейін тек 3 өңір ғана орындауда: Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары. Көрсетілген фактілер медицина қызметкерлерінің коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыру себептерінің бірі болды.

Мәселен, 2020 жылғы 13 сәуірдегі жағдай бойынша медицина қызметкерлері арасында 211 жағдай тіркелген, олардың үлесі республика бойынша жалпы сырқаттанғандардың санының 20,5%-ін құраған.

«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының ақпараты бойынша, ТЖ режиміне байланысты әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының жұмыскерлері вахталық жұмыс әдісіне ауыстырылған. Алайда ұжымдық немесе еңбек шарттарында жұмыспен қамтудың мұндай нысаны бұрын қарастырылмаған.

                     Жаппай жұмыстан босату

Ресми статистика 2020 жылдың 2 тоқсанында персонал санының қысқаруына немесе заңды тұлғалардың таратылуына байланысты ірі және орта ұйымдардың жұмыстан босатылған жұмыскерлерінің бір жарым жылдағы ең аз саны – 2064 адам тіркелгенін көрсетеді. 2020 жылдың 1 тоқсанында 3770 адам босатылса, 2019 жылы 4-тоқсанда – 4382, 3-тоқсанда – 2408,  2-тоқсанда – 3146, 1-тоқсанда – 9134 адам босатылған.

Сонымен бірге, ресми статистика карантиндік шараларды енгізуден ең көп зардап шеккен шағын бизнесті қамтымайды. Мәселен, ҚР ҰКП жүргізген сауалнама деректері бойынша ТЖ мен карантин 830 мыңнан астам кәсіпкердің жұмысына әсер еткен. Жедел штабтың 40 мыңға жуық кәсіпкерге жүргізген сауалнамасы сұралғандардың 35%-і қысқартылғанын немесе өз қызметкерлерін ұстамай демалысқа жіберілгенін көрсетті. Ең көп зардап шеккен салалар: тамақтану, көлік, тұрмыстық және басқа да қызмет көрсетулер, бөлшек сауда. 37 мың кәсіпкердің ішінде шағын бизнес субъектілері 41 мыңнан астам жұмыскерді немесе ТЖ енгізілгенге дейінгі жұмыскерлердің жалпы санының шамамен 15%-ін қысқартты. Жұмыскерлерді қысқартудың ең жоғары көрсеткіштері қоғамдық тамақтандыру (33%), халыққа қызмет көрсету (21%), туризм (21%) және қону қызметтері (19%) салаларында.

                 Ақы төленбейтін демалыстар

Төтенше жағдай және карантин кезеңінде жұмыскерлердің жалақы төленбейтін демалысқа жаппай «кетуі» анықталды. ҚР ҰКП ақпараты бойынша шағын бизнес субъектілері жалақыны сақтамай демалысқа 52 мыңға жуық жұмыскерді жіберген (жалпы санының 19%). Барынша жоғары көрсеткіштер ойын-сауық және демалыс (45%), туризм (37%), қоғамдық тамақтану (35%), халыққа қызмет көрсету (23%), қону қызметтері (23%) және көлік (23%) салаларында. Көбінесе мұндай практика қазақстандық заңнама бойынша айтарлықтай қиындық тудырмайтын қысқартумен қорқыта отырып жұмыс берушілердің жұмыскерлерге деген қысымына негізделген. Сонымен бірге, мемлекеттік қолдаудың арқасында жалақысы сақталмайтын демалыстағы жұмыскерлер ТЖ кезеңінде (2020 жылғы наурыз-мамыр айына екі төлемнен) ЕТЖ мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем ала алды.

                         Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау

Коронавирустық пандемия кезіндегі кең ауқымды мәселе жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету болды.

Көптеген кәсіподақтар ЖҚҚ тапшылығы және еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу туралы хабарлайды. Атап айтқанда, Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының ақпараты бойынша келесі бұзушылық фактілері анықталған:

медицина қызметкерлері үшін, әсіресе covid-19-ға қарсы күреске тартылмаған, бірақ сырқаттанушылықтың өсуі кезеңінде инфекциялық және провизорлық стационарлар санатына ауыстырылған стационарлар мен емханаларда ЖҚҚ-ның жаппай тапшылығы;

ПТР диагностикасы жүргізілмеген, аурудың белгілері бар медицина қызметкерлері ПТР-ды өз есебінен алуға жіберілген;

қызметкерлердің бір бөлігін ақы төленбейтін демалысқа кетуге мәжбүрлеген;

жұмыстың тоқтап тұруын ресімдеген, бұл ретте кейбір медициналық ұйымдарда мамандар жетіспеген, яғни менеджерлердің үйлестіруші ұйымдастырушылық жұмысы болмаған;

ауырған және карантинге жатқызылған кезде еңбекке жарамсыздық парақтары ең төменгі мөлшерде 15 айлық есептік көрсеткішке дейін ғана төленген;

медицина қызметкерлерінің тұру және демалу жағдайлары (қонақ үйлер, көлік, тамақтану) барлық уақытта бірдей қамтамасыз етілмеді, кадрлар тапшылығына, шамадан тыс жүктемеге байланысты еңбек және демалыс режимі сақталмады;

сырқаттанушылықтың жоғары өсуі кезеңінде кадр резервтері және оларды эпидемияға қарсы іс-шаралар бойынша оқыту дайындалмады.

                    Еңбек инспекциясының тексерулеріне мораторий

Жалпы, Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін белгіленген шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жұмыскерлердің еңбек құқықтары үшін елеулі сын-қатер болып табылады. Бұл проблема және шағын кәсіпкерлік субъектілері (ШКС) жұмыскерлерінің құқықтарын бұзудың көптеген фактілері туралы «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ бірнеше рет айтқан болатын. Бұдан басқа, барлық ұйымдарда жоспардан тыс тексерулер жүргізуге мораторий ТЖ кезеңіне белгіленді. Бұған мемлекеттік еңбек инспекциясынан қорғау таппаған еңбек құқықтарының бұзылуының көптеген фактілері де байланысты болды.

Кәсіподақ мүшелігімен қамтылмаған, бейресми жұмыспен қамтылған қызметкерлер санаттарын қоса алғанда, Кәсіподақтар федерациясына және оның мүшелік ұйымдарына көмек сұрап жүгінетін еңбекшілердің бірде-бір өтініші кәсіподақ қолдауынсыз қалмағанын атап өткіміз келеді.

                    Ағымдағы ахуалдың жай-күйіне талдау

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау – прокуратура органдары мен мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметінің басым бағыттарының бірі.

Әрине, бірінші кезектегі міндет – жұмыскерлер алдындағы жалақы бойынша берешекті өндіріп алу.

Жалақы бойынша берешектің ең үлкен шыңы 2009 жылдың қыркүйегінде тіркелді және 5 млрд теңгеге жетті. Өсу үрдісі байқалды.

Осыған орай прокуратура органдары мемлекеттік органдардың жұмысын жандандырды, деректермен алмасу жолға қойылды, дебиторлармен және борышкерлердің мүлкін іздеу бойынша жұмыс басталды.

8 жыл бойы мүдделі органдармен бірлесіп проблемалық ұйымдардан орташа есеппен жылына 1,7 – 2 млрд теңгеден өндіріп алынды, бұл жалпы берешекті азайтуға және оны 1,5 млрд теңге деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Әдетте, мұндай ұйымдардың мүлкі мен активтері болмады, бұл жалақы бойынша берешекті өтеуге кедергі келтірді.

Тұрақты мониторинг арқылы жаңа проблемалық жұмыс берушілер анықталды. Бұл берешектің көп бөлігін жұмыс істемей тоқтап тұрған ұйымдардың, сондай-ақ оңалту және банкроттық сатысындағы борыштары құрайды.

2019 жылдың басында ағымдағы берешектің қалдығы 80 млн. теңгені, мерзімі өткен берешек қалдығы – 2 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың 5 айында ағымдағы 350 млн. және мерзімі өткен 500 млн. берешекті өтеуге қол жеткізілді.

2020 жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша жалақы бойынша берешек 78 ұйымда 2 660 жұмыскер алдындағы 877,7 млн теңге сомасында сақталады (мерзімі өткен – 784,4 млн. және ағымдағы – 93,3 млн.).

Қарыздардың басым бөлігі Алматы қаласында (100,2 млн теңге), Шығыс Қазақстан облысында (107,1 млн теңге) және Алматы облысында (91 млн теңге).

Сонымен қатар, мониторинг төмендегіні көрсетті:

450 млн теңге берешегі бар 45 ұйым жұмыс істемей тоқтап тұр (985 жұмыскер), оның ішінде 37-сі банкрот (739 жұмыскер алдында 384 млн теңге);

246 млн теңге берешегі бар 26 ұйым бойынша (717 жұмыскер) мүлік пен активтердің болмауы себебінен борышты өтеуге қандай да бір перспективалар жоқ;

182 млн теңге қарызы бар 7 ұйымда (958 жұмыскер) мүлікке тыйым салуға, оның өтімсіздігіне, ұзаққа созылған сот дауларына және басқа да себептерге байланысты өтеуге шамалы перспективалар бар.

Жалақы бойынша берешекті өндіріп алу жұмысы тұрақты бақылауда, мәліметтер апта сайын өзектендіріледі.

Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мәселелердің бірі болып табылады.

Жұмыс беруші мен жұмыскер жұмыс беруші басым тарап болып табылатын еңбек қатынастарына енген кезде бұл теңсіздікті жұмыскердің құқықтары мен бостандықтарына зиян келтіре отырып пайдалану қаупі болады.

Қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайлары құқығы, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алу құқығы әрбір қазақстандықтың конституциялық құқықтары болып табылады.

Бұл мәселелер Еңбек кодексімен реттеледі, сондай-ақ жұмыс берушінің жергілікті актілерімен, еңбек саласындағы шарттармен және келісімдермен нақтылануы және толықтырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта 4 негізгі проблемалық мәселе анықталған:

1) қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу;

2) жалақының уақтылы төленбеуі;

3) зиянды жағдайлар үшін үстемеақылар төлемеу және жалақы мөлшерін дұрыс есептемеу;

4) жұмыскерлерді кемсіту (оның ішінде қазақстандық азаматтардың шетелдік кәсіпорындардағы құқықтары).

Қазақстанда жұмыскерлер жұмыс берушілермен еңбек қатынастарында тұрған 1,4 млн ұйым жұмыс істейді.

Мұндай жағдайда олардағы қарызды анықтау көбінесе қиындық туғызады.

