Что такое профсоюз?
Кәсіподақ дегеніміз не?
Кәсіптік одақ (кәсіподақ) – өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделеріне өкілдік ету және оларды қорғау үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделерінің ортақтығы негізінде ерікті түрде құрылатын, тіркелген мүшелігі бар қоғамдық бірлестік.
Кәсіподақ кемінде он адамнан тұратын, өздерінің кәсіптік және өндірістік мүдделерінің ортақтығымен байланысты, жарғы бекітілетін және кәсіподақ органдары қалыптастырылатын Құрылтай съезін (конференцияны, жиналысты) шақыратын Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады.
Кәсіподақтар өндірістік-салалық қағидат бойынша олардың мүшелерінің тең құқылығы негізінде құрылады. Бір сала, ұйым шеңберінде құрылатын кәсіподақтардың санына шек қойылмайды. Барлық кәсіподақтарға тең құқықтық мүмкіндіктер беріледі.
Кәсіподақтар өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан, саяси партиялардан, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктерінен тәуелсіз, олардың бақылауында болмайды және оларға есеп бермейді.
Кәсіподақтар «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңында айқындалған тәртіппен кәсіподақтар бірлестіктерін құра алады.
Республикалық кәсіподақтар бірлестігі-облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі салалық кәсіподақтардың, аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің бірлестігі.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі-аудан, қала, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі кәсіподақтар бірлестігі.
Салалық кәсіподақ- ортақ еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты қызметтің бір саласы (Экономикалық қызметтің түрлері немесе кіші түрлері) және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің, жергілікті кәсіподақтардың бірлестігі.
Жергілікті кәсіподақ- ортақ еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты бір немесе бірнеше ұйым қызметкерлерінің ерікті бірлестігі.
Бастауыш кәсіподақ ұйымы-кәсіподақтың құрылымдық бөлімшесі, ол тікелей ұйымда орналасқан және осы ұйымның қызметкерлері болып табылатын кәсіподақ мүшелерінен тұрады.