
2026 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Б.Б. Ормановтың қатысуымен Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, кәсіпкерлер, облыс тұрғындары үшін «ZOOM» платформасы арқылы онлайн-кеңес өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, санаторийлік-курорттық емдеуді ұсыну мәселелерін талқылау, сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және сәйкестік декларациясына қол қою тәртібін түсіндіру болды.
Онлайн-кеңесте мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік субъектілері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кедергісіз орта қалыптастыру, объектілерді пайдалануға беру кезінде қолжетімділік талаптарын сақтау мәселелері қаралды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексінің талаптары, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге қатысты сәйкестік декларациясына қол қою тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, құрылыс процесіне қатысушылардың қолжетімділік нормаларын сақтау жөніндегі жауапкершілігіне, азаматтардың барлық санаттары үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдайлар жасауға және қолжетімді орта талаптарын тәжірибеде тиімді іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты негізде жалғасын табатын болады.