Ол үшін ақпараттық жүйелердің (ҚАОААЖ, ББСЖ, СДТБТ АЖО (құқық бұзушылықтар және қылмыстар бойынша), ЖТ МДҚ, «Е-Халық», «Еңбек нарығы», «АӘК», «Е-Собес», «Бүркіт», «Адам құқықтарын қорғау жағдайы туралы жыл сайынғы есеп» (ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті желісі бойынша), «Е-Қызмет» және т.б.) мүмкіндіктерін пайдалануды, еңбек заңнамасын бұзушылықтарға байланысты сот актілерін (оның ішінде ақталмайтын негіздер бойынша), атқарушылық іс жүргізу және өзге де алынған мәліметтерді зерделеуді ұсынамыз.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 152-бабының 1, 2-бөліктері – «Еңбек заңнамасын бұзу» жеке айыптау қылмыстары санатына жатады.

Құқық бұзушылықтың құрамы болуы үшін жалақының басқа мақсаттарға пайдаланылғанын дәлелдеу қажет. Бірақ жұмыскерлер мұндай дәлелдерді өз бетінше ала алмайды.

Осыған байланысты, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия ҚК-нің 152-бабының 1, 2-бөліктерін жеке-жариялы айыптау қылмыстары санатына ауыстыруды ұсынады.

Мемлекеттік еңбек инспекторларының қызметін жаңғырту бойынша

Прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі комиссия тұрақты негізде еңбек заңнамасының құқық қолдану практикасына талдау жүргізеді, соның негізінде оны жетілдіру қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі таңда еңбек инспекциясы жұмысының тиімділігіне әсер ететін проблемалық мәселелер бар.

Атап айтқанда, бұл кадрлар тапшылығы және мемлекеттік еңбек инспекторларын оларға тән емес функцияларға тарту мәселелеріне қатысты.

Соңғы үш жылда мемлекеттік еңбек инспекциясы жүйесінен 123 еңбек инспекторы (42,7%) жұмыстан шыққан.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік еңбек инспекторларына негізгі қызметке қатысы жоқ және жұмыс уақытының едәуір бөлігін алатын түрлі іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу жөнінде қосымша функциялар жүктейді.

Халықаралық тәжірибе Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Финляндия, Нидерланды және Норвегия сияқты Еуропа елдерінде еңбек инспекциясының функционалдық міндеттері Еңбек министрлігінде бір жүйе ретінде ұйымдастырылғанын көрсетеді.

АҚШ-та еңбекті қорғау жөніндегі басқарма еңбекті қорғау және кәсіптік аурулардың алдын алу мәселелерімен айналысатын Еңбек министрлігінің ведомствосы болып табылады. Канадада еңбек инспекторлары Канаданың Еңбек гигиенасы мен қауіпсіздігі орталығына есеп береді.

Біздің ойымызша, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) жанындағы өңірлік еңбек инспекцияларының вертикал құрылымы Халықаралық еңбек ұйымының №81 («Өнеркәсіп пен саудадағы еңбек инспекциясы туралы») және №129 («Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы конвенцияны ратификациялау туралы») ратификацияланған конвенцияларына көбірек сәйкес келеді, оларға сәйкес еңбек инспекциясы орталық биліктің байқауында және бақылауында болуы тиіс.

Аумақтық еңбек инспекцияларын ҚР ЕХӘҚМ қарамағына қайтару қажеттігі пісіп-жетілді деп ойлаймыз.

Бұл құқық қолдану мен еңбек заңнамасының сақталуын бақылаудың бірыңғай практикасын қамтамасыз етеді.

 

  1. Білім алу құқығы

 

Қазақстан Республикасының Конституциясы жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде халықаралық құқыққа сәйкес адамның туғаннан бастап әркімге тиесілі, абсолютті және бөлінбейтін деп танылатын, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын айқындайтын негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді таниды, бекітеді және кепілдік береді.

Ұлттық заңнамада тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге көзқарасына, тұрғылықты жеріне, денсаулық жағдайына және бала мен оның ата-анасына немесе басқа да заңды өкілдеріне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық балалардың тең құқықтары бар екендігі айқындалған[6].

«Білім туралы» ҚР Заңының 8-бабы 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, сондай-ақ отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуға құқылы.

Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға, егер әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, осы деңгейлердің әрқайсысында бірінші рет білім алатын болса, мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға құқық беріледі.

Стипендиялық бағдарламалар бойынша білім алатын адамдарды қоспағанда, шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу құқығы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі №468 бұйрығы қолданыста, онда Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың (оның ішінде қандастардың), сондай-ақ Қазақстан Республикасында уақытша тұратын адамдардың (босқындар, пана іздеген адамдар, консулдық лауазымды адамдар, дипломатиялық мекемелердің қызметкерлері, Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін еңбекші-мигранттар) балаларын мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуы үшін онда білім беру ұйымдарына қабылдау регламенттелген.

Осылайша, Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Қазақстан ратификациялаған[7] Бала құқықтары туралы конвенциясының 28-бабын орындау бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мигранттардың, қандастардың балаларының білім алуына дәйекті шаралар қабылдайды.

Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда. Қазақстан Республикасы өзіне БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі 4-ші ОДМ-ға қол жеткізу бойынша жан-жақты және әділ сапалы білім беруді қамтамасыз ету және барлық адамдар үшін өмір бойы оқу мүмкіндігін көтермелеу бойынша міндеттемелер қабылдады. ҚР Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – ҚР БҒМ) ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда.[8]

Жергілікті атқарушы органдар мигранттардың балаларына мектептерден, мектепке дейінгі ұйымдардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орын береді. Республикада тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ уақытша тұратын адамдардың (босқындар, пана іздеген адамдар, консулдық лауазымды адамдар, дипломатиялық мекемелердің қызметкерлері, Көші-қон заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін еңбекші-мигранттар) балалары білім беру ұйымдарына қабылданады және Қазақстан азаматтары сияқты құқықтарды пайдаланады.[9] 

Ұлттық білім беру деректер қорының деректері бойынша 2020-2021 оқу жылында орта білім беру ұйымдарында 731 босқын бала, 20 349 мигрант бала, 7 709 қандас бала білім алуда. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 485 қандас бала және 93 еңбекші-мигранттың баласы білім алуда.

Балалардың орта білім алуын қамтамасыз ету үшін ұлттық білім беру деректер базасымен (ҚР БҒМ) және жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен (ҚР ӘдМ) деректерді түсіру және салыстыру жолымен олардың автоматтандырылған есебі[10] жүргізіледі.

2020 жылы жоғары оқу орындарының шетелдік студенттерінің саны 34 452 адамды немесе студенттердің жалпы контингентінің 5,7%-ін құрайды (бакалавриат – 32621 (94,7%), магистратура – 454 (1,3%), докторантура – 57 (0,1%), дайындық курстары – 1320 (3,8%)).

Олардың ішінде ТМД елдерінен – 24887 адам, Азия елдерінен – 8789, Еуропа елдерінен – 122, Америка және Латын Америкасы елдерінен – 19, Таяу Шығыс елдерінен – 559, Африка елдерінен – 71 адам (азаматтығы жоқ тұлғалар – 5 адам).

Шетелдік студенттер арасында көп тараған бағыттар: педагогикалық ғылымдар – 10629 (30,9%), денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина) – 7245 адам (21%), бизнес, басқару және құқық – 6 285 адам (18,2%) және т.б.

ҚР жоғары білім беруді интернационалдандырудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы әзірленді. Жоғары оқу орындарының халықаралық танымалдығын арттыру үшін ҚР жоғары білім беру жүйесі туралы Brand book әзірленді, онда ел туралы, Қазақстанда өмір сүрудің артықшылықтары, жоғары білім беру жүйесі, кадрлар даярлаудың негізгі бағыттары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, шетелдік білім алушылар үшін оқу және тұру шарттары туралы жалпы мәліметтер көзделген.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі - ЖЖОКБҰ) оқитын шетелдік азаматтарға жатақханадан орын беріледі, онда олардың жайлы тұруы, оқуы, демалуы және қауіпсіздігі үшін барлық жағдайлар жасалған. Жатақханалар оқу залдарымен, компьютерлік сыныптармен, конференц-залдармен, тұрмыстық және душ бөлмелерімен жабдықталған, Интернетке сымсыз қосылу желісі (Wi-Fi) жұмыс істейді.

Әрбір жатақханада оқу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды болдырмау үшін жауапты тұлғалар айқындалған.

Жалпы бақылауды ЖЖОКБҰ-ның ұйымдастыру-тәрбие жұмысы жөніндегі проректорлары жүзеге асырады. Студенттердің денсаулық жағдайын медицина қызметкерлері бақылайды. Интернеттің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүйелік әкімшілер жүзеге асырады.

Сонымен қатар, мигрант-балалар, ата-анасыз қалған босқын балалар анықталған кезде олар өз отбасына орналастырылғанға не өз Отанына оралғанға дейін өңірлік кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына (бұдан әрі – КБО) және өмірлік қиын жағдайдағы балаларға арналған орталықтарға (бұдан әрі – ӨҚЖ балаларға арналған орталық) жіберіледі.

КБО-да және ӨҚЖ балаларға арналған орталықта болған кезеңде барлық балалар арнайы әлеуметтік қызметтер стандартында айқындалған, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің нормаларына сәйкес келетін арнайы әлеуметтік қызметтер алады.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер кешеніне әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер кіреді.

Балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР Заңымен және білім беру мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартымен регламенттелген[11].

Анықтама: 2020 жылдың басынан бастап КБО-ға: Нұр-Сұлтан қаласына – 134 мигрант-бала (Өзбекстан Республикасы – 132, Қырғызстан Республикасы – 1 бала), Алматы қаласына – 37 бала (Өзбекстан Республикасы – 15, Тәжікстан Республикасы – 10, Қырғызстан Республикасы – 11 бала, Ресей Федерациясы – 1 бала), Шымкент қаласына – 8 бала (Өзбекстан Республикасы – 8) келіп түсті. Қазіргі уақытта КБО-да Өзбекстан Республикасынан 11 мигрант-бала бар (Нұр-Сұлтан қаласында – 2 бала, Алматы қаласында – 5 бала, Шымкент қаласында – 3 бала).

БҒМ және ЕХӘҚМ ЮНИСЕФ-пен бірлесіп халықтың неғұрлым қауқарсыз топтарын, әсіресе әртүрлі өңірлерде қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды қамтумен айналысады. Көші-қоннан зардап шеккен балалар арасында COVID-19 ауруының таралуын болдырмау жөніндегі бағдарламалар іске асырылуда. Бұған балалар мекемелерінде инфекцияның таралуын болдырмауға көмектесетін гигиеналық тәжірибені насихаттау кіреді.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексіне ата-аналарының құқықтық мәртебесіне қарамастан барлық балалардың тууын жалпыға бірдей тіркеуді көздейтін өзгерістер енгізілді, бұл азаматтығы жоқтықты тоқтату жолындағы маңызды қадам болды. Сондай-ақ ҚР Әділет министрлігі жаңа туған нәрестелерді баланың анасының телефонына SMS жолдау арқылы тіркеу қызметін енгізді.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп көші-қон қызметінің қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлерге арналған халықаралық стандарттар мен көші-қон жағдайында балалармен жұмыс жасаудың озық практикасы бойынша оқу бағдарламасын әзірледі.

