Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық оңалту құралдарының кепілдендірілген өтемақы сомасын айқындауға енгізілетін өзгерістер

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық оңалту құралдарының кепілдендірілген өтемақы сомасын айқындауға енгізілетін өзгерістер

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.

Техникалық оңалту құралдары мүгедектігі бар адамдарға Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады. Бұл шара ашықтықты, қолжетімділікті, тауарлар мен қызметтерді еркін таңдауды, ыңғайлылықты және оңалту құралдарын жеткізуді қамтамасыз етті.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылатын тауарлардың құны жергілікті атқарушы органдар тарапынан кепілдендірілген сома шегінде өтеледі.

Бұрын кепілдендірілген сома Портал деректері, мемлекеттік сатып алу мәліметтері және жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары негізінде айқындалатын.

Биылғы жылдың сәуір айында Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынатын техникалық оңалту құралдарына өтелетін кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайта қаралды.

Енді есептеу Әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық дүкеннің деректері негізінде жүргізіледі.

Кепілдендірілген соманы айқындаудың жаңа ақпарат көзі нарықтағы бағаларды ескеруге және мүгедектігі бар адамдарға техникалық оңалту құралдарын ұсыну кезінде өтемақы құнының негізсіз жоғарылауын болдырмауға мүмкіндік береді.

Осы мақсатта тауарлардың нарықтық құны бойынша электрондық сауда алаңдарының жинақталған деректерін алу үшін Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграция жұмыстары жүргізілді.

Нарықтық бағаларға талдау жүргізіліп, соның нәтижесінде техникалық оңалту құралдарының бір бөлігі бойынша кепілдендірілген сомалар қайта қаралды.

Бұл шара нақты бағаларды ескеруге, оңалту құралдарын ұсынудың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге, порталдағы жосықсыз жеткізушілер тарапынан «баға манипуляциясы» тәуекелдерін төмендетуге және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері дайын болған сайын және тауарлардың нақты нарықтық бағалары туралы мәліметтер алынуына қарай ұсынылатын кепілдендірілген сомаларды автоматты түрде қалыптастыру жоспарлануда.

Бұл субъективті факторды болдырмауға, бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Мынаны ерекше атап өткен жө: сөз әлеуметтік қолдауды азайту туралы емес. Керісінше, мемлекет негізсіз шығындарды жоюға ұмтылады, осылайша қаражат сапалы, заманауи және сұранысқа ие техникалық оңалту құралдарына бағытталатын болады.

Күтілетін нәтижелер:
– баға қалыптастырудың ашықтығын арттыру;
– техникалық оңалту құралдарының құнын әділ айқындау;
– адами факторды болдырмау;
– бюджет қаражатын ұтымды пайдалану;
– оңалтудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру.