Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту жобасы іске қосылады

Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту жобасы іске қосылады

2026 жылғы қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында «QH Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасын іске қосу жоспарлануда.

Жоба 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы және «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бірлесіп іске асырып келеді.

Жобаның негізгі мақсаты — мүгедектіктің орташа және ауыр дәрежесі бар балаларға мамандардың сүйемелдеуімен үйреншікті үй жағдайында оңалтуды жалғастыруға мүмкіндік беру.

Оңалту курсы басталғанға дейін мамандар баланың функционалдық жағдайын, жеке қажеттіліктерін және тұрмыстық жағдайын бағалайды. Бағалау нәтижесі бойынша бейімделген креслолар, вертикализаторлар, жүріп-тұруға арналған құралдар, жаттығу құрылғылары және басқа да қажетті оңалтудың техникалық құралдары таңдалады.

Техникалық құралдар отбасының тұрғылықты жеріне жеткізіліп, уақытша өтеусіз пайдалануға беріледі. Ата-аналарға жабдықтарды қауіпсіз пайдалану және ұсынылған жаттығуларды дұрыс орындау тәртібі үйретіледі. Оңалту курсының ұзақтығы мен мазмұны әр бала үшін жеке белгіленеді.

Ата-аналар жаттығулардың орындалуын цифрлық күнделікке енгізеді. Мамандар нәтижелерді қашықтан бақылап, қажет болған жағдайда оңалту бағдарламасына түзетулер енгізеді. Мұндай тәсіл облыстың шалғай елді мекендерінде тұратын отбасылар үшін ерекше маңызды.

Жобаның тиімділігі баланың функционалдық жағдайындағы нақты өзгерістер бойынша бағаланады. Оның ішінде баланың басын ұстауы, өздігінен отыруы және тұруы, аяғына салмақ түсіруі, сүйемелдеумен немесе өз бетінше жүруі ескеріледі.

Қазіргі уақытта жоба Шымкент қаласында, Қызылорда және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай облысында іске асырылуда. Кешенді оңалту көмегімен 642 бала қамтылып, олардың 500-інде оң өзгерістер байқалған. Атап айтқанда, 138 бала басын жақсырақ ұстай бастаған, 83 бала өздігінен отыруды, 49 бала сүйемелдеумен жүруді үйренген, тағы 35 бала өз бетінше жүре бастаған.

Жобаны іске қосу үшін Батыс Қазақстан облысына 8 бірлік оңалту жабдығы жіберілді. Қазіргі уақытта өңірде қосымша техникалық құралдарды сатып алу және балаларға үй жағдайында көмек көрсету үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жобаға қатысатын балалардың саны дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін айқындалады. Балаларды іріктеу олардың жағдайы, оңалту мақсаттары, нақты жабдыққа қажеттілігі және қолда бар техникалық құралдардың саны ескеріле отырып, жеке тәртіппен жүргізіледі.

Үй жағдайындағы оңалту мамандандырылған орталықтарда көрсетілетін көмекті алмастырмайды. Ол балаға үйде тұрақты түрде жаттығуға, оңалту курстары мен мамандардың консультациялары аралығында жұмысты жалғастыруға және қалыптасқан дағдыларды бекітуге мүмкіндік береді.

Жобаның Батыс Қазақстан облысында іске қосылуы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін заманауи оңалту құралдары мен мамандардың кәсіби сүйемелдеуінің қолжетімділігін арттырады.