Базалық зейнетақы төлемі туралы

Базалық зейнетақы төлемі туралы

Базалық зейнетақы төлемі Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына төленеді және күнкөріс минимумының мөлшеріне пайыздық қатынаста есептеледі.

Базалық зейнетақы төлемін алу үшін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептелетін негізгі кезеңдер:
– Кодекстің 206-бабына сәйкес есептелген 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі;
– міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары төленген кезең;
– жұмыс істемейтін ананың әрбір баласы 3 жасқа толғанға дейінгі балаларды күту уақыты, жалпы алғанда 12 жылдан аспайтын мерзімде.

Сондай-ақ мына кезеңдер есепке алынады:
– Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметтері мен халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің жұбайы (зайыбы) шетелде тұрған және әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұбайларымен бірге оларды мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру мүмкіндігі болмаған жерлерде тұрған кезеңі. Бұл кезеңдер жалпы алғанда 10 жылдан аспайтын мерзімде есептеледі;
– 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы күту уақыты және I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасау уақыты. Бұл кезең аталған адамдар санатына күтім жасау бойынша мемлекеттік жәрдемақы алынған жағдайда ақпараттық жүйе негізінде есепке алынады. Жәрдемақы алынбаған жағдайда бұл факт сот тәртібімен белгіленеді;
– II топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыты. Бұл кезең сот шешімі негізінде есептеледі.

Жинақтаушы зейнетақы туралы

1998 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жинақтаушы қорына табыстың 10 %-ы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары ұсталады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер қызметкердің пайдасына қосымша міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – ЖМЗЖ) аударады.

Азаматтардың жеке зейнетақы жинақтарынан жинақтаушы зейнетақы төленеді. Бұл төлемнің мөлшері жинақталған қаражат көлеміне байланысты. Жинақ неғұрлым көп болса, зейнетақы да соғұрлым жоғары болады.

ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері 2038 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады және 1975 жылғы 1 қаңтардан бастап туған азаматтарға қатысты болады.