Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы инспекторлардың бақылау қызметі

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы инспекторлардың бақылау қызметі

Арнаулы әлеуметтік қызметтер – қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды мемлекеттік қолдаудың маңызды тетігі. Олардың негізгі мақсаты – әлеуметтік мәселелерді еңсеруге, адамның өз бетінше өмір сүру қабілетін қалпына келтіруге, әлеуметтік бейімделуі мен қоғамға кірігуіне жағдай жасау.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларға көрсетіледі. Мұндай қызметтерді алушылар қатарына мүгедектігі бар адамдар, ерекше қажеттіліктері бар балалар, қарттар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандары, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың өзге де санаттары жатады.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық, уақытша болу жағдайында, сондай-ақ үйде қызмет көрсету нысанында ұсынылады.

Заңнамада көрсетілетін қызметтердің сапасына ерекше назар аударылады. Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің инспекторлары бақылау субъектілеріне барып профилактикалық бақылау жүргізеді, сондай-ақ жоспардан тыс тексерулер өткізеді. Бақылау іс-шаралары барысында заңнама талаптарының, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарының сақталуы, сондай-ақ қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қамтамасыз етілуі бағаланады.

Құқықтық реттеудің маңызды элементтерінің бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік болып табылады. Мұндай жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 84-бабында көзделген және әкімшілік айыппұл салуды қарастырады.

Департаменттің бақылау қызметінің нәтижелеріне тоқтала кетейік.

2025 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға 17 тексеру жүргізілді, оның ішінде профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер бар. Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 15 нұсқама беріліп, 2 әкімшілік айыппұл салынды.

2026 жылы 5 тексеру жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша 4 нұсқама беріліп, 2 әкімшілік айыппұл салынды.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарын сақтау азаматтарды әлеуметтік қорғаудың лайықты деңгейін қамтамасыз етудің, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырудың және қызмет алушылардың құқықтарын қорғаудың маңызды шарты болып табылады.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың сапасын арттыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.