Отбасының цифрлық картасы

Отбасының цифрлық картасы

Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК)  мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.

Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылды.

Отбасының цифрлық картасы - бұл әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта (мемлекеттің өзі азаматқа белгілі бір өмірлік жағдайда қажетті қызметті алуды ұсынады. Бұл жағдайда адамға ешқайда барудың қажеті жоқ, бірақ Алынған SMS-ке жауап ретінде қажетті ақпаратты жіберу жеткілікті) кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады. 

Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін атап өтеміз.

Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласыңыз. Қоңырау шалу тегін.