Мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы

Мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы

Мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы

Мүгедектікті кім белгілейді?

Мүгедектіктің себептерін, топтарын, сондай-ақ мүгедектіктің басталу уақытын медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелері белгілейді. Организм функцияларының бұзылуы мен тіршілік-тынысының, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелуі дәрежесіне қарай мүгедек деп танылған адамға бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектік, жеті жасқа дейінгі адамға "мүгедек бала" санаты, ал жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі адамға бірінші, екінші, үшінші топтағы "мүгедек бала" санаты белгіленеді.

Мүгедектердің қандай санаттары жәрдемақы алуға құқығы бар?

Мүгедектiгi бойынша жәрдемақыға құқығы бар мүгедектерге:

1) жалпы аурулардан, еңбекте мертiгуден, кәсiби аурулардан мүгедек болғандар, жеті жасқа дейiнгi мүгедек балалар, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедек балалар;

1-1) бала кезiнен мүгедектер;

2) мүгедектiкке әскери қызметтен өту кезiнде алған жарақаттың, контузияның, мертiгудiң, аурудың салдарынан душар болған мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер қатарынан шыққан мүгедектер, азаматтық немесе әскери мақсаттағы ядролық объектiлердегi авариялардың зардаптарын жою кезiнде не ядролық объектiлердегi авариялық жағдайлар салдарынан мүгедек болған адамдар;

3) әскери қызмет міндеттерін, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметін (қызмет мiндеттерiн) атқаруға байланысты емес жазатайым жағдайдың салдарынан болған мертiгу не әскери және қызметтік борышын орындауға байланысты емес ауру салдарынан мүгедек болған жағдайда әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары мен бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары арасынан шыққан мүгедектер;

4) әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті өткеру кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертiгуі, ауыруы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары мен бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң қызметкерлерi арасынан шыққан мүгедектер;

5) себеп-салдарлық байланысы анықталған жағдайда төтенше экологиялық жағдайлар, соның iшiнде ядролық жарылыстар мен сынақтар кезiндегi радиациялық әсер етудiң салдарынан және/немесе олардың зардаптарынан болған мүгедектер жатады.

Шетелдік азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға мүгедектігі бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар ма?

Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алу құқығын пайдаланады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны бір мезгілде алуға бола ма?

«Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1 – баптың 3 – тармағы бойынша бiр мезгiлде әртүрлi мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алуға құқығы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бiр жәрдемақы тағайындалады. Бірақ, осы тармақтың ережесі мүгедек балалар мен бала кезінен мүгедектерге қолданылмайды.