Біз жүргізген талдау көрсеткендей, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қандастар, еңбекші-мигранттар, адам саудасының құрбандары мен олардың балалары құқықтарының бұзылуы туралы өтініштер прокуратура органдарына, адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелерге түскен жоқ.

Жалпы, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің, Бала құқықтары туралы конвенцияның, сондай-ақ ұлттық заңнаманың нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтардың және өзге де адамдардың білім алу құқықтарын сақтайды және қамтамасыз етеді.

ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен және алыс шетелден келген еңбекші-мигранттардың дипломдарын тану туралы

Еңбек көші-қонына қатысты ТМД елдерінің білім туралы құжаттарын тану 2014 жылғы 14 қазандағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) сәйкес реттеледі.

Шарттың 97-бабының 3-тармағында былай көзделген: жұмысқа орналастырушы мемлекетте мүше мемлекеттердің еңбек етушілерінің еңбек қызметін жүзеге асыруы мақсатында жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген білім туралы құжаттарды тану рәсімдерін өткізбей, мүше мемлекеттердің білім беру ұйымдары (білім беру мекемелері, білім беру саласындағы ұйымдар) берген білім туралы құжаттар танылады.

Басқа мүше мемлекетте педагогикалық, заңдық, медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуға үміткер бір мүше мемлекеттің еңбекшілері жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген білім туралы құжаттарды тану рәсімінен өтеді және жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес тиісінше педагогикалық, заңдық, медициналық немесе фармацевтикалық қызметке жіберілуі мүмкін.

Еуропа елдері мен алыс шетелдердің білім туралы құжаттарын тану мәселелері бойынша 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» ҚР Заңына, 2008 жылғы 10 қаңтардағы «Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларына», сондай-ақ халықаралық құқықтық актілерге сәйкес тану рәсімі жүргізіледі.

 

  1. Азаматтардың және өзге де адамдардың мәдени құқықтары

 

Азаматтардың, шетелдіктердің, Қазақстанда тұрақты не уақытша тұратын азаматтығы жоқ адамдардың, қандастардың, еңбекші-мигранттардың, адам саудасы құрбандарының, сондай-ақ олардың балаларының мәдени құқықтарына (мәдени құндылықтарға қол жеткізу бөлігінде, қоғамның мәдени өміріне еркін қатысу құқығы, шығармашылық құқығы, ана тілі мен мәдениетін пайдалану құқығы және т.б.) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактімен, Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенциямен, БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясымен және басқа да нормативтік құқықтық актілермен кепілдік берілген.

ҚР «Мәдениет туралы» Заңына сәйкес мемлекет мәдени өмірге қатысу, мәдени құндылықтарға қол жеткізу, мәдениет және өнер мамандықтары бойынша білім алу құқығын қамтамасыз ету арқылы азаматтар мен өзге де адамдардың мәдениет саласындағы қызмет құқығына кепілдік береді.

Музейлер мәдени құндылықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету және халықты мәдениет объектілеріне тарту үшін музей көрмелерін өткізеді. Мәселен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) деректері бойынша соңғы 3 жылда республикалық музейлер 101 халықаралық, 46 халықаралық көшпелі, 1149 музейлік және 419 өңірлік көшпелі көрмелер өткізді.

Өңірлерде 24 778 көрме өткізілді, оның 295-і халықаралық көрме. 2018 жылы «Алтын адамның шеруі» халықаралық көрмесіне 202 мыңнан астам келуші, оның ішінде шетелдіктер мен еліміздің тұрғындары қатысты.

Бұдан басқа, әр айдың үшінші жексенбісінде, демалыс күндері музейлерге, музей-қорықтарға азаматтардың барлық санаттары мен өзге де адамдар, оның ішінде мектеп жасындағы балалар үшін тегін қолжетімділік беріледі.

Сонымен бірге, кітапханаларда халықтың зияткерлік және рухани өсуіне және өздігінен білім алуға деген қызығушылығын қалыптастыру және қанағаттандыру, әлемдік және ұлттық мәдениетке баулу, оқуға тарту, кітаптар мен кітап оқудың жоғары құндылығын насихаттау бойынша тұрақты және жүйелі жұмыс ұйымдастырылады.

Жыл сайын еліміздің көпшілік кітапханаларының кітапхана қоры 1,5 млн. баспа өнімімен толықтырылады және кітапхана қорының 73 млн. бірлігін құрайды.

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мәдениет саласындағы кітапханаларға 51 млн. адам келген, 4,6 млн. оқырман тіркелген, 89 млн. астам кітап берілген.

Бұдан басқа, мүгедек адамдарды оңалтуға және оларды қоғамға кіріктіруге бағытталған жұмыс мәдениет ұйымдары өткізетін мәдени-ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру арқылы жүйелі негізде құрылған.

Мәселен, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамның мәдени өміріне қатысуын кеңейту мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 29 шілдедегі № 259 бұйрығымен «Мемлекеттік мәдениет ұйымдары өткізетін мәдени-ойын-сауық іс-шараларына мүгедек адамдардың қол жеткізуін қамтамасыз ету» ең төменгі әлеуметтік стандарты бекітілді.

Жалпы, республикалық мәдениет ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның мәдени өміріне тарту үшін қажетті жағдайлар жасалған.

2014 жылы Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы бекітілді, оның міндеттерінің бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді қатысуымен этностық әралуандықты сақтау және Қазақстан халқы мәдениетінің үйлесімді дамуы негізінде қазақстандық мәдени кеңістікті дамыту болып табылады.

Қазақстан Республикасында этникалық театрлар табысты жұмыс істеуде. Алматы қаласында ТМД мемлекеттері аумағында жалғыз республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театры, Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия драма театры, Республикалық неміс драма театры, сондай-ақ өзбек драма театры (Түркістан облысы Сайрам қаласы) жұмыс істейді.

Конституцияға, 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» ҚР Заңына, 1997 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекет көпэтносты Қазақстан халқының барлық тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін қолайлы жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

Қазақстанда тұратын әрбір этникалық топтың өздерінің тілдерін, мәдениетін, дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын жандандыруға және дамытуға ықпал ететін өзінің этномәдени орталықтарын, жексенбілік мектептерін құруға құқығы бар.

Алматы, Шымкент қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстарында ұлттық жаңғыру мектептері мен ана тілін оқыту үйірмелері ұйымдастырылған.

2019 жылы Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) бекітілді.

Мемлекеттік бағдарлама барлық этникалық топтардың тілдері мен мәдениетін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.

Барлық этностардың тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін бір мезгілде жағдай жасай отырып, үш тілде білім беру енгізілуде.

Тұтастай алғанда, Қазақстанда тұрақты немесе уақытша тұратын азаматтар мен өзге де адамдардың мәдени құқықтарын мемлекет халықаралық стандарттар деңгейінде сақтайды және қамтамасыз етеді.

 

  1. Денсаулықты қорғау және білікті медициналық көмек алу құқығы

 

Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың денсаулығын сақтауға, мемлекеттік және жеке меншік емдеу мекемелерінде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан заңда белгіленген тегін кепілді медициналық көмек және ақылы медициналық көмек алуға құқығы көзделеді.

Халықтың денсаулығы республиканың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты факторларының бірі болып табылады. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен міндеттері Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға, сапалы медициналық қызметтер алуға және оларды мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етуге конституциялық құқықтарын сақтау болып табылады.

Азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға конституциялық құқықтарын іске асыру мақсатында ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысымен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі бекітілді. Бұл ретте жүкті әйелдер мен балаларды қоса алғандағы халықтың әлеуметтік қорғалған топтары бөлек қарастырылған, оларға медициналық қызметтер толық көлемде тегін көрсетіледі.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберіндегі медициналық көмек.

Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 196-бабының 1-тармағына сәйкес ТМККК бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ұсынылады, ол барынша дәлелденген тиімді профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қамтиды.

Қазақстан Республикасында уақытша жүріп-тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, еңбекші-мигранттардың, пана іздеген адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және көлемде ТМККК алуға құқығы бар.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесіндегі медициналық көмек)

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ қандастар, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе,  МӘМС жүйесінде Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең құқықтарды пайдаланады және міндеттерді атқарады.

Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жүріп-тұратын шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері, егер заңдарда немесе халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, МӘМС жүйесінде Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең құқықтарды пайдаланады және міндеттерді атқарады.

Шетелдіктердің отбасы мүшелері бірге тұратын жұбайы (зайыбы) және балалары болып табылады.

Сондай-ақ Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ға (бұдан әрі – қор) аударымдар және (немесе) жарналар төлеу жүзеге асырылған, сондай-ақ осы Заңның 28-бабының 7-тармағына сәйкес қорға жарналар төлеуден босатылған адамдардың МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқығы бар.

ТМККК алу тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 қазандағы № ҚР-ДСМ 121/2020 «Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен (бұдан әрі - №121/2020 бұйрық) белгіленген.

Бұл ретте, білікті медициналық көмектің түрлері мен көлемі «Медициналық көмектің түрлері мен көлемдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №1481 қаулысымен бекітілген.

Бұдан басқа, Кодекстің 202-бабының 9) тармақшасына сәйкес Кодекстің 88-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ақылы медициналық қызметтерді де ала алады.

Иммигранттарға медициналық көмек көрсету тәртібі «Иммигранттарға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №665 бұйрығымен (бұдан әрі – 665 бұйрық) белгіленген, қазіргі уақытта оған «оралмандар» ұғымын өзгерту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі келісімге сәйкес еңбекші-мигранттар еңбекке уақытша қабілетсіздік жағдайына және ана болуына байланысты әлеуметтік сақтандыруды, өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан міндетті әлеуметтік сақтандыруды және міндетті медициналық сақтандыруды пайдаланады.

Сонымен қатар, 2009 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның 7-бабына сәйкес еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері халықаралық шарттар мен қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес ақысыз жедел (шұғыл) медициналық көмек және ақылы негізде өзге де медициналық көмек алудың негізгі құқықтарын пайдаланады.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі - МСАК) ұйымдарына бекіту ТМККК алу үшін негіз болып табылады.

«Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі ҚР Заңына сәйкес өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келетін немесе жұмыс берушілер, оның ішінде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде тартылатын шетелдік жұмыскерлердің, бизнес-иммигранттардың, маусымдық шетелдік жұмыскерлердің МСАК-ты және стационарлық көмекті жабатын медициналық сақтандыруы болуға міндетті.

Қазақстан Республикасында жүріп-тұратын еңбек иммигранттары елімізде болу мерзіміне қарамастан, МӘМС жүйесінің, оның ішінде өздері үшін мемлекет жарналар төлейтін адамдардың санаттары бойынша қатысушылары болуға құқылы. Мемлекет жарналар төлейтін тұлғалар санаттарының тізбесі Заңның 26-бабында айқындалған.

