Түсіндірме жұмысы

Түсіндірме жұмысы

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР 2026 ЖЫЛЫ АРТАДЫ
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік қолдау саласына бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістер «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында көзделген және еліміздегі базалық әлеуметтік көрсеткіштердің жаңаруына тікелей байланысты.
Негізгі әлеуметтік көрсеткіштер жаңарды
Келесі жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болып бекітіледі. Сондай-ақ ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге дейін өссе, өмір сүрудің ең төменгі деңгейі (ЕТКД) 50 851 теңгені құрайды. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері де жаңартылып, 35 596 теңге көлемінде белгіленді. Ал ең төменгі жалақы 2026 жылы 85 000 теңге болып айқындалды.
Зейнетақы төлемдері өседі
Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін тағайындалатын зейнетақылар жаңа жыл басталған күннен бастап 10,5 пайызға көбейеді. Бұл өсім қолданыстағы төлемдердің барлық түріне қатысты болады. Сонымен бірге алғаш рет рәсімделетін зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ең жоғарғы табыс көлемі де ұлғайып, 55 АЕК немесе 237 875 теңгеге жетеді.
Базалық зейнетақы да елдегі жаңа өмір сүру минимумына сәйкестендіріледі. Әлеуметтік кодекстің 205-бабына сәйкес ол ЕТКД мөлшеріне пайыздық қатынаспен есептеледі.
Әлеуметтік жәрдемақылар қайта есептеледі
2026 жылдан бастап мүгедектігі бар азаматтарға, асыраушысынан айырылған адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылардың көлемі артады. Бұл өсім өмір сүру минимумының 50 851 теңгеге ұлғаюымен байланысты.
I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақы да жаңа мөлшерге сәйкес қайта есептеледі.
МӘСҚ төлемдері де өсімге ие
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер – еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін көмектер – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 пайызға өседі. Бұл өзгеріс Үкімет қаулысымен бекітілген.
11 түрлі төлемнің мөлшері көбейеді
АЕК-тің өсуіне байланысты келесі жылдан бастап 11 түрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақының мөлшері қайта қаралып, жоғарылайды. Осылайша, 2026 жыл әлеуметтік қолдаудың бірнеше бағыты бойынша азаматтар үшін айтарлықтай оң өзгерістер әкелмек.