Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 319 бұйрығы. "Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау"

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 319 бұйрығы. "Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау"

Бала күтімі бойынша жәрдемақы бала туған күннен бастап бір жасқа толған күнге дейін, ал баланы (балаларды) асырап алған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бір жасқа дейінгі балаға қамқоршылық тағайындалған жағдайларда - баланы (балаларды) асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншы тағайындалған күннен бастап бала бір жасқа толған күнді қоса алған күнге дейін тағайындалады.

Бала күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындаған кезде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқоршылыққа (қорғаншылыққа) алынған балалар, егер басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалар да ескеріледі.

Бұл ретте, отбасы құрамында өздеріне қатысты ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар ескерілмейді.

      Егер бір жасқа толмаған бала қайтыс болғаннан кейін күтім жөніндегі жәрдемақыны тағайындауға жүгінген жағдайда күтім жөніндегі жәрдемақы қайтыс болу айын қоса алғанда тағайындалады.

 Оралмандарға бала күтімі бойынша жәрдемақы бала туған күннен бастап, бірақ оралман мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.

Бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақылар отбасының табысына қарамастан тағайындалады.

Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беруші Мемлекеттік корпорация немесе портал арқылы жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға өтінішпен жүгінеді.

Бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш ұсыну "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жәрдемақыны проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындаған кезде талап етілмейді.

Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтініш берген кезде көрсетілетін қызметті алушы (немесе нотариус немесе нотариаттық іс-әрекеттер жасайтын лауазымды адам куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 319 бұйрығымен бекітілген Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бала туғанда берілетін жәрдемақыны және (немесе) бала күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындау үшін өтінішті және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат – сәйкестендіру үшін.
Қандас мәртебесі бар адамдар бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындауға жүгінген жағдайда сәйкестендіру үшін қандас куәлігін ұсынады;
2) баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама);
өтініш берушінің деректері баланың туу туралы куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген жағдайда – неке қию (ерлі-зайыптылық), некені бұзу туралы куәлік;
балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген немесе баланы асырап алған жағдайда – балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер;
үшінші тұлғалар өтінішті және қажетті құжаттарды тапсырған жағдайда – нотариус немесе нотариаттық іс-әрекеттер жасайтын лауазымды адам куәландырған сенімхат.
Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін – Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы.
Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау үшін баланың (балалардың) туу туралы куәлігі не туу туралы азаматтық хал актілері жазбасынан мәліметтерді қамтитын анықтама, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген неке қию (ерлі-зайыптылық) туралы мәліметтерді қоспағанда, неке қию (ерлі-зайыптылық), некені бұзу туралы куәлік, сондай-ақ балаға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер, банк шотының нөмірі туралы мәліметтер Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға сәйкес көрсетілген құжаттарда қамтылған ақпарат расталған кезде талап етілмейді.
Порталға:
жәрдемақы тағайындау үшін – Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы электрондық үкімет порталы арқылы бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы және (немесе) бала күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындауға өтініш;
жәрдемақы тағайындау туралы ақпарат алу үшін – көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу.
Проактивті қызмет арқылы:
жәрдемақы тағайындау үшін – проактивті қызмет көрсетуге көрсетілетін қызметті алушының келісімі, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысы арқылы банктік шот нөмірін растау немесе ұсыну туралы хабарлама жіберіледі.
Өтініш берушінің электрондық өтінішінде көрсетілген көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат, баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме, неке қию (ерлі-зайыптылық), некені бұзу туралы куәлік, балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәліметтер, банк есеп шотының нөмірі туралы мәліметтерді "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.