Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы

Қазақстанда жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде Мүгедектігі бар адамдар күні атап өтіледі. Бұл күн қоғамның назарын мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету, қолжетімділікті қамтамасыз ету және олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуы мәселелеріне аударуға бағытталған.

Жетісу облысында ерекше қажеттіліктері бар 25 785 адам тұрады. Ағымдағы жылдың 9 айында Жетісу облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті тарапынан 34 472 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 6 167 мемлекеттік қызмет медициналық-әлеуметтік сараптама бағыты бойынша, ал 28 305 мемлекеттік қызмет зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласында көрсетілді. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушылардың саны 18 893 адамды құрайды.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мемлекет мүгедектігі бар адамдардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге, әлеуметтік интеграциясына және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырады.

Мемлекет ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және оларды қоғамға әлеуметтік интеграциялау мақсатында жүйелі шараларды дәйекті түрде қабылдап келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін көпдеңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Ол мемлекеттік көмек пен қолдауды, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларының орнын толтыруға бағытталған шараларды қамтиды. Олардың қатарына протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, жүріп-тұру құралдарымен және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, санаторийлік-курорттық емдеу, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерін көрсету, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну жатады.

Қолжетімді және инклюзивті ортаны дамыту ерекше маңызға ие. Әрбір адамның білім алуына, еңбек етуіне, мемлекеттік қызметтерді пайдалануына, қоғамдық өмірге қатысуына және өз қабілеттерін іске асыруына мүмкіндік беретін жағдайлар жасау — мемлекет пен қоғамның маңызды міндеті.

Әлеуметтік қорғау — бұл тек мемлекеттік төлемдер мен қызметтер ғана емес. Ең алдымен, ол адамның дербес әрі лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, кедергілерді жою, адам қадір-қасиетін құрметтеу және әрбір адамның қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету.

Мүгедектігі бар адамдар күні — әрбір адамның өз әлеуетін іске асыруға, қоғамға қажетті екенін сезінуге және қоғамдық өмірдің толыққанды қатысушысы болуға мүмкіндігі бар қоғам қалыптастыру жолындағы ортақ жауапкершілігімізді еске салатын күн.

З. Илимжанова Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша  департаментінің басшысы