Оңалтуға арналған техникалық құралдармен

Оңалтуға арналған техникалық құралдармен

Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды қолдау, олардың толыққанды өмір сүруіне, әлеуметтік интеграциясына және өмір сапасын арттыруға жағдай жасау болып табылады.
Осы жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі – азаматтарды оңалтуға арналған техникалық құралдармен (ОТҚ) қамтамасыз ету. Бұл құралдар өмір сүру шектеулерін өтеуге, ағзаның жоғалған функцияларын қалпына келтіруге немесе сақтауға, сондай-ақ өз бетінше әрекет ету деңгейі мен қозғалыс белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Оңалтуға арналған техникалық құралдарды ұсынудың құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде айқындалған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мүгедектігі бар адамдар ОТҚ-мен медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелері бойынша әзірленген оңалту мен абилитацияның жеке бағдарламасы (ОАЖБ) негізінде қамтамасыз етіледі.
Оңалтуға арналған техникалық құралдар бюджет қаражаты есебінен беріледі және азаматтардың күнделікті өмірі, әлеуметтік бейімделуі және өмір сапасын арттыру үшін қажетті бұйымдар мен құрылғылардың кең тізбесін қамтиды. Оларға мыналар жатады:
-әртүрлі типтегі мүгедектер арбалары;
-есту аппараттары;
-протездік-ортопедиялық бұйымдар;
-көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған тифлотехникалық құралдар;
-есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған сурдотехникалық құралдар;
-арнайы қозғалыс құралдары;
-міндетті гигиеналық құралдар.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға арналған техникалық құралдармен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдар арқылы Әлеуметтік қызметтер порталының көмегімен жүзеге асырылады. Портал азаматтарға тіркелген ұйымдар ішінен жеткізушіні өз бетінше таңдауға, ұсынылатын тауарлар мен қызметтерді салыстыруға, тапсырысты электрондық форматта рәсімдеуге және оның орындалу мәртебесін бақылауға мүмкіндік береді.

Оңалтуға арналған техникалық құралдарды алу үшін келесі талаптарды орындау қажет:
1)Медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелері бойынша берілген және тиісті ОТҚ алуға ұсынымы бар қолданыстағы оңалту мен абилитацияның жеке бағдарламасына ие болу;
2)Электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып Әлеуметтік қызметтер порталына авторизациядан өту;
3)Қажетті оңалту құралын және жеткізушіні таңдау;
4)Портал арқылы электрондық өтінім беру;
5)Жеткізуші тарапынан өтінім қаралып, тапсырыс орындалғаннан кейін техникалық құралды алу.
Оңалтуға арналған техникалық құралдардың құнының өтемақысы жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады және мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын қолдауға, өз бетінше өмір сүру деңгейін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік оңалту шараларының бірі болып табылады.