
Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен (ТОҚ) қамтамасыз етудің жаңа сервистік моделі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы үш өңірдің әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асыруда.
Пилоттық жобаның іске асырылуы Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивтік саясат тұжырымдамасында көзделген және техникалық оңалту құралдарын олардың толық қолдану циклі бойына сүйемелдеудің жаңа сервистік моделін енгізуге бағытталған. Жобаның басты мақсаты – техникалық оңалту құралдарын үздіксіз пайдалануды қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін сервистік қызметтің сапасын арттыру және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
Пилоттық жоба техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің қолданыстағы тәртібін өзгертпейді. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүгедектігі бар азаматтардың барлық құқықтары толық сақталады. Техникалық оңалту құралының пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін азаматтар бұрынғыдай Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы заңнамада белгіленген тәртіппен жаңа құралды өз бетінше таңдай алады.
Жаңа сервистік модель бойынша техникалық оңалту құралы бұзылған жағдайда азамат жөндеу кезеңінде қажетті құралсыз қалмайды. Ұлттық ғылыми орталықтың филиалына жүгінгеннен кейін мамандар әлеуметтік-техникалық сараптама жүргізіп, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырады, қажет болған жағдайда айырбастау қорынан дәл сондай жұмыс істейтін құралды уақытша береді. Егер бұйымды қалпына келтіру мүмкін болмаса, азамат заңнамада белгіленген тәртіппен жаңа құрал алғанға дейін уақытша техникалық оңалту құралын пайдалана береді.
Пилоттық жобада балаларды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Егер берілген техникалық оңалту құралы баланың бойына немесе жеке физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келмей қалса, оны мерзімінен бұрын ауыстыруға болады. Бұл оңалту процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Техникалық оңалту құралдарының өмірлік циклінің барлық кезеңдері – беру, қайтару, жөндеу, санитарлық өңдеу және қайта беру – цифрлық форматта сүйемелденеді. Бұл процестердің ашықтығын, уақтылы сервистік қызмет көрсетуді және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды қамтамасыз етеді.
Пилоттық жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Бірінші кезеңде жаңа сервистік модель арбалар мен жүргізгіштердің барлық түрлерін қамтиды. Кейіннен бұл тетік пилоттық жобаға енгізілген техникалық оңалту құралдарының басқа түрлеріне де таратылады.
Азаматтардың пилоттық жобаға қатысуы ерікті түрде жүзеге асырылады. Жобаның қорытындысы бойынша жаңа сервистік модельдің тиімділігіне кешенді бағалау жүргізіліп, мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді.