Қазақстан Республикасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қызметін лицензиялау бойынша жұмыстар жүргізілуде

Қазақстан Республикасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қызметін лицензиялау бойынша жұмыстар жүргізілуде

Қазақстан Республикасында халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Маңызды жаңашылдықтардың бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) көрсету қызметін міндетті лицензиялауды енгізу болып табылады.

Аталған норма Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы №230 бұйрығымен бекітілген «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларында көзделген. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар тиісті лицензия алуға міндетті.

Лицензиялауды енгізу арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау саласында қызмет көрсететін ұйымдарға бірыңғай талаптар белгілеуге бағытталған.

Лицензиялау қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, қарт адамдарға, балаларға және халықтың басқа да санаттарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдарға қолданылады. Арнаулы әлеуметтік қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық, уақытша болу жағдайларында, сондай-ақ үйде көрсетілуі мүмкін.

Лицензияларды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және оның аумақтық бөлімшелері береді.

Батыс Қазақстан облысында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қызметін лицензиялау жұмыстарын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті инспекторлары жүзеге асырады. Лицензиялау шеңберінде инспекторлар ұйымдардың өтініштерін қарайды, белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді, лицензиялық талаптардың сақталуына бақылау жүргізеді және осы саладағы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді.

Лицензия алу үшін ұйым белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс. Атап айтқанда, қажетті материалдық-техникалық базаның болуы, тиісті ғимараттың болуы, санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 27 маусымдағы №222 бұйрығымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қойылатын біліктілік талаптары мен құжаттар тізбесін бекіту туралы» талаптарына сәйкес білікті мамандардың болуы қажет.

Бүгінгі таңда облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге ұйымдарға 33 лицензия берілді. Аталған лицензиялар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті инспекторлары тарапынан берілді. Оның ішінде: стационар жағдайында – 11, жартылай стационар жағдайында – 6, уақытша болу жағдайында – 3, үйде қызмет көрсету бойынша – 13 лицензия.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қызметін тиісті лицензиясыз жүзеге асыруға жол берілмейді. Мұндай фактілер анықталған жағдайда құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 464-бабына сәйкес жауапкершілік шаралары қолданылады.

Лицензия алу үшін электрондық лицензиялау порталы арқылы өтініш беру қажет.

Қосымша ақпаратты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінен алуға болады: Орал қаласы, Сарайшық көшесі, 44/2, тел.: 50-06-07.

Департамент инспекторлары арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында жұмыстарын жалғастыруда.