Мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамадағы өзгерістерді іске асыру туралы

Мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамадағы өзгерістерді іске асыру туралы

Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігіне қойылатын талаптардың сақталуын бақылау тетіктері жетілдірілуде.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мемлекет мүгедектігі бар адамдардың қоғам өмірінің барлық салаларындағы объектілер мен көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға кепілдік береді. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің меншік иелері олардың мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі өзге де топтары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге міндетті.

Кедергісіз орта қалыптастыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде объектілердің қолжетімділігі талаптарының жобалау, құрылыс және пайдалануға беру кезеңдерінде сақталуын күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі өзге де топтары үшін объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растаудың қосымша тетіктерін көздейтін Құрылыс кодексі күшіне енеді. Аталған жаңашылдықтар құрылып жатқан инфрақұрылым сапасын арттыруға және белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін объектілердің пайдалануға берілу жағдайларының алдын алуға бағытталған.

Қолжетімділік талаптары денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, сауда, қоғамдық тамақтандыру объектілеріне, әкімшілік ғимараттарға, көлік инфрақұрылымы объектілеріне және халыққа қызмет көрсетуге арналған өзге де объектілерге қолданылады.

Объектілердің қолжетімділігін бағалау кезінде мынадай элементтердің болуы және талаптарға сәйкестігі ескеріледі:

* кіреберіс топтарына кедергісіз қолжетімділік;

* пандустардың, көтергіш платформалардың және өзге де арнайы құрылғылардың болуы;

* бейімделген санитариялық-гигиеналық үй-жайлардың болуы;

* тактильді бағдарлау және навигация құралдарының болуы;

* ғимараттар мен құрылыстар ішіндегі қолжетімді қозғалыс жолдарының болуы;

* мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы тұрақ орындарының болуы;

* құрылыс нормалары мен мемлекеттік нормативтерде көзделген өзге де қолжетімділік элементтерінің болуы.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті туралы ережеге сәйкес Комитеттің аумақтық департаменттері мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды, оның ішінде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігі жөніндегі талаптардың орындалуын жүзеге асырады.

Мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген тәртіппен бақылау субъектісіне (объектісіне) барып жүргізілетін профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексерулер, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау арқылы жүзеге асырылады.

Заңнама талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда уәкілетті лауазымды адамдар бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беру және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ден қою шараларын қабылдайды.

Қолжетімді орта құру барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің маңызды шарты және мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Қолжетімділік талаптарын іске асыру мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, олардың қоғамға кірігуіне және қоғамдық өмірге толыққанды қатысуына ықпал етеді.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаменті әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің меншік иелерін мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі өзге де топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына объектілерді сәйкестендіру бойынша қажетті шараларды уақтылы қабылдауға шақырады.