Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасының «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2025 жылғы 8 желтоқсандағы № 239-VIII Заңына сай облысы бойынша 97,9 мың зейнеткердің жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10 %-ға арттырылғанын хабарлайды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК-ні (237 875 теңге) құрайды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 206-бабына сәйкес ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.
Мәселен, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 118 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.
Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарғада қатысты.
«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап:
Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге мөлшерінде;
Ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге;
Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 50 851 теңге;
Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге болып белгіленді.
Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, оның ішінде Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдар үшін Кодекстің 177 және 236-баптарында көзделген мөлшерде 2026 жылғы 1 қаңтарда ЕТКД мөлшерінің ұлғаюына байланысты (50 851 теңге) өседі.
Мысалы:
Жалпы аурудан мүгедектiгiнің тобына қарай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 2025 жылы 55 474 теңгеден 101 702 теңгеге дейін болса, 2026 жылы 61 022 теңгеден 111 873 теңгеге дейін артып 10 % өседі.
Асыраушысы қайтыс болған отбасының асырауында болғандар санына қарай 2025 жылы 42 530 теңгеден 138 684 теңгеге дейін болса, 2026 жылы 46 783 теңгеден 152 553 теңгеге дейін артып 10 % өседі.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1089 қаулысына сәйкес 2026 жылы 1 қаңтарынан бастап 10 % артады.
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТКД мөлшерінің ұлғаюына байланысты (50 851 теңге) өсіріледі.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК мөлшерінің артуына байланысты келесі жәдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады:
№1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар,
жерлеуге біржолғы төлем,
бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы,
ай сайынғы бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы,
Кодексінің 190-бабының 3-тармағының 1)-17) тармақтарында қарастырылған арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар,
бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы,
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы,
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарына тағайндалған, бірақ төленбеген бірреттік ақшалай өтемақы.
Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түріндегі әлеуметтік көмектің мөлшері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейіне – 10% арттырылады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТКД мөлшерінің артуына байланысты мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және бірінші топ мүгедектігі бар адамға күтімді жүзеге асыратын адамға мемлекеттік жәрдемақы мөлшері көтеріледі (2025 жылы - 74 428 теңге болса, 2026 жылы - 81 871 теңгеге дейін артты, өсімі 10 %).
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу
және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан
облысы бойынша департаментінің басшысы
Жеңіс Бериков