Заңның 5-бабына сәйкес қорға аударымдар және (немесе) жарналар төлеу жүзеге асырылған, сондай-ақ осы Заңның 28-бабының 7-тармағына сәйкес қорға жарналар төлеуден босатылған адамдардың МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқығы бар.

Бұдан басқа, еңбек иммигранттары МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін сақтандырылуға, МСАК қызметтерін жабатын ерікті сақтандырудың сақтандыру полисіне ие болуға міндетті.

МСАК ұйымы сақтандыру ұйымымен жасалған шарт негізінде еңбек иммигранттарына медициналық қызмет көрсетуді жүзеге асырады, оның ішінде МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуге жолдама береді.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 30-қосымшаның 3-тармағына сәйкес жұмысқа орналастырушы мемлекеттер мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен отбасы мүшелеріне жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында және халықаралық шарттарда айқындалған тәртіппен және шарттарда медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.

ҚР заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес МСАК деңгейінде медициналық қызметтерді тегін негізде ұсыну көзделмеген.

Сақтандырылған тұлға бола отырып, жоғарыда аталған тұлғалар денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқылы (Кодекстің 7-бабының 7-тармағына сәйкес).

Сонымен қатар, ЕАЭО шетелдіктер үшін жедел және шұғыл медициналық көмек Қазақстан Республикасы ратификациялаған 1997 жылғы 27 наурыздағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтарына медициналық көмек көрсету туралы келісіміне және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа сәйкес тегін негізде көрсетіледі.

Осы Келісімге сәйкес науқастың өміріне немесе айналасындағылардың денсаулығына қауіп төндіретін кенеттен болған өткір жай-күйлер мен аурулар, жазатайым оқиғалар, уланулар, жарақаттар, босану және жүктілік кезеңіндегі шұғыл жай-күйлер кезінде жедел және шұғыл медициналық көмекті азаматтарға (оның ішінде адам саудасының құрбандарына және белгісіз адамдарға) уақытша болатын мемлекеттің аумағында, ұйымдастыру-құқықтық нысандарына, ведомстволық тиесілігіне және олардың меншік нысандарына қарамастан емдеу-алдын алу мекемелері кедергісіз, тегін және толық көлемде көрсетеді.

Осылайша, ҚР аумағына уақытша келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жоғарыда көрсетілген ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес тәртіппен және көлемде МСАК түрінде медициналық көмек алады.

Жыл сайын пациенттердің медициналық көмек сапасына қанағаттанушылығына әлеуметтанулық сауалнама жүргізіледі, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51%, 2019 жылы – 48,13%, 2018 жылы - 47,84%, 2017 жылы - 46%, 2016 жылы – 41,3% құрады.

2016, 2017, 2018 және 2019 жылдардағы әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайтында, сондай-ақ ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының сайтында жарияланған.

 

  1. Қазақстанда тұрақты немесе уақытша тұратын шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, қандастарға олар Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін, еңбекші-мигранттар мен адам саудасының құрбандарына білікті, оның ішінде тегін заң көмегін көрсету мәселелері

 

ҚПК-нің 27-бабына сәйкес әркімнің қылмыстық процесс барысында осы Кодексте көзделген тәртіппен білікті заң көмегін алуға құқығы бар.

Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.

Уәкілетті органдар, адвокаттар заң көмегін көрсету кезінде тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің 2019 жылғы Адам саудасы туралы баяндамасында берілген ұсынымдарды іске асыру жөніндегі жоспар-бекітуді орындау барысында Әділет департаменттеріне адам саудасы құрбандарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін адвокаттар үшін курстар, семинар-тренингтер ұйымдастыру туралы хаттар жолданды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Жалпы, қылмыстық іс жүргізу барысында азаматтардың және өзге де адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау прокуратура органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады.

2020 жылдың 10 айында қылмыстық жауапкершілікке 1074 шетелдік тартылды (оның ішінде кісі өлтіру – 13, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 39, зорлау – 14, ұрлық – 498, қарақшылық – 9, бұзақылық – 47, алаяқтық – 108, тонау – 50).

Оның ішінде 5 шетелдік пен 10 қандасты прокурорлар ұстаудың негізсіз болуына байланысты УҰИ-дан босатты.

Мысалы, 04.06.2020 жылы Өзбекстан Республикасының азаматшасы Д.А.Ермакова ҚПК-нің 128-бабы тәртібінде ұрлық жасады деген күдікпен ұсталып, Алматы қаласының УҰИ-ға қамауға алынған.

Қылмыстық іс материалдарын зерделеу кезінде ҚПК талаптары сақталмағаны, Д.А.Ермакованың құқықтары бұзылғаны анықталды.

Осыған байланысты, Жетісу ауданы прокурорының 05.06.2020 жылғы қаулысымен Д.А.Ермакова УҰИ-дан босатылды.

Басқа жағдайда заңсыз экстрадицияланған шетелдіктердің құқықтары қорғалған.

Мәселен, 07.03.2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы ПД қылмыстық қудалау органы ҚПК-нің 131-бабы тәртібінде Д.А.Таджибоевты ұстаған және УҰИ-ға қамаған.

02.02.2017 жылы Өзбекстан Республикасы Әндіжан қаласының қылмыстық қудалау органы Д.А.Таджибоевке қатысты Өзбекстан Республикасы ҚК 168-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады (алаяқтық, яғни алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін иемдену немесе бөтеннің мүлкіне құқық алу).

02.02.2017 жылы Әндіжан ІІД тергеушісінің қаулысымен Д.А.Таджибоевке іздеу жарияланды (№10309 іздестіру ісі).

16.02.2018 жылы Әндіжан қаласы сотының қылмыстық істер бойынша ұйғарымымен Д.А.Таджибоевке қатысты сырттай «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Егер адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салуды алған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қылмыстық қудалауды бастау мүмкін болмаса немесе үкімді ескіру мерзімінің өтуі салдарынан немесе өзге де заңды негіз бойынша орындау мүмкін болмаса, ҚПК-нің 590-бабы 1-бөлігінің 6-тармағына сәйкес адамды ұстап беруге жол берілмейді.

Д.А.Таджибоевтің ҚР ҚК 11-бабының 1-бөлігіне сәйкес жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы онша ауыр емес қылмыс болып табылатыны анықталды.

ҚР ҚК 71-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, егер адам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап 2 жыл өткен болса, онша ауыр емес қылмыстар бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Ұсынылған материалдардан Д.А.Таджибоевтің қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісі 2016 жылғы 25 сәуірде орын алғаны, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы қылмыс бойынша ескіру мерзімі 2018 жылғы сәуір айында аяқталған болып шығады.

Осыны ескере отырып, Өзбекстан Республикасының азаматы Д.А.Таджибоевті УҰИ-да уақытша оқшаулау үшін заңды негіздер болмаған, осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы прокурорының қаулысымен ол УҰИ-дан босатылды, экстрадициялаудан бас тартылды.

ҚР Бас прокуратурасы әкімшілік істер бойынша қадағалауды жүзеге асыру барысында 3 қандас пен шет мемлекеттің 2 азаматының құқықтарын қорғады.

Мысалы, Қапшағай аудандық соты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша Өзбекстаннан келген Е.Саметовты шығарып жіберді (көші-қон карточкасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін кетуден жалтару түріндегі көші-қон заңнамасын бұзу).

ӘҚБтК-нің 829-14-бабының 2-бөлігіне сәйкес шығарып жіберу туралы сот қаулысы ол шығарылған күннен бастап заңды күшіне енеді және шығарып жіберу үшін негіз болады.

Құқық бұзушылық фактісі дәлелденген және дауласпаған. Алайда сот қатаң және әділетсіз жаза қолданған.

Е. Саметов этникалық қазақ болып табылады. Қазақстанда оның туысы – Г.С.Қаражігітовтың туған тәтесі (Қазақстан азаматы, әкесінің қарындасы) тұрақты тұрады. Саметов Е. Қапшағай колледжінде оқиды (анықтамасы бар).

Оның Қазақстанда болуына қандай да бір кедергілер болған жоқ. Бұл ретте сот ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Е.Саметов біздің елде қалуға және Қазақстан азаматтығын алуға ниетті екенін атап өтті.

ҚР Жоғарғы Соты 2017-2019 жылдары этникалық қазақтарға қатысты ұқсас 5 істі қайта қарады (ҚР Бас прокуратурасының наразылығы бойынша 3), онда шығарып жіберу айыппұлға ауыстырылды.

Санкция шығарып жіберуді айыппұлға (15 АЕК) ауыстыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ҚР Бас прокуратурасы наразылық енгізді, ҚР ЖC 20.03.2020 жылғы қаулысымен Е.Саметовты елден шығарып жіберу түріндегі жаза алынып тасталды, айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Қазақстан Республикасында әркімнің білікті заң көмегін алу құқығына кепілдік берілген. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі (ҚР Конституциясының 13-бабының 3-бөлігі).

«Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 4-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясат негізделетін негізгі қағидаттардың бірі Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және халықаралық шарттарға сәйкес мигранттардың құқықтары мен бостандықтарын тану және оларға кепілдік беру болып табылады.

ҚР «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңының 18-бабынан келіп шығатыны, Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер өздеріне тиесілі мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарды қорғау үшін сотқа және өзге де мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, шетелдіктер сотта іс жүргізу құқықтарын Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.

Осыған ұқсас ереже «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 5-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында бекітілген. Азаматтық немесе қылмыстық процесс барысында әркімнің білікті заң көмегін алу құқығы АПК-нің 18-бабында және ҚПК-нің 28-бабында бекітілген.

Аталған іс жүргізу нормалары ҚР Конституциясына негізделген және ҚР Конституциясының 14-бабының 1-тармағында бекітілген заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі сияқты конституциялық қағидатпен тығыз өзара байланысты.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі - Заң) 31-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сот арқылы қорғауға және заң көмегін алуға мемлекет кепілдік берген және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтарын іске асыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуге арналған.

Заңда құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін адамдар тобы белгіленген (Заңның 26-бабы).

Бұдан басқа, Заңның 19-бабының ережелеріне сәйкес азаматтардың нақты санаттары көзделген, оларға ақысыз заң көмегі шартына сәйкес: өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР Заңына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар адамдарға; қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайдағы өзге де адамдарға кешенді заң көмегі көрсетілуі мүмкін.

2014 жылдан бастап ҚР Әділет министрлігі 005 «Адвокаттардың заң көмегін көрсетуі» бюджеттік бағдарламасының бірыңғай әкімшісі болып белгіленген.

Қазіргі уақытта республика бойынша жалпы саны 5418 болатын 17 аумақтық адвокаттар алқасы жұмыс істейді, олардың ішінде 3440 адвокатпен мемлекет кепілдік берген заң көмегін (бұдан әрі МКЗК) көрсету туралы келісімдер жасалған, бұл адвокаттардың жалпы санының 63%-ін құрайды.

Сонымен бірге, білікті, оның ішінде тегін заң көмегін алуды нақты қамтамасыз ету үшін, бірінші кезекте, адвокаттық қызмет көрсету тапшылығының өзекті мәселесі оң шешілуі тиіс.

Қазір адвокаттар корпусының жалпы саны жоғарыда айтылғандай 5418 адамды құрайды. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның көзқарасы бойынша азаматтардың заң көмегіне толыққанды қол жеткізуі үшін мұндай cан жеткіліксіз, өйткені Қазақстанда орташа есеппен бір адвокатқа 3400-ге жуық азамат келеді, ал Италияда бұл көрсеткіш 260-қа, Германияда – 500-ге, Англияда – 900 азаматқа тең.

Республиканың бір судьясына 2-ден аз адвокаттан келеді, бұл еуропалық және басқа елдердің ұқсас көрсеткіштерінен әлдеқайда төмен.

Адвокаттық корпус санының өсуі бәсекелестікті күшейтуге, тиісінше, заң көмегінің сапасына және оның қолжетімділігіне оң әсерін тигізуге тиіс.

Тараптардың тең құқылығы қағидатын көздейтін ҚР ҚПК-нің 23-бабы 7-бөлігінің ережелерін негізге ала отырып, Қылмыстық-процестік кодексінде ҚПК-нің 67-бабында сотталушылармен қатар жәбірленушілерге олар мұндай өтінішхат берген кезде оларға қорғаушының, оның ішінде қылмыстық процесті жүргізетін орган адвокаттардың кәсіби ұйымы арқылы немесе оның құрылымдық бөлімшелері арқылы қамтамасыз етілетін қорғаушының қатысу құқығын беру керек деп пайымдаймыз.

 

  1. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығы

 

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады  (Конституцияның 12-бабы).

Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы ҚР Конституциясының 13-бабының 2-бөлігінде көзделген.

ҚР «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарында белгіленген барлық құқықтар мен бостандықтарға ие, сондай-ақ міндеттерді атқарады.

Шетелдіктердің өз құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы Қазақстан Республикасының мүдделеріне, оның азаматтары мен басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс және олардың заңдарда белгіленген міндеттерді атқаруынан бөлінбеуге тиіс. Осылайша, ҚР қолданыстағы заңнамасы ҚР азаматтарының ғана емес, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдіктердің, қандастардың, босқындардың, еңбекші-мигранттардың, адам саудасы құрбандарының және т.б. сот төрелігіне қол жеткізуін көздейді, «Төрелік» АЖ статистикалық деректеріне сәйкес 2019 жылы республика соттары 37509 қылмыстық істі аяқтады.

Халықаралық конвенциялар қолданылған 14391 қылмыстық іс аяқталды, яғни бұл барлық аяқталған істердің 38,4%.

ҚК-нің 395-бабы (Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бірнеше рет бұзу) бойынша 4 іс қаралып, 4 адам сотталды.

2020 жылдың 9 айы ішінде барлығы 26730 қылмыстық іс аяқталды. Халықаралық конвенциялар қолданылған 4 499 қылмыстық іс немесе барлық аяқталған істердің 0,4% аяқталды.

ҚК-нің 395-бабы бойынша республика соттарына қылмыстық істер түскен жоқ және қаралған жоқ.

Еңбек даулары бойынша

Талдау мақсаты 2018 жыл мен 2020 жылғы 9 ай ішіндегі кезеңдегі шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, қандастардың, еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының (бұдан әрі – еңбекші- мигранттары) құқықтарын қорғау туралы еңбек дауларын қарау кезіндегі сот практикасын зерделеу, сот практикасында туындайтын проблемалық мәселелерді анықтау, заңнаманы біркелкі қолдануды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Талдау республиканың облыстық және оларға теңестірілген соттары ұсынған ақпарат негізінде жүргізілді.

Қазақстанда еңбек қатынастары туындаған кезде еңбекші-мигранттардың құқықтық жағдайы Конституцияға сәйкес айқындалады және Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» және «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заңдарымен, сондай-ақ басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Сондай-ақ олардың ережесі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгіленуі мүмкін.

Еңбекші-мигранттардың еңбек қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтары болады және олар сондай міндеттерді атқарады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-бөлігінде бекітілген әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы еңбек құқығы қатынастарына қатысушыларға да қолданылады.

Сондықтан еңбекші-мигранттар азаматтармен бірдей бұзылған немесе даулы құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа және өзге де мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы. Тиісінше, халықаралық шарттардан туындайтын жағдайларды қоспағанда, сотта азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген барлық құқықтар мен міндеттерді пайдаланады.

Өңірлер бөлінісінде еңбекші-мигранттардың қатысуымен қаралған еңбек даулары бойынша статистикалық деректер көрсетілген санаттағы адамдарға қатысты еңбек дауларын есепке алу жөніндегі жеке бағанның статистикалық есептілікте болмауына байланысты республика соттары ұсынған мәліметтерге сәйкес қалыптастырылған.

2018 жылы республика соттары еңбек даулары бойынша барлығы 7176 істі аяқтады (4%), оның ішінде 283 іс мигранттармен байланысты, 2019 жылы 6311 істің 219-ы (3,5%), 2020 жылдың 9 айында 3748 істің 213-і (6%). Талдау республика соттарының талданып отырған тұлғалар санатына қатысты дауларды қарау кезінде қолданыстағы заңнама нормаларын дұрыс қолданатынын көрсетті.

Төменде сот тәжірибесінен бірнеше мысал келтірілген.

АҚШ азаматы болып табылатын Д. «CASPIAN HES CONSULTUNG» ЖШС-не еңбек қатынастарын туындаған деп тану туралы, 8 656 440 теңге мөлшерінде жалақы өндіріп алу туралы талап-арызбен сотқа жүгінді.

Сот 2014 жылғы 15 қыркүйекте талапкерді тіркеу және оның республика аумағында заңды тұруы үшін ұзақ уақыт қажет болғандықтан, тараптар арасында оларды тиісті ресімдеусіз еңбек қатынастарына кіру туралы уағдаластық болғанын анықтады.

Талапкердің ЖШС директорының еңбек міндеттерін нақты орындауы 2015 жылғы 30 наурызға дейін ұйымның қызметтік құжаттамасымен және іс бойынша басқа да белгіленген мән-жайлармен дәлелденді.

Бұл ретте Д. жалақыны 2015 жылғы наурыздан бастап өндіріп алу туралы талаппен 2017 жылғы 2-ші қазанда сотқа жүгінді.

ҚР Еңбек кодексінің 160-бабына сәйкес келісу комиссиясына немесе даулар бойынша жеке еңбек дауларын қарау жөнінде сотқа жүгіну үшін, жұмысқа қайта алу туралы талаптарды қоспағанда, қызметкер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл белгіленген.

Д.-ның жалақысын өндіріп алу туралы талаппен 2,5 жылдан астам уақыт өткен соң жүгінгенін және мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайтын дәлелдемелер ұсынбағанын назарға ала отырып, Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2018 жылғы 09 сәуірдегі №2 шешімімен талап ішінара қанағаттандырылды:

Д. мен «CASPIAN HES CONSULTUNG» ЖШС арасындағы еңбек қатынастары 2014 жылғы 15 қыркүйектен 2015 жылғы 30 наурызға дейін туындады деп танылды;

талаптың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылды.

Маңғыстау облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

2) Ресей Федерациясының азаматтары Л.А.Н. және Л.А.В. «POLITERM» ЖШС-ға жұмыс берушінің іс-әрекетін заңсыз деп тану, жұмысынан айырылуына байланысты жалақы, өтемақы төлемдерін өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы сотқа жүгінді.

Талаптар талапкерлердің 2016 жылғы 1 қарашадан 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге жасалған 2016 жылғы 4 қазандағы еңбек шарттары негізінде тиісінше атқарушы директор және бас технолог ретінде «POLITERM» ЖШС-мен еңбек қатынастарында тұрғаны туралы дәлелдермен негізделген.

Еңбек шарттары бойынша Л.А.Н. жалақысы 750 000 теңгені, Л.А.В. жалақысы – 500 000 теңгені құраған.

2017 жылдың 1 қаңтарынан 28 ақпанына дейін ЖШС қызметкерлеріне жалақысы сақталмайтын демалыс берілген.

Талапкерлердің пікірінше, жұмыс беруші оларға екі айлық мәжбүрлі жұмыс уақыты үшін жалақының кем дегенде 50% төлеуге міндетті, өйткені олар жалақы сақталмайтын демалыс беру туралы өтініш жасамаған.

Сотта Л.А.Н. және Л.А.В. жеке істеріне олардың жалақысы сақталмайтын демалыс беру туралы өтініштері және 2016 жылғы 26 желтоқсаннан бастап 2017 жылғы 11 қаңтарға дейін, 2017 жылғы 11 қаңтардан бастап 31 қаңтарға дейін, 2017 жылғы 31 қаңтардан бастап 28 ақпанға дейінгі кезеңге жұмыс берушінің тиісті бұйрықтары қоса тіркелгені анықталды.

Бұл ретте 2017 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығындағы кезеңге ұқсас өтініш жоқ, ал жұмыс берушінің олардың келісімінсіз демалыс беру жөніндегі іс-әрекеттеріне олар заңда белгіленген тәртіппен шағым жасаған жоқ.

Жұмыс беруші тарапынан келісім болмаған жағдайда талапкерлер жұмыс орындарында болуға және өздерінің функционалдық міндеттерін орындауға міндетті екенін назарға ала отырып, алайда жоғарыда көрсетілген кезеңде Ақмола облысы Бұланды аудандық сотының 2018 жылғы 16 ақпандағы заңды күшіне енген шешімімен жұмыста болмау себептерінің дәлелдемелерін ұсынбаған, көрсетілген бөлігінде және моральдық зиянның өтемақысын өндіріп алу бөлігінде талап қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сонымен бірге, жұмыс уақытын есепке алу табелінен және ұсынылған есептеулерден Л.А.Н.-ға – 149148 теңге, Л.А.В.-ға – 99432 теңге мөлшерінде жалақы төленбеген. Сондықтан аталған бөлікте талап-арыздар қанағаттандырылды.

Осы азаматтық істі қарау кезінде сот Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (2005 жылғы 28 қарашадағы № 91-III ҚР Заңымен ратификацияланған, 2006 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасы үшін заңды күшіне енген) 3-бабы 3-тармағының нормаларын қолданды, оларда Пактіге қатысушы әрбір мемлекет құқықтары мен бостандықтары бұзылған кез келген адамды құқықтық қорғаудың тиімді құралымен қамтамасыз етуге міндеттенеді.

Бұған қоса, сот аталған актінің 14-бабының 1-тармағын қолданған, онда әркімнің істі құзыретті, тәуелсіз және бейтарап соттың әділ және жария талқылауы құқығы көзделген.

Шетел азаматтарын Қазақстаннан тыс жерлерге шығарып жіберу бойынша

Шетелдік тұлғаларды Қазақстан аумағынан шығару мәселесі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабының нормаларымен қарастырылған.

«ТӨРЕЛІК» АЖ статистикалық деректеріне сәйкес, осы санат бойынша республика соттары мына істерді қараған: 2018 жылы – 43842 іс, 2019 жылы – 48321 іс, 2020 жылдың 9 айында – 5851 іс.

Олардың ішінде келесі әкімшілік жазалар тағайындалған:

Ескерту: 2018 жылы – 42, 2019 жылы – 33, 2020 жылғы 9 айда – 11.

Айыппұл: 2018 жылы – 21499, 2019 жылы – 28607, 9 2020 жылғы 9 айда – 2 509.

Тұтқындау: 2018 жылы – 8342, 2019 жылы – 7203, 2020 жылғы 9 айда – 1 276.

Осылайша, аталған санат бойынша қаралған істердің саны 48321 құрады, бұл 2018 жылға (43842) қарағанда 9,3%-ға артық.

Алайда, 2020 жылдың 9 айында істер саны айтарлықтай азайды және 5 851 құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 87,9%-ке аз (48321).

Едәуір азаю 27.12.2019 жылғы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдаумен байланысты, онда ӘҚБтК-нің 517-бабына соттардың ведомстволық бағыныстылығына жатқызылған бөліктердің диспозициясын өзгерте отырып Қазақстан Республикасында тіркеусіз болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті (ӘҚБтК-нің 517-бабының 1-бөлігі) алып тастау туралы түзетулер енгізілген.

Сонымен бірге, әкімшілік жазаларды тағайындау бөлігінде 2020 жылдың 9 айында әкімшілік айыппұлды қолдану 2019 жылмен салыстырғанда 91,2%-ке азайды. Сондай-ақ өткен жылдармен салыстырғанда әкімшілік қамауға алуды тағайындау 2019 жылы 13,7%-ке және 2020 жылдың 9 айында 82,3%-ке төмендегені байқалады.

ҚР Жоғарғы Сотының мамандандырылған Сот алқасына осы санат бойынша наразылық пен ұсыныс жөнінде: 2018 жылы - 1, 2019 жылы – 21, 2020 жылдың 9 айында – 14 іс келіп түсті.

Бұл ретте кассациялық сатыда ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша әкімшілік істерді қарау барысында мәселелер туындаған жоқ.

Соттардың адам құқықтары бойынша ратификацияланған халықаралық шарттардың нормаларын қолдануы туралы

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттары Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін іске асыруға тікелей қатысады.

БҰҰ институттары, үкіметтік емес ұйымдар соттардың адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттарды тікелей қолдануы, сот шешімдерінде тиісті халықаралық актілерге сілтемелердің болуы және осындай сот шешімдерінің статистикасы мәселелеріне жоғары көңіл бөледі.

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары қолданыстағы құқықтың құрамдас бөлігі болып табылады, бұл туралы «Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының нормаларын қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 10 шілдедегі №1 нормативтік қаулысында белгіленген.

Соттардың халықаралық шарттардың нормаларын тікелей қолдану практикасын мониторингтеу және ынталандыру үшін 2012 жылы сот статистикасында арнайы көрсеткіштер көзделген болатын.

Адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттары және соттардың халықаралық шарттарды қолдануы саласында оқыту және ақпараттық бағдарламалар тұрақты түрде жүргізіледі (оның ішінде ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиямен бірлесіп жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін арттыру курстары шеңберінде жүйелі негізде жүргізеді).

Соттардың адам құқықтары бойынша ратификацияланған халықаралық шарттардың нормаларын қолдануы бойынша жүргізілетін іс-шаралардың белгілі бір оң нәтижелері бар.

 

  1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, қандастардың, еңбекші-мигранттардың, адам саудасы құрбандарының ақпаратқа қол жеткізуі туралы

 

ҚР Конституциясының 12-бабының 4-тармағына сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады.

Мәселен, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң)
1-бабының 2) тармақшасына сәйкес ақпаратқа қол жеткізу – мемлекет кепілдік берген, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында бекітілген, әркімнің ақпаратты заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алуға және таратуға құқығы.

Сонымен бірге, Заңның 5-бабында ақпаратқа қол жеткізу құқығы конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін екендігі көрсетіледі. Заңның 5-бабының осы нормасы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабы 2) және 3) тармақтарының нормаларына сәйкес келеді.

Осылайша, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, қандастар, еңбекші-мигранттар, адам саудасының құрбандары және басқалар ҚР азаматтарымен тең жағдайда ақпарат беру туралы сұрау салуға, ақпарат иеленушінің ресми интернет-ресурсында және «Ашық үкімет» порталдарында орналастырылатын ақпаратқа қол жеткізуге құқылы.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізілетінін атап өтеміз (ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органды және әрбір мемлекеттік органда уәкілетті бөлімшені не тұлғаны айқындау; жыл сайын Мемлекет басшысына ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы есеп енгізу; орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушыларды ақпарат иеленушілерге жатқызу; квазимемлекеттік екторды ұйымдастыруда «Ашық диалог» порталында ашық деректерді орналастыру және бірінші басшылардың жеке блогтарын жүргізу бойынша міндеттемені тарату және т.б.).

Бұл өзгерістер әркімнің ақпаратқа қол жеткізу құқығын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Отандастар қоры» КЕАҚ (бұдан әрі – Қор) ҚР СІМ-нің шетелдегі мекемелеріне отандастармен ақпараттық жұмыста қолдау көрсетеді. Мәселен, Қордың 10 өңірлік фронт-офисі мен Колл-орталығы арқылы шетелде тұратын этникалық қазақтарға ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсетіледі. Колл-орталық туралы мәліметтер қандастар тұратын 40-қа жуық елшіліктің веб-сайттары мен әлеуметтік желілерінде жарияланды.

Анықтама: 2020 жылдың басынан бастап байланыс орталығына 947 өтініш, фронт-офистерге 1558 өтініш келіп түсті (ҚР азаматтығын ресімдеу, қандастар ұсынатын жеңілдіктер, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, тұруға ықтиярхатты ресімдеу/ұзарту және басқалар).

Қазақстанға келген және шетелде тұратын қандастар үшін ақпарат Қордың ресми сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда берілген.

Шетелдегі отандастарымызды және еліміздің шет елдердегі мекемелерін кеңінен хабардар ету мақсатында «El kz» отандық ақпараттық-танымдық порталының тұсаукесері өткізілді, оның мәні қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Қазақстан туралы танымдық және ақпараттық материалдарды жариялау болып табылады.

2011 жылдан бастап ҚР Әділет министрлігінің жанында Құқықтық ақпараттық қызмет (бұдан әрі – ҚАҚ) жұмыс істейді, оның негізгі мақсаттары мен міндеттері халыққа құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беру және 119 (58-00-58) call-орталығы арқылы ҚР қолданыстағы заңнамасының ережелерін түсіндіру болып табылады.

2013 жылғы қаңтардан бастап «Әділет» ақпараттық-құқықтық веб-жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйені белсенді пайдалану азаматтардың заңнамаға деген қызығушылығының артқандығының дәлелі болып табылады және азаматтардың құқықтық хабардар болуына ықпал етеді.

Ақпараттық-құқықтық жүйеге кіруді талдау оның интернет қолданушылары арасында өте танымал екенін көрсетеді. Статистика көрсетіп отырғандай, соңғы 3 жылда 51,3 млн. астам адам кірген (2017 ж. - 16,5 млн. астам, 2018 ж. – 16,8 млн. астам, 2019 ж. – 18 млн. астам).

Онлайн режимде «Әділет» АҚЖ арқылы «Виртуалдық кеңесші» виджеті (чат-бот), «Құқықтық консультация» айдары және WhatsApp онлайн мессенджері арқылы кеңестер беріледі.

ҚАЖ құрылған сәттен бастап халыққа шамамен 1 млн. 211 мың консультация берілді, 2020 жылы (2020 жылғы 14 қазандағы жағдай бойынша) – 117366 консультация, 2019 жылы – 141518 консультация ұсынылды, орташа есеппен күн сайын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 575 консультация беріледі.

Бұл ретте, ақпараттық анықтамалық жүйелерді пайдалана отырып, 2019 жылдың қорытындысы бойынша анықтамалық-консультациялық қызметті бағалаған азаматтардың жалпы саны 18165 құрады, оның ішінде қанағаттандырылғандар саны – 17292 немесе 95,4 % (жоспар – 95%). Сонымен бірге, ҚР-да ТЖ режимінің қолданылу кезеңінде ҚАЖ ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлығына байланысты құқықтық мәселелерді түсіндіру бойынша жедел желі болып жарияланды. Мәселен, 18.03.2020 ж. – 14.10.2020 ж. аралығында 119 телефоны бойынша мынандай қызметтер көрсетілді:

ТЖ режимі және карантиндік іс-шаралар бойынша 3863 консультация;

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирустық инфекциямен күрес саласындағы қызметі бойынша 377 консультация.

Азаматтар мен өзге де адамдарды құқықтық ағарту мәселелері

ҚР Әділет министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар халықтың кең ауқымы үшін олардың қызмет бағыттары бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

2017-2022 жылдарға арналған Құқықтық ағарту саласын жетілдіру жөніндегі тұжырымдама (бұдан әрі - Тұжырымдама) дайындалды және бекітілді.

Тұжырымдама тәсілдерін іске асыру үшін 35 іс-шараны орындауды қамтитын іс-шаралар жоспары бекітілді (Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 9 қарашадағы № 1408 бұйрығымен бекітілген).

Жоспардың 3 жыл ішінде орындалуы бойынша талдау орталық, аумақтық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ғылыми және мәдени қоғамдастықпен бірлесіп, халықты қолданыстағы құқық, азаматтардың құқықтары, бостандықтары және олардың міндеттері туралы біліммен қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды жұмыс жүргізілгенін  көрсетті (600000-нан астам іс-шара ұйымдастырылған).

Құқықтық ағарту ақпараттық және насихаттық әдістермен шектелмейді, ол белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру жөніндегі шараларды қосымша көздейді. Құқықтық мәдениеттің төмен деңгейіне немесе құқықтық ақпараттың қолжетімді арналарының тапшылығына байланысты осал жағдайдағы нақты нысаналы топтарды бөліп көрсетуге елеулі рөл бөлінеді. «Ашық НҚА» бөлімінде, Egov интернет-порталында, ведомстволық сайттарда, әлеуметтік желілерде заң жобаларын орналастыру арқылы әзірленетін заң жобалары бойынша кең түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.

Консультациялық көмек көрсету және қолданыстағы заңнаманы түсіндіру мақсатында мемлекеттік органдар әртүрлі форматтағы жұмыс жүргізеді, оның ішінде қабылдаулар, халықпен кездесулер, оның ішінде интернет-конференциялар, бірінші басшылардың блогтары, ведомстволық сайттарда, мобильді қосымшаларда «Сұрақ-жауаптар» айдарлары арқылы жүргізіледі.

Аудиторияны әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кеңінен қамту мақсатында инфографика белсенді қолданылады. Instagram, Facebook, Вконтакте, Twitter-дегі өздерінің ресми аккаунттары (парақшалары) арқылы мемлекеттік органдар мен ведомстволар жұмыс жүргізуде, онда оқырмандардың жалпы саны 1 миллионнан астам адамды құрайды.

Бұл жұмыс қоғамдық пікірді барынша ескеруге, азаматтардың заңнамалық өзгерістер туралы құқықтық хабардар болуы деңгейін көтеруге, сондай-ақ азаматтар мен өзге де тұлғалардың ақпаратқа қол жеткізу құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Ашық диалог» форматы шеңберінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар басшыларының азаматтық сектор өкілдерімен онлайн-трансляция және бейнеконференцбайланыс режимінде халықтың өзекті мәселелерін талқылау мәселесі бойынша кездесулері практикасы енгізілді.

Құқықтық ағарту саласындағы ынтымақтастықтың тиімді тетігін құру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жолға қойылды, осыған орай облыстық соттармен, ЖАО-мен, өңірлік адвокаттар алқаларымен, нотариаттық палаталармен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен, кәсіби және кәсіби емес медиаторлармен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.

Белсенді журналистер қатарынан пулдар құрылды, олар облыстық және республикалық деңгейлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жариялауды жүргізеді (талдамалық мақалалар, сондай-ақ ақпараттық сипаттағы материалдар). Мемлекеттік органдар өткізетін іс-шараларға, халықпен кездесулерге, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, заң көмегін ұйымдастыру және көрсету, құқықтық насихат, білім беру, қоғамдық даму, жастар саясаты, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ қоғамда діни экстремизмнің алдын алу бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жұмысқа белсенді қатысатын ғылыми және мәдени қоғам өкілдері мен қоғам қайраткерлерінен пулдар қалыптастырылды, азаматтарда толерантты діни сана мен радикалды және деструктивті діни идеологияға деген иммунитетті қалыптастыру.

Арнайы мониторингтік топтар жұмыс істейді, олардың құрамына әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланушылар, сондай-ақ блогерлер кіреді.

 

Арнайы баяндаманың 1-ші және 2-ші бөлімдерінің ұсынымдары

  1. Еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғаудың халықаралық тетіктерін нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентіне ХЕҰ-ның мынадай конвенцияларын ратификациялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз:

1949 жылғы «Еңбекші-мигранттар туралы» № 97 Конвенция;

1975 жылғы «Көші-қон саласындағы теріс пайдаланулар туралы және еңбекші-мигранттардың мүмкіндіктер мен қарым-қатынас теңдігін қамтамасыз ету туралы» № 143 Конвенция.

Азаматтардың және өзге де тұлғалардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында ХЕҰ-ның мынадай конвенцияларын ратификациялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз:

«Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» № 131 Конвенция»;

«Мүмкіндігі шектеулі адамдарды кәсіптік оңалту және жұмыспен қамту туралы» № 159 Конвенция;

«Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» №190 Конвенция;

«Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» №102 Конвенция;

«Ел азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы тең құқылығы туралы» №118 Конвенция.

  1. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің Факультативтік хаттамасын ратификациялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.
  2. Жақын және алыс шет елдермен реадмиссия туралы келісімдер жасасу жөніндегі жұмысты кейіннен ратификациялай отырып, ары қарай жалғастыруды ұсынамыз.

Сыртқы еңбек көші-қоны саласында:

  1. Білікті шетелдік жұмыс күшін тарту реформасының табыстылығын қамтамасыз ету және өз бетінше жұмысқа орналасуға рұқсат алу тәртібін жеңілдету үшін ҚР уәкілетті мемлекеттік органдарына үздік шетелдік тәжірибені мұқият зерделеуді, осы тәжірибені практикаға енгізу үшін жетекші шетелдік мамандар мен сарапшыларды Қазақстанға шақыруды ұсынамыз.
  2. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны бойынша тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
  3. Еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру рәсімін жетілдіру жолымен жоғары білікті шетелдік мамандар үшін елдің тартымдылығын арттыру.
  4. Мамандардың біліктіліктерін өзара тану және аккредиттеу рәсімдерін оңайлату.
  5. Еңбек нарығы қажеттіліктерінің өзгеруіне сәйкес тартылатын шетелдік жұмыс күшінің санына квотаны түзетуді қамтамасыз ету; білікті еңбекші-мигранттардың еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алу рәсімін барынша оңайлату.
  6. Заңды тұлғалар үшін шетелдіктердің маусымдық жұмыстарға еңбек қызметі үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың ПД Көші-қон қызметі басқармаларына олардың жүріп-тұруын уақтылы бақылауды жүзеге асыру үшін рұқсаттар (патенттер) беру туралы мәселені қарау.
  7. Көші-қон процестері туралы статистикалық деректерді жинау мен мониторингтеуді, сондай-ақ оларды халықаралық көші-қон статистикасымен үйлестіруді, көші-қон үрдістерін болжау тетігін әзірлеуді жақсарту.
  8. Көші-қон процестері, мемлекеттік органдардың көші-қонды реттеу саласындағы жұмыс қорытындылары туралы транспарентті және өзекті ақпарат беруді, көші-қонға тартылған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен ақпараттық жария етуді қамтамасыз ету.
  9. Құқықтарды сақтау, кемсітудің кез келген нысандарынан қорғау, оларға көмек көрсету және қолдау көрсету арқылы көші-қонның әртүрлі кезеңдерінде мигранттар тап болатын тәуекелдерді барынша азайтуға және қауқарсыздық факторларын жоюға жәрдемдесу.
  10. Еңбекші-мигранттардың заңды жұмыспен қамтылуына қол жеткізуін жақсартуға, әлеуметтік және қаржылық интеграцияға жәрдемдесуге, олардың инвестициялық және кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыратын нысаналы бағдарламалар әзірлеуге жәрдемдесу.
  11. Еңбекші-мигранттарды Қазақстанға келу және жүріп-тұру ережелері туралы, Қазақстан Республикасының қолданыстағы көші-қон заңнамасы туралы уақтылы хабардар ету мақсатында барлық шекаралық өткізу пункттерінде тиісті ақпараттық тақталар орнату, сондай-ақ мигранттарға қазақ, орыс, өзбек, қырғыз және тәжік тілдерінде буклеттер мен ақпараттық материалдарды тегін тарату мүмкіндігін қарастыру.

Этникалық көші-қон саласында:

  1. Қазақстандық қоғамға қандастардың ықпалдасуымен байланысты ахуалды жақсарту үшін мемлекеттік қана емес, сонымен қатар мемлекеттік емес, мысалы жеке мекемелер, қорлар, басқа да коммерциялық емес ұйымдар нысанындағы қандастарға арналған бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының санын ұлғайту және қызметін қолдау. Қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ету үшін орталықтардың қызметіне тұрақты түрде мониторинг және бағалау жүргізу.
  2. Уәкілетті мемлекеттік органға (ЕХӘҚМ) «қандас» мәртебесін алуға үміткер адамдардың қазақ ұлтына тиесілілігін айқындау қағидаларын әзірлеу бойынша құзырет, сондай-ақ осы қағидаларды орындау бойынша жергілікті атқарушы органдарға өкілеттіктер беру туралы мәселені қарауды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті түзетулер енгізуді ұсынамыз.
  3. Жәрдемақы мөлшері қандастар қоныстанатын өңірлер бойынша саралансын (басымдық берілетін өңірлерде: Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында қоныстандыру үшін жәрдемақының 1,5-2 мөлшері төленсін).
  4. Қандастарымызды шет елде алған мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру үшін шетелдік дипломды тану рәсімін (нострификация) жеңілдету.

Ішкі көші-қон саласында:

  1. Жұмыс күшінің аумақтық ұтқырлығын арттыру үшін, әсіресе халықтың көші-қонының кемуі болжанатын Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде экономикалық жағдайлар жасау (тұрғын үй және еңбек нарығын пропорционалды дамытуды қамтамасыз ету).
  2. Ішкі мигранттардың оңтүстік өңірлерден солтүстікке көшуіне және оларды қабылдаушы қоғамдастықтың орнықты әлеуметтік байланыстарына жедел енгізуге ықпал ететін қажетті ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасау.
  3. Қоныс аудару процесіне, мигранттардың құқықтарының сақталуына, олардың өздеріне алған міндеттемелерін орындауына және мемлекет тарапынан міндеттемелердің орындалуына пәрменді мемлекеттік және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету.

22.Ішкі мигранттардың Қазақстан Республикасының Конституциясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде кепілдік берілген Қазақстан Республикасының аумағы бойынша еркін жүріп-тұру және тұрғылықты мекенді еркін таңдау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен тұрғылықты жері бойынша немесе жүріп-тұратын жері бойынша уақытша тіркелмегені үшін айыппұл салуды көздейтін норманы алып тастауды ұсынамыз.

Еңбекші-мигранттардың еңбек, әлеуметтік, экономикалық, азаматтық және мәдени құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ұсынымдар

  1. Білікті еңбекші-мигранттарға Қазақстан Республикасында оның азаматтарымен қатар жұмысқа орналасу құқығы мен мүмкіндігін заңнамалық деңгейде беру, сол арқылы оларды Қазақстандағы еңбек нарығына кіру құқығымен қамтамасыз ету.
  2. Еңбекші-мигранттардың құқықтары мен міндеттері туралы хабардар болу деңгейін арттыру үшін барлық облыс орталықтарында және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында шетелге жұмысқа шығатын азаматтарға тұрақты тегін заң консультацияларын ұсыну үшін пункттер құру қажет деп ойлаймыз.
  3. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Бас прокуратурасы жұмыс берушілердің еңбекші-мигранттардың еңбек құқықтарын, ең алдымен, міндетті еңбек шарттарын жасасу және олардың мазмұнының Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларына сәйкестігі, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының нормаларын сақтау, жалақыны уақтылы төлеу бөлігінде сақтауына бақылау мен қадағалауды күшейтсін.
  4. Еңбекші-мигранттар арасында анықталған еңбекті қорғау туралы заңнама бұзушылықтарының жаппай сипатын ескере отырып, мемлекеттік еңбек инспекторлары мен ҚР прокуратура органдарына жұмыс берушілердің, ең алдымен құрылыс ұйымдарының еңбекті қорғау жөніндегі стандарттар, ережелер мен нормалар талаптарын сақтауына бақылауды күшейтуді ұсынамыз.
  5. Мемлекеттік еңбек инспекторлары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, еңбекші-мигранттар арасында еңбек, әлеуметтік заңнама және халықты жұмыспен қамту туралы заңнама нормаларын түсіндіру жөніндегі ақпараттық-насихаттық жұмысты жандандырсын.
  6. Еңбекші-мигранттардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және оның аумақтық органдарына мамандандырылған ҮЕҰ, кәсіподақ ұйымдарымен, сондай-ақ еңбек қатынастары саласындағы сарапшылармен бірлесіп, олар үшін оқыту семинарлары мен тренингтерін тұрақты түрде өткізуді ұсынамыз.
  7. Ересектер мен балаларды қоса алғанда, қоғамның балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің проблемасы, оның ауқымы мен сипаттамалары, бала мен қоғам үшін салдары, сондай-ақ осы саладағы халықаралық және ұлттық заңнаманың негіздері туралы хабардар болуын арттыру.
  8. Шетелдік жұмыскерлерге медициналық сақтандыру құқығын беретін Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 12 және 35 баптарының сақталуын қамтамасыз ету.
  9. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҮЕҰ және сақтандыру компанияларымен бірлесіп еңбекші-мигранттар арасында ерікті медициналық сақтандыру туралы ақпаратты, оның ішінде ерікті сақтандыру, сондай-ақ жұмыс беруші қаржыландыратын сақтандыру бойынша түсіндірмелерді таратсын.
  10. Құрылыс секторындағы еңбекші-мигранттардың денсаулығы үшін кәсіби қауіптер (мысалы, шаң мен тыныс алу жолдарының аурулары), сондай-ақ коронавирустық инфекция және туберкулез сияқты еңбекші-мигранттар арасында денсаулыққа қатысты жалпы проблемалар туралы ақпарат беру және медицина қызметкерлерін оқыту.
  11. Еңбекші-мигранттар мен адам саудасының құрбандарына олардың құқықтары мен ұлттық заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Медициналық қызметтерге, оның ішінде сақтандыруды жабуға және Қазақстанның бейрезиденттері үшін қолжетімді қызметтерге одан әрі қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау қызметін қолдау.
  12. Еңбекші-мигранттардың кең таралған жұмыс істейтін және тұратын орындарында қарқынды маусымдық көші-қон кезеңінде жұқпалы сипаттағы кең таралған аурулар мен жарақаттар тұрғысынан көшпелі медициналық тексеру жүргізу.
  13. Жұмыс берушілер үшін жазатайым оқиғалар кезінде немесе еңбекші-мигранттар ауырған жағдайда қолдау және өтемақы төлеу рәсімдерін әзірлеу.
  14. Медициналық оқу орындары мен басқа да медициналық білім беру мекемелерінің бағдарламасына құрылыс жұмыстары сияқты аса зиянды секторлардағы еңбекті қорғау мен оның қауіпсіздігін оқытуды, сондай-ақ шектен тыс пайдалану, оның ішінде сәйкестендіру, қауіпсіз жұмыс істеу және мамандандырылған көмек көрсету жағдайларын шешуге арналған тәсілдерді оқытуды енгізу.
  15. Еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде тегін заң көмегін алу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында ҚР АПК-нің 112-бабының 1-тармағын мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын: «5) еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының жұмысқа байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген зиянды өтеу туралы».
  16. «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» ҚР Заңының 3-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

«3-бап. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты не уақытша тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға, еңбекші-мигранттарға, адам саудасының құрбандарына, сондай-ақ мемлекет кепілдік берген құқықтық көмек алуға мұқтаж заңды тұлғаларға қолданылады».

  1. «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» ҚР Заңының 6-бабының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3) осы Заңда және өзге де заң актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен соттарда, қылмыстық сот төрелігі органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың, еңбекші-мигранттардың, адам саудасы құрбандарының мүдделерін қорғау және оларға өкілдік ету.

  1. Еңбекші-мигранттарға және адам саудасының құрбандарына тегін заң көмегін көрсетудің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында көрсетілген тегін заң қызметтерінің сапасын бақылау тетігін әзірлеуді және енгізуді ұсынамыз.
  2. Еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының қатысуымен барлық ашық сот процестерінің, сондай-ақ сот билігі органдары қызметінің ашықтығына бағытталған қажетті тиімді шараларды қабылдау.
  3. Еңбекші-мигранттар мен қазақ немесе орыс тілдерін білмейтін не нашар білетін адам саудасының шетелдік құрбандарының құқықтарын қорғау мақсатында сот органдарына сот төрелігін іске асыру кезінде өзбек, тәжік, қырғыз, түрік және басқа да тілдерді білетін кәсіби аудармашыларды кеңінен тартуды ұсынамыз.
  4. Барлық сот органдарына қылмыстық, азаматтық, әкімшілік және ювеналдық істер бойынша сот төрелігін іске асыру кезінде адам құқықтары саласында ратификацияланған халықаралық шарттардың нормаларын кеңінен қолдануды ұсынамыз.
  5. «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жұмыс берушілердің еңбек құқықтарын бұзуы нәтижесінде өмірлік қиын жағдайға тап болған еңбекші-мигранттарға көмек көрсету бойынша жеке мақсатты қор құруды ұсынамыз.
  6. Кәсіподақ ұйымдарына, бейіндік ҮЕҰ мен медиаторларға еңбекші-мигранттарға жұмыс берушілермен жанжалды жағдайларды реттеуде, сондай-ақ құқық бұзушылардан, соның ішінде жосықсыз жұмыс берушілерден келтірілген залал сомасын өндіріп алу кезінде қажетті құқықтық көмек көрсетуді ұсынамыз.
  7. Мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, сондай-ақ еңбекші-мигранттардың құқықтары туралы жұртшылықтың кең ауқымында білім беру бағдарламаларын жүргізуді кеңінен тәжірибеге енгізу. Қазақстан Республикасының қолданыстағы көші-қон және еңбек заңнамасы және еңбекші-мигранттардың құқықтары туралы қысқаша ақпаратты көптеген мигранттар сапарын бастайтын немесе аяқтайтын автовокзалдарда, теміржол вокзалдарында, өзен және теңіз вокзалдары мен әуежайларда, сондай-ақ базарларда, сауда-ойын-сауық орталықтарында, мешіттерде, шіркеулерде, храмдарда және басқа да қоғамдық орталықтарда таратуды ұсынамыз.

47.Уәкілетті мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ еңбекші-мигранттар мен адам саудасының құрбандары арасында «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының ережелері туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізсін.

  1. Ересектер мен балаларды қоса алғанда жұртшылықтың балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің проблемасы, оның ауқымы мен сипаттамалары, бала мен қоғам үшін салдары, сондай-ақ осы саладағы халықаралық және ұлттық заңнаманың негіздері туралы хабардар болуын арттыру.
  2. Еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының ақпарат алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында барлық көші-қон қызметі басқармалары мен уәкілетті мемлекеттік органдарда келушілер үшін қолжетімді орындарда ақпараттық тақталарды орналастыру жөнінде қажетті шаралар қабылдансын.

Ұйымдастырушылық және басқарушылық сипаттағы ұсынымдар

  1. Көші-қон процестерінің жоғары деңгейін ескере отырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ҚР заңнамасын бұзған және шығарып жіберуге жататын шетелдіктерді уақытша ұстау орталықтарын (бұдан әрі - Орталық) құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

Орталықты құру сот органдарында әкімшілік материалдарды қарау рәсімін реттеуге, сот шешімдерін тиімді орындауға және құқық бұзушыларды елден шығарып жіберуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта шетелдік азаматтарды шығарып жіберу рәсімдері айтарлықтай қиын, өйткені құқық бұзушылар сотқа бармайды және кейіннен оларды іздеуді ұйымдастыруға көп уақыт пен бюджеттік ресурстар жұмсалады.

Бұған қоса, Орталық реадмиссияланатын (басқа елден қуылған) адамдарды ұстау проблемасын шешуге, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан қайыр сұрау фактілерінің жолын кесу, сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарын анықтау жөніндегі профилактикалық жұмысты жақсартуға мүмкіндік береді.

Құқық бұзушылардан басқа, Орталықта құжаттарды жоғалтқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, еңбекші-мигранттар уақытша ұсталатын болады.

                    

ІIІ бөлім.

ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ САУДАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ

ЖӘНЕ АНЫҚТАУ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ ПРОБЛЕМАЛАРЫ ТУРАЛЫ

 

3.1. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы проблемалық мәселелер туралы

 

Қазіргі заманғы адам саудасы соңғы жылдары геометриялық прогрессиямен өсуде, бұл ретте Қазақстанда құлдықтың қазіргі заманғы нысандарының болуы проблемасының түсінікті және объективті себептері бар: ТМД және Орталық Азия елдерімен шекаралардың ашықтығы; мемлекеттер арасында да, ел ішінде де көші-қон ағындарының күшеюі; экономикадағы қолайлы жағдай және басқа посткеңестік елдерге қарағанда неғұрлым жоғары табыс; Қазақстанды аз рөлде жеткізуші ретінде, бірақ көп рөлде тұтынушы ретінде, сондай-ақ транзиттік дәліз ретінде қарайтын ұйымдасқын қылмыс.

Қазақстан көрші мемлекеттер – Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан адам саудагерлері үшін тартымды өткізу елі болып табылады, ал Еуропа, БАӘ, Греция, Түркия, Израиль, Албания, Катар және басқалары үшін «жанды тауар» шығарылған және транзиттелген ел болып табылады.

2018 жылы құлдықтың әлемдік рейтингінде Қазақстан Ресей (64), Тәжікстан (75), Өзбекстан (69) және Грузия (78) сияқты посткеңестік елдерден артта қалып, 83-орында (167 елдің ішінде) болды.

Әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарына қарамастан, Қазақстан Орталық Азияның экономикалық жағынан аз тұрақты елдерінің азаматтары үшін тартымды межелі орын болып қала береді. Соңғы жылдары ел ішінде адам саудасы жағдайларының саны артып келеді, бұл жұмыссыздықпен және ауылдық өңірлерден ірі қалаларға көші-қон ағындарының ұлғаюымен түсіндіріледі.

Дата публикации
01 июня 2021
Дата обновления
01 июня 2021
Тип
Баяндама

Сейчас читают

03 сентября 2026
Ішкі аудит департаментінің аудиторлық іс-шараларының қорытындылары туралы ақпарат
28 августа 2026
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан кімдер өте алады және оқыту қандай шарттарда жүргізіледі ?
28 августа 2026
Государственная поддержка бизнеса

Социальные медиа

Facebook
Youtube
Instagram

Меню подвал

Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Өмірлік жағдайлар